Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Оралу
107
оқылды

Бүркеншік аты: Qonys

 

Оралу

(әңгіме)

 

Айнала тым-тырыс. Түнімен жауған қар қалыңдап, тізеден келердей болып қалыпты. Әдеттегісінше Рамазан таңалагеуімнен тұрып, малын жайғауға сыртқа шыққан. Аулаға қалың жауған үлпілдек қардың бетіне алғашқы ізді өзі салып, күртік қар омбықтырып, адым жерді алыстатып жібергендей. Қораға қарай бет алды. Иесінің келе жатқанын сезіп, үйшігінен шығып, құйрығын бұлғаңдата еркелейтін Құтжол күндегі әдетінен танбады. Таңғы құлаққа ұрған танадай тыныштықты еркелеген қыңсылымен бұзған сарала иттің дауысымен қорадағы қойлар да маңырай жөнелді. Осы бір сәт алпысты алқымдаған қарттың ойына кешегі күндерді оралтты. Бала күнінде азанғы тыныштықта қалың жауған қардың көз шағылыстыра жылтырағанына қатты қызыға қарайтын. Тап-таза, кіршіксіз ақ ұлпа қиял жетегіне ерітетін. Ойы тым алыстарға самғайтын. Атасы өмірден өткенінше айтатын Атамекен баланың көңілінде аппақ қар секілді алуан арамдықтан ада, жұмақтай жерұйық болып қалыптасқан. Сонда барса, барлық ауыртпалықтан айырылып, мол бақытқа кенелердей көрінетін. Ал, бүгінгі шыныдай жылтыраған қар Атамекеннен алыста жүргенде небір сынақтардан өткендерін еске салып, келмеске кеткен күндер елес берді...

 

***

Жазиралы байтақ даланы мекендеген халық тумысынан өзгенің бодандауына көнбейтін мінезге ие. Ертеден-ақ ағайын-туыс бірлесіп бір ауыл болып, мамыражай күн кешкен елге «қызылдар» деген ұғым алғаш келгенде бәрі түрпідей қараған еді. Желдей ескен әңгіме «Патша құлапты. Жаңа үкіметті қызылдар билейді екен. Бәлшебектер ауыл-ауылды аралап, мал-мүлікті, бәрін ортақ етіп жатқан көрінеді» деген хабар таратты. Ауылды басқарып отырған Барбол бай бас көтерер ақсақалдарды жинап, өзге ауылдардың ел асып көшіп жатқандарын айтты. Бұған дейін ауыл арасында тараған жаңалықтардың ең жаншошырлығы – «Бәрі орыстанады екен. Бәлшебектер орыстар, сондықтан ата салтымыздан да айыратын көрінеді. Тіпті, дін жоқ деп аттандап жатыр. Молда-қажыны тұтқындап, Намаз-оразаны енді болдыртпайтын көрінеді» дегені.

Осы әңгіменің көтерілгеніне көп болмай-ақ түйеші Жандар нағашысының ауылына барғанда көрген аласапыранды айтып, шошынып келді.

– Нағашымның үйінен жолға шыққалы отырғанмын. Бір-ақ сәтте ауыл ішін дүрліктіріп, бір топ аттылар келді. Бәрінің киім киісі бірдей. Өздерін Бәлшебектерміз депті. Байдың отар-отар қойын да, бір үйір жылқысын да өрістен алдыртып, санап, тізімге алды. Үйін кәмпескелеп, қымбат бұйымдарын тартып алып жатты. Оны көрген ауыл адамдары дүр сілкінді. Қатын-қалаш шулап, балалар жылап, абыр-сабырға түсті де қалды. Жөн сұраған молдекеңді ат үстінде шекірейіп тұрған біреуі қамшымен салып жіберген. Тұтқындап әкетті деп шуылдасып жатты, өзім көре алмадым. Нағашым бірден «Ауылыңа жет, жағдайды айт, біраз жұрт қыр асып, басқа жаққа көшіп кетіп жатыр. Молданы сабаған дінсізден не қайыр күтесің. Біз де осы дүрлікпеден аман қалсақ, бір амалын қарастырармыз, көріспей қалсақ қош болыңдар!» деп асығыс қоштасып, мені жедел аттандырды, – деп ауылға жете салысымен Қажымұрат қартқа хабарын айтыпты. Дәл осы мәселемен бас қосып, ақылдасқандары кеше ғана еді, енді көшті жеделдетпесе болмас. Тіпті, бүгін түннен қалмай жолға шығу керек деген тоқтамға келді қарт. Бірден ауылдың үлкендеріне балаларды жұмсап, бәрін байдың үйіне шақырды.

Өздерінен бұрын атақтары адам шошыта жетіп жатқан қызылдар келсе, күніміз қалай болады? – деп сөз бастады алқалы жиында Барбол бай.

Бұл сауал осында жиналғандардың әрбірінің көкейінде тұрды.

– Қайтпек керек? Бұл да бір өткінші сынақ. Сынаққа болаттай берік болып, біріксек ғана сынбаймыз. Ұрпағымызды, тіл, дін, салтымызды сақтап қалу үшін қоныс аударып, бас сауғалай тұрайық. Қиындықты біз көрсек – көрейік, келешек көрмесін десек, осыдан артық амал жоқ. Тек артының қайырын берсін! Бүгін түннен қалмай көшпесек, кешігеміз, – деген Қажымұрат қарт жауабы жоқ сұраққа көміліп, үнсіз тұрған жұртты сабырға шақырып, ортаға оңды ой тастады.

Көпті көрген қарияның ұсынысына бәрі де бас шұлғи келісім берді. Жасыүлкендер бір ауыздан ойда орналасқан жат елге қарай қоныс аударуға тоқталды.

«Ата-бабалар салған ізден жаңылып, әдеп-ғұрпымызды жаттың жаңалығымен бұзсақ, бізді өткендердің әруағы ұрар. Туған тілімізден, иманымыздан айырылсақ, келер ұрпаққа не қалдырамыз? Жүректегі нанымды бөтеннің лайлауына жол бергеніміз өлімнен де ауыр. Туған жер мәңгі жүрегімізде, заман өзгеріп, жағдай әлі жақсарар, болашақта ұрпағымыз Атамекенді тауып келер» деп тарасты көпшілік.

Тып-тыныш жатқан момақан ауыл бір-ақ күнде абыр-сабыр күйге енді. Жиыннан кейін-ақ ауыл адамдарының ешбірінде тыныш көңіл болған емес. «Ертең қалай болар екен?..» деген жауапсыз сұрақ көңіл көкжиегін көлеңкелеп тұрып алды. Қас қарайғанша жүктерін жиып, үйлерін жығып, түйеге артты. Маңғаз даланы мекендеп, өсіп-өнген жерін қиып кету ешбіріне де оңай соқпады. Ежелден ата-бабалардан қалған сара жолды сақтау үшін, тілі мен дінінен айырылмаудың амалын ел асып, қоныс аударудан тапты. Осы оймен күн көкжиекке еңкейген сәтте Қажымұрат қария мен Барбол бай белгі беріп, ауыл үдере көшті. Көңілі босаған келіншектер:

«Қайта көрер күн туар ма, туған жерім,

Топырағыңды қайта басар сәт болар ма, өскен өлкем...» деп сыңсып, тұтас жұртты тебірентіп, туған жермен қимай қоштасты. Бет түзегендері ала тақиялы ағайындардың жері болатын. Көнекөздердің айтуынша, онда Төле би бабамыз жатыр, ондағылар жатырқай қоймас. Талқаны таусылмаса, өлмес. Бұйрық болса, ажалдан ешкім арашалай алмайды, аман қалғандарға бала-шағасын аманаттап, түбі Атақонысқа қайта оралу түпкі мақсат болсын! Осылай десіп, көштегілер бір-бірімен бақұлдасып бара жатты. Алдында не күтіп тұр, беймәлім. Бәрінің де ортақ мұраты – Атақонысқа әйтеуір қайтып келу. Ол бақыт өздеріне бұйырмаса да балалары оралу керек. Осылай мұң шағысып, шалдыққанда жол бойына тоқтап, түнеп, бір жұмадай жол жүрді. Өзағалар қоныстанған елдің шетіне де жетті.

Бастапқыда жат елге сіңісу, әрине өте қиын болды. Келімсек көріп, жатырқаған қабақтарды да көрді. Өз ағам дегендері өгейсітті, бәлкім басқа елден келгендерді мың құбылған кезеңде бірден бауырға басуға күмәнданды ма, кім білсін. Қоныстанар қолайлы жер таппаған көш тағы ілгерілей түсті. Тілі де, түрі де қазаққа ұқсас қарақалпақтардың ортасына келгенде, көңілдерін бір демдеді. Орта Азиядағы ең ірі әрі суы молдығымен белгілі Әмудария өзенінің жағасынан жайлы жер тапты. Әлі ешкім қона қоймаған тұсқа бір ауыл болып жайғасты. Жергілікті халықтың шаруасы – егіншілікті де біртіндеп үйренді. Бұлар да диханшылыққа бет бұрды.

Міне, осы ауыл уақыт ағымымен бірге кеңейіп, үлкен елді мекенге айналды. Кеңес өкіметі құрылып, ел ішінде қайта құру белең алып, халықтың жағдайы жайлап жақсара бастады. Рамазан да осы елді мекенде дүниеге келіп, ер жетті. Атасының, әжесінің әңгімелерінен Атамекені жайлы көп естіді. Әке-анасының тұңғышы Рамазан ата-әженің баласы болып өсті. Қарттардың ескіден қалған естелік әңгімелерін жиі тыңдайтын. Көргені көп, шежірелі қарттардың айтуымен жұдырықтай жүрегінде Атамекенге деген махаббат бүр жарды.

Атасы аяқастынан науқастанып, төсек тартып жатқан күннің бірінде балаларын, немерелерін түгел жинап, аманатын тапсырғаны бар.

Өздерің де байқаған шығарсыңдар, меңдеген ауру мені алмай қоймайтынға ұқсайды. Туған жерден кетерде ауылдастар бір-бірімізге «Қайтсек те елге қайтамыз» деп серттесіп едік. Немерелеріме басқа елдің топырғанда туылу бұйырыпты. Бірақ, Атамекенге ораламыз деген уәдені естен шығармаңдар. Бүгін-ертең болмаса да көш қозғалар сәт әйтеуір бір туарына сенемін. Шүкір, қарақалпақ жұртымен де, өзбек ағайындармен де тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Кеңес өкіметіне біріккен елдер бір шаңырақтанбыз деп жүрміз ғой. Бірақ, Отанымыз Қазақ елі екенін, ата-бабаларымыздың қаны тамған туған жер өзегіміз екенін ұмытпаңдар, қарақтарым, – деп атасы сонда біраз әлсіреп, қиналыңқырап қалған еді.

Сонда бала Рамазан атасының қос жанарынан домалап түскен жасты көрді. Ол, сірә туған жерге деген сағыныш болар. Аласа бойлы, талдырмаш бала шыдай алмай орнынан ұшып тұрып, атасын нәзік қолдарымен құшақтай алды.

– Құлыным, ұмытпа! Сен қазақсың, байтақ далаң, өз Отаның бар. Алмағайып заман қанша құбылса да көкейіңде осы сенім тұрсын.... Ботам, – деп атасы терең күрсініп, көзін жұмды. Рамазан құшағындағы атасының сылқ түсіп, босаңсып қалғанын сезінді.

– Ата, ата...

Әжесі келіп, мұны құшағына ала үнсіз жылады. Бір-ақ сәтте апыр-топыр болып, бәрі жылап жатыр. Бала жүрегі әлдебір жамандықты сезді, бірақ атасын енді көрмеспін деп ойламаған еді.

Сол сәтте кішкентай ғана баланың жүрегі жұлқына соғып, әлдебір нәрсені іздеп, бұлқынғандай күй кешті. Өзі әлі қол жеткізбеген аса құнды әлденені аңсайтын тәрізді ме? Әлде атасының жүзінен көрген сағыныш жасы осының жүрегіне келіп, тамды ма екен?..

Жаздың соңғы айы күз келгенінен белгі беріп, таң суыды. Осы күзде Рамазан мектеп табалдырығын аттайды. Баладан бетер әкесі мектептің жайына көп алаңдады. Жақын маңайдағы мектептерден қазақ класын әбден іздеді. Өздері тұратын кеңшардың орталығындағы мектепте тек қарақалпақ, орыс тілінде оқытатын. Көрші ауылдағы 9 жылдық мектепте де дәл сондай. Айналасындағы бірнеше кеңшардың мектептерін барлады. Аудан орталығы саналатын қаланың аумағына кіретін бір ғана мектептен қазақ класы барын біліп, жолдың шалғайлығына қарамастан, баласын сонда оқытпаққа ниеттенді. Мұнысын естіген үйдің үлкені – қарт анасы немересінің алысқа әуреленетінін уайымдап:

– Бұғанасы қатпаған балаға күнде автобуспен соншама жер барып-келу қиын ғой. Обал емес пе? Уақыт жаңарған сайын заман жақсарып келеді, шүкір. Мүмкін бірер жылда өз ауылымыздың мектебінен де қазақ класстары ашылып қалар, – деп немересіне аяушылығын танытқан.

– Жоқ апа, бала Ана тілінде білім алуы керек. Көп болса шаршар, ештеңе етпейді. Жас бала ғой үйреніп кетеді. Есейген соң басқа тілдерді өзі де үйреніп алар, бірақ білімнің алғашқысын өз Ана тілінде алсын. Өз ұлтының кім екенін, түп-тамырын ұмытпасын, – деп анасына тоқтамды ойын нақты айтты.

Ана жүрегі сонда да шыдамай:

– Азанғы сабағына үлгеру үшін таңертеңгі автобусқа шығу керек, таңғы тәтті ұйқысын қалай бөлесің? Сабақтан шаршап шыққанда тағы атвобус күтеді. Жақын мектепке бара берсін, – дей беріп еді:

Апа, балаңның шаршағаны да, ұйқыдан қалғаны да уақытша. Ана тілінде алған білімі өмірбақилық азық, тілін шұбарламасын, түп-тұқиянын ұмытпасын десең, осы шешіміме келіс, – деп қатқылдау үнімен осымен әңгіме біткенін аңғартты.

Аласа бойлы, талдырмаш денелі бала Ана тілінде білім алу үшін үш жыл орталыққа қатынап оқыды. Әжесі де немересі мектепке барғалы бері әр таңды көз ілмей атырып, баласының ас-суын әзірлейді.

– Құлыным тұра ғой, автобусыңның ауылға келетін уақыты таяп қалды. Оразаңды ашып ал, – деп әлдилеп оятады.

Бұл мектептен әбден шаршап, портфелін әзер көтеріп келгенінде ауыл шетіндегі аялдамадан күтіп алып, қалтасынан тәтті-дәмдісін шығарып:

– Үйге жеткенше жүрек жалғап ал, құлыным. Сосын ыстық сорпа, бал қосып шай беремін. Содан соң ұйықтап аларсың, – деп айналып-толғанып, портфелін бір жағынан көтерісіп келеді. Тізесінің ауырсынатынынан өзі де ақсаңдап әзер жүр. Әйтпесе, портфелін көтеріп, немересімен бірге мектепке барып-келуге дайын.

Әупірімдеп 3-классты аяқтағаннан соң, бұлардың кеңшарындағы мектептен қазақ класы ашылды. Бұл – осындағы қазақтар үшін үлкен қуаныш болды.

Жылжыған уақытпен есейіп, 10-классқа барған күзде бұлардың класына жаңадан оқушы келді. Сүйкімді қыз барлық бозбалалардың көзіне бірден түсті. Рамазандардың ауылына бара жатқан жолдағы 5-6 үй қонған кеңшардың бөлімшесіне көшіп келген екен. Сабақ аяқталып, үйге қайтқанда жолы бір екенін байқаған. Ертесіне Рамазан сүйкімді қызбен бірге қайтты. Сол күннен бастап мектепке бірге барып, бірге қайту әдеттеріне айналды. Сондай күннің бірінде класстас қызбен қатар келе жатып, өзеннен сиыр суғарып жүрген әкесінің көзіне түсіп қалыпты. Кеңшарға жақында көшіп келген қарақалпақ жігіттің қызымен қатар бара жатқан ұлын көрген әке көңіліне секем алып қалды.

Бұл отбасының түгел бас қосуы кешкі астың дастарханында ғана жүзеге асатын. Бәрі көрген-білгенін айтып, әңгіме-дүкенмен әрленетін осы бір шақ бәрінің асыға күтетін көңілді отырысына айналған. Бірақ, бұл жолы әкелерінің қабағы қату көрінді. Үйдің үлкенінің қабағына қараған басқалар да үнсіз. Сәлден соң әкей жөткірініп алып:

 – Біз қазір жат жұртта жүрміз. Бірақ, бұл уақытша, түбінде өз Отанымызға оралатынымыз анық. Сондықтан, басқа ұлттың ұл-қыздарымен шаңырақ құруды, тіпті ойларыңа да алмаңдар, – деп еріндерін жымқырып жан-жағына барлай қарады.

Жүзінде «Мұныма кім не дер екен?..» деген сұрақ тұрды. Бірақ, ешқайсысы тіл қататынға ұқсамайды. Әкей ойын толығырақ жеткізуді жөн көрсе керек:

– Иә, қарақалпақ, өзбек балаларымен бірге ойнап, бірге оқып, қатар жүрсіңдер. Бірақ, дос ғана болыңдар. Әулетіме басқа ұлттан келін түсіріп немесе бөтенге қыз беретін ниетім жоқ. Осыны естеріңнен шығармаңдар! Біз тағдырдың теперішімен туған жерден жырақтап қалдық. Бұл – уақытша сынақ. Жат жұртта жүріп, шыққан тегіміздің әдет-ғұрпын, Ана тілімізді сақтауға, қанымызды басқамен араластырмауға міндеттіміз. Біз Атажұрттан алыстаған сәтте-ақ тағдыр мойнымызға осы жауапкершілікті жүктеген, – дегенде Рамазан бірден ұқты.

– Әке, мен тек кластас құрбыммен жолымыз бір болғандықтан сабақтан бірге шықтым. Әлі үйленетін ойым жоқ, – деп әкесінің қату қабағының астарында не жатқанын енді ғана түсінгенін аңғартты. Ол енді үнсіз отырыстың ажарын ашқысы кеп:

Оооой, сіз де тегі, ол қыздың да әкесі сіз секілді «Қазаққа қыз бермеймін» деп отырған шығар. Біздің классқа жаңадан келді. Жоқтан өзгеге қабақ түйе бермеңізші. Сіз қабақ түйгенге «не боп қалды?..» деп жақ аша алмай отырмыз ғой, – деп сөзінің соңын күлкімен жалғады. Оған іні-қарындастары да қосыла кетті. Әкей де ұл-қыздарының келешегіне дұрыс бағыт бастар ой салғанына, көптен айта алмай жүрген көкейіндегісін жеткізгеніне марқайып, үстінен ауыр жүк түскендей қуанып қалды. Балаларының жүзінен ұлттық ділін сақтауға уәде бергендей сенімді сертті көрді. 

 

***

Талдырмаш денелі бала мектеп аяқтар жасқа жеткенде бойы тез өсіп, иықтары көтеріліп, тұлғаланып шыға келген. Әлде атасының жүзінен көрген сағыныш жасы, әкесінің жиі айтатын Атақонысқа оралу мақсаты тез есейтті ме екен, мінезі де салмақтанып, қайсарлық біткендей. Ес білген сайын «Атамекеннің топырағына мен қалайда жетемін. Ұрпағымды сол қасиетті мекенде өсіремін» деген үміт күн өткен сайын үдей берді.

Соңғы қоңырау соғылған мектептегі салтанатты жиыннан соң қатарластарымен бірге әскер қатарына шақырылды. Азаматтық борышын өтеуге аттанарда әжесі:

– Құлыным, Жаратқан жар болсын! Аман-есен үйге орал! Сен келгенше екі көзім қара жолдан ажырамас, – деп бұлақша ағылған жасын тия алмаған.

– Жә, соғысқа кетіп бара жатқан жоқ қой, сонша жылайтындай не болды түге. Екі жыл дегенің көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді. Балаң зіңгіттей жігіт болып келеді. Қара жолда қасқайып тұрып өзің қарсы аласың, – деп әкесі әжесін жұбатты.

Әкесінің сөзі жігерлендіргенімен әжесі мен анасының көз жастары жүрегін елжіретті. Аузына айтар сөз түспей, үйіндегілермен үнсіз қоштасты. Бұның көкейінде өз мұраты бар еді. «Мүмкін, әскерде Қазақстаннан келген жігіттер кездесер. Солармен танысып, мән-жайды білсем, атам айтқан Атамекенге апарар жол ашылар. Бәлкім, әскери борышымды сол жақта өтеу бұйырып қалар...»

Бірақ, Рамазан Ресейдегі әскери бөлімшеге жіберілді. Түрлі ұлттың балаларынан жиналған қатарластарының арасынан қазақты іздеді. Алайда, бұлардың тобында өзінен басқа қазақ жоқ. Бұрын көрмеген бөтен жер. Бірдей формадағы солдаттар. Күнделікті еститіні қатаң үнмен берілетін бұйрық. Шапшаң қимылға үйрететін қатаң әскери тәртіп. Бір-бірінен айнығысыз жылжыған күндердің бірінде бұлардың тобына екі қазақ жігіт кіріп келді. Сабақтан да, жаттығудан да босаған уақыт еді. Әлгі жігіттер сәлем-сауқаттан соң:

Бауырым, қазақ екенсің, қандастарыңды іздегеніңді жігіттерден естідік. Біз де Қазақстаннан келген қазақтармыз. Біз басқа бөлімшедеміз. Бірақ, бір әскери қалашықта екенбіз, жиі жүздесіп тұрайық, – деп жақын танысты.

– Иә, осында келгелі қандастарымды іздеп жүрмін. Тіпті бар ғой, бөлімшеміздегі татар, орыс, украйн жігіттер бұл ізденісіме түсінбей, күле қарады. Іздегенім бекер кетпегеніне міне өздеріңді көріп, қуанып отырмын. Біз аласапыран шақта ұлттығын сақтап қалу үшін өз жерінен адасып қалған аталардың балаларымыз. Елден көшкенде олар бір-біріне «Қайтсе де ұрпағымыз қазақтың байтақ даласында өседі» деп сертесіпті. «Уәде – Құдайдың аты» деп, бізді сертке берік болуға тәрбиеледі. Жат жұртта жүрсек те ділімізді сақтадық, дінімізден безбедік, тілімізді шұбарламадық. Енді Атажұртқа жетсек, шын бақытқа кенелердей күйдеміз, – деп Рамазан ағынан жарылған. Бейнебір көптен көріспеген туғанымен қайта қауышқандай марқайған.

Содан бері бұлар бір үйдің баласындай бауырға айналды. Тіпті, ауылдан келген хаттарын да бірге оқып, Рамазан туылғалы көрмеген Атамекенімен сырттай осылай танысты.

Бұны шығарып саларда әкесі айтқандай, екі жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Елге есен қайтты. Бірақ, қара жолдан көз алмай күткен әжесі қарсы алмады. Баласын күткен қарт ананың жаны бұл келгенше үзіліпті. Үнемі ауылдан жеткен хатта әжесі бұл кеткелі күнпарақтың бетін жыртып, уақытты санап, жолын күтіп жүргені жазылатын. Әскерде жүргенінде қайғырмасын деп бұған әжесінің қазасын айтпапты. Атасының жүзінен соңғы рет көрген сағыныш жасы жүрегіне салған із бұрынғыдан бетер молая түскендей.

 

***

 Бала күнінен дихан әкесінің тәрбиесімен өскен Рамазан ауыл шаруашылығының маманы болуды мақсат етті. Әскерден келгелі агроном мамандығын оқуға ниеттенді. Сөзге шорқақ, мінезі тұйық бозбала ойын әкесіне жеткізбек болып:

– Мен агроном болу үшін Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтына жол жүремін, әке, – деді бір күні әкесіне түйеден түскендей етіп.

– Алматы? Неге алыс жақты көздедің, балам? Артыңнан ерген інілерің әлі жас. Осыншама шаруаны жалғыз өзім қалай иегеремін. Шешең екеуіміз сені ер жетті, үйге келін түсіріп, қуанта ма деп үміттеніп, арғы ауылдағы жиеннің қызына құда түскелі жүр едік қой. Жиеншарды босағамыздан аттатып, Алматыға қол ұстасып, бірге барсаңдар жарар еді...

– Әке, мен қайткенде де Алматыда оқуым керек. Атам талай рет «Ұрпағым жат жерде өрбитін болды-ау» деп көзіне жас алушы еді. Атамның арманы балаларын Атамекенге жеткізу болатын. Мен де соны көздедім. Білімімді өз тілімде жалғастырып, өз елімді тапқым келеді. Ал, жиеншар келін емес, жиен болып құрметтелсін!

– Балам, алға қойған мақсатың құптарлық-ақ. Бірақ, бізді де ойла. Алматы тұрмақ, бүкіл Қазақстанда бір де бір туыс түгілі танысымыз да жоқ. Ол жақтан біз көшіп кеткелі қай заман. Елде қалған ағайыннан да арамыз суып кетті, хабар-ошарсызбыз. Барғанда кімге маңдай тірейсің? Сүрінсең, кімнен қолдау күтесің? Әлі жассың...

– Жоқ, әке. Мен осылай шештім. Жолымды бөгемеңіз. Батаңызды беріңіз. Уайымдамаңыз, әскерде жүріп тапқан қазақстандық бауырларым да Алматыға оқуға тапсырғалы жүр. Солар бар ғой, жалғызсырамаспын. Әуелі өзім ол жақпен танысып алайын. Білімімді жалғастырып, мамандық алайын. Содан соң үйді көшіріп әкетемін. Мұнда қимайтын неңіз бар? Тым болмаса атамның арманы орындалу үшін рұқсат етіңіз.

– Жарайды, балам. Жолыңнан қалдырмаймын. Сапарың сәтті болсын! –деген әке жүрек түкпіріндегі қимастық сезімін ақылға жеңдіріп, ұлының мақсатшылдығымен өзін жұбатты.

Үнемі қалың ой құшағында жүретіндіктен бе қалың қасты қабағы түйіліп, қараторы, ұзын бойлы тұлғасы табандылығын байқататын. Діттегенінен қайтпайтын бозбаланың үлкен мақсаты туралы әкесімен ақылдасқаны осы бірер ауыз сөз ғана болды. Сол ақылдасудан кейін Рамазан Алматыны бетке алып, жолға шықты.

Ташкенттен отырған ұшақ небары екі-ақ сағатта Алматыға жеткізді. Ес білгелі естігені – Атажұртқа жету. Атамекенді аңсағандықтан ба екен, жолдағы екі сағат бұған екі жылдай сезілді. Соншама жылдар бойы аңсатқан Атамекенді, атасы мен әжесі үздіге сағынса да жете алмай кеткен туған жерлерін ойлаған сайын жол ұзап бара жатқандай. Ұшақ тоқтауға жақындағанын хабарлағанда кеудесіндегі жүрек атқақтай соғып, бойын бір қуаныш керней берді. Көктен әуелей келіп, жерге жақындағанда жан-жағының шаңын ұшыра жербауырлай жылжып барып тоқтаған ұшақ бұған жерұйыққа ашылар қақпадай көрінді. Сыртқа шыққанша тағаты қалмады. Далаға ұмтыла кеп, есіктен шыққан алғашқы сәтте жұтқан ауасы тұтас тұла бойын ерекше жылумен баурап өтті. Табаны жерге тигенде өзін соншалықты бақытты, соншалықты жеңіл сезінді.

«Мен расымен атам мен әжем сағынған Атамекенге жеттім бе?..» деп біраз аңтарылып тұрып қалды. Айналасына барлай қарады. Өң бе, түс пе? Тамағына өксік тығылып, қос жанарынан ып-ыстық тамшы ытқып түсті. «Ата, аманатыңды орындадым. Әже, зарыға күткеніңе мен жеттім. Мен сендерді дүниеге әкелген топыраққа табаным тиіп, сендерді зарықтырған байтақ даланың ауасын жұтып, иісін сезіп тұрмын...» Санасын сәулелендірген ой құшағында ата, әжесіне еркелеп жүрген балалығы елес берді.

 

***

Алматыдағы ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлауға арналған жоғары оқу орнының ветеринария факультетіне құжат тапсырды. Емтиханға күн-түн демей дайындалып, оқуға да түсті. Діттеген мақсатының алғашқы баспалдағынан аттағанына іштей шүкірлік етіп, қуанды. Осылай мақсаты биік, талапшыл ұланның аңсаған Атамекеніндегі алғашқы күндері студенттік шақпен басталды.

Зымыраған уақыт талай күндерді артқа қалдырып, студенттік шақтың санаулы жылдарын да өткеннің еншісіне ендірді. Жақсы оқып, институттан бір ауданның мал дәрігерлігіне жолдама алды. Рамазанға енді «Үй ішімді қалай көшіріп әкелемін? Қайда орналастырамын?» деген сауалдар күндіз-түні маза бермеді.

Ұзақ күн ой елегінен өткізген мәселені кейінге қалдыра тұрмақ болды. Әзірге үйін көшіріп әкелуге жағдай көтере қоймайды. Еңбек етіп, біраз қаражат жинауды жөн көрді. Еңбекке араласты. Әкесін, анасын қуантып, келін түсірді. Өз отауын құрды. Әзірше Қазақстанда жұбайымен ғана тұра тұрмақшы. Үлкен үйді кейін алып кетпеске амалы жоқ.

Ауданда мал дәрігері болып қызмет еткеніне бірнеше ай өткенде, ел басындағы билікте өзгерістер болып, қазақ жастарының наразылық тудырып жатқанын ұзынқұлақтан естіді. Алматыда туған балдызы оқып жүрген. Бірден естіген хабарының анығын білмекке бекінді. Телефонмен байланысқа шақыратын телеграмма жібергелі тұрғанында балдызының аяқ астынан жолға шығып, үйіне келе жатқанын білді. Көктен іздегені жерден табылғандай қуансын кеп. Балдызы отырған пойызды асыға күтті. Тіпті, өзі күтіп алмақ болып, ертелетіп темір жол вокзалына шықты.

Күткен пойызы хабарланғанда тағат таппай, жол бойына шықты. Алыстан шыңғыра жүйіткіген дауысы естілгенде, сол пойызбен бірге аса маңызды хабар жетердей жүрегі бұлқынып дамыл таппады.

Жақындағанда екпінін бәсеңдете келіп тоқтаған жүйрік пойыздан түскен балдызынан амандық-саулық сұраса салысымен:

– Алматыда не көтеріліс болып жатыр? –деді аптығын баса алмай.

– Иә жезде, сондай жағдай болып жатыр. Сол үшін бізді елге қайтарды. Бірақ, мен ауыл алыс болғандықтан, жақындау жердегі сіздің үйге келуді жөн көрдім.

– Алаңға шыққанның бәрін қырып жатқаны рас па? Анығырақ айтшы.

– Өткенде орталық комитеттің пленумында Қазақстанды көптен бері басқарып келе жатқан Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, мемлекет басшылығына Колбин деген кісіні тағайындаған ғой. Соны естіген жастар «Бұл қазақ халқының мүддесін елемеушілік» деп бас көтерді. Өз пікірлерін ашық айту үшін орталық алаңға шеруге шықпақ болды. Бейбіт шеруді ойлаған жастар 17-желтоқсан күні алаңға шыққан. Одан құлағдар болған басқа қалалардағы жастар да бас көтерген. Алаңға тек пікірлерін ашық айтуға бейбіт түрде, ешбір қарусыз шыққан жастарды мұздай қаруланған әскерилер қоршауға алды. Тіпті, тұтқындап, ұрып-соққандар да болған. Қолға түскен қыздарды шаштан сүйреп, тепкілеп, қорлапты. Айтуға аузым бармайды. Біздің жатақханадағы қыздар да шеруге шығамыз деп оқталғанбыз. Бірақ, қайдағы... қадағалау өте қатаң. Шығармады. Есіктердің бәрін күзеткесін, терезеден шықпақшы болып едік. Ұсталып қалдық. Бәрімізді жедел жинап, тездетіп үйлеріңе қайтыңдар деп, ізімізді аңдыды.

– Қайран жастар-ай! Елім деп еңіреген ерлерді қорлады-ау...

Соңғы сөздің аузынан қалай шыққанын да білмейді, әйтеуір жүрек түкпірінен ащы уытты ала шықты. Қабағы түксиіп, өзін қоярға жер таппады. Жап-жас өрендерді табанға таптаған жендеттердің жауыздық әрекеттері көз алдында елестеді. Атасының «Балам, қандай жерұйық болса да Атамекенге жетпейді. Осыны есіңнен шығарма! Біз амалсыздан кеттік. Тілімізді, дінімізді, ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрмізді лайламау үшін, қазақылығымызды сақтаймыз деп көштік. Бабаларымыз осы құндылықтарымыз үшін, Атамекенді кейінгі ұрпағына аман жеткізу үшін жанын аямай талай жаумен күресті. Небір жайсаңдар құрбан болды. Талайлардың жанымен, қанымен аман жеткен құндылықтар – бұлар» дегені кенеттен ойына оралды.

«...Сол қайсар да батыр бабалардың бүгінгі орынбасарлары ғой бұл өжет жастар. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Елінің намысы үшін жас жанын да аямай, күреске шыққан ұландар, бүгін сендерді қаралағанымен елің ақтап алады әлі...» Санасында сапырылсқан қалың ой жанына маза берер емес. Сол жастардың ортасына барып, араша түскісі-ақ келді. Әттең, қанаты жоқ ұшып жетер. Әттең шарасыз, іні-қарындастарына қолдау көрсетер еді...

Терең ойға батқан бұны балдызының қатты екпінмен сөйлеген дауысы оятты.

– Қасымдағы құрбым екеуіміз қазір училищеміздің тігін фабрикасында жұмыс істеп жүрміз ғой. Кешкісін дүкенге бару үшін жатақхананың ауласына шықсақ, есік алдында 3-4 қыз жиналып, ертең бәрі жиналып орталық алаңға шыққалы жатқандарын айтысып тұр екен. Олардың әңгімесіне қосылып, қаншада шығу керегін болжамдап тұрғанбыз. Жатақханамызға училищеміздің ректоры бір топ кісілермен келе жатты. Аулада тұрғандардың бәрін жылдам ішке кіруге, дәлізде жиналуға бұйырды. Кірдік. Жиналдық. «Тырп етіп ешкім сыртқа шықпасын!» деп әңгімелерін өктем үнмен бастады. «Егер алаңға біреуің шықсаңдар, группаларыңмен қоса жауапқа тартыласыңдар» деді. Комсомол қатарынан шығарады, оқудан шығарады, әйтеуір қара аспанды төндірді. «Қазірден бастап үй-ішіндегілеріңмен сөйлесіңдер де бірден ауылдарыңа қайтыңдар. Кім қашан жолға шығатынын айтсын, өзіміз шығарып саламыз» деді де жатақхананың комендантына барлық есік-терезелерді жауып, сыртқа ешкімді шығармауды тапсырды. Училище ректорына жатақхананың айналасына түгел күзет қоюды қатаң бұйырды. Міне, осылай алаңға шыға алмай қалдық. Бірақ, ертесіне тігін фабрикасындағы жұмыстың түнгі ауысымынан шыққан Ақжарқын деген қызымыз алаңға соғып, жай ғана жағдайды көрмекші болған екен. Бірден милиция ай-шайға қаратпай тұтқындап әкетіпті. Бір қараңғы жерге апарып, басы-көзіне қарамастан қатты нәрсемен ұсталғандардың бәрін аямай ұра беріпті...

Балдызының айтқандарын тыңдап отырып, іштей ыза кернеді. Таяқтан талмаусырап, ес-түссіз жатқан жас ұл-қыздардың елесі көрінді. Кейбірі ыңырсып, тірілігін сездіреді. Бірақ, ешкім естімейді де, көмекке қол созбайды да. Соншалықты қатыгездікті көретіндей олардың бар кінәсі ұлтын сүйгені. Туған елдің тағдырына бейтарап қарай алмағаны.

 

***

Таң азанымен ерте тұра салысымен кішкентай қара радионы қосу Рамазанның айнымас әдетіне айналған. Бүгін де сол әдетінше радиосын қосып, жуынуға кетіп бара жатып, жаңалықты құлағы шалып қалды. Кілт тоқтады. Радио Қазақстан өз алдына мемлекет болған Тәуелсіздігін жариялағаны туралы жаңалықты хабарлап жатыр екен. Жанын жадыратқан жаңалықты жеткізген кіп-кішкентай қара қорапшаны қапсыра құшақтап, сүйіп алғысы келді. Бейнебір, ең жақсы көретін адамы сүйінші хабар әкелгендей көрінді.

«Шүкір, шүкір, мың шүкірлік! Біздің өр мінезді жастардың жеткен жеңісі ғой – бұл. Өз алдына егемен ел болдық. Иәәә, енді өз үйімді Атамекенге көшіріп әкелетін күн туды. Атамның арманын орындай алатын болдым...» деп өзімен өзі күбірлеп, қуанышы қойнына сыймай, сыртқа жүгіре шықты. Таңғы тыныштықты түре айғай салғысы келді. Үлкен мақсатына қол жеткізе алатынына мүмкіндік берген ел Тәуелсіздігін әлі ұйықтап жатқан үй ішіндегілерге бірінші болып жеткізгісі келді.

Осыдан 5 жыл бұрын ғана Алматыда орын алған жастардың көтерілісін естіп, жүрегі қанжылағаны есінде. Ұзынқұлақтан естіген хабардың анық-қанығын білу үшін студент балдызын тағатсыздана күткені де сол қалпы көз алдында.

«Уақыт неткен жүйрік ең. Кеше ғана сияқты еді. «Бәріне де уақыт емші» деген рас екен-ау. Кешегі жылаған жүректерді бүгін жұбатты, міне...»

Кеудесін кернеген қуаныш үстінде жат елдегі үйін қазір-ақ көшіріп әкелуге дайын еді. Тезірек күн жарқырап шықса деді. Ел ұйқыдан оянып, күндегі қарбалас тірлішіктің қазаны қайнағанын қалады. Алабұртқан көңілі таңғы асын ішуге де мұрсат берер емес. Кеудесіндегі атша тулаған жұдырықтай жүректің жетегіне еріп, жұмысынан сұранып, жат елде қалған әкесінің қара шаңырағын көшіріп әкелуге жылдам аттанды.