Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Қостөбеге барғанда
147
оқылды

Бүркеншік аты: Бөрте

Қостөбеге барғанда

Бердібек Соқпақбаевтың рухына

 

Семетін күннің ұзатып соңғы алауын,

Бұзардай өктем құрсаулы ойдың қамалын.

Бердібек туған телегей елге келдік біз,

Сіміріп нәрін қаламгер туған даланың.

 

Қостөбе мынау — көзімде көлбеу мұнарым,

Қос елдің керім сырына тосқан құлағын.

Жағар ма шіркін, біз ерген жалқы - бір үміт

Бердібек жаққан ұядай үйдің шырағын.

 

Ойласам оны жүрегім ала, жан құла,

Қабағың солай солыңқы күйде қалды ма?!

Жалғанның мынау тоқтаусыз түлен ағысы,

Текестің асау тентегін тезге салды ма?!

 

Қым-қуыт тірлік тіріні қайсы түзеген,

Өзің кеткендей самарқау әлі, сыз әлем.

Қазақта және өзіңдей ерен туған жоқ,

Жалғанның отын қаламыменен күзеген.

 

Айқара ашып алқынған ойдың бесігін,

Жететін еді ау дархан далаңа кеш үнің.

Тымырсық күнде тым-тырыс тербеп жатсың ау,

Аспантау асқан үркін ойлардың бесігін.

 

Алдаймыз шебер алқынған ардан басқасын,

Құдай да сүймес қаламның құты қашқасын.

Тұрғызатындай мың түлен түртіп теңселдік,

«Өлетіндердің қайтып келетін» қақпасын.

 

Көңілде бүгін сездің бе, селкеу, мың алаң,

Жазудың жолы жазмыштың жолы — бұралаң.

Саудаға түскен қым-қуыт мына базарда,

Қостөбең менен қазағың ғана дін аман.