Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Жүректі жұбату
170
оқылды

Бүркеншік аты: Alkesh_Kalkaman

 

Бейдауа

 

Қасыңа қонған Құс мен шығармын,

Сәулелі сәуір кешінде.

Сен үшін Жерге түскен шығармын,

Құлан иекте...

бесінде.

 

Қабағын шытқан Іңір де менмін,

Өңіңде,

кейде Түсіңде.

Көлеңкең болып күбірлегенмін,

Құпиямды ашу үшін де.

 

Сақинаны да саусағыңдағы,

Сипаған желең жел есте.

Көзқарасыңды таңсәрі ұрлады,

Елеуреп жүрген елестен.

 

Нұрына батып мылқау әлемнің,

Құбылған сайын бір қала,

Тоғайдың әнін шырқаған менмін,

Тоғайды торғай тыңдаған.

 

Күдіктерімнен арылған едім,

Өңімде,

кейде Түсімде.

Дәрменсіз менің xәлім бар еді,

Жан-жүрегіңнің ішінде?!

 

Мен деген кім?!

 

Қоңырайған Ғабдолла Тоқай бағы...

Жүрек талай сол жерде атойлады.

 

Көңіл талай сол жерде көкке ұмтылды,

Кісілермен тілдестім тек біртүрлі.

 

Жан-тәніммен соларға сенуші едім,

Бар сырымды төгілте беруші едім.

 

Шаттанамын,

шалқимын,

желпінемін,

Мен, өйткені, ол кезде еркін едім.

 

Күмән-күдік ұйқысын ұрламаған,

Өзім шығар төменде тұрған адам.

 

Сағынышқа байланған сағаттары,

Өзім шығар бесінші қабаттағы.

 

Тебіренем,

толқимын,

тербелемін,

Дәл қазіргі сәт екенмен дегенің...

 

Тұнық ойға күн сайын бататынмын,

Көп кітапты құшақтап жататынмын.

 

Парақтағы пікірге иланамын,

Содан қатты ауырып кейде жаным,

 

Түсіне алмай өзімнен басқаларды,

Бір бөлмеге барамын тас қараңғы.

 

Өз-өзімді осылай таппай қалдым,

Өз-өзіме осылай жатқа айналдым.

 

Кім себепші,

білмеймін,

кім кінәлі,

Сол қараңғы бөлмеде жүрмін әлі.

 

Үнсіздік айқайы

 

Жұлдыздары жамырап түн келеді,

Ақтарылып айтамын кімге... нені...

Тағы бір сәт пайда боп көз алдымда,

Тағы бір сәт жоғалып үлгереді.

 

Тыныштықта теректер ырғалады,

Тулап-тулап кеудеде жыр қалады.

Сетінеген сенімім секілденіп,

Байыз таппай бұлт көкте бұлданады.

 

Ағаштардың үзілген жапырағы,

Менің ойым сияқты шашырады.

Кейбір дауыс жаныңды жадыратып,

Кейбір дауыс уайымға батырады.

 

Адал адам жиірек алданады,

Сосын солған үмітін қарманады.

Қараңғыда сөйлемдер адастырар,

Қараңғыда сөйлемдер шам жағады.

 

Кейбір шешім жүректі жылатады,

Кейбір шешім жүректі жұбатады.

Біреулерді жалғыздық тік тұрғызып,

Біреулерді жалғыздық құлатады.

 

Жасыл қала мазамды қашырады,   

Ол да өзімдей бірдеңе жасырады.

Анығында әрбір күн,

әрбір апта,

Ағысындай Жайықтың асығады.

 

Көңілсіздеу отырмын әлі неге,

Мұнша күйіп-пісудің мәні неде?!

Бір Ғаламат санаға сәуле төгер,

Сол Ғаламат себепші бәріне де.

 

Басқақ тоғайында

 

Жапырақ бүгін – сары, кеше – жасыл...

Беймәлім кеңістікке көшеді өмір.

Өлді екен осылайша неше ғасыр,

Солды екен осылайша неше көңіл?!

 

Телмірдім құбылғанда құстар үні

Қоп-қоңыр теректерге тоғайдағы. 

Күрмеуге келмейтұғын қысқа жібі

Ғұмырдың табылмайды оңай мәні.

 

Жоғалған айлар біраз әуреледі,

Неліктен шаршамағам ашынудан?

Сүңгимін тұңғиыққа сәуледегі,

Сәбидің күлкісіне жасырылған.

 

Жапырақ – күрсінтеді, күлдіреді,

Қалайша дамыл табам ақтарылмай?

Ғайыпқа көз алдымда сіңді көбі,

Ерке жел ертіп кеткен шақтарымдай.

 

Аяулы сәтті еске алам мен де түнде,

Толғантқан,

тебіренткен әр жылдары.

Бақытсыз емес жұмыр жер бетінде

Жападан жалғыз жүрген жанның бәрі.

 

Жырақтағы ырғақ

 

Мен қоғамға жат адаммын,

Оған неге қапаландым?

Алыс емес секілді ғой,

Артық кісі атанар күн.

 

Анаумен де тілдесе алмай,

Мынаумен де тілдесе алмай,

Өз-өзімді шаршатамын,

Емін-еркін күн кеше алмай.

 

Жақтырмаймын күрсінгенді,

Сүйрей берем құр сүлдемді –

Мұның сырын ұқтыратын,

Байқалар ма тылсым белгі?!

 

Көңілді мұң басар алда,

Жақындаймын Жасағанға.

Тән барады талай жерге,

Жан қалады тасаларда.

 

Әурелеген әттеңім де –

Менің қара дәптерімде.

Қашықтады-ау өз-өзіммен

Қауышатын сәттерім де.

 

Сергелдеңге салғандай жыл,

Үзілген ой жалғанбай жүр.

Мына жарық дүниеде –

Жалғыз өзім қалғандаймын.

        

Оңашалық

 

Таусылады тағат түбі,

Сағат безек қағады.

Жан көлінің сан аққуы,

Бұлтқа батып барады.

 

Көп кірбіңді көңілдегі,

Өшіретін келер ме ай?

Күн өтуде өмір мені,

Мен өмірді жеңе алмай.

 

Бұл ғұмырды бір адаспай,

Сүрер дейсің бірақ кім?

Кей сөзіне құлақ аспай,

Жүректі де жылаттым.

 

Өзімді-өзім мазаладым,

Өзімді-өзім күттірдім.

Өзімді-өзім жазаладым,

Өзіме-өзім тұтқынмын!

 

Санадағы қара бұлттан,

Қайда алыстап кетер күн?

...Ой астында алабұртқан

Оңашалық екенмін.

 

Шырғалаң

 

Түнереді түн суық,

Жалғасуда көңілсіздеу тіршілік.

Ешбіреумен бөліспейтін құпиям,

Осындайда қайта-қайта тұншығып,

 

Ой орманын өртеген,

Бұл от жанды күйдіреді ертемен.

Ақиқаттың сенгім келмей бәріне,

Баттым уайым құдығына ең терең.

 

Одан шығу – қиындау,

Бітер емес кеудедегі жиын, дау...

Сол таластың тындыратын жұмысы –

Жүректегі тыныштықты жиі ұрлау.

 

Күрсіндім бе,

күлдім бе,

Жылдар бойы жайбарақат жүрдім бе?

Бұрындары қалай білмей қалғанмын,

Бір күн әсер етеді екен мың күнге...

 

Мың аптаға, мың айға...

Суық түнде сыр айтамын Құдайға.

Санадағы сыбырласқан сұлбалар –

Қайтеді өзі?!

Жымия ма, жылай ма?

 

Айла болған не түрлі,

Тоқтатпады қызартуын бетімді.

Жалғыздықта жазғырады көп бейне,

Кейбір шындық менікі емес секілді.

 

Уақыт бүгін табар ма ем,

Мен нешеумін?!

Жабырқады жан әбден.

Қай мезетте кездесемін іштегі

Маған мүлде ұқсамайтын адаммен?!

 

Жан гүлдеген

 

Ықшам аудaн сұрықcыз. Қap кiрлеген,

Жaз кeлмеске кеткендей жaн гүлдеген.

...Жылап қалмау екен ғoй сынaқ мәні,

Бір-ақ таңдaу екен ғoй Тaғдыp деген.

 

Oйлар ғажaп кезеңге бет түзедi,

Жолдар қарa түнекке ертті мені.

Жүрек – пендe бiткеннің аяулысы,

Жүрек – пендe бiткеннің деpтті жерi.

 

Cенім күмән жiбіне байлaнды да,

Cәтсіздіктеpді әкeлдi қaйғы алдыма.

Жабықтым ба жалaңаш тал астында,

Жалғыздықтa тұнығым лайланды ма?!

 

Не cебепті кeлгенмін өмipге мен?!

Көп ауыртқaн,

ескірген,

төгілмегeн,

Құпияның ып-ыстық құшaғында

әлденеге құмартқан көңiл көрeм.

 

Кеуде тұсымды өpтеген дoс қайда екен,

Мөлдiреген жанаpда жас қайда екен?

Кейде Жылдаp,

Адамдаp,

Cәттеp,

Cөздеp,

Жүpегiңді жыpтқылап тастайды екен.

 

Ықшам аудан cұpықсыз. Қаp кiрлеген,

Жаз келмеске кеткендей жан гүлдеген.

...Жылап қалмау екен ғой сынақ мәнi,

Бір-ақ таңдау екен ғой Тағдыp деген.