БҚО-да полицейлер өзін жәбірленушілердің баласы ретінде көрсетіп, алаяқтықпен айналысқан топты ұстады.
“Мама, ақша аударшы”: алаяқтар ата-аналардан 10 миллион теңге жинап алған
Фото: istockphoto.com
1,242
оқылды

БҚО-да полицейлер өзін жәбірленушілердің баласы ретінде көрсетіп, алаяқтықпен айналысқан топты ұстады. Қылмыстық топ үш жігіттен құралған, – деп хабарлайды Aikyn.kz  Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қаратөбе полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктілердің бірі WhatsApp қосымшасы арқылы педагогтердің іс-шарасын өткізу үшін құрылған жалпы чатқа кіргенін анықтады. Чаттың мазмұны мен хаттарды зерттегеннен кейін ол ондағы адамдардан ақша аударуды сұрап, жеке хат жазған. Бұл ретте күдікті жәбірленушілерге өзін солардың баласы сияқты таныстырып, өзінің телефоны сөніп қалғанын жеткізген.

Күдіктілердің сөзіне сеніп жәбірленушілер карта деректері мен CVV-кодтарын жіберген. Содан кейін алаяқтар қаражатты қолма-қол ақшаға алмастырған.

Қазіргі уақытта алаяқтықтың 17 фактісі бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр. Алданғандар арасында басқа өңірдің тұрғындары да бар екені анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 10 миллион теңгені құрайды.

Полиция азаматтардан бөгде адамдармен телефонмен сөйлесу кезінде ғана емес, жалпы чаттарда хат алмасу кезінде де абай болуды сұрайды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.