Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Өмірдің шын аты тыныштық...
450
оқылды

Бүркеншік аты: Қасқыр

 

ӨМІРДІҢ ШЫН АТЫ ТЫНЫШТЫҚ...

Жүректер жартылай жалаңаш,
Ал көздер бақытқа шала мас.
Өмірдің өрнегі сол ғана
Қайғы мен қуаныш аралас!

Қызғалдақ ғұмыры қысқа тым,
Ойлармен тым ұзақ қысқа түн.
Жүрегің жаураса жағуға болады,
Зарыға күтсең де құс хатын!

Құйрықты жұлдыздай ағып кеп,
Өмірде бір сәуле жағып кет.
Еш жерде жарнама ілінбес,
Дүкенде сатады уақыт деп!

Айтпақшы сатады, ол анық,
Қалғандар өзінен жоғалып...
Бір түнін сататын сайқалға,
Бір ағам қалған ед(і) тоналып!..

Шынында тағдырлар сатылған,
Жас жүрек жұлынған жатырдан.
Жер беті жалғанның шындығы,
Жазықсыз адамдар атылған!

Сыйластық, сезімдер тым ыстық,
Жақынның алыста үні ыстық.
Өмірдің бір аты айқайшы,
Өмірдің шын аты тыныштық!

 

ТАМШЫ СЕЗІМ

 

Екеуміздің әлеміміз басқа әлем,

Басқа бақыт, басқа сезім, басқа рең.
Жанарыңның қарасымен қадалып,
Жүрегіме жұлдыз төгіп тастап ең!

Содан бері жаным жүдеу қара түн,

Қаламымның қағып жүрмін қанатын.
Жалғыз жарым жырларыммен жортамын,
Қыйсынсыздау қиялымнан қорқамын,
Сені жырлап кете ме, деп бәр ақын?!

Мынау жаңбыр жауып-жауып басылар,
Сол жаңбырда жанарымның жасы бар.
Тағдырыма түнеп кетші, таң атса,
Мүмкін менің аспаным да ашылар!

Бүкіл әлем біліп қойған бір сырым,
Сені қатты сүйетінім бұл шыным.
«Сен» деп сезем жүрегімнің дүрсілін,
«Мен» деп қалшы жаңбыр жауса тырсылын...

Тамшы сезім тағдыр таққа тамса жүз,
Қосылмайтын қосылысым қарша қыз.
Қол ұстасып топыраққа сіңерміз,
Жауыны көп - жаныммен бір болсаңыз!

 

 

ҰМЫТЫП КЕТЕ БЕРЕМІН...

 

 

Пенделер жүрген жолменен,

Өмірді сүріп келемін

Бұл жалған бір күн бітерін,

Алдымда мәңгі күтерін

Ұмытып кете беремін!

 

Сынақты сәтте әлсізбін,

Сәулелі сәтте өр едім

Тағдырдан таланғанымды

Уақытша жаралғанымды

Ұмытып кете беремін!

 

Бақыттың таппай дерегін,

Бағытсыз жолмен келемін

Жаратқанымның әмірін,

Жақындарымның қадірін

Ұмытып кете беремін!

 

Санамды кейде жұлмалап,

Болмашы ойға жегемін

Айтқанын тыңдап өзгенің,

Жүректің айтқан сөздерін

Ұмытып кете беремін!

 

Ең қымбаттардың бағасын

Ең арзандарға теңедім

Көбейіп кейде күпірім,

Әр жұтқан демнің шүкірін

Ұмытып кете беремін!

 

Қым-қуыт тірлік алдайды,

Бәрі де іздер себебін

Емес бұл менің азғаным

Ұмытқанымды жазғаным

«Ұмытпаңдаршы» дегенім! 

 

ҚАЙРАУ

 

Өзіңе берік болсаң,

Өзгелер мақұлдайды

Жақсы ойға жақындасаң

Жақсылық жақындайды!

Тіріңде тіршіліктің

тізгіні өз қолыңда,

Армандар сатылғанмен

Армандау сатылмайды!

 

Көңілді кірлетеді

Болмайтын күдік-нала

Болатын тіршілікті

Болдырмай жүріп қа(л)ма

Сен емес, ең соңынан

Сөнеді үміт қана

Өмірің күлу үшін

Сен де оған күліп қара!

 

ТУМАҒАН ӨЛЕҢГЕ АРНАУ

 

Шетінеген сәбидей, шетінеді қанша жыр,

Ішіңде өлген өлеңге бола ме екен тамсану

Күйігіңді күлкімен жылы жауып жүргеннен,

Жеңілірек емес пе, жылап тұрып ән салу!

 

Ән айтатын кеудеге мұң құйдырсам кінә не?

Үмітсіздік ішінен тірі қалды бір әуен

Періштедей жырларды пенде өмірге әкелмей,

Жүрегіне жерлеген жалғыз жанмын сірә мен!

 

Ғазиз жырды жерледім, қолдан қидым о, неге,

Енді олар қайтадан мына өмірге келе ме?

Мен жырымды тәңірлік тазалық деп жорыппын,

Қу тірлікте бүлініп қала ма деп қорықтым!

 

Осы күні жанымды тырналайды терең мұң,

Жанарымда жүреді әруақтары өлеңнің

Мишығымның ішінде мың сұрақпен түрлесіп,

Ешкім бойлай алмайтын азап баққа бөлендім!

 

Сұлу сөзді толғату болсадағы несібем,

Көз ашпаған жырлардың көз жастарын кешіп ем

Сондықтан да өзіме өзім жазған арыз мың,

Қара басым тұрғанда қара өлеңге қарызбын!

 

ЖҮРЕК...

 

Жаныңды жұлмалайды жалғанның жайы мына,

Біреу деп өмір сүрген болайын уайымыңа

Сыртылдақ сағатыңды қанша рет соқтың екен,

Жұрттардың пікірі мен пайдасыз пайымына?!

 

Өзгелер жан жараңды

Жазбайды, зорайтады

Тұңғиық тауып берер,

"Жұбатып" жолай тағы

Жалғанды шындап көрші,

Жүректі тыңдап көрші

барлығын сол айтады!

барлығын сол айтады...

 

Адамдар, сынақ сәтте неге біз мұңға баймыз?

Біз бәлкім бүгін ғана аспанда сынған аймыз

Айлалы сөзін айтып, пайдасын ойлап тұрар,

Жұрттарды тыңдасақ та, жүректі тыңдамаймыз!

 

Кеудеге тыныш қонса, жанға сол ұнай қалды,

Біреудің сөзі үшін қой енді мұңайғанды

Ақиқат алыста емес, осы жерден іздеп көрші,

Адамда жүрек барда, жүректе құдай мәңгі!

 

ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛ...

Келіпті бүгін ауылға ескі махаббат,

Күлдіріп тұрып жылатқан өмір қатал ақ.
«Мәңгілікке оны ұмытайыншы» деп едім,
Тәңірден титтей түскенде маған шапағат.

Ұмыттырмайды ол, келіп тұр әне, тағы да,
Жаңа жігітін ерітіп апты жанына
Тәйірі жүрек тіксінбесінші қапа боп,
Кете берсінші танысаң да оны таныма.

Бүлкілдей жүрек білгендей ол да бірдеңе,
Білсеңде тыныш соға берсейші үндеме.
Көз қыйығымды салдым мен оған жәйменен,
Өз биігімді аласартқандай күйге ене!

Мені көрді де жүгіріп келді ол қасыма,
Қызыл орамал тартып алыпты басына
Сұлу көздері сұқтана маған қарайды,
Жұмыр жүректің тағат таптырмай жасына.

Сол қарағаны бергендей болды санаға әр,
Деп жүруші едім сынық сезімдер жоғалар.
Қолынан қысып алысқа алып кетер ме ем,
Басында әттең, басында әттең – ОРАМАЛ!!!   

 

МӨЛДІР МҰҢ!

 

Мөлдір мұң!
Үмітімді көз жасыма көмдірдім.
Мен қайғының құрсауында жатқанда,
Өзге жанмен қол ұстасып сен жүрдің...

Ақ гүлім!
Енді сенің сөгілмесін шаттығың.
Жүрегіме сыймай кеткен сағыныш,
Жанарымда боп қалады тәтті мұң.

Көріктім!
Бізді ортада айырды екен бөліп кім?!
Маған деген сезіміңнің суретін,
Өртесең де күлін көміп көніппін...

Көктемім!
Енді өзгені жылытады от демің.
Менің бағым көктей солып жатқанда,
Сен өзгенің бақшасында көктедің.

Аққуым!
Биігіңе көтердің-ау жат туын
Сен сыйлаған сағыныштан шөліркеп,
Тағдырымның татып жүрмін тәтті уын.

Жақыным!
Біз осылай алшақтаймыз ақырын
Ұнатпаудың сан себебін тапсам да,
Ұмытуға жетер емес батылым.

Арманым!
Бақытыңның мәңгі татшы бал дәмін
Өлеңіме айтқаным ғой арыз ғып,
Өмір өзі айта жатар қалғанын!

 

«СҮЙЕМІН СІЗДІ!»

 

Әдемі қыз!
Тек сыйластық емес-ау, сәлеміңіз
Көріп қалсақ көшеде қысылатын,
Махаббатқа осы ғой дәлеліміз.

Сүйкімді қыз!
Ұрлап жүрсің ұялмай ұйқымды жүз.
Жараланған жүрекпен алғаш ұқсық,
Сезімдердің сыйқыры дейтінді біз.

Көрікті қыз!
Жабырқаған жандарды бөліпті күз
Тек достасу үшін мен кездескенмін,
Тек қоштасу үшін сіз жолықтыңыз

Ибалы қыз!
Мені неге осынша кыйнадыңыз?
Мені неге осынша сыйладыңыз?
Жылы шырай танытып жүргенменен,
Мен қалаған бір сөзді қыймадыңыз.
«Сүйемін сізді!»

 

ӨМІР МЕН ӨЛІМ АРАСЫ...


Сөніп бара жатқанда өмір шырақ,
Ажал аузын ашады көңіл сұрап.
Тіріңде тіршілікті түсінбесең,
Өлген соң ала алмайсың өмір сұрап!

«Өлім» деген бір мекен, барса келмес,
«Ажал» деген бір жұмыт алса бермес
Жүрегің тоқтаған соң жолдасың жоқ,
Қанша досың болса да, қанша жерлес.

Байлық іздеп жүргенде шүкір кетер,
Бақыт іздеп жүргенде күтім кетер
Тәңіріңе тәубеңді үзбей айтсаң,
Тағдырыңның жыртығын бүтіндетер!

Шын иманды ешқашан ісінбейді,
Енді біреу көкірек күсін жейді.
Өмір сүріп жүргендер құлшылықсыз,
Өлімге көрші екенін түсінбейді

Осы жаңа бір сәби туылды анық,
Осы жаңа бір өмір қуылды анық
Сен асықпай жүргенде күнә жасап,
Уақыт шіркін өтеді зуыл қағып!

Қалай-қалай, мына өмір қалай-қалай?
Дейсің бе, опық жедім абайламай
... Дүниенің қызығын сығып ішкен,
Ақылды болып кеткен санаң қалай?!..

Доғар бәрін, сен әлі жоғалмадың!
Көк жиекте күтіп тұр көп арманың
«Жалған өмір» десек те тіршілікте,
Жалғандыққа жөн емес тоналғаның.

Сына көрме еншіңді енді аласың,
(Байлығы бұғып жатқан кең даласың)
«Өмір. Өлім» дегенің түсінші өзің,

Айнаға қарап тұрған сен ғанасың!

P.S Бір аяғым артымды, бір аяғым,
Озып бара жатса да мұңаямын.
Өмір, өмір өзіңе мініп алып,
Өгейсінген өзімді шын аядым...

 

ЖАҢБЫР ҮНІ – ТАҒДЫР ҮНІ

 

Жаңбыр үні!
Моп-момақан көшенің жаңғырығы.
Күнәсіна күйініп қыз жылайды,
Жерге сіңіп кеткендей бар қылығы!

Жерге сіңді, о, неге жерге сіңді?!
Махаббатта қалайды белдесуді
Бәлкім әппақ сезіммен ұсындың-ау
Желік қуған жігітке перде сымды...

«Аппақ арың!»
Енді сенің қалған жоқ мақтанарың.
Бір айтса уақыт қана айта алады,
Алыстағы бақыттың хат-хабарын!..

Ойламадың болар деп сәтті бұлай,
Жаңбыр ғана жұп боп тұр қатты жылай.
Періштенің қанатын қайырып сап,
О-о, сенің қыршын кеткен пәктігің-ай!

О-о, сенің пәктігің ай қыршын кеткен,
Жүректегі түсінші дүрсілді еппен
Сүйіктіңе тап-таза екеніңді
Бүлінуің арқылы білсін, деп пе ең?!

Түн. Қараңғы. Жанының жапырағы,
Солса да сезім сөнбей отыр әлі.
Сенің сол бір жасыңды сүртетіндей,
Көрінген көлігіне шақырады...

 

Жаңбыр үні!
Моп-момақан көшенің жаңғырығы
Күнәсіне күйініп қыз барады,
Жерге сіңіп кеткендей бар қылығы...
Енді қайдан естілмек тағдыр үні?..

 

ЕГІЗ ЖОЛ...

 

Жанып тұрсын алдыңда уақыт шырағы,

Жүрегіңе жүгінсең жақұт тұрады

Шын сүйетін бір жанның барын білесің,

Екеумізден сенсің ғой бақыттырағы!

 

Махаббаттан қашпа тек қорғану үшін,

Көріп қалсаң, деп біл жәй жолдағы мүсін

Саған көп-көп рақмет өмір киномның

Ең ғажайып бір сәті болғаның үшін!

 

Тағдыр басқа сөз айтты, біз басқа дедік,

Осы жерден бөлінген із рас па дедік...

Сол баяғы жүректің лүпіліменен,

Сені көргім келеді жүз жасқа келіп!