Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Алтын бесік
105
оқылды

Бүркеншік аты: Lashin

 

1941 жылы Жалпақталда жасырын жастар ұйымын құрған ағаларға арнап орнатылған ескерткіш тақтаның ашылуына арнау

 

Білді ме екен туатынын ғажап күн,

Аңсап өткен аппақ туын азаттың.

«Елім-ай» деп еңіреген басынан

Қанша қиын заман өтті қазақтың.

Ел болам деп тәуелсіздік аңсаған,

Құрбан болды осы жолда қанша жан.

Бір-ақ қана ұран болды оларда

«Отан үшін отқа түс те, жанса жан!»

Жасырынып ұйым құрып астары,

14 ердің бірігеді бастары.

«Қазақ халқын қорғаймыз» деп ұмтылған

Жалын атқан осы өңірдің жастары.

Қиындықтан налымаған, қашпаған,

Алдарына бір-ақ ұран тастаған.

Ғұбайдолла Әнесовтей жас жалын

Сол жастарды осы жолға бастаған.

Елі үшін түріп қойып білегін,

Ыстық қайрат тұнып тұрған жүрегін.

Жас та болса жерлестердің бұл ісін

Нағыз ерлік деп осыны білемін.

Шежіре ғой бұл Жалпақтал өңірі,

Езіледі ойласа елдің көңілі.

Егемендік, еркіндіктің жолында

Қыршын кетті қанша жастың өмірі.

Артта қалды сол күндердің бәрі де,

Асқақтайды азаттықтың әні де.

Міне бүгін еркін елміз азатпыз,

Көтерейік еңсемізді әлі де!

Туып міне, тәуелсіздік ақ таңы,

Ағалардың үміті де ақталды.

Ел ұмытпай ерлігіне бас иіп

Орнатыпты бұл ескерткіш тақтаны.

 

Домбыра

 

Күй төгілген киелі домбырасың,

Шабыт беріп арқаны қоздырасың.

Қазағымның үкілеп тастап кеткен,

Кең жерінен кейінгі зор мұрасың.

 

Екі ішектен үн шашып жыр атқандай,

Жүректен мұң, көңілден кір ақтардай.

Сиқырлысың, домбыра, құдіретті

Шанағыңда бір жұмбақ сыр жатқандай.

 

Бұлақтай таудан аққан етегіне,

Әуенің сыңғырлап бір кетеді ме,

Соғасың кейде жел боп самал ескен,

Өзіңе сол кезде тіл бітеді ме?!

 

Жырларым шарықташы, кел жүректен,

Құлаққа таныс үнің келді леппен.

Қасиетіңнен, домбыра, айналайын

Әуеніңмен адамды елжіреткен.

 

Алтын бесік

 

Сеземін самал желің дем берерін,

Ауасын жұтқан сайын емделемін.

Ауылым – алтын бесік қымбат маған,

Өзіңнен бақыт тауып тербелемін.

 

Тергенім әлі есімде дала гүлін,

Аралап алты қырдың аралығын.

Шомылып Сарыөзеннің жағасында,

Қызықты өткен екен балалығым.

 

Зор сағыныш тауысып тағатымды

Ауылға ынтықтырып баратынды.

Ішкенде таза суын құдығының

Жаның бір рахат тауып қалатынды.

 

Нұр шашып жүректерге алтын таңдай,

Ниеті, ықыласы жарқын қандай!

Қашанда үлкендері бата берген,

Кең пейіл, мейірімді халқы қандай?!

 

Келтіріп туған жердің жарасымын,

Жер-Ана сыйлағандай бар асылын,

Жазиралы жайлауы жанға жайлы

Топырағы құнарлы, даласының.

 

Жеріңде аунап талай еркелегем,

Өзіңсің арманыма жетелеген.

Табиғаты тамаша ауылымды

Таңғажайып «Жерұйық» көркем дер ем!

 

Әнші Дина Хамзинаға

 

Туған жердің топырағын басқаныңда,

Түсті ме еске балдәурен, жас шағың да?

Арман қуған Ақкөлдің ерке қызы

Жұлдыз боп  жарқырадың аспанымда.

 

Өнер жолын жүрекпен қалағансың.

Жез таңдай бұлбұл құс боп жаралғансың.

Дәл бұлай болуы да заңдылық қой,

Киелі топырақтан нәр алғасын.

 

Тер төгіп, еңбектеніп жалықпаған,

Үні бар кең даланы шарықтаған.

«Астана-операда» әнін шырқап

Өнердің биігінде қалықтаған.

 

Қашанда жүрегі кең, жарқын жүзі,

Қалдырар өнерде бар қаншама ізі.

Халқының қолдауына ие болып

Әнімен әлдиледі әнші қызы.

 

Үлкендерден  ықылас бата алған қыз

Үкілеп ел үмітін ақтаған қыз.

Галина, Бақыт сынды ұстаздары

Өнерге жол көрсетіп баптаған қыз.

 

Аралап талай елді аттаған қыз,

Сонда да әсте тыным таппаған қыз.

Қазақ елін әлемге танытам деп

Көп тілде операны жаттаған қыз.

 

Бойына ар-намысты сақтаған қыз,

Тер төгіп, еңбектеніп жатпаған қыз.

Дарынымен өз өнерін мойындатып

Майталман жұлдыздарым мақтаған қыз!

 

Көргенде сахнадан Дина қызды

Жерлесіміз шықты деп шаттанамыз.

Ақкөлдің аққу құсы өнердегі

Қашанда біз өзіңмен мақтанамыз!