Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Қызылордада қалған қолтаңба
367
оқылды

Бүркеншік аты: Arqas

 ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАЛҒАН ҚОЛТАҢБА

(Мифологиялық деректі әңгіме)

Тоқсаныншы жылдардың басы, ел егемендік алғанмен етек жауып, ес жия қоймаған елең-алаң шақ. Базар-ошардан басқа көпшілік жиналатын орын кем кез. Сыртқа көшуші көп, қалаға келуші аз. Сондай сапырылыстың сиқында Қызылордаға Қайрат көкем көктен түскендей келе қалды. Кәдімгі күллі қазаққа әйгілі ақын Әлімбековты айтамын. Қайынжұрты осында. Қыдырып келген қалыбы екен.

Өзі әкемнің досы. Алматыда бірге қызметтес болған. Олар «Жас Алаш» газетінде еңбек етті. Екеуінің басы қосылған соң бір-біріне желімдей жабысты да қалды. Әжік-гүжік әңгімесі көп. Шығармашылық адамдары түрлі тақырыпты таңдап, талғап, тереңдеп, сөзден сөл іздейді, ойдан маржан тереді. Сондай сәтте Қызылорданың астана болған мәртебесін мегзеп, Алаш арыстарының қалдырған қолтаңбасын қаперге алғаны бар-тын. Бәрі де осы жерден басталды. Күтпеген оқиғаның шідері шешілді кетті. Қызды-қыздымен қияндағы нәрсені қиялға қондырып жіберді. Бір жыл болса мейлі, олар самғау оймен сонау 1925 жылдың кезеңіне бір-ақ секірді. Тап осы астана көшелерінде алшаң басып, екеуі ғана жүргендей елес кезіп, басқа әлемге сүңгіп барады...

...Жаздың қайнаған тұсы. Қайрат көкем қанша қайратты болса да өзі тершең, батырдың тұлғасындай дәу денесі жүректі жаншыған тым ыстық қапырыққа шыдамай барады. Ескі базарды торуылдағандай, қайта-қайта квас бөшкені айналшақтай берді. Көбігі көпіршіген квастың күші тез қайтады, мұздай су терге айналып, жейденің арқа бетін айғыздап тастайды.

Көпқабатты үйдің тұрғындары масасы жаудай мезгілде баспанадан безіп, су жағалайды. Солармен бірге біз де дарияның басында отырмыз. Жалғыз түп тораңғылдың көлеңкесіне одеяло төсеп, аяқты аспаннан келтіріп, арасында гүмп етіп, суға бір сүңгіп аламыз. Күн ұясына қонып бара жатқанда салқын самал желпіп, төңіректің тіршілігі енді басталғандай жапырылып жатқан  ел үдере түрегелді. Қасымдағы Қайрат көкем есті жинап: «Енді қаланы қыдыруға болады» дегендей, емеурін білдірді де оқталып орнынан тұруға икемделе бастады.

Қала деген аты бар, шаһардың сәулеті онша мәз емес, сиқы сүреңсіздеу кез еді. Қазіргідей келбеті көркем, көшесі кең, ауқымы атшаптырым емес, арғы-бергісі таяқ тастамдай қысқа.

-Қайрат, Қызылорданың тарихы терең. Облыс болғаны кеше шығар, ал, астана мәртебесіне ерте жеткен. Бұрындары Қамысқала болды. Жан-жағында көсіліп көл-су көмкерген, ну қамыс қаптаған қоныс еді. Балығы тулаған, үйрек-қазы қиқулаған мекен тұғын. Бір кездері Хрущевтың өзі қалың қамыстың қалыбына қызығып, қағаз шығаратын зауыт ашуға ынталы болыпты. Соның ықпалымен, целлюлоза-картон зауыты салыныпты. Айта берсек, ондай мысал мол.

Бұл қала 1818 жылы алдымен, Ақмешіт, сосын 1853 жылы Перовск, 1922 жылы Ақмешіт атауын қайтарып, 1925 жылы Қызылорда атанды.

Қызылорда қойылуының да мәні бар. Біз большевиктерді «қызылдар» деп атадық ғой. Сол сөз жоғары жақтағыларға бірден ұнайтыны белгілі және қолдауы тиіс. Бұл жағынан ұтымды. Ал, «Қызыл» сөзі көне түрік тілінде «Алтын» мағынасында. Сонда Алтынорда болады да шығады. Енді «Қызылорданы Алаштың анасы» демей көріңіз.

Негізінен республика басшылары С.Қожанов пен С.Сәдуақасов астананы Орынбордан көшіру мәселесіне ұлттық мүдде тұрғысынан келген деген деректер бар. Олай деуімнің себебі: «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек», - деп жазды С.Қожанов “Ақжол” газетінің 1924 жылғы 17 желтоқсанындағы санында.

Демек, ұлт зиялылары арасында осыдан 100 жыл бұрын астана мәселесі көтерілгені анық. Бірақ асықпады. Тек қисынын күтті. Орынбор орысқа жақын, одан алыстау керек.

Көктемнің келуімен «Қызыл паровоз» Ақмешіттен Орынборға аттанды. Ұлы көш қазақтың игі жайсаңдарын осында жеткізбек. Сонымен Қазақ АССР кеңестерінің V съезд делегаттары және үкімет мүшелері жайлы вагонға жайғасты, көңіл көтеріңкі, арқа-жарқа. Домбырасын құшақтап Иса Байзақов пен Әміре Қашаубаев, күш атасы Қажымұқан, қаламгер Сәкен мен Сәбит бар ішінде. Вагонның іші гуде-гу. Ән де айтылды, шемен болып қатқан сыр да ақтарылды. Әрбірі кемел келешек қамын күйттеп келеді. Үміт көп.

Қазақ деген қасиетті ұлттың бағы ашылар күн енді туып келе жатты. Тәңір сәтін салсын дейді бәрі де.

Перовск стансасына халық лық толды. Сырдария облыстық партия комитетінің хатшысы Әбілхайыр Досов үкімет құрамын ыстық құшақпен қабылдап, қызу құттықтау лебізін білдірді. Жұрт жаппай қолдай кетті. Әбілда ақынның өлеңі де табан астынан өріле кетті. Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбектің сөзі алмас қылыштай ет жүректі елжіретіп, күпті көңілді көтеріп, алау сезімді асқақтатып өтті.

«Бізге әсем, сәулетті қаланы ғана астана ету қажет емес, одан қазақтың ұлттық иісі аңқып тұрғаны керек. Тоқсан жолдың торабында тұрған Ақмешіт барлық тармаққа апаратын болады. Қазақ интелегенциясы осында көшіп келеді, зауыт, фабрика салынады, үлкен орталық болып қалыптасамыз» деді. Артынша сөз кезегін алған Орталық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев та жалынды сөзін жеткізді. Жұртты жігерлендірді, бұйығып жатқан бұқараны қалың ұйқысынан оятты. Мыңдаған санаға саяси сілкініс сыйлады.

Бәрін айт та бір айт, Қызылорданың бір уыс топырағында да кие бар, ұлт үшін ұмытылмас оқиға осы жерден бастау алады. Кеңестердің V съезінде «Қырғыз» атауын алып тастап, тарихи «Қазақ» атауы қаулымен қаралды. Сөйтіп «Қазақ Республикасы» болып өзгерді. Астана тарихы осылай өрбіген.

Өзің білесің, өңірдің өнерге бай мұрасын өрнектеп, «Сыр елі – жыр елі» дейді. Осы теңеу текке айтылмағаны анық. Күй абызы Қорқыттан басталған өнер керуені Сыр сүлейлерімен жалғасып жатыр. Онан бөлек, алғашқы театрдың қазығы қағылған жер – осы Қызылорда.

Киноиндустрияның да іргетасы осында қаланды. Әдебиет пен мәдениеттің маздауы да Қызылордадан қанат қақты. Қалған ерекшеліктерді екеуміз көзбен көріп, көкейде кестелеп көрсек қайтеді? – деп әкем тарихқа тереңдеп еніп, тәмпіштеп жеткізді.

Мынадай керемет ойдан кейін Қайрат көкем қанаттанып кетті, арқасы қозды. Сары алтындай кең шекесіне қан жүгіріп, маңдайына суретшінің абстракталы алабажақ майлы бояуын жаққандай түрленді, толағай төсінде рух шабыты ойнақши бастады.

Сонымен екеуі көне астананың орталық көшесіне түсті. Дабырлаған дауыстары ғана жаңғырады. Қарайған адам көрінбейді. Тыныштық. Қарсы беттен көзді байлаған кей көліктің өткір жарығы қою қараңғылықты тілгілеп өтеді. Әйтпесе көше жарығы ала-құла.

Кенет Қайрат ақын ұтымды ұсыныс жасады. Құдды астананы біз көшіріп жатқандай, ол құлшынып сөйледі.

–Қаныбек, екеуміз де шығармашылықтың адамымыз. Осы көненің көзі –Краснов көшесінің бойында қаншама қазақтың қайраткер қаламгерлері жүрді, олардың табан іздерін танып, бүгін біз басып келеміз. Қандай сәйкестік!

Бүгін былай жасайық, сонау 1925 жылдан осында болған ақын-жазушылардың үй-мүйін тегіс аралаймыз. Дәл осы күні олар не істеп жатты? Кәне, сырттай бақылап көрейік, – деді түйеден түскендей түйін жасап.

«Мұнымыз қалай болар екен?» деп қояды әкем іштей. Қайрат көкемнің көңіліне қараймын деп жүріп, әкем қиялдың қалың қабатына еніп кеткенін сезбей қалды. Олар сол сәтте-ақ Сәкен, Бейімбет, Ілиясты іздеп шықты.

Сонымен Краснов көшесінде келеді. Әудем жерден баспахананың санқ-сұңқ даусы жер-көкті басына көтеріп тұр. «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» және «Еңбекші Қазақ" сияқты орталық газет-журнал түгелдей осында басылады. Сондықтан баспахана тәулік бойы тыным таппайды. Кісі аяғы басылып, күндізгі шудың үні үзілсе де баспагерлер үшін түн әлеті де жаңа жұмыс күні басталғандай болып тұрады.

-Анау тоқал там Ілиястың үйі, газет жағында жүр ме қайдам, төңірегі тыныш ғой, – деді әкем қасындағы серігіне.

Терезеден сығырайған балауыз шамның жарығы қою қараңғылықпен арбасып тұр. Ішкі сәулені сыртқы әлем жұтып қойып, жарықтың жолын ұзаққа жеткізгісі жоқ.

Кенет  «Не істейміз?» дегендей Қаныбек Қайратқа қарады.

Ол алақ-жұлақ. Тілін жұтып қойғандай ләм-мим демейді. Жаушы секілді жымын сездіргісі жоқ, қолымен ғана қимыл жасап, «алға» деген белгі берді.

Ол үйінде. Үстінде бөз жейде. Еркін. Орындыққа шалқайып, белін жазып, басын жиі шайқайды. Құяңы бар ма еді? Мүмкін, ертелі-кеш еңбектенгеннің әсері ме? Көзілдірігін бір шешіп, бір киіп, үстел үстіндегі қағазды астаң-кестең етіп ақтарды. Сосын қаламды бір сүйкеп алып, қайта орнына қояды. Бәлкім, шығармашылықпен айналысып отырған шығар...

-Не жазып жатыр екен? –деп Қайрат терезеге ентелей түсті.

-Байқа, сезіп қоймасын...

Екеуі терезеге телміре қарап, кісіге кедергі келтірмейік дегендей, аяқтың ұшымен ауладан шықты.

...Жетісудің Жансүгіровы небәрі 43 жыл ғұмыр кешті. Өлшеулі өмірінде өшпестей руханият қалдырған қаламгердің  бір ғана «Құлагерінің» өзі қандай құнды еңбек еді? Мұнан бөлек, «Балаларға тарту» туындысын,  «Сағанақ» атты алғашқы шығармалар жинағы және «Күй» поэмасын Қызылордада жазыпты. Демек, ол қаламгерлік қолтаңбасын қанықтары да, артына қалдыра да білді.

-Ілияс менің жерлесім ғой, Талдықорғанның тумасы, - дейді Қайрат.

-Саған жерлес болса, маған жезде, Жаңақорғанға күйеу бала, - дейді әкем.

Талантты ақын төрт рет үйленді. Бірінші әйелі Жәмила болатын, онымен ұзақ тұрмады, екі жыл ғана отасты. Екінші әйелі Аманша Берентаева жүктілік кезінде денсаулығы нашарлығынан қайтыс болды. Бұл кезде Ілияс Мәскеуде коммунистік журналистика институтында оқитын.

Үшінші әйелі Бәтима Төребаева Жаңақорғаннан. Ұлы Саят - кенші, техника ғылымдарының кандидаты. Және қызы Сайра туылды.

Бәтима Мәскеуге оқуға кеткенде Біләл Сүлеевтің әйелі Фатима Ғабитовамен қарым-қатынас орнатып, тығыз байланыса бастайды. Ол неміс тілінің мұғалімі, ұлты татар еді. Сөйтіп, 1931 жылы Бәтимамен ажырасты, ол 1943 жылы туберкулезден қайтыс болды.

-Қайрат, оның балаларын білесің бе?

-Режиссер Болатты ғана естуім бар.

-Олай болса, тыңда!

 Ілиястан Жәнібек, Азат, сосын Саят, ал, сен білетін Болатың төртінші ұл, ал, қыздары Үміт пен Ильфа бар.

Болат жөнінде әңгіме бөлек. Ол атағы алысқа кеткен «Сыр сұлуы» ансамблі туралы деректі фильм түсіру үшін Қызылордаға арнайы келді. Келу себебі, тек түсірілім үшін емес, әкесін осы Қызылорда төңірегінде атты деген болжамы болды. Кәріқұлақ кісілерден сұрастырып, «Арай» мөлтек ауданында атылған «халық жаулары» қабіріне құран бағыштап кетті.

-ОҺ, зұлматтың түбі қайда жатыр, кім білсін, онда Ілияс осында десей. Біз де баруымыз керек. Құран бағыштайық.

Қайрат қалың ойдың құшағынан шыға алмай тұр. Тілінің ұшына тіреліп тұрған ащы түйін бар сияқты. Оны көзінен ұғып, көңілге түйіп қойдым. Сонан соң ол: «Ұлық ұлтымның көрмегені жоқ, талай тауқымет ардақтыларымызды тоқымдай етті-ау, зиялы қауымын зар илетіп, жер құшақтап қалған қайран қазағым-ай! Қайғыны да, қуанышты да көтерген қайран, Қызылорда!» деді көкем.

-Мынау Сәкеннің үйі!

-Мына екі қабатты үй ма?

-Ия, сол. Бірінші қабаттағы екінші терезе.

–Кәне, жақындап көрейік. Ол қайда екен?

- Әне, мұртын қиып жатыр. Кербез жігіт ғой. Айнаның алдын бермесін қарашы, - деп Қайрат терезеге жақындай түсті.

-Жігіттің сұлтаны ғой. Өзі ақын, өзі Үкімет адамы. Ал, сұлулығы ше? Қай қызың да оған ғашық. Дегенмен оның нағыз нақсүйері Гүлбаһрам болды.

Ол – Сәкеннің екінші некесі. Жалпы, Гүлбаһрам Батырбекқызы ақын Қайып Айнабековтың немере қарындасы. Екеуі 1926 жылы неке құрды, екі перзент сүйді. Қызы Лаура Қызылордада шетінеп кетті. Ал, Аян 1937 жылы «халық жауының» жары ретінде Ақмола түрмесіне алып бара жатып, лас судың зардабы ішін өткізіп, одан дене қызуы көтеріліп, қызыл вагонның ішінде көз жұмды. Гүлбаһрам вагоннан Аянның өлі денесін құшақтап түсті.

–Неткен аянышты еді. Қазақ зиялыларын қинағаны былай тұрсын, әйелдерінде не ақысы қалды?!

–Қайрат-ау, сол заманда қызмет істеген кім оңды дейсің?..

«Ұлтшыл» деді, «шет елдің тыңшысы» деді, әйтеуір әйел-еркек демей, түгел жазықсыз жазалады емес пе?

Сәкеннің әйелі Гүлбаһрам, Бейімбеттің әйелі Гүлжамал, Т.Рысқұловтың әйелі Әзиза, Қожановтың әйелі Күләндам, Т.Жүргеновтың әйелі Дәмеш, С.Аспендияровтың әйелі Рабиға, тағы көптеген қазақ әйелі түрменің тар қапасында тарықты, тәлкек тағдырға төзді, шырғалаңға шыдады, өлімге қарсы тұрды, өмірге деген үмітін үзбеді.

Сол зар заманда туылмағаныма шүкір! Әйтпесе... Бүгін бармын ба, жоқпын ба, кім білсін?

Қайраттың жүзі тұтығып кетті. Сәкендер секілді жазықсыз жазаға ұшырағандай күй кешті. Бәлкім, солай бола бере ме еді, әкем бүйірінен түртіп қалды. Ол селк етті.

-Тыныштық па?

-Қарашы, Гүлбаһрам әлденені жасап жатқанға ұқсайды.

-Не дейд! Ой, кір жуып әлек. Сәкен серінің киім тазалығына мұқият екенін білесің, үстіне шаң тисе шыр-пыры шығады.

-Өзі сұлу екен.

-Сен де айттың-ау, Сәкеннің таңдауына көрінген қыз түсе бермейді. Ақылына ажары сай ару болмаса Сәкеннің қасында бір күн тұрмайтын шығар...

-Гүлбаһрамның махаббаты бөлек әңгіме.

–Қалай сонда?

Ол түрмеден аман оралды. Дегенмен құр сүлдесі келді. Сәкен мен Гүлбаһрам 1938 жылы 8 ақпанда соңғы рет кездесіпті. Оларға конвой орыс тілінде сөйлесуді талап етті. Төбесінен төніп, әрбір сөзін бағып тұрғанда олар ойдағы оймақтай сөзді де еркін айта алмай кетті. Сол Гүлбаһрам 1973 жылы өмірден өтті.

Жарық дүниемен қоштасқанша ол сары майдай сақтап, жасырып келген Сәкеннің «Тар жол тайғақ кешу» роман-эссесін, «Тұрмыс толқынында» өлеңдер жинағын дайындап, баспаға беруге көмектесті.

–Мм, солай екен-ау...

–Қайрат, Сәкен Сейфуллин қызмет істеген КазЦИК ғимараты осы жерден қашық емес. Әттең, оны сақтай алмағанымыз өкінішті. Астана Алматыға көшкен соң тарихи нысанның бәрі бос қалды, елеусіз тұрды. Сосын шығар, оны жындыханаға берді. Ия, ия республикалық жындыхана болды. Еліміз егемендік алғанда қаңыраған ғимарат бұзылды. Сапалы Николай кірпіштен қаланған ғимарат әп-сәтте талан-таражға түсіп, пышақ үстінде бөлісіп алды. Қазір қаншама тұрғын үй осы кірпіштен тұрғызылды. Кейін қаланың сол жағалауынан сырт келбетін ұқсаттырып, ғимарат салынды. «Рухани жаңғыру» мекемесі отырды, бір жағы музейге берілді.

- Жә, қойшы оны, болар іс болып, бояуы сіңген соң не қажеті бар, онан да кеттік келесі көшеге. Биағаны да байқайық, бүгін сенбі ғой, үйінен ұзамай, отбасының қасында болар.

-Жарайды.

- Сен білесің бе, Бейімбет Жармағамбетұлы Қостанай қаласында губерниялық «Ауыл» газетінде хатшы және редактордың орынбасары қызметінен Қызылордаға келді. Ол 1925-1927 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде жауапты хатшы болды. 1927-1929 жылдарда «Ауыл тілі» газеті редакторының орынбасары, «Жыл құсы» альманағында, «Жаңа әдебиет» журналында қызметкер болды. Бір қызығы, осында шығармашылық жұмысы жанданды. Әйгілі «Шұғаның белгісі» повесі Қызылордада жазылды. Онан басқа «Раушан коммунист» (1929), «Он жылда», «Сойқанды содырлар» (1928), «Кесінділерді» (1929) түгелімен Қызылорданың құшағынан шабыттанып жазған жоқ па?

Оның орындықта отырысы да қызық, бір қолымен шашын сипалап, ширатып, бұйралату үйреншікті әдеті. Содан шабыт алады. Ойды тереңге тастап, шыңыраудан теңеу іздейді.

Айтпақшы, «Мың бір түнді» аударған Қалмақан Әбдіқадыровты өзіне арбакеш етіп алады. Қалмақан Бейімбеттің қасында жүріп, шығармашылық шеберханасынан өткен шығар, қарымды қаламгер атанды. Олар алтыбас қыпшақтар еді.

- Бейімбет Мәскеуге барғанда Максим Горькиймен кездесіп, өзара сөйлескен.

– Білем... Максим: «Бейімбет, қазақтан шыққан батыр азаматтар бар ма?» – деп сұрапты. Ол: «Аманкелді Иманов» деп жауап қатқан. Кейіннен «Аманкелді» фильмі жарыққа шықты. Фильм Бейімбеттің әңгімесі желісімен түсірілді.

Біз үйге таяп қалғанда саңғырлап әйелдің даусы естілді.

-Әй, Биеке, қолың босады ма? Отын шауып жіберші. Самаурын қояйын десем бір тал ағаш қалмапты.

-Бұл Гүлжамал ғой, - деді Қайрат.

- Дәл өзі.

Бір кезде аула ішінен балталаған дыбыс шықты. Тарс-тұрс соққылап, біршама отынды пұтап тастаған секілді. Со-с-ын барып, үнсіздік басталды.

Бейімбет еркек болып, дауыс көтерген кісі емес. Ал, Гүлжамал кербез келіншек. Өзін күтіп, баптайды. Есесіне ажарлы, күйеуінің арқасында бет бояуы баршылық, киімнің де түр-түрі табылады.

-Қалқам қайдасың? Бұл үлкен қызы Рәзияны шақырғаны.

Ол сарылау келген, шашы ұзын, пысық, әбжіл болатын. Тілі де жүйрік, ойып сөйлейтін орысшасы да бар.

-Дастарханға көмек бер, екеулеп жайнатып тастайық, - деді Гүлжамал.

Олар кешкі асқа көңілді күймен отырды.

Гүлжамал он жеті жасында Бейімбетпен қосылып, жиырма жыл бірге болды.

Есіме бір оқиға түсті.

Гүлжамал базарға кеткен. Бір уақытта сырттан ашуланып келеді. Жұмыс кабинетінде отырған Биағаңа бас салып тиіседі.

Сөйтсе соғым іздеп базарға барған ғой. Базарда Сәкен де жүр екен. Ол бұл жүрісінің жайын сұрайды. Ойында дәнеңе жоқ Гүлжамал шынын жайып салады. Сонда Сәкен әзілдеп: «Соғымды еркек іздемей ме? Бейімбет болса үйден шықпайды» дейді. Осы сөзге шамданған Гүлжамал ашуын Бейімбеттен алмақшы болған ғой. Бұған Биағаң бірдеңе демек түгілі, қарсы келмей: «Келгенің қандай жақсы болды. Бір шайпау әйелдің бейнесін шығара алмай отыр едім. Құтқардың» деп түк болмағандай ары қарай жаза беріпті.

«Халық жауының» жесірі Гүлжамал 1945 жылы түрмеден босап, Рәзияның қолында болды. Рәзия зейнетке шыққанша Жаңаарқа темір жол саласында еңбек етті. Сегіз бала, жиырма төрт немере, үш шөбере сүйді. Ал, анасы Гүлжамал 1974 жылы қайтыс болды.

Туасы, Гүлжамалдың тағдыры өте қиын жағдайда өтті. Әукен, Рәзия, Мереке, Еділ, Гүлсім дейтін бес баласымен көшеде қалды. Үйінен қуып шықты. Өзін түрмеге жапты, құлындарын балалар үйіне жіберді.

Түрме Жарық стансасында, алдымен Батық, сосын Купка деген жерде еді. Онда 3 мыңдай әйел болды. Гүлжамал түрмеде қой бақты. Оның су-жемін берді, орнын тазалады. Балаларының ішінде Мереке әкесінен аумайды.

-Қайрат, сен В.Мустиновтың «Служение народа», Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» кітаптарын оқыдың ба? Оқымасаң, сонда мына жағдайдың бәрі толық жазылған.

Мағжанның Зылиқасы қаншама қиындық пен қауіп-қатерге қарамастан күйеуінің қолжазбаларын көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі бейбіт күнге жеткізді. Сәкеннің әйелі үш мәрте темір торға жабылды, Ілиястың әйелі Алматы мен Мәскеуде тұру құқығынан айырылды.

...Осының бәрін естіп тұрып Қайрат көке қалың ойдың құшағына кіреді де тұнжырап қалады. Шытырман оқиғадан шыға алмай әуре. Запыран заманның небір қанқұйлы оқиғасын айтқан сайын теңселіп кетеді. Оны да аяп тұрмын, бекер айтты ма екен?..

-Мынау алғашқы театр қазығы қағылған орын, Қайрат. Білесің бе, оны құраған адамды?

-Есімде қалмапты. Айтпақшы, алғашқы сахналанған спектаклді ұмытпасам, «Еңлік -Кебек» емес пе?

-Жоқ. Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» драмасымен ашылды. Театрды ұйымдастырған Смағұл Садуақасұлы, театрдың тұңғыш директоры болған Дінше Әділұлы.

 Енді көрермен болып, қарақұрым халық жиналды дей алмаймын. Кілең интелегенция өкілдері тамашалаған сияқты.

Әлгі Дінше Әділовты 11 жасында Міржақып Дулатов көшеден тауып алып, бауырына басып, оқуға берген. Кезінде «Алаш» партиясының Ақмола облыстық комитетінің бір мүшесі болды, азамат соғысына қатысқан. Астана Қызылордаға көшкенде тұңғыш қазақ ұлттық театрын құрып, директоры болған. 1928 жылы желтоқсан айында «Совет үкіметіне қарсы жұмыс жүргізді» деп айыптап, үш жыл тергеді.

Ол туралы түрлі алыпқашпа әңгіме бар.

Бетпақдаланың оңтүстік тұрғындарын Түркістан республикасына қосу мақсатында туған ауылына барады. Дәл осы мезет Ақмола мен Қарқаралы уездеріндегі жер межелеу комиссиясының төрағасы Әубәкіров Сарысуға келеді. Халық оны «Қара ноғай» атап кеткен. Себебі елге түрпідей тиіп, қыз-қырқымға, әйелдерге өктемдік көрсетіп, күйеулерін түрмеге қаматып, тізесін көп батырады. Ең сорақасы, өрімдей қызды қорлаған әрекеті кешірілмес күнә еді. Мұны естіп Діншенің жан дүниесі өршіп, ағасы екеуі арнайы жасақпен «Қара ноғайды» қолға түсіріп, айыбын мойындатып, ауыр жаза қолдануға тура келеді. Сөйтіп оны атып, мұз астына тастайды. Міне, бар пәле осы жерден басталды. Оған «милиция өкілін өлтірді, Кеңес үкіметіне қарсы шықты» деген айып тағылды. Қызды қорлықтан қорғап, ақыр аяғында ату жазасына кесілген Діншенің тағдыры аянышты болғанмен ар үшін азаматтық танытқан айбары ел жадында қалды.

...Екеуі кең көшеде алшаң басып келеді. Қызу пікірталас жүрді. Әйел жөнінде. Әсіресе, орыстан әйел алғандар туралы.

-Мен әлі таңмын, қазақтың қызы құрып қалғандай, аққұлақта несі бар? Кіл мықтылар солай жасаған. Тағы қандай десеңші! Мұхтар Әуезовтің әйелі – Валентина Николайқызы, Ахмет Байтұрсыновтың әйелі – Бәдрисафа Иванқызы, Әлихан Бөкейхановтың әйелі – Елена Яковқызы, Жүсіпбек Аймауытовтың әйелі – Евгения Кириллқызы, Қаныш Сәтбаевтың әйелі – Таисия Алексейқызы, - деп Қайрат жер текпілеп күйіп-пісті.

-Оған неге жынданасың? Бір қажеттіліктен болған шығар. Мүмкін махаббат... Әлде ұлт келешегі үшін осындай қадам жасауға тура келді. Дегенмен, діні, ділі бөлек болса да діңгегі дұрыс жағын да ұмытпаған жөн, – деді де әкем, – Айталық, Ахмет Байтұрсынов некені Троицк қаласында қиды. Осы жерде Александра ислам дінін қабылдап, екі ай бойы діни дәріс тыңдайды.

Бұл туралы Ахаң:

Сұрасаңыз есімі Александра Ивановна,

Ризамын құдайдың оны маған қиғанына.

Бір кәпірді мұсылман қылып сауап тапсам,

Тұрмай ма он молданың иманына, - деп өлең жазған.

Мұстафа Шоқай 1918 жылы Ташкент қаласында бұрынғы танысы Мария Горинамен некелеседі. 1918 жылдың 1 мамырында қайын атасы Горинның өтінішімен Ташкенттен Мәскеуге аттанады. Бұл уақытта Мария Мәскеудің опера театрларының бірінен шақырту алған болатын. Жалпы, Мария Шоқай қайраткерге тұрмысқа шыққан соң, мұсылман дінін қабылдайды.

Францияның Ножан-сюр-Марн қаласында Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылған. Әйелінің арқасында Еуропа халқы оның көптеген еңбегін оқыған.

Жақанша Досмұхамедовтың өмірлік серігі Ольга. Ол да исламды қабылдады. Жалпы, Колоссовская Лениннің әйелі Надежда Крупскаямен дос болды. Сондықтан ұлы революционер қайтыс болғанға дейін Жаханшаға ешкім қол тигізбеді.

Қаныш Сатпаев Томсктегі техгеологиялық университетте оқып жүріп, Таиса Алексеевнамен танысады. Ол да геолог. Таиса тек жақсы геолог ғана болып қойған жоқ, ол Жезқазған қаласының дамуы мен ашылуына көп үлес қосты.

-Дұрыс ғой, оны түсінемін. Үйленсе үйленсін. Солардың бірі қазаққа ұлттың ұлы ретінде ұрпақ қосқан жоқ. Өкініштісі, осы ғой.

Айтпақшы, Алаш ардақтысы Халел Досмағамбетовты білесің ғой?

–Әрине. Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз әрі ғалым.

–Қызылордада «Қазақ Республикалық лепразорийі» мемлекеттік мекемесі салынып, сонда Халелдің баласы Әділхан дәрігер болды, аурухананы басқарды. Былайша айтқанда, осында жасырынған секілді. Сол Әділханның ұлы Марат та осында оқып, осында құрылыс компаниясын басқарды. Әттен, жас кетті өмірден, тектілік ғой, мықты азамат еді.

Жалпы деймін дә, Сырдың бойы бәрінің басын біріктіріп, ел мүддесі үшін бір үйдің баласындай бауырына басты ғой. Өндіріп қалам тербеді, халық қазынасын арттырды. Тау алыстаған сайын менмұңдалайды, біз таңдаулы тұлғаларымызбен, олардың өшпес өнегесімен мақтануға тиіспіз.

-Мынауың жөн сөз. Біздің астанаға бір ғасыр, білдей 100 жыл толды, Қайрат! Тарих деген тамаша тәмсіл ғой, ұрпаққа осы тағылымды жеткізейік!

- Ия, Қожанов қолдаған Қызылорда әлі де қазақтың қалың ортасы, ұлт дәстүрінің алтын қазығы. Өскен-өнген ел қазір танымастай өзгерген. Қаланың сәулеті сәнді, дәулеті мәнді. Бұған талай азаматтардың қолтаңбасы қосылды, өшпес ізі қалды. Міне, бұл өмір осылай өтті...