Бүркеншік аты: Тау ұлы
СӘКЕН ШЫҢЫ
Баянауыл баурайында, Торайғыр көлінің етегінде «Сәкен шыңы» деген шың бар. Сол шыңда қазақтың сұңқар ақыны Сәкен Сейфуллин Омбы лагерінен қашып шығып, жасырынған десе-ді.
Сары аяз Сібірдің бір кешінен:
Рухы тұрған ұмтылып сүлдесінен –
Ақын жатты арбада қар тиелген,
Арба шықты Колчактың түрмесінен.
Боз даланы омбылап жайдақ кешкен,
Сандар қалып, тарихтан айғақ көшкен.
Баянауыл еліне жетем деумен,
Сәкен – сұңқар тар жолда тайғақ кешкен.
Қанден иттер жоқ мұнда аш, ұлыған,
Ерте туған асыл ұл ғасырынан
Торайғырдың мұнартқан бір шыңында,
«Дүйсенбі» деген атпен жасырынған.
Іздегені Ілияс – нағашы еді,
Сол бір шыңда ойнаған дала шері.
Сәкен шыңы – Табиғат сый ғып берген,
Заманында алмаған бағасы еді.
Шың жұмбағын түсінбес жан баласы,
Сырын ұққан ақынның Қандыағашы.
Таудан аққан бұлақтың суын ішті Ол,
Жазылды мекен содан жан жарасы?!
Мекендейді бір сұңқар сол бір шыңда,
Сұңқар құстың қанаты болдырсын ба?!
Сәкен шыңы – ақынның ғұмырындай,
Сырты-іші қайнаған мол тылсымға.
...Ойын-күлкі, кеткенде той мазалап,
Сәтті аңсайсың құр өзің ой қашамақ.
Баянтаудың бетке алып бір тасына,
Мен де кеткім келеді бой тасалап.
Тасаласақ, одан да тауып алар,
Әр заманда ақынның жауы болар.
Сәкен шыңы – сұңқардың аз-кем болсын,
Тыныштық тапқан жанға тауы болар.
Бойы – сұңғақ, жыры – бал, сөзі – бекем,
Сәкен шыңы – ақынның көзіне тең.
Мекендейді бір сұңқар сол бір шыңда,
Сол бір сұңқар Сәкеннің өзі ме екен?!
АҚБЕТ – АРУ
Бәз қалпында Баянтау бұрынғыдай,
Құсқа салсаң, бұл жақта, шығын құмай.
Ақбеттауда асқақтық бар деседі,
Нәзіктік те бар шығар бұрымдыдай.
Жақындамай сүйсінер жат шетінен,
Ақбет-Ару – мүсіні нақ бекіген.
Ара-тұра жарысып жел өбеді,
Ешкім сүйіп көрмеген ақ бетінен.
Бойшаңдығын Баянның байқады аспан,
Тау-Аруға Күн менен Ай таласқан.
Сұлулықтың алдында алма-кезек,
Тәулік бойы тағдырлар тайталасқан.
Тылсым аспан теңеген тауды аруға,
Күш жетпеді көңілін аударуға.
Болар еді Айға да қызығуға,
Болар еді Күнге де алдануға.
Мың бір тылсым бар екен шың-қатпарда,
Жұмбақ бұлақ Ақбетте, жұмбақ тал да.
Үн қатқанда құстары Күн шығады,
Тұншығады табиғат Күн батқанда.
Бүркенеді Ақбеттау таңға налып,
Сол бір түннен құпия қалғаны анық.
Күн батқанда күнәға батқан шығар,
Ақбеттаудың етегін қанға малып.
Күннің нұры шыңдарын өбіп көктен,
Түн баласы қырларын көрікті еткен.
Ал, Кемпіртас – Ақбеттің әжесі еді,
Қыз күндерін сағынып шөгіп кеткен.
Кемсеңдемес Кемпіртас уайымынан,
Жаласы көп Ақбеттің қайыңынан.
Таудай бақ бар сыйлаған таң нұрынан,
Таудай мұң бар жимаған айылынан.
Жақсыаула, Жаманаула – құрбылары,
Тау-ғұмырдың тағдырын жыр қылады.
Тас боп қатқан сондағы пәк көңілі,
Жас боп аққан сондағы бір бұлағы.
Ақбеттау – Ақбет-Ару...
ТҮС
Қай фəни үстем?!
Кей нəпсі досқа айналды жай тани түскен.
Ғафлет ұйқыға амалсыз тереңнен батып,
Шошып ояндым қым-қуыт шайтани түстен.
...басқа бүйірмен,
Кездерім көп пе жалғанда босқа күйінген.
Дұғамды оқып қайтадан көз ілемін де,
Рахмани түсті көремін досқа сүйінген.
Ұйқы да – парыз!
Қорқыттың көрі – түстегі бейкүнə аңыз.
Вольтер мен Август, Вагнер мен Бетховен, Моцарт,
Керек десеңіз Декарт та ұйқыға қарыз.
Түстер де – өңге,
Ақындар көрген айналар түстер өлеңге.
Отырмас едік кен санап кестеге қарап,
Қарт Менделеев сол түні түс көрмегенде.
Қорқыт бабам да,
Өз көрін көрген əр жерден жортып ғаламда.
Тым ұсақталып кетпес еді ұрпағы ханның,
Бұқар жырауға сол түсін жорытпағанда.
Жақсы, жаманға жорытсаң, сол бұрын келген,
Түстер – ақиқат.
Өлшенбес ол ғылымменен.
Дұғамды оқып тағы да ұйқыға кеттім,
Оң қырымменен.
СЕЗІМ АЙНАСЫ
Әлемде жоқ қой мінсіз адамың,
Дәлелде деме текке кеп.
Мен саған сосын гүлсіз барамын,
Үнсіз қаларсың өкпелеп.
Солып қалады гүл де арада,
Мәңгілік нені сағындық?!
Күншілдер көрер күнге қарама,
Айға қара да, жанымды ұқ.
Жанымды ұқ менің, ұққың келсе егер,
Өзгелер анық ұқпасы.
Биікке бірге шыққың келсе егер,
Жүректің, міне, тұтқасы.
Биікке шықсақ тек сенің арқаң,
Құлап та қалар кезіміз.
Өмір сүргенге жеп-жеңіл, қалқам,
Қиындататын өзіміз.
Тағдырды адам сүрген бе жазып,
Басқа жол шаршап іздеме.
Аруды сүйдім гүлден де нәзік,
Солмайтын қыста, күзде де.
Сəуле боп кіріп кей түнгі шақта,
Жанымда гүлдей жайнашы.
Кіршіксіз таза кейпіңді сақта,
Махаббатымның айнасы.
Сұрша қыз
«Дәм жазып осы жолдан аман қайтсам,
Көрісерміз, Сұрша қыз, Баянтауда...»
Жаяу Мұса
Тағдырыма мұң біткен байланыпсың,
Түннен безген, мені мен айдан ықсын,
Ақтарылған сырымды түсінбеген,
Ақтармаған мұңымды қайдан ұқсын?!
Айналамның барлығы түгесілген,
Шықпай қойды бір əуен түк есімнен.
«Көрісерміз, Сұрша қыз, Баянтауда»,
Осы əнді, қарағым, білесің бе?!
Жасамай-ақ алакеуім шақта ылаң,
Жалғыз дауа өлеңге ақтарылам.
Ақынмын деп айтуға арланамын,
Арланамын біреудің тақпағынан.
«Сұрша қыз-тын» жасымнан өскен естіп,
Мұңды арқалап бабамыз көшкен өстіп.
Саған жазған жырыммен толығар ма,
Жүрегіңе орнаған бос кеңістік.
Бақыт бізді күтеді кім біледі,
Жемір мұңдар жүректі тілгіледі.
Қапаланар қоғамда сəттер қанша,
Сенің күлкің жүректің күндік емі.
Сырты бүтін жанымның іші елесте,
Көргенімнің барлығы түс емес пе.
Біз екеуміз суыдық əлдеқашан
Қайдағы жоқ нəрселер түседі еске.
Сенсіз мынау жалғанда өмір кешу –
Сепкендей боп тұрады көңілге су.
Өзім жұмбақ,
Сен жұмбақ,
Жұмбағыңды
мүмкін емес əзірге жеңіл шешу.
АМАЛ ДӘПТЕР
Он екіге толғаннан,
Өмір үшін жалғасқан майдан әлі,
Тыныштықтың шығады қайдан әні?!
Қай сынақтан таяғым сынып кетті,
Қай тұрақтан аяғым тайғанады.
Соны ойласам, ішімнен тына қалам,
Өмір – сүр деп берілген сынақ алаң.
Айқасумен келеміз өзімізбен,
Тек Ар үшін: құлаған, құламаған.
Жақындардың есімі: көбі таста,
Сондықтан да жанарым толы жасқа.
Ес білгелі мың дәптер тауыссам да,
Амал дәптер...
Бұл дәптердің, алайда, жөні басқа.
Жақсылығым: қолымды жайғанымнан,
Жамандығым: жолымнан тайғанымнан.
Абыройлы жазғыштар дәптерімді,
Әкелері белгісіз қай жағымнан.
Алиф шығар сондағы білген әріп,
Хош иісі болмаса, гүл де ғаріп.
Оңнан келсе, масайрап оқытар ем,
Солдан келсе, көрсетем кімге барып?!
Жазылғанда дәптерге түк те қалмай,
Жауап қата алмаспыз түк табалмай.
Күнә шығар арқалап кеткен мол ғып,
Сауап шығар кеткенім жүк деп алмай.
Жақсылығым, бақытты сәттеріме,
Жамандығым, түскенім ат теріне.
Әділдіктің орнаса таразысы,
Көз тігемін амалдың дәптеріне.
Санамызды арман һәм қиял басқан,
Жер бетінде адамдар жиі алмасқан.
Өзім сүріп жазылған ғұмыр-дәптер,
Өзім оқи алсам ғой ұялмастан.
Өзің оқи алсаң ғой ұялмастан...
АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ
Жанарыма о, ғажап, жарық түскен,
Алқаларын пәк аспан тағыпты іштен.
Мені ойлап әлдекім жылайды үнсіз,
Шоқ жұлдызға көз тастап ағып түскен.
Жұлдыз ақты,
жүрегім дірілдеді,
Ит тірлігі біреудің сүрілмеді.
Бірақ, бүгін ешкімнің өлгені жоқ,
Бірақ, бүгін ешкім де тірілмеді.
Балалық-ай, жұлдызды санаушы едім,
Бір тілектің болғанын қалаушы едім.
Аққан жұлдыз, білдім бе, оқ екенін –
Бұзып шыққан жын үшін алау шебін.
Балгер – сорлы, ғайыппен араласқан,
Хабаршы жын ат-тонын ала қашқан.
От пен нұрдың айқасқан алаңында,
Жанына ем іздейді жаралы аспан.
Жаралы аспан, осылай, тұнжырады,
Жаңбыр жауса, дейсің бе кім жылады?!
Жер бетінде қаза көп, мола да көп,
Таусылмады аспанда жұлдыз әлі.
Жанарыма о, ғажап жарық түскен,
Алқаларын пәк аспан тағыпты іштен.
Мені ойлап әлдекім жылайды үнсіз,
Шоқ жұлдызға көз тастап ағып түскен.
ЖҰЛДЫЗ ЖОРАМАЛ
Балықтар. Сіз қалай болса да, ренжіткен достарыңызбен қайта татуласыңыз, ал кешке жарыңызбен ренжісесіз. Бүгін бір пайдаға кенелесіз. Жаңа өзгерістерді қабылдаудан қорықпаңыз.
Газет бетінен.
Ойыма келіп қонақ-арманым,
Шашудан қиял орап алғанмын.
Қайда барсам да ұрынған көзге,
Оқыдым жұлдыз жорамалдарын.
Көңілім көкке қалықтар ма еді?!
Жұлдызым қайсы?!
Балықтар ма еді?!
Анықтар ма еді болашағымды,
Не дейді екен жарықтар елі?!
Достар арасын дұрыста, - дейді,
Әйеліңменен ұрыспа, - дейді.
Төсекте қанша жатсаңыз-дағы,
Бүгін бір пайда, ырыс бар, - дейді.
Оқыдым-дағы көңілім түсті,
Жорамалсыз-ақ өмірім күшті.
Жатсынып тұрды астролог сөзін,
Аллаға деген сенімім ішкі.
Досымдай артпас өзге ешкім сенім,
Ренжіткен жатқа сөз де естірмедім.
Қабырғамменен керіспек түгіл,
Жар болар жанды кездестірмедім.
Аспан ғажабын көрмеді жандар,
Жорамалдағы келмеді сандар.
Жұлдыздар біткен жол көрсетеді,
Адаспас үшін жердегі жандар.
ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙ
Қимай-қимай қоштасқан сүйген тұрақ,
Жанға жылу бермейді киген тымақ.
Арманыңның жолына аттануға,
Жібермейді момын Ар үйден жырақ.
Жолға шықсаң, қысады көңіл-етік,
Алсаң шіркін, жүгіңді жеңіл етіп.
Жолай берген жарнама газеттерді,
Лақтырумен барады өмір өтіп.
Қайда апарып соғады өзен күлген,
Алдағанын сезімнің сезем бірден.
Жасырам деп көңілдің жұтаңдығын,
Көшелерін қаланың безендірген.
Қолдарыңнан осы ма бар келгені?
Ең ауыры өмірде – Ар өлгені.
Кейде симай кетемін кең көшеге,
Кейде қимай кетемін тар бөлмені.
Тағы алданып батады аңғал күнім,
Батса батсын алданып, таңғалды кім?!
Қалай ақтап аламыз түн баласын,
Қалай сақтап қаламыз Ар қалдығын.
Жылтырынан жалғанның көзіңді алмау –
Шынайыны пір тұтқан сезімді алдау.
Сорақысы көңілде – жалған күлу,
Сорақысы өмірде – өзіңді алдау.
Айналамыз өтірік күлген қалып,
Бір бұрышта алмаған жүлдең қалып,
Жапандағы жалғыз үй саған келдім,
Кіл тобырдан жүк артқан сүлдемді алып.
250 ШАҚЫРЫМ ӨЛЕҢ
Студентпін. Өмірім - жаңа, заңды,
Баянауыл деген кең дала қалды.
Ордасына білімнің еніп кеттім,
Құшақ жайып қарсы алып Қарағанды.
Студентпін. Ол кезде: Ауыл – сағым,
Деп кеткенмін білімді тауысамын.
«Ауылға қайтам, – дедім, – демалыста»,
Сонда Анамның сағынып бауырсағын.
Сол кездегі сезімдер тылсым неткен?!
Сағыныштан жүрегім дүрсілдеп пе ең?!
Қоңырау соқты Анашым:
– Қайдасың? – деп,
– Шықтым, – дедім, – ауылға Тұрсынбекпен.*
250 шақырым – арамыз, тым
алыс емес. Әлі де барамыз мың.
Қалғып кетіп, оянсам жеттік пе деп,
Ауданы екен Бұқардай бабамыздың.
Одан кейін Алғабас, Кернейді асып,
(Автобустың темірі кернейді ашық.)
Сағынышты үдетіп Үміткерден,
Төрткөлден де өттік біз, “желдей “басып.
Одан кейін Сәтпаев, Теңдік келдік,
Құндыкөлде дөңгелек жөндеп бердік.
Қоңырау соқты Анашым:
– Қайдасың? – деп,
– Егіндібұлақты Ана енді өткердік.
Өтті баяу автобус Қаражармен,
Қоңырау соқты Анам, балажан ең.
– Ақсаңның бұрылысын өттім, – дедім,
Автобекет. Мен қалдым шабаданмен.
Жаяулатып тез жеттім үйге кенет,
Ақ москвич, барлығы үйде, демек.
Мауқымды бастым сол бір сағыныштан,
Ана-құшақ керемет күйге бөлеп.
…Бұл күндері есейдік, көлік міндік,
Сағыныштың азабын көріп білдік.
«Жол мұраты – жету» деп жолға шықсақ,
«Жетерміз» деп, әйтеуір, көніп, жүрдік.
Ауыл менен қаланың жолы – бағым,
Екі ортада өтуде өмір-ағын.
«Қай жерде келе жатсың балам» деген,
Ана сенің жетпейді қоңырауың.
*Тұрсынбек - Қарағанды-Баянауыл бағытындағы автобус жүргізушісі