Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Жалғыз-жарым
206
оқылды

Бүркеншік аты: Juas Bogelek

 

Жалғыз-жарым

(әңгіме)

 

– Жұрт құсап, биіктеу, кең үстелге қашан жетер екенбіз. Төрт аяғы бар демесең, тізең тіреліп әзер отырасың. Осы бір тапал тақтайға жабыстың да қалдың. Қарашы, енді бала-шағаң, немерең тегіс жиналғанда дастархан басында емен-жарқын отыра алмай, сиқымыздың қашқанын.

Күнзипа таңертеңнен бері аяқасты аңсары ауған сүткөже толы тостағанын қолына алып, қырын қарап отырды.

Шүпірлеп келіп, көжеге бас қойған немерелері мен ұл-қызына жағалай көз салған отағасы сасар емес. Жүзінде осы бір көрініске разы болған тоқмейілсу бар. Алдындағы асын бірер рет қасықтады да, ыдысын басына бір-ақ төңкерді.

– Жартылай құйыңдаршы, таң атқалы далада жүрген адамға мына тамақтарың қуат болмайды екен.

Келімбет тостағанын кемпірінің қолына ұстата салып, қайта-қайта мұрнын тартып, пышылдап отырған Жалғасының басынан сипады.

– Ал, Жалғасбек айтшы, мына үстелдің несі жаман. Қайта жақсы емес пе, иін тіресіп, жақын отырамыз.

– Мә, мына менікін іше салшы. Бір қасық татқаным болмаса, қайта салғам жоқ. Біртүрлі тәбетім тартпай қалды.

Күнзипа қолындағысын Келімбеттің алдына қойып, орнынан тұруға ыңғайланды.

– Сөзбен шымшып, келіннің құтын қашырмай тыныш отырсаңшы. Бір күн сүткөже ішсең, қарның ортайып қалмас. Ол байқұс басқа тамақ істейін деген. Оған мен қоймадым. Неге бастап тұрғанын, кім білсін, таң атқалы сүткөже ішкім келіп...

– Аңсарыңыз ауса, тойып ішпедіңіз бе, анашым. Не болды, келініңізбен жарысып, толғатайын деп жүрген жоқсыз ба?

Мырс-мырс күліп келіншегіне қараған Досым бір сәтке орнай қалған көңілсіздікті жуып-шайғысы келді.

– Тәйт әрі, шешеңмен қалжыңдасайын дедің бе? Адамның жерік асқа ғана тәбеті тартады деп кім айтты саған. Басым зілбатпан, денем де жер тартып тұрғаны. Кішкене жатып, көз шырымын алсам, жақсы болып қалармын.

Күнзипа оң қолымен жер тірей, орнынан ауыр көтерілді. Көзі қарауытқанын балаларына сездіргісі келмей, ішкі бөлмеге өтіп кетті. Есіктен еніп бара жатып, дастархан басына жағалай көз салған. Қырықтың үстінде көрген кенже қызына жүрегі елжірей қарады. Ортаншы ұлдың ештеңемен ісі жоқ. Алдындағы тостағаннан бас көтерер емес.

– Әлгі сары бала қандай күйде жүр екен. Күн болса, суып келеді. Ақша табамын деп ала жаздай қолын саз балшықтан бір алмай тырбанып жүр. Ауырып қалмаса болды...

Күнзипа жерге төркөрпені теріс төсеп, қос жастықты биіктей салып жатып, өзді-өзімен күбірлеп сөйлеп кетті...

 

*  *  *

– Мен сізді осы қалада туып-өскен екен деп ойлайтынмын. Тым еркінсіз. Бәрі таниды, бәрін танисыз. Көзі тірісін де, өмірден өткенін де түгендеп жүресіз. Тіпті бар ғой туған баласынан артық жаныңыз ашитынын байқаймын. Өнері өзгеше өріс алса дейтін тілек анау қырда атасы, әкесі жатқандар да жоқ қой.

Екеуі бірдей үнсіз күрсініп, дәмхананың шағын терезесінен қырға қарады. Ақырын себелеп бастаған ақ жауыннан қырқадағы түтіні шықпайтын ауыл мұнартып көрінді.

– Атам жатпаса, өзім жамбастармын. Талай тарланды тудырған өлке ғой. Дәм-тұзы тартты ма, топырағы ма, кім білсін?!

– Олай айтпаңыз, кімнің алдына кім шығып келіпті. Бәлкім, бас қалаға шақырту аларсыз. Сонда барып, бір серпіліп, қайта түлерсіз. Жазғыштар соңғы уақытта сізден шабыт қашты деп жүр ғой. Мүмкін, жер ауыстыру керек шығар. Туып-өспеген қалада он жыл тұрақтап қалған екенсіз. Енді жаңа муза іздейтін кез келген шығар.

– Мүмкін, бәрі мүмкін. Бірақ білесің бе, мен бұл қаланы қимаймын. Қазір ұмытқанымен, кезінде шаһардың жас шайырлары мен қойған спектакльден келіп шабыт алатын. Ой-хой десеші, премьерадан кейінгі кафедегі басқосуларды айтсашы...

Самғат бір сәтке сол бір дулы ортаны сағынғандай көзі кілегейленіп, үнсіз отырып қалды.

– Спектакльдегі тосын шешімдеріңіз талайды таңғалдырды. Қолдады, қолпаштады. Арқадан қақты. Бірінен-бірі асып түсуге тырысып, ауыздыға сөз бермеген, аяқтыға жол бермеген шығар. Содан кейін, иә содан кейін әсіре мадақ адымыңызды аштырмай қойды ма?

Самғат селк ете түсті. Үстелдегі қою қара кофе стақанға қол соза беріп, қайта тартып алды. Қарсы алдында мұның әр қимылын бағып, басын әнтек қисайтып, диванда шалқалай отырған жас журналистке қарады. Өзіне сенімді. Паң. Тап бір Самғаттың ішіне кіріп шыққандай, «мен бәрін білемін» дегендей миығынан күліп отырғандай. «Бұл әлгі тапсырыспен мақала жазатын, қаламының қырына ілгенді қайта бас көтерместей тұқыртып тастайтын қулардың бірі шығар, сірә» деген ой жүрегін зу еткізді. «Өзім кетпеген соң, басшылық осылай қумақ болғаны ма?»

Самғат өзінің өңі қуарып кеткенін сезген жоқ. Дәл қазір жүгіріп келген адамдай жүрегі алқынған соң, алдындағы кофені әрі ысырып қоя салды.

– Дәрігерлер осыған түбегейлі тыйым салған. Үйреніп қалған соң, қиын екен. Дәмі таңдайдан кетпей, өзіне тартады да тұрады.

– Жүрек сыр беріп жүр ме? Дәрігер жүрегі дерттілерге сондай кеңес беріп жатады ғой. Шай алғызайық, онда.

– Иә, сөйткен дұрыс шығар. Оларды тыңдамаса да, болмайды.

Журналист үстел шетіндегі тетікті басып, даяшыны шақырды. Бір стақан қара шай әкелуін өтінді.

Енді Самғат журналистің әр қимылын бағып қарай бастады. Ол тіпті сасар емес. Керісінше, маңғаздана түскендей.

– Он жылда айтулы он спектакльді сахналапсыз. Оның біразы – сол алғашқы жылдардың жемісі екен. Соңғы спектакльге жаңа форма әкелуге тырысқан секілдісіз. Ой, кешірерсіз, соңғы деппін ғой. Аузымнан шығып кетті. Статистикаға ойысқанда осы сөз еріксіз қыстырылады, айып етпеңіз.

– Жо-оқ, ештеңе етпейді. Режиссер әр сөзден секем алып, жүрекке сала берсе, онда спектакль тумайды ғой. Өзгеше өнер болған соң, сан мәрте талайдың тағдырын кешуге тура келеді. Қанша рет өліп, қанша рет қайта тірілетінімізді бір Құдай біледі.

– Иә, оныңыз рас. Сіз осы актерлар мен режиссерлар өз кейіпкерлерінің тағдырын қайталайды дегенге сенесіз бе? Бұл сұрағым мистика секілді көрінер, бірақ кім білсін... Әлгі орыс театрларында «Мастер и Маргариттаны» ойнағандардың өмірі өкінішпен аяқталды деп жатады.

Самғат мырс етіп күліп жіберді. Жаңа ғана мықтымсып отырған жас жігіт тылсым сыр туралы айтқанда өн бойын бір үрей билеп алғанын байқады. Өңі бір бозарып, бір қызарды. Даусынан да аздаған діріл сезілді. Жаңа ғана сұрақпен өзін тықсырып отырған адамға енді Самғат шалқалай қарады. Осы бір сәтті ұзағырақ сақтап қалғысы келіп, біршама уақыт үнсіз отырды...

 

* * *

– Мұңлық.

– ...

– Оу, Мұңлық қалың ойға шомып кетіпсің ғой. Не болды? Сенің көңілің серпілсін деп, құдаларыма төрімді көрсеткен қуанышта қасымда болсын деп шақырсам, мұның не?

Мұңлық зорлана езу тартқан болды. Әлдене дейін десе, қапелімде аузына сөз түспей, қайтадан сілейіп отырып қалды. Жүрегі жаншып шаншып, кеудесін қолымен басты.

– Ей, құрбым-ау, ауырып қалғаннан саумысың. Өңің қашып кетті ғой. Қап, енді қайттім?! Мә, су, су ішші.

Фарида асып-сасып жүріп, аяғына шалынысып, үстелдің жанына әзер жетті. Графиннен су құйып әкеліп, Мұңлыққа ұстатты.

Қолы қалтырап-дірілдеп отырып, стақандағы судан бір ұрттады. Фарида қорқып қалмасын деп тағы да қинала күлімсіреді.

– Қазір басылады. Қорықпашы.

Үш ауыз сөзді үзіп-үзіп әзер айтты.

– Саған келген жұрттың сұғы өтті, білем. Құдай саған келгенде бармақтай бағын қысып қалғанымен, мүсініңді мінсіз жаратқан ғой. Әні-міне дегенше, елуге аяқ басып қалдық. Мен ғой, салпы етектінің бірімін. Сен болсаң әлі жиырма бестегідей құлпырып тұрсың. Дос-жаран сырыңды біледі, ал құдалар жағы «менің құрбым» дегенде таңғалып қалды. Әсіресе, анау бір құданың ағасы тамсанып қарады ғой.

Фарида құрбысының көңілін ауламақ болып, сампылдап сөйлеп жатыр. Біресе, жұрттың қолқалауымен ән салғанда бәрінің сілтідей тынғанын айтады. Біресе, сөйлегенде көпті иіріп әкеткенін, біразы салмақты сөзге амалсыз ұйығанын айтады. Бір адамның төбесін көкке жеткізіп, мейманасын тасып, мерейін асыратын мақтау-ақ. Алайда осы мадақ Мұңлықтың ескі жарасына тиіп, аузын ашып, жүрегін жаншып бара жатыр.

– Фаридаш, менің сырымды сенен артық кім біледі. Көңілімді көтеріп, жанымды жадыратқың келетінін білемін. Бірақ, айтшы, сен айтқан көпті таңғалдырған талантың, жұрттың қолдау-қошеметі ошағыңның басында жарың мен балаңның қасында күліп-ойнап отырғанға жете ме? Құдайға өкпем жоқ. Не деп өкпе айтамын. Сендегі барды маған да берді ғой. Аз ғана уақытқа. Алданыш қып.

Мұңлық ауыр күрсінді. Танадай көзіне мөлтілдеп келіп қалған жасты іріккен жоқ.

Фарида құрбысын қалай жұбатамын деп абыржыған жоқ. Үн-түнсіз орнынан тұрып, үстел үстінде қалған бокалдарды жиыстыра бастады. Жаңа ғана үсті түрлі асқа толып самсап тұрған еді. Енді міне, қызығы кетіп, жұрты көшкен жайлау секілді қаңырап бос қалыпты.

Фарида қос қолына екі бокалды қатар алып, бір-біріне соғыстырды. Таза хрустальдің үні кең бөлмені кезіп, сыңғырлап сала берді. «Жаңғыруын қарашы» деді іштей. «Жаңа мына жерде, дастархан басында қонақ толып отырғанда, осылай жаңғырды ма?», -деді тағы күбірлеп. Төрт құбылам түгел, тең көрінгенімен, менің сенен не айырмашылығым бар? Жалғыздығыңа жаның жабырқай ма? Рас, жарым қасымда, ұлдың аяғын тұсап, келін алып, немере сүйдім. Құдайдың мұнысына да шүкір. Төрге озып, құда-құдағи болдық. Оларды да төрге оздырдық. Жаңа ғана бәрі осында еді. Қазір ше?

Фарида елеусіз күрсініп салды. Өзі көтерген шаңыраққа кіріп-шығып жүргенімен, күйеудің он жылдан бері жастығын бөлек салғанын құрбысына қалай айтады. Қыздары өз отының күйбеңімен әуре. Баланың көңілі далада. Тіпті немереге де апаның керегі жоқ. Өз әлемі өзінде. Сырттай абыр-сабыр көрініп жататын мына үйдің дәл менің жаным секілді құлазып тұрғанын қалай айтамын, саған, Мұңлық.

– Жан деген өзі әу бастан жалғыз екен ғой.

– Не дейсің?

Мұңлық Фаридаға жалт қарады.

 

* * *

Дымы құрып, шаршап тұрса да, Күнзипа көз іле алмады. Аяқасты аңсары ауып, таңнан бері келінін асықтырып пісірген сүткөжесі құрғыр асқазанына жақпады ма? Дөңбекшіп жата алар емес. Осындайда «халің қалай» деп сұрайтын бала қайда?

Күнзипа балаларын ойлады. Құдайға шүкір, құрсағы құтты болып, үш ұл, бір қыз тапты. Соларды жеткіземін деп жүріп, совхоздың наубайханасында білегі майысып, шара-шара қамыр илеп, нан пісірді. Кешкісін шаршағаннан аяғын әлтек басып, үйіне әзер жететін. Сондағы табатыны – жұмысшылардан артылған бірер бөлке. Әйтеуір шүпірлеген қаракөздері ешкімнің қолына қарап қалған жоқ.

Қазір міне, қара нанды қара шайға жібітіп қаужаңдап отыратын сол балалары ер жетті. Шалы екеуі тырбанып жүріп, үлкенінің аяғын тұсады. Келіні өзіне тартқан екен, екі-үш қарадомалақты иіскетті. Әйтеуір өз тіршіліктері бар.

Уайымы – ортаншысы. Кейінгі кезде мінезі күрт өзгеріп барады. Алғашқыда сәждеге бас қойып, жұма сайын мешіттен қалмай жүргеніне қуанған. Бес уақыт намазын қаза қылмағаны жақсы-ақ. Алайда бауырларына бес минутын бөлмейтін күйге қалай жеткенін білмей дал. Жаңа жылда ғой...

– Ал, түнгі он екіге дейін күткен торттарың қайда, әкеліңдер. Жалғасбегімнің ұйқысы келді. Жаңа жыл, жаңа күн осылардікі ғой.

Келімбет немересін алдына алып, дастарханға жақындай отырды.

Сыртқы есік ашылып, өзінен бұрын бір құшақ буға оранып Сәкен кірді.

– Уф, жетіп үлгердім ғой. Құрдастармен бірге орталықтағы шырша кешіне барып едік, жолда көлік бұзылып қалғаны. Бір жыл бойы жолда өтер еді күндерім.

– Онсыз да, үйде болғаннан түзде жүргенің көп. Сағынышың есіктен кірген сәтте басылып қала ма, «анда кеттім, мында кеттіммен» бір отырмайсың. Бізді сағынғанатының да жай сөзің ғой деймін.

Іштей жүрегі елжіреп тұрса да, Күнзипа осы сары баласын неге қырына ала беретінін өзі де түсінбейді. Бірақ мұны елең санап жатқан ол жоқ. Жарқылдап келіп, құшақтай алып, шөлпілдетіп бетінен сүйіп жатыр.

– Сөзі балдай, мінезі майдай, мынадай анасын баласы қалай сағынбасын. Шайларыңыз дайын ба? Жаурап кеттім.

Сәкен сырт киімін шешіп, диванның үстіне тастай салып, екі алақанын ысқылап, дастарханға отыра кетті.

– Дастан, келсеші. Бәріміз жиналып болдық. Үйде ме, өзі?

Досым мойнын созып, ішкі бөлмеге қарады.

– Іше беріңдер. Мен жаңа жылды тойламаймын. Харам нәрсеге неге құмарсыңдар осы!

Аузына сала берген ыстық самсаны қайта үстелге қоя салған Сәкен орнынан ұшып тұрды.

– Оу, ағасы андағы сөзің не? Харам десең, жаңа жылды қарсы алмай-ақ қой, бірақ әке-шешең отырғанда дастарханды сыйлап келмейсің бе? Әлде сенің «дінің» оған да рұқсат етпей ме?

Орнынан тұруға ерініп жатқан Дастан «сенің дінің» дегенге өршеленіп орнынан тұрып кетті. Жетіп келіп, дастарханның төбесінен төніп тұр. Қалш-қалш, дір-дір етеді.

– Тіліңді тартып сөйле. Сенің не білгенің бар?!

– Бір күнде қолыңа құман ұстадым деп, сен бәріп біліп кеттің бе?

Дастан қолың бір сілтеп, ішкі бөлмеге қайта кіріп кетті.

Күнзипа Сәкеннің қолынан тартып, орнына отырғызды.

– Келмесе, келмей-ақ қойсын! Нең бар онда! Келгенің кеше, сонымен ілініспесең, жүре алмайсың ба? Қой, айналайын, он күн жатып демалмай-ақ қой, бүйтіп. Күнде қырғын салып. Ер жігітсің, үсіп қалатын қыс жоқ. Ертең қайқай, жұмысыңа. Қара суықта құрылыста жұмыс істеп жүрген жалғыз сен емессің.

– Мынаны да жіберсеңізші, қараптан-қарап іші пысып жатқанша, ақша тапсын!

Сәкен ызаланып, күңк етті.

– Онда шаруаң болмасын! Іш шайыңды!..

... «Астағфируллаһ, Астағфирруллаһ»

Күнзипа басын көтермек болып еді, екі шекесі солқылдап сала берді. Көзінің қырымен ұлына қарады. Қалың ойда жатып, қай уақытта кіріп сәждеге бас қойғанын аңғармай да қалыпты.

«Олай-бұлай бола кетсем, томаға-тұйық осы жүрісіңмен кімге сыйяр екенсің». Күнзипа өз ойыннан өзі шошып кетті. Кеуде тұсы шым етіп шаншып кетті. Баласына жаны ашыды.

Дастанның ештемемен ісі жоқ. Анасы жаққа көз қырын да салар емес...

 

* * *

Бағана түс әлетінде себелеп басталған жауын үдей түсіпті. Тас қаланың тас көшелері бусанып қалыпты. Жаяу жүргіншілер сирек. Тоқтаусыз өтіп жатқан жеңіл көліктер ғана жол шетіне жайылған ыза суын шашыратып, құйғытып өтіп жатыр.

– Осылар қайда, неге асығады екен?

Самғат бұған не дер екенсің дегендей жас жігіттің жүзіне көз тоқтата қарады.

– Кім, қайда асықса да, түпкі барар жері бір дейсіз ғой. Иә, дұрыс ол жаққа асықпаған жөн. Бірақ асығыссың ба, жоқ па, соны бізден сұрамайды-ау.

Үстіне шашыраған лайды қолымен қаққыштап әуреге түсіп жатқан журналист мұның ойын оқып қойғандай, лезде жауап берді.

– Ал, жақсы, уақыт бөлгеніңізге, рахмет!

Жас жігіт оң қолын кеудесіне басып, басын әнтек иді.

Самғат қолын көтеріп, теріс айнала беріп, әлдене есіне түсіп, кері бұрылды.

– Інім, телефон нөміріңді алып қалсам. Есіме түскен тағы бір жайттар болса, хабарласармын.

– А, иә, жақсы болар еді. Міне, есімхатымды алыңыз!

Журналист төс қалтасына қолын салып, лып еткізіп, есімхатты суырып алып, Самғатқа ұсынды.

Екеуі қайта қош айтысып, екі жаққа бұрылып кете берді.

Самғаттың жалға алып тұрып жатқан пәтері жаңа ғана өздері тамақтанып шыққан «Достар» кафесіне жақын жерде. Ойынан әлгі жігіттің қойған соңғы сұрағы кетер емес. Жігіт демекші, аты кім өзінің? Қалтасына сала салған есімхатты алып, қайта қарады. Мунгар... «Қызық. Осындай да ат болады екен», деді өзіне-өзі. Құжат бойынша орысша жазылған шығар. Сонда қазақшасы қандай?

Самғат әрі қарай таныс әрі бейтаныс жігіттің есімнің кім екенін ойлап жатқысы келмеді. Алғаш осы Ж деген қалаға келген сәтін еске алды. Бір сағаттық психологиялық монодрамада екінші пландағы актрисаның рөлін ойнаған жас қыздың бейнесі көз алдында көлбеңдеп тұрып алды.

Моноспектакль мұның ғана емес, жас актрисаның да дебьюті еді. Репетицияда Самғат ол қызбен көп жұмыс жүргізген жоқ. Оған былай ойна, мына тұсында осылай ойнат деудің де керегі болмады. Бір сағат бойы ақ жамылғының астында серейіп жатудан басқа ешбір міндет жүктемеген. Тек, спектакль желі бойынша кезінде дүйім жұрт өнеріне тамсана қол соғатын атақты актрисаны сырттай өлердей сүйген жігіттің арманы орындалар сәтте... Иә, иә... ессіз ғашық Мәжнүннің Ләйлісімен – дұрысы актрисаның мәйітімен вальс билейтін кезінде ғана хореограф оның пластикасымен біраз әуреге түскен. Ал негізгі күш морг қызметкерінің рөлін ойнаған актер түскен.

Бір қызығы сол спектакльден кейін Самғат сол актрисаны іздемепті. Үлкен сахнадағы алғашқы рөлінде мәйітті ойнаған жас қыздың өнер жолындағы тағдыры қалай өрбігенінен хабарсыз.

Қозыкөш жер ғана жаяу жүріп келсе де, сылбыр жауған күздің ақжауыны еңсесін басып тастады ма, жүрегі зіл тартып, пәтеріне келе сала диванға сылқ түсіп жата кеткен. Дымқыл ауа денесін ептең тоңазытқан секілді. Бойы жылынған соң, маужырап көзіне ұйқы тығылды.

Балконның есігі тықырлап ашылғандай болды. Ұйқылы-ояу немқұрайлы көз салған. Боз көйлегі бозаң тартып бір қыз кіріп келді. Төртінші қабаттың балконынан түскен бұл қай жүрек жұтқан жан болды екен. Жоқ әлде әйелі оралды ма?

Әйелі қызын құшақтап, енді қайтып келмейтінін айтып елге кеткен. Жалға алған пәтерді он жыл сағалағанына да шыдаған байқұс құрсақтағы ұлдың жетілмей қалғанын көтере алмады. Жүйкесі сыр берді. Бәріне Самғатты кінәлады. Бұл болса, үнсіз қалып жеңетін. Бірте-бірте жұмыстан соң, үйіне қарай аяғы тартпайтын күйге жетті. Ақыры кетіп тынғанда, іштей бір жеңілдеп қалған. Қайта оралған екен ғой.

Самғат екінші жамбасына аунап түсті. Көзі қайта ілініп бара жатыр еді. Боз көйлегі бозаң тартқан қыз қасына келіп отырды. Жібектей жұмсақ алақанымен басынан сипады.

– Самғат, бұл мен ғой. Келдім. Көптен бері келгім келетін. Батпадым. Әлі ерте шығар деп ойладым.

Самғат кері аунап түсті. Еріне көзін ашты. Жо-оқ, әйелі емес екен. Бірақ кім екенін қапелімде есіне түсіре алмады.

– Қайдан келдің? Неге ерте? Түу, не деп кеттім өзі. Неге ерте деп ойладың?

– Саған келер уақыт әлі жетпеген шығар дедім.

– Келіп-кетудің белгілі бір уақыты бола ма?

– Әрине!

– Тоқта, тоқта! Не деп кеттің, өзі?

– Мен осы сәтті ұзақ күттім.

– Қай сәтті? Ол қандай сәт?

– Саған қайта келер сәтті.

– Сен бұрын келіп пе едің?

– Ұмыттың ба? Ұмытқан екенсің ғой!

– Нені ұмыттым?

– Екеуміздің осы қалаға бірге келген кезімізді.

– Сен... сен

– Актрисамын.

– Қайсысы?.. Жә, кешірші. Аяқасты осылай келе салған соң, абдырап қалдым ғой. Енді есіме түсті.

Актриса жылы жымиды. Орнынан тұрып, терезе алдына барды. Терезеге тұтқан ақшыл перде шылымның түтінінен сарғыш тартыпты. Темекінің ашқылтым иісі бөлмеге де сіңіп қалғанын енді сезді.

– Сен өлмес өнер тудырғанда кейіпкерінің тағдыры өз тағдырыңа айналатынын білдің бе?

– Қандай тағдыр? Қай кейіпкерді айтасың? Сен де тура жаңағы журналистің сөзін айттың ғой. Ол да бір тап бір сұрақ-жауап алуға келген Мүңкір-Нәңкүр секілді тықақтап қоймап еді.

– Сонда бұған дейін бұл туралы еш ойламадың ба?

– Нені ойлауым керек?

Қыз боз көйлегі сияқты бір бозарды, бір қызарды.

– Әлгі Мәжнүн іздері жоқ мәйіттің өзі ғашық болған актриса екенін үшінші күні таныды емес пе? Үш күн... Мен де сені үш күн күттім. Іздеп келмейтініңді, сол бір қалауымның орындалуы мүмкін емесін білсем де...

– Не деп кеттің, тоқташы. Қайдағы үш күн? Оу, бір актер немесе бір режиссер өнер жолында жүздеген тағдырды тудырады. Солар болып ойланады, соның бейнесіне еніп, сан мәрте толғанады. Соның бәрінің тағдырын қайталай берсе, онда ол сан мәрте туып, сан мәрте өлуі керек шығар?! Қисынға келетін сөзді айтсаңдаршы...

Самғат қызынып сөйлеп, орнынан қалай тұрып кеткенін аңғармай қалды. Өктем шыққан өз даусынан өзі селк етіп шошып кетті. Терезеге қараған. Жаңа ғана боз көйлегі бозаң тартып, жылы жымиып тұрған қыз ізім-ғайым. Жүгіріп балконға шықты. Аң-таң күйде қайта кірді. Өңі ме, түсі ме? Жоқ әлде есінен адасайын деді ме?

Дереу күртесінің қалтасынан есімхатты іздеді. Жазулы тұрған нөмірді терді. Телефонның арғы жағынан «Бұл нөмір біздің жүйеде тіркелмеген» деген жауапты естіп, диванға сылқ етіп отыра кетті.

Жүрегі тағы шаншыды. «Жаңа кофені бекер іштім ғой деймін. Бар-жоғы екі-үш ұрттадым емес пе? Мезгілсіз уақытта ұйықтама деп жатушы еді. Соныкі шығар».

Жүрегі тағы шым етті...

 

* * *

Фариданың такси шақырып берейін дегеніне көнбей, жаяу қайтқан. Күздің ақжауыны сілбіреп сылбыр жауып тұр. Мұңлық та аяғын еріне басып келеді.

Бас құданың әлгі бір сөзі құлағында жаңғырып тұр. «Пенде біткен күні бітер шақта арам өліп қалмайын деп ойлайды. Соңғы сәтінде аузыма су тамызар деп ұрпағына үміт артады»...

«Оу, сонда адам біткен арам өлмейін деп ұрпақ өрбіте ме? Тек сол үшін ғана перзент сүюді армандай ма? Өмірімді жалғайды деген асыл мұрат қайда қалады, сонда? Не деген надандық?»

Мұңлық өзімен-өзі күбірлеп сөйлеп келе жатқанын енді байқады. Ұрлана жан-жағына қараған. Алыстан асыға басқан бірен-саран адамның қарайған сұлбасын көзі шалды. Айналасында ешкім жоғына көзі жеткен соң «уф» деді.

Мұңлықтың өзінің жалғыздығына еті үйренгелі қашан. Жары мен жалғыз ұлынан айырылғалы жиырма жылға жуықтапты. Бастапқыда сымбатына қызыққан талайлар жанынан үйіріліп шықпайтын. Өлердегі сөзін айтқандары да бар. Бірақ мұның тас болып қатқан жүрегін ешқайсысы жібіте алмады.

Көлбең қағып көлеңкесіндей болып жүргендерді көргенде көз алдында сол бір қарғыс атқыр күнгі оқиға көлбеңдеп тұрып алатын.

Тура осындай ақжауын еріне жауып тұрған еді сол күні. Көліктің артқы орындығындағы бес жасар ұлы алдына отырамын деп қиғылық салған. Қайта-қайта тұрып, алға қарай ұмтыла берген соң, жұлқып алып, қасына отырғызып, терезеден түнгі жарықтарды көрсетпек болып, әйнегін төмен түсірді. Бала деген қолды-аяққа тұрушы ма еді. Аңсары лып етіп қолынан сусып шығып кеткені. Ашық терезеден басын шығарып, қолын көтерді. «Мұңлық, ұста ана баланы, терезеден ұшып кетеді қазір», - деп Мұраты артына қараған.

Тарс ете қалған қатты дауыс құлағында қалыпты. Есін ауруханада жиды...

Ұлының жансыз денесін құшақтап, тілім-тілім болған бетінен сипап отырып тағы да есінен таныпты. Екі бірдей қазаға есеңгіреген ағайын-туысы үшінсін көтере алмайтынын айтып, Мұратты көрсетпеді...

Қолшатырсыз шыққан. Жаңбыр бетін жуып жатыр. «Ойпыр-ай а, жауын да мұң татитын болған ба», деді күбірлеп.

Әлгі құданың сөзін қайта есіне алды. «Тоқта, осы сөзді бұрын да біреуден естіп еді ғой»...

– Қызметіңнің бары, атақ-абыройыңның бары кімге керек? Қымбат көлік мінгенің кімге дауа? Соңғы сағатың соғар сәтте аузыңа су тамызар ұл-қызың болмаған соң!

– Сіз кімді тұспалдап отырсыз. Кісінің басынан не өткенін білмей жатып, бұлай деуіңізге жол болсын!

Мұңлық шарт кетті. Дастархандас кісінің жасы үлкен екеніне де қараған жоқ.

– Адам басынан не кешсе де, артында ұрпақ қалдыруды ойлауы керек. Құдайға шүкір, үш ұл туғыздым. Ақырғы сәтімді ойлап, уайымдамасам да болады!

Мұңлық қапелімді бұл әңгіменің неден басталғанын есіне түсіре алмады. Бірақ айтылған сөз тек өзіне бағытталып тұрғандай, ашуы алқымына тығылды. Тағы әлдене демек болған. Үні шықпады.

Осы сәтте сөзге ауыл имамы араласқан: «Кімнің қай кезде, қандай жағдайда демі үзілерін бір Алла біледі. Соңғы сәтте аузыңа кімнің су тамызары да Аллаға аян. Ол мүмкін өзіңнен туған ұл болар, бәлкім мүлдем танымайтын бейтаныс жан болар. Оны ешкім болжап айта алмайды. Ақсақал олай деп асылық айтпаңыз!»...

Ақжауын үдей түсті. Сылбыр жауған жаңбырдай, еріне басып келе жатыр еді, енді асықпаса болмас. Мұңлық жүрісін тездете түсті. Дәріхананың қасынан өтіп бара жатқанын байқап, қан қысымына қарсы дәрісі бітіп қалғаны есіне түсіп, бұрылды. Есіктің тұтқасына қол соза бергенде құлағы шуылдады. Дереу ішке еніп, қабырғаға сүйеніп тұрып қалды. Көз алды қарауытты...

 

* * *

Осындайда «халің қалай, анашым», дейтін қыз болса, қанекей. Дәрмені кетіп жатқанын көретін жан табылса ше...

Есіктен екі құлағын бармақтай нәрсемен тарс бітеп алған кенжесі кірді. Үш ұлдың ортасында өскен соң ба, осының жүрісі де ардың-гүрдің. Қыз болып, қабағыңа қарағанды білмейді.

Осыны ойлап үлгергені сол, алакөлеңке бөлмеде алдындағыны аңдамаған Дариға анасының аяғын басып кетті.

– Түу, шошып кеттім ғой. Бұл не өзі? Ой, осылар-ақ ауылбайский әдеттерімен адамды ұялтып бітеді. Мәдениетті кісілер құсап, тым құрыса диванға жатса қайтеді?!

Тыңдап жүрген музыканың даусы құлаққаптан сыртқа естіліп тұр. Өз құлағы бітеулі болған соң, қатты сөйлегенін де аңғарар емес. Сипалап жүріп, іздегенін тауып, кері шығып кетті.

«Ойпыр-ай ә, өстіп жатып шынымен арам қатар ма екем. Үй толы адам. Бірақ біреуі кеп жағдайын сұрайын демейді».

Күнзипа ауыр күрсінді. Аяқасты есіне жолдастарының үйінде қонаққа барғанда осы шалының қоңырсытқан әңгімесі түсе кеткені. Әлгі асабасы құрғырдың сөзі түрткі болды. Анау бір қаладан келген, үлкен қызметтегі жалғызілікті әйелді жер-көкке сыйғызбай сонша мақтады келіп. Содан...

Мына жақта отырып, «Үш бірдей ұлым бар», - деп кеудесін керіп, шалқайған шалын қасында отырып шымшып алған. Сөзге имам араласпағанда тағы не деп көкитінін Құдай білсін.

Сол күні үйге жер болып қайтқан. Болған жайды естіген ортаншысы: «Біреудің тағдырын сөз етіп, көптің алдында айыбын ашуға болмайды. Ол сөзді адам өзі ұмытып кетер, бірақ екі иығында отырған періштесі: «өзіңе соны тіледім» деп жазып қояды екен», деген.

Біліп айтты ма, біреуден естігені ме, кім білсін... Күнзипа дәл қазіргі күйіне қатты қорланды.

Кеуде тұсы қатты қысып, ауа жетпегендей талмаусырап қалды. Бір ұйыққа тартқандай ұйқысы келді. Көзі ілініп кетті.

Түсінде сампылдап сөйлеп, Сәкені кіріп келіпті. «Анашым, анашым қайда менің?» «Е, жарықтығым, осы екен ғой мені іздейтін», деп күбірледі...

 

* * *

Самғат режиссердан сұхбат алуды өзіне тапсырғанда Диана қатты қуанды. Телефон нөмірін тез тапты. Қате берді ме, күні бойы қоңыраулатып ала алмады. Екінші күні мүлдем дыбыссыз қалды. Үшінші күні сұрастырып жүріп, мекен-жайын білді. Пәтерінің қоңырауын да ұзақ басты...

 

* * *

Мұңлық есін жедел-жәрдем келгенде жиды. Айналасына адамдар жиналып қалыпты. Бәрі бірдей абыржып тұрғандай көрінді. Бір сәтке есін жиғанына өкінді. Зембілге салып, көлікке салып жатқанда қайта талықсып бара жатты...

 

* * *

Табан астында ауылға барғысы келіп, ертелетіп жолға шыққан Сәкен үйге жеткенше асықты. Әкесі қора жақта жүр екен. Амандаса салып, анасын сұраған. Есікті ашып жатып: «Анашым, анашым қайда менің?» - деп дауыстады. Іштен еш дыбыс естілмеді...