Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Сәби
112
оқылды

Бүркеншік аты: Dala

 

СӘБИ

(әңгіме)

 

Олардың танысқанына бір апта ғана болды. Екеуі бір университетте қатар оқып жүрсе де, бұрын танысып сөйлеспеген. Биыл оқу бітіретін жылдары. Өткен аптада университеттің асханасында қатар отырып қалып әңгімелері жарасып кетті. Кейін бірге үй жалдап тұратын болып келісті. Бүгін міне қаланың шеткі аудандарының бірінен табылған пәтерлеріне келіп орналасып жатқан түрлері.  

Құдайдың осы күніне де шүкірлік, – деді Айзат шкаптың шаңын сүртіп жатып.

Қуықтай бір бөлмеде екі төсек пен осы шкаптан басқа артық зат жоқ тұғын. Есігі сәл қисайған ескі ішкаптың сүрткен сайын сүйегі сықыр-сықыр, топсасы шиқ-шиқ  етеді. Таңсәуле үндеген жоқ. Еңбектеп еден жуып жүр. Тек әлден уақыттан кейін:

Мүмкін бұған құдайдың қатысы жоқ шығар, – деді жәй ғана.

Айзаттың жүрегі зырқ етті. Жұмысын тоқтатып, жақында ғана танысқан құрбысына таңырқай қарады. Таңсәуле ештеңе демеген адамдай жайбырақат әлі еден жуып жүр… Айзат оның домаланып қалған бөксесіне, сосын талдырмаш беліне, төмен жағалы халатынан жартысы көрініп тұрған аппақ омырауына көзін сатып тұрып қалғанын енді аңғарып, ыңғайсызданып қалды. Қайтадан жұмысын жалғастырып жатып, өзінің тұла денесіне шола бір қарап қойды. «Бұлай киінсем менікі де бұдан кем түспейді ғой» деп ойлады.

Сәулеш, саған құдай сұлулықты берген ғой, әдемісің, – деді сосын қайта бұрылып.

Таңсәуле әлі еңбектеп еден жуып жүр. Енді жүрелеп отырып, қолына жуғышын ұстаған қалпы күрсінді:

Мүмкін оны маған құдай бермеген шығар, – деді тағы бәсең.

Айзат бұл жолы да не дерін білмей қалды. «Осының есі дұрыс па өзі» деп ойлады…

Бөлме тазалап болған қыздар енді төсек орындарын жиыстырып, киім-кешектерін реттеуге кірісті. Екеуі де иіссулары мен түрлі безену бұйымдарын терезе жақтауына тізді. Көрпелерін қаттап бүктеп, әдемі көйлектерін шкапқа ілісті. Таңсәуле шабаданынан шыққан Бунктың «Айғай» картинасын алып бір шетке қойып жатып: – Бұл да құдай секілді, – деді өзі-өзіне күбірлеп. Айзат бұны естіген жоқ, тілкімдей қағазға шығарып алған «Фатиха» сүресі мен «Ықылас» сүресін төсегінің басына жапсырып жатып: – Сәулеш, қарашы, бұлар құдайдың сөзі, жаттап жүрмін. Әкеме бағыштаймын, – деді мойынын бұрмай. Жүзінде мұң бар еді. Бұрылып қарағанда көзінде жас та бар болатын. Таңсәуле ештеңе деген жоқ, ақырын келіп оны бауырына тартып құшақтап қойды. Ып-ыстық екен. Айзат жұбанып қалды. Сосын қыздар қайтадан жұмыстарына кірісіп кетті. Бір кезде:

Сен шылым тартасың ба, – деді Таңсәуле төсегінде малдасын құрған қалпы, тырнағын сәндеп отырып.

Шылым… – деді Айзат шошыған кейіпте, – Ондайдан құдай сақтасын!

Ал, мен тартам, оны да маған құдай берді деп ойламайсың ба?

Таңсәуле төсегінде әлі бәз-баяғысынша отыр. Айзат ойланып қалды. Не дерін білмей абдырап:

Денсаулыққа зиян ғой, – деді. Бұл жолы Таңсәуле басын көтеріп оған қарап жымиды.

Оны білем ғой, Жүр, сыртқа шығып қайтпадық па? – деді сөзді басқа жаққа бұрып.

Бұлар бірер аялдама жаяу жүріп, супермаркеттен керек-жарақтарын алып қайтты. Жолда келе жатып Таңсәуле шылым шекті. Айзат ары-бері өткен адамдардан ыңғайсызданып келеді. Әсіресе егде әйелдерден. Жақынғы уақыттан бері осы егде әйелдерден бір түрлі салқындық сезінгендей болып жүрген. Бұрын қалай аңғамрмаған,  кеше автобуста бірі орындықта отырғаны үшін алара қараған, бұл жуастықпен орын берген, ол «Рақмет» деген сөзді кектеніп айтқан. Сосын автобустағы кешкі жұмыстан шаршап қайтып келе жатқан бүкіл әйелдер бұған кектене қарап тұрған секілденіп, үйіне жеткенше өзін ыңғайсыз сезінген.  Анау дүкендегі әйел ше? Бағаны екі рет сұрағаны үшін «кереңсің бе?» деп шаптыға жөнелмеді ме?! Міне бірнеше әйел жандарынан өтіп барады. Айзат шегіншектей берді. – Бері кел, жақын жүр, – деді Таңсәуле сәл аялдап оған қолын созып: – Оларға да өкпе жоқ, мен ренжімеймін, қайта аяймын.

А, не дейсің, кімді аяйсың? Оларды ма?

Иә!

Түсінбедім?

Түсінбейтін несі бар, жастығымызды көре алмайды, іштерінде бізге деген қарсылық бар.

Өздері де жас болған ғой.

Иә, болған бірақ қиын болған.

Не қиын болған?

Заманы қиын болған. Ойнап күле алмаған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әйелдер көп азап шеккен. Айзат ойланып кетті, Таңсәулеге тіксіне қарады. «Қайдағыны қайдан біледі» деді ішінен. Есіне шешесінің кейде: «Ол кезде сен алқаш болдың» деп әкесін тілдей, «Сен заман оңалғанда тудың ғой, қарының тоқ, көйлегің көк» деп бұны жазғыра,   «Аштықты менімен бірге көрген мына байқұс» деп апкесін ақтай сөйлейтіні түсті. Сосын:

Құдай өзі есіркесін, – деп күрсінді.

Е, құдай бұларға  жастық шақтың қызығын көруді нәсіп етпепті. Таңсәуле бұл сөзді қырсығып айтты.

Біз бұндай болмайтын шығармыз?

Жастық шағыңның құмарын қандырмасаң бұндай боласың әрине. Тәңсәуле сөзіннің аяғын әзілге айналдырған болып жымиып қойды. Айзат әлі ой үстінде келеді.

Олар үйлеріне келіп ұзақ отырып шәй ішті. Оны-мұны айтып, бір-біріне бауыр басып та қалды. Әсіресе Айзатқа Таңсәуленің айтқан әңгімелері ұнады. Бұрын-соңды араласқан құрбыларынан естімеген, тың, терең сезілді.

Сен еркекпен болып көріпе едің? – деді Таңсәуле бір кезде түйеден түскендей. Айзаттың көзі бадырайып, екі беті қызарып кетті.

Не дейсің... жоқ, құдай сақтасын, – дей берді абдырап. Таңсәуле күлді.

Еһ, әлі сәби екесің ғой. Сосын оның жүзіне жымия қараған беті, – ал, мен болғам. Айзат жалт қарады. Таңсәуле Ауызын басып сықылықтап тұрып күліп алды да: – Болғанда еркіммен емес, зорлап кеткен. Айзаттың көзі тіпті шарасынан шығардай болып кетті:

Құдай-ау жаным, не деп кеттің?

Сонша үрейлі ме?

Үрейлі...

Біздің де заман оңып тұрған жоқ... Қайтесің, қорықпа қалжыңдаймын жәй.

Е, бәсе..

Айзат, менің бүйрегім ауырады.

Таңсәуленің дауысы бәз-баяғысынша қоңырлап шықты. Сосын сумкасын ашып бірнеше түрлі тәблетка дәрі алып шығап, қайнаған сумен ішіп жатып:

Дәрі ішіп жүрмін, негізі дұрыстап емделу керек, – деді тағы дауысын бұзбай.

Ата-анаң біле ме? Айзаттың жүзінде алаңдаушылық пен жанашырлық қатар көріне қалды.

Жоқ, оларға айтпадым, айтсам әуіре. Қинағым келмейді.

Айтып емдетсеңші, бүйрек біз үшін ең маңызды білесің бе?

Иә, білем, дәл сен сияқты аңғал сәбиді өмірге әкелу үшін жүректен көрі бүйрек керек екен ғой.

Таңсәуле тағы сөзінің соңын әзілге айналдрған боп күле тіл қатты. Бұл сөзімен Айзатты еркелетіп те алғандай болды. Сосын тағы жайбырақат күйге еніп отырып:

Дәрігер маған бала көтеруің екіталай деген, – деп күрсінді.

Айзат оның жүзіне жалт қарады. Мұңның табы да білінбейді, тіпті адам назарын өзіне аудара беретін ұзын кірпіктерінің арғы жағындағы көз жанары да тек көруге ғана жаралған заттай селкеусіз мөлдірейді. «Қалай өмір сүріп жүр» деп таң қалды. Бірақ ол ойын жасырып:

Бәрі бір Алланың қолында ғой, қамықпа, – деп оның қасына таман жақындап бауырына басты.

Таңсәуле сұп-суық екен. Айзат дір етті. Жүзіне ұрала бір қарап қойды. Оның «ал, мен еркекпен болғам» деген сөзін есіне алды. Ойына  мекеп кезіндегі ауылдың жаңа жылдық дискотикасында дене шынықтыру мұғалімінің сүйкене билеп, бұрышқа нығарламақ болғандағы қорқынышы оралып, мұрынына оның арақ пен қолаңса араласқан сасық иісі келіп, жиіркеніп кетті.

Сенің жігітің бар ма? – деді сосын жаман ойдан арылғысы келіп. Бұл сұрақты ол еш мақсатсыз қоя салды.

Жігітің? Таңсәуле күлді. – Менің жігіттерім бар. Ауызын бұртитып еркелей қалды. Айзатта жымиған:

Сен сұлусың ғой енді. Ішенен «Мен де сұлумын» деді сосын. Таңсәуленің иығынан қолын алып бір сәт үнсіз қалды да:

Менің жігітім бар. Намаз оқиды, – деді.

Ее, намазхан де. Айзатқа әзілдей қарады. – Сен бақытты болуға лайықсың, мен де, барлық адам...

Боламыз!

Бірақ, бақытты болу қиын, сәби кезіңде ғана бақыттысың, оның өзінде тек, ештеңені сезінбегенің үшін ғана...

Олар біраз уақыт үнсіз қалды. Сәлден соң Айзат оң қолымен кең халатының ішіндегі құрсағын құрбысына сездірмей жәй ғана сипап қойды...