Екі күн бойы тәжірибелі дәрігерлер, ғалымдар мен инженерлер жарақаттарды диагностикалау мен емдеу жодарының озық әдістерімен, инновациялық медициналық өнімдермен, сондай-ақ 3D технологиялар мен жасушалық терапияны медицинада қолдану мүмкіндіктерімен өзара алмасады.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі дәрігерлер, ғалымдар мен инженерлер Қазақстанға келіп, өзекті мәселелерді талқылады
399
оқылды

Сәтбаев университетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында университетте «Ортопедия және травматология саласындағы қолданбалы ғылымның заманауи жетістіктері: биомеханикалық зерттеулерден клиникалық сынақтарға дейін» атты MAASOT-2024 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды. Оған АҚШ, Германия, Польша, Түркия, Грекия, Қытай, Жапония, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан және Қазақстанның жетекші сарапшылары, ғалымдары мен дәрігерлері жиналып, медицина мен жаңа технология тоғысқан тұстағы өзекті мәселелерді талқылады.

Екі күн бойы тәжірибелі дәрігерлер, ғалымдар мен инженерлер жарақаттарды диагностикалау мен емдеу жодарының озық әдістерімен, инновациялық медициналық өнімдермен, сондай-ақ 3D технологиялар мен жасушалық терапияны медицинада қолдану мүмкіндіктерімен өзара алмасады. Конференция жұмысы әсіресе ғылым мен технологияның әртүрлі салалары мамандарының үйлестірілген күш-жігерін қажет ететін науқастардың өмірін сақтап қалуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев өзінің құттықтау сөзінде ұлт денсаулығын нығайту және отандық денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттің басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтіп: «Ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында біздің министрлік соңғы шыққан ең озық және жаңа технологияларды пайдалана отырып, заманауи денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді.

Бұл – біздің аймақта жоғары технологиялық әдістерді заманауи медицинада қолдану мәселелерін жан-жақты талқылап отырған алғашқы конференция. Емдеу жолдары ұзақ мерзімді тиімді әсер беруін қамтамасыз ету үшін маңызды болып саналатын, механикалық қасиеттері жақсартылған, биоүйлесімділік пен беріктігі мықты материалдарды жасау мақсатында дәрігерлер, технологтар, металлургтер, робот жасаушылар мен бағдарламашылар пәнаралық топтарда бірлесіп жұмыс жүргізеді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференция қатысушыларына арнаған үндеуінде ғалымдар мен дәрігерлер арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту өте маңызды екенін атап өтті.

 «Өзара тәжірибе алмасу ортопедия мен травматология саласының заманауи жетістіктерін кеңінен пайдалануды қамтамасыз етеді. Біз барлық мүмкіндікті жасауға және отандық ғылым мен білімнің дамуына үлес қосып жүрген жандарға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз», – деді Ғылым және жоғары білім министрі өз үндеуінде.

Белгілі ғалым, университет түлегі, Сәтбаев университетінің құрметті ректоры, академик Досым Сүлеев өз сөзінде конференцияға қатысушыларды инженерлермен тығыз ынтымақтастық байланыс орнатуға шақырды.

«Біздің еліміз үшін қолданбалы ғылымдар өте маңызды, өйткені олар қоғам өміріне өзгерістер енгізеді. Осыны ескере отырып, Президентіміз Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің базасында ғылым мен жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу орталығын құруды тапсырды. Біздің орталықтың есігі барлық ғалым үшін әрқашан ашық, сіздерді бізбен бірге ғылыммен айналысуға шақырамыз!» – деді Досым Сүлеев.

Конференцияның ауқымды бағдарламасы Польшадан, Түркиядан, Германиядан, Ресейден және басқа елдерден келген отандық және шетелдік сарапшыларға, дәрігерлерге, имплант жасаушыларға, ортопедиялық жабдықтар мен құралдарды өндірушілерге өз тәжірибелерімен бөлісіп, тірек-қимыл жүйесінің қызметі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әзірлемелерімен таныстыруға мүмкіндік берді.

Инновациялық идеялар мен шешімдер, сондай-ақ өзара пайдалы қарым-қатынас «MAASOT-2024» конференциясын алдыңғы қатарлы технологиялар мен медицинаны біріктіру жолындағы маңызды кезеңге айналдырды. Бұл өз кезегінде пәнаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ айналадағы адамдардың өмір сүру сапасы мен денсаулығын жақсартуға бағытталған жаңа тәсілдерді құруға ықпал етері сөзсіз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.