Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Түс түстес тағдыр
204
оқылды

Бүркеншік аты: Tayminer

ТҮС ТҮСТЕС ТАҒДЫР

Ұзын, жіңішке тақтайша. «РЕДАКЦИЯ» деп жазылған. Кей жерлері жарылып, сыдырылып кеткен. Ескі есіктің қоңыр бояуы да мүжіліп, ағаштың қабаты ашылып қалған. Әжім басқан теріні еске салады. Қасбетінде үлкен бес терезесі бар.

Табалдырықтан аттағаннан-ақ ескі қағаздың иісі сезіледі. Кіре берістен өткен бойда үлкен тікбұрышты зал басталады. Онда осы мекеменің қызметкерлері отырады. Жұмыс үстелдерінің орналасуынан мұндағы адамдардың лауазымын бірден білуге болады. Бірінші қатардағы сегіз үстел кіші қызметкерлерге арналған. Одан кейін қатаң симметриямен есіктен бастап ғимараттың қараңғы түкпірлеріне дейін көзге көрінбейтін сызық бойымен орналасқан төрт үстел екінші қатарға тиесілі. Оларда аға қызметкерлер отырады. Одан әрі екі орынбасардың үстелдері. Соңында, оңаша, жеке-дара редактордың үстелі тұр. Оны бәрі сыртынан «бастық» дейді.

Қызық. Есімнің өзі кім қалай айтқанына қарай әртүрлі мағына беруі мүмкін. Сөздің қалай айтылу мәнеріне мән берсең болды. Біреу атыңды атап шақырғаннан-ақ, сөйлеп тұрған адамның дәрежесі біле аласың. Сан алуан интонациялардың арқасында екі буынды сөздің өзі мағынаға бай болып шыға келеді. Адамдар атыңды атағаннан-ақ менсінбеушілік, ашу, кекесін немесе мысқыл білдіре алады. Мысалы, редактор Аңсарға қаратып, мына материалды жөнде дегенде, Аңсардың тәжірибелі құлағы бұл сөздерде әмірлі немқұрайдылықты анық естиді.

Бір кездері осы редакцияның айналасы қарапайым жер тамдар болған. Өкінішке қарай, қала көркі қандай болуы керегі туралы жаңа көзқарастардың әсерінен барлығы бұзылған. Тек біреуі ғана сақталып қалыпты. Мүмкін жаңадан түсетін үйлерге кедергі жасамаған. Немесе жоқшылық кезеңнің архитектуралық ескерткіші ретінде әдейі қалдырған...

Міне, осы редакцияның бүйір қабырғасына жабысып тұрған жалғыз жер үйді Аңсар жалдап тұрып жатыр. Өткеннің қалдығы ретінде өмір сүруге мәжбүр болғанынан емес. Пәтерақы арзан болғасын. Әрі үй мен жұмыс арасының жақындығынан бір жеңілдік сезеді. Өзі түскі үзіліс кезінде әріптестері қонаққа келетіндердің қатарынан болмағасын шығар. Кейде ауырып, төсек тартып қалса да, әдейі жұмысқа келіп, науқас екенін басшылыққа хабарлап кетеді. Қызметке деген адалдығына күмән туындамас үшін. Біреудің жағдайын сұрап келуіне де жол бергісі келмейді.

Жалғыз тұрғанның жақсы жері, жылдап жазып жүрген қағазыңды қобыраған күйі үстел үстінде қалдыра аласың. Ал, Аңсар бос уақытының бәрін жазумен өткізеді. Өзі көшеде жиі ұшырататын, бірақ бейтаныс бірнеше адамды біледі. Солардың өздері қандай адам, өмірі қалай, күнін қалай өткізеді, сол туралы қиялданады. Қиялға салғанын жазады.

Аңсар сияқты адамдар барлық жерде кездеседі. Мысалы, өмірінің бос уақыты деп есептейтін уақытты маркалар, монеталар, медальдар, темекі қораптары, кітаптар, автографтар, бөтелкелер, көне ойыншықтар, комикстер жинауға арнайтындар. Оларды осындай әрекеттерге итермелейтін нәрсе – жан азабы. Адам ақылына бағынбайтын хаос ғаламды қозғаушы жалғыз күш екендігін қабылдай алмаудан туындайтын шарасыз әрекет. Өз әлемін бір тәртіпке келтіруге, жүйелеуге тырысқанда тұрған не бар? Біршама қысқа уақытқа болса да, олар солай тыныш табады. Бірақ кейін, өздері қайтыс болған соң жиналған заттары таралып, жоғалып бітеді. Бәрі қайтадан бастапқы күйіне оралады. Бәрі қайтадан араласып, шатасып, берекесіз қалпына қайта келеді.

Ал, Аңсардың құмарлығы ең бейкүнә, зиянсыз істердің қатарында. Ол мүлде беймәлім адамдар туралы жазады. Онысын құпия сақтамайды да. Иә, ол өзінің азғантай әріптестеріне бұл қызығушылығы туралы ешқашан айтпаған. Бірақ бұл оның мінезінің тұйықтығына байланысты. Күлкіге қалудан қорыққандығы емес.

Аңсардың өзінің жеке өмірін бөгде көздерден қорғауға деген қатты ынтасы кейін пайда болды. Әрине, бұл кездейсоқ сәйкестік болуы мүмкін. Бірақ бұл құпияны сақтаудың не қажеттілігі бар екені түсініксіз. Адам көбіне өзіне белгісіз себептермен шешім қабылдайды. Әрі бұл шешімді қабылдағанда ақыл жолдарын соншалықты жылдам жүріп өтіп, кейін сол жолмен қайтар ізді таба алмай қалады.

Міне, солай, бір күні кешкісін, үйінде отырып, көшеден жиі ұшырасатын әлдебіреудің өмірі туралы жазып отырғанда, Аңсардың өз өмірін өзгерткен бір жаңалық ашылды. Мүмкін, бөлменің қалың қабырғасына жабысып тұрған кітап сөрелерінің тірілер мен өлілердің ауыр жүгін көтеріп тұрғанын, үстелдегі күңгірт шамның әлсіз жарығын, төңірегіндегі қоюланып келе жатқан қараңғылықты, жалғыздық пен үнсіздікті сезінгенінен болар. Осының бәрі оның санасында дауылдай соғып, беймәлім адамдар туралы жазып жүрген қияли әңгімелеріне бірдеңе жетіспейтінін түсінді.

Өзіне өзі кіруге тиым салған есікті алғаш рет ашқандай, құдды бір өліп-тірілгеннен емес, керісінше қайта тірілу идеясын жоққа шығару арқылы құдіретке ие болған құдайдың қабіріне кіргелі тұрғандай еді. Өлген құдайлар ғана мәңгі құдай болып қала береді емес пе? Әлсіз шамнан түскен бұлыңғыр көлеңкесі көрінбейтін төбені тесіп өтіп, қара аспанға ұмтылып жатқандай болды. Жазу үстеліндегі әлсіз жарық өте алыс жұлдыздың көмескі сәулесі секілді.

Аңсар бұған дейін қалай жазу керегін жақсы білсе де, не жазу керегін білмей келіпті. Ол өз кейіпкерлерінің шын өмірін жазуы керек. Қалай? Қалай болса да. Қандай жолмен болса да өз кейіпкерін жақыннан танып, жақсы біле алуы тиіс. Осы ойға мықтап бекінді де өзіне қажетті сабырлылықты қайта тапты. Лезде қатты шаршағанын сезді. Алақаны терлеп, арқасы мұздап, бұл әлсіздігін әлдебір абстракциямен күресу қажеттігі туындағандықтан деп түсіндірді өзіне. Алғаш рет өзіне деген сенімділікті, өзіне тиесілі болған, бірақ енді ғана иелік етуге құқық алған нәрсеге қолы жеткенін сезінді. Содан соң, жарықтың жұқа шеңберінде тұрған жазу үстеліне көз тастап, не істеу керектігін түсінді. Иә, дәл солай, енді үстелге отыру керек. Мүмкін, көп жұрт білмейтін шығар, өмірде кездесетін көп мәселенің шешімін табу үшін отырып, сол туралы ерінбей жазып шығу жеткілікті.

Бірақ Аңсар ештеңе жазбады. Тапжылмай отырған күйде қалды. Қағаздардың үнсіз сыбдырын тыңдап, таңның атқанын күтті. Қала шамдары сөнген кезде көрші редакцияның биік есіктерінің үстіндегі бес терезе қара-сұр түске айналды. Сонда ғана орнынан тұрып, жуынып, қырынды. Таңғы асын ішті. Ең жақсы костюмін киіп, көшеге шығып, редакцияға кірді. Аңсарға ешкім мән беріп те қарамады. Әріптестер әдеттегідей амандасып жатыр. Бірақ олар шын мәнінде Аңсардың кім екенін, кіммен амандасып жатқандарын білген жоқ.

***

«Тағдырдан қашып құтылмассың» деп ойлаған Аңсар есікке қарай бет алды. Кешкі серуенге шығып қайтпақ еді. Бірақ жарты жолда кенет тоқтады. «Қызық, мен бұл әйелді неге кейіпкер етіп таңдап алғанымды есіме түсіре алмай тұрмын». Қайта оралып, үстелге отырды. Онысы өзіне өмірдің жақындап қалған бір сәтін кейінге шегере тұрғандай көрінді. Ол әйелді кешкі серуен кезінде жиі көретін. Жасы отыз бестер шамасында. Қалада мұндай адамдар жүздеп, тіпті мыңдап кездеседі. Тіпті, соншама адам бір күнде осы көшемен-ақ өтеді. Сондықтан неге ол әйелге ерекше назар аударғаны түсініксіз. Бұл ерекше зейін қойғанының астарында әлдебір бұлыңғыр алаңдаушылық секілді сезім де бар еді. Бұл сезім адамның бір нәрседен еріксіз босап қалған қолын қайда қоярын білмей, бос әрі әрекетсіз қалдырғанындай сезім болатын.

Аңсар ол сезімін бұрын суреттеп жазуға да талай тырысқан. Бірақ алаңдаушылық пен белгісіздік арасындағы қайшылықты сезімді сөзбен жеткізу мүмкін де емес. Ол сезімді тағдыры жеңіл, өмірді қалай болса солай сүріп жатқан адамдар кездейсоқ сөзбен айтып қалуы ғана мүмкін. Сонда да болса, ол әйелдің тағдыры несімен қызықтырды?

Өмір барлығы үшін бірдей басталады. Үлкен-кіші айырмашылықтар кейінірек пайда болады. Біреулер энциклопедияларға, өмірбаяндарға, каталогтарға, оқулықтарға енсе, басқалары жаумай өтіп, жел қуып көкжиекке сіңген бұлт секілді еш із қалдырмайды. «Міне, мені алайық, деп ойлады Аңсар. Менің осы қалада тұратын жүздеген кейіпкерім бар. Ал жазу үстелімде – ешкім танымайтын әйел туралы әңгіме жатыр. Әрі, бұл жағдайда бір бейтаныс әйелді мұның жүз кейіпкерінің жеңе алмағаны қалай? Жүздің бірдей болмағаны, бірдің жүзге теңесіп тұрғаны қызық». Осы отырғанында біреу кіріп келіп: «Сен шынымен біреудің жүз адамға тең екеніне, бейтаныстың өмірі өзіңдікінен қызық екеніне сенесің бе?» деп сұраса, ойланбастан «Мен ешқандай дәрежеге жетпеген қарапайым адаммын, егер өзімді кейіпкерлерімнің біреуіне тең санасам, олар туралы жазбаған болар едім» деп жауап берер еді.

Сонда бұл белгісіз әйел туралы жазғанынан көз алмай отырған Аңсар оны басқалардан артық санай ма? Дәл солай. Өйткені ол белгісіз адам. Ал басқа белгісіздер ше? Аңсар оларды білмейді. «Олай болса, – деп кейіді өзіне. – Басыңнан барлық метафизиканы шығарып таста да, ұйықта». Десе де, әлі айтары бар еді. Мысалы, метафизикалық ойларды кез келген бас тудыра алады. Бірақ оларды сөзбен жеткізу қабілеті кез келгенге берілмеген.

Өткен түнде мүлде кірпік қақпаса да, Аңсар бүгін де тыныштықта ұйықтай алмады. Метафизикалық ойларының шатасқан лабиринтінде ол белгісіз әйелді кейіпкер етіп алуға итермелеген себептерді зерттеуді жалғастырады. Бірақ күтпеген әрекетіне ақылға қонымды түсінік таба алмайды. Ойында өткен күннен де ештеңе қалмапты. Есінде қалғаны – редакцияға сабырлы түрде кіргені. Әлдебір шенеуніктің әкесінің атына көше берілгені туралы шағын мақала жазып шыққаны. Көздері бір сөйлемді екіншісіне жылжытып жүргені. Шын мәнінде, сөздерді бір жерден екінші жерге көздері көшіріп тұрғандай болғаны. Асықпай, күнделікті тапсырманы бітіргені.

Ұйқысыздықтан әбден шаршап, түн ортасында жазу үстеліндегі шамды жақты. Төсектен тұрып, іш киімінің үстінен халат киді де, үстелге отырды. Көп уақыт өткен соң, ақыры, шынтаққа басын қойып, бір қолымен қолжазбаны жауып отырып, ұйықтап кетті.

***

Аңсар бір шешімге келгенше арада екі тәулік өтті. Әдетте адамдар шешімді өзіміз қабылдаймыз деп ойлайды. Сол үшін де үнемі өзгелерге әрекет жасамас бұрын ұзақ ойланғанын, артық-кемін өлшеп, барлық мүмкіндіктерді қарастырғанын, содан соң ғана шешімге келгенін көрсеткісі келеді. Бірақ шынында бұлай болмайды. Әрине, бас иесі аштықты сезінбесе, тамақ жеуді ойламайды. Ал аштық ешкімнің еркіне бағынбайды. Тән қажеті өздігінен пайда болады. Дәл сол сияқты, көшеден газет сатып алу секілді қарапайым әрекет те сондай пайда болған қажеттіліктен. Бұл ең қарапайым әрекет газет дүңгіршегі ашық, сатушы орнында отыр деген сенім мен үмітке сүйенеді. Алайда, біз шешімдерді өзіміз қабылдаймыз деп айтқанда, бірінші кезекте, шешімді орындайтын кім екенін анықтауымыз керек. Шын мәнінде, біз шешім қабылдамаймыз ба, әлде керісінше ме?

Осындай ес ағымына қарағанда, Аңсар ең қатаң тергеу барысында да шешімді қалай және неге қабылдағанын түсіндіре алмас еді. Мысалы, әдеп нормаларына өте қатал қарайтын бастығы сұрай қалса, мынадай жауап естір еді:

– Мен тек оқиғаның бейсенбі күні кешке болғанын білемін. Үйде отырғанмын. Соншалықты шаршағанымнан кешкі ас ішуге де зауқым соқпады. Басым әлі де айналып тұрды. Өйткені мен сол күнімді компьютер алдында өткіздім. Ал, бастығым бір адамға соншама тапсырма беруге болмайтынын түсінуі керек еді. Мен оған жас бала емеспін. Денсаулығым да болмай жүр.

– Сіз бұрын ешқашан шағымданбаған едіңіз.

– Шағым айту әдетімде жоқ.

– Шағым айтпау – жақсы қасиет. Сонымен не болды?

Ұйқыға жататын кез келгенін ойлап отырдым. Тіпті шешініп те қойғам. Кенет осы шешімге келдім. Бейсенбіден жұмаға қараған түн болатын.

– Сол түні не болды?

– Мен сізге соны айтып отырмын ғой. Төсегімнің жанындағы үстел үстінде белгісіз әйел туралы жазғандарым жатты. Мен оған кенеттен бұрын оны көрмегендей қарап қалыппын.

– Ал сіз оны бұрын көрдіңіз бе?

– Әрине. Өзім жаздым ғой. Шынын айтсам, дүйсенбіден бері мен одан басқа ештеңемен шындап айналыспаған едім. Сонымен, аяқ киімімді киіп, пиджакты үстіме іліп, сыртынан плащ жамылдым. Ал, галстук тақтым ба, оны есіме түсіре алмай тұрмын.

– Бұл қай уақыттар шамасы?

– Шамамен он жарымдарда.

– Сонда сіз қайда бардыңыз?

– Белгісіз әйел тұратын жерге.

– Қандай ниетпен?

– Ол тұратын көшені, үйді, пәтерді көргім келді.

– Білесіз бе, бұл сіз сияқты қарапайым журналист үшін жаман аргумент емес.

– Меніңше, қарапайым журналистердің дарыны жиі елеусіз қалады, оларды бағаламайды.

– Мүмкін... Сонымен? Әрі қарай не болды?

– Мен ол тұратын үйді іздеп таптым. Терезелерде жарық жанып тұрды.

– Содан кейін не істедіңіз?

– Бірнеше минут тұрдым.

– Жәй қарап тұрдыңыз ба?

– Дәл солай, жәй қарап тұрдым.

– Басқа ештеңе болмады ма?

– Басқа ештеңе болған жоқ.

– Содан кейін ше?

– Содан кейін де ештеңе.

– Сіз есікті қақпадыңыз ба?

– Жо-жоқ, кеш уақыты, олай ету тіпті ойыма да келмеді.

– Сол кезде сағат қанша болды?

– Түнгі он екіге жуықтап қалған.

– Ол үйге жаяу бардыңыз ба?

– Жаяу.

– Қайтарда ше?

– Қайтарда да жаяу.

– Басқаша айтқанда, сіздің куәгерлеріңіз жоқ қой?

– Қандай куәгерлер?

– Мысалы, сізді подъездің жанында көрген адамдар, автобустағы кассир деген сияқты. Сіздің сол белгісіз әйел тұрған көше бойында жүргеніңізді растай алатын біреу.

– Оны неге біреу растауы керек?

– Бұл оқиғаның түс немесе қиял еместігін дәлелдеу үшін.

– Мен сізге тек шындықты айтып отырмын. Менің сөзім жеткілікті емес пе?

– Мүмкін, жеткілікті болар да еді. Бірақ сіздің сөзіңізде бір үлкен, мүлдем қисынсыз деталь бар.

– Қандай деталь?

– Галстук.

– Галстуктың бұған қандай қатысы бар?

– Қатысы бар. Өйткені сіздің ешқашан галстук таққаныңызды көрген емеспін. Бұл сіздің табиғатыңызға жат нәрсе. Меніңше, сіз ұйықтап, түсіңізде сол белгісіз әйелдің үйіне бара жатқаныңызды көрдіңіз.

– Олай емес. Мен сізге сол көшені сипаттап бере аламын.

– Алдымен ол жерде ешқашан болмағаныңызды дәлелдеу керек. Мысалы, сол үйдің қандай екенін айтып бере аласыз ба?

– Сіз маған сенбейтін сияқтысыз.

– Иә, дәл солай, сенбеймін.

– Неге екенін білуге бола ма?

– Өйткені сіздің айтқаныңыз ақылыма сыймайды. Ал, менің ақылыма сыймайтын нәрсе жоқ.

– Мен өз жұмысыма қайта оралсам бола ма?

– Иә, барыңыз, жұмысыңызды істеңіз. Бірақ галстук мәселесі бойынша кейін дұрыстап сөйлесуіміз керек.

Өз ойынша, Аңсар осылай қызметтік тергеуден сәтті құтылды. Редактордың мысқыл аралас үніне қарамастан, оңай жеңіп шықты. Әр сөзін соншалықты сенімді түрде айтты. Әуелі өзін-өзі алдап, кейін осы өтірікке өзі сеніп қалғандай.

Әйтпесе, Аңсар шын мәнінде ол үйге кірген. Баспалдақпен көтеріліп, белгісіз әйелдің үйінің есігіне құлағын да тосқан. Тек қоңырауды басуға батылы жетпеді. Алайда қараңғы баспалдақ алаңында бірнеше минут бойы қозғалмай тұрып, ішкі жағынан қандай да бір дыбыстар естілмей ме деп тың тыңдап тұрды. Бесіктегі баланың жылаған дауысын естіді. «Баласы шығар» деп ойлады. Содан кейін әйелдің ыңылдап жұбатқанын естіді – «Бұл өзі болуы керек» деп ойлады. Кенеттен ер адамның дауысы оны бөліп жіберді. Ер адамның жылаған дауыстан мазасы кеткен сияқты. Ашулы естілді.

Аңсардың жүрегін үрей билеп алды. Есік кез келген сәтте ашылып кететіндей көрінді. Себебі дауысынан байқағаны, ер адам далаға шығуға дайындалып жатқан сияқты. Шыға қалса «Сіз кімсіз, мұнда не істеп жүрсіз?» деп сұрар еді. «Сонда мен не істеймін?» деп сұрады өзінен. Қорқыныштан есі шыға жаздады. Бірақ, бақытына қарай, ер адамның кешкі астан кейін достарымен кафеде уақыт өткізетін әдеті жоқ сияқты. Нәрестенің жылағаны тағы естілгенде, Аңсар ақырын басып баспалдақпен төмен түсе бастады. Сол қолымен қабырғаны жеңіл сипалап, тепе-теңдікті сақтауға тырысып келе жатты. Айнала тастай қараңғы болатын. Сол сәтте біреу баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатқан болса, бір-бірімізбен соқтығысып қаламыз-ау деген ой маза бермеді. Оның үстіне, қарсы көтеріліп келе жатқан адам кездейсоқ қызметтесі болып шығуы мүмкін еді. Немесе оны қылмыс үстінде ұстау үшін соңынан аңдып жүрген біреу. Бұл да қызметтік тергеудің тақырыбына айналуы ғажап емес еді.

Ақыры көшеге шыққанда, аяқтары дірілдеп, маңдайынан тер шығып тұрды. «Жүйкем тозып біткен екен», – деп ойлады ол өзін сынай. Сосын күтпеген жерден ойлары тізгінсіз жан-жаққа шашырап, кеткендей болды.

Уақыт қайта өз орнынан қозғалып, жайлап ұзарып, одан кейін барған сайын жылдамдай бастады. Қағылып-соғылып үйіне жеткенде өзін он жасқа қартайғандай сезінді. Сағаттар қандай уақытты көрсетсе де, уақыт әр адам үшін әртүрлі өтеді ғой...

***

Аңсар тағы бір қиын түнді өткізді. Алдыңғылар сияқты, бұл түн де оның өміріндегі ең ауыр түндердің бірі болды. Сол себепті, өзінің қысқа түнгі сапары кезінде басынан кешкен қатты күйзелістеріне қарамастан, әдеттегідей, жастықтың шетіне басын салып, ұйқыға кетті. Бірақ біреу иығынан сілкіп жібергендей шошып оянды. Оны ұйқысынан жұлқып тұрғызған, түс көруге мүмкіндік бермеген ой – мүмкін, белгісіз әйел есік артындағы баланы әлдилеп отырған ана, сол шыдамсыз ер адамның жары шығар деген кенеттен келген түсінік болды. Егер солай болса, Аңсардың іздеуі аяқталды деген сөз. Әрі енді басталған сәтте. Ол өзі іздеген әйелді көшеден кездестірмегеніне біршама көп уақыт өткен.

Кенеттен тамағына түйіліп қалған мұң сезімін баса алмай, ішкі түйсігіне қарсыласуға тырысты. Өзін немқұрайлы ұстап: «Ештеңе етпейді, бәрі жақсы, бас қатырмай-ақ қой», – деп айтқысы келді. Бірақ мұңы оны одан сайын қыса түсті. Ақыры сол ішкі мұң ақыл-ойына сұрақ қойды: «Егер ойлаған жоспарың жүзеге аспайтын болса не істейсің?»

– Әдеттегідей, өз әңгімелерімді жаза беремін, – деп жауап берді ақыл-ойы.

– Әңгімеге қарағанда роман оқылымды ғой. Роман жазсаң қайтеді?

– Мен оқырман үшін емес, өзім үшін жазамын.

– Бейшара, мен сенің бұдан әрі осы жалғыздығыңа шыдай алатынына сенбеймін.

– Неге?

– Мұң, егер бір келсе, оңайлықпен кетпейді.

– Басқа кейіпкерді таңдап, тағы біреуді іздесем болады ғой.

– Ол таңдау емес, кездейсоқтық. Кездейсоқтық саған сол әйелді кейіпкер етіп алуды ұсынды. Бұл жағдайда тек кездейсоқтық қана шешім қабылдай алады.

– Айналамда белгісіз адамдар көп қой. Солардың біреуі туралы жазамын.

– Иә, адам көп. Бірақ дәл осы әйелден басқа біреуді таңдауыңа себеп аз. Сенің түсінетін уақытың жетті ғой. Егер кездейсоқтық болмаса, мың рет кезіксең де адамға көз тоқтатып қарамауың мүмкін.

– Жоқ, мен ондайға сенбеймін. Өмірді тек ақылға салып құруға да, тек кездейсоқтыққа сенуге де болмайды.

– Не десең де, кездейсоқтық саған осы әйел жайлы жаздырды.

– Мұндай нәрсені ешқашан ойламаппын.

– Мұндайды тек жалғыздықтан шаршаған адамдар ғана ойлайды.

Бұл ақыл-ой мен күдік-күмәннің әңгімесі еді. Ал, Аңсар бұл әңгіме оған қатысы жоқтай, әрі-бері аунап, ұйықтай алмай жатты. «Егер есік артындағы әйел шынымен мен іздеген әйел болып шықса, осы қарғыс атқан әңгімемді жыртып, оны ұмытар едім», – деп ойлады ол. Сосын көңілін жайландыру үшін өзін алдауға тырысқанын білді. Өйткені енді бұрынғы ойларына орала алмайтынын сезді. Өзін адам аяғы баспаған алыс бір аймаққа сапарға аттанғалы тұрғанда әлдекім ойынан айнытқандай, «Қайда барасың? Сен іздеген белгісіз мекеннің өз тұрғындары, өз атауы мен тарихы бар, сабаңа түс те, сол қалпыңда қала бер», – деп айтқандай еді. Бірақ Аңсар мойындағысы келмеді. Ол ойының өзін жай ғана оятпағанын, шатастырғанын түсінді.

***

Аңсар өзінің жеке жағдайларын сылтау етіп, оларды ашып айтқысы келмейтінін жеткізді. Бірнеше жылдық мінсіз қызметін алға тартты. Мұндай өтінішпен алғаш рет жүгініп отырғанын айтты. Ақыры жұмыстан бір сағат ерте кетуге рұқсат сұрады. Редакцияда қалыптасқан әдетке сәйкес өзінің тікелей бастығына осылай өтініш білдірді. Өтінішті редакторға жеткізу оның тікелей басшысының көңіл-күйіне байланысты еді. Ал, редактор рұқсат бере ме, жоқ па, ол тіпті белгісіз. Редактор өз шешімдерін жазбаша немесе ауызша түсіндіріп әуре болмайтын. Сондықтан неліктен бір сағат емес, жарты сағат ерте кетуге рұқсат етілгені құпия болып қала береді.

Аңсар рұқсатын алғаннан кейін сағатына қараумен болды. Тағдырмен кездесуден кешігіп қалғысы келмеді. Үй иесі – есіктің арғы жағынан дауысы естілген ер адам жұмыстан қайтып келмей тұрғанда үлгергісі келсе, такси ұстау керегін түсінді. Бір жағынан оны ешкім күтіп отырған жоқ. Тіпті дәл сол уақытта үйде ешкім болмауы да мүмкін. Бірақ бәрінен де үй иесінің ашулы мінезін көруден қорықты. Өйткені ондай адамға не шаруамен келгеніңді түсіндіру, әйелдің сұрақтарына жауап бергеннен әлдеқайда қиын болар еді.

Алайда күйеуі есік алдына шықпады. Пәтер ішінен дауысы да естілмеді. Демек үй иесі әлі жұмыста немесе үйге қарай келе жатыр, ал әйелдің қолында бала жоқ деген сөз. Аңсар өзіне есік ашқан бойда әйел, мейлі ол тұрмыста болсын, ажырасқан болсын, оның іздеген адамы емесін көрді. Бірден кетіп қалуына болар еді. Мысалы, қателесіппін, мен басқа адамды іздеген едім, деп сылтау айтуына болады. Бірақ, қалай айтсақ та, жобалауынша өзі іздеген әйел осында тұратын. Әрі, пәтерде тағы басқа адамдар, солардың арасында іздеген адамы табылуы мүмкін. Бірақ бұл мүмкіндікті бүкіл жан-тәнімен қабылдағысы келген жоқ.

– Сәлеметсіз бе.

– Сізге не керек? – деп сұрады әйел.

– Мен редакция қызметкерімін. Маған осы пәтерде тұратын адам туралы мәліметтер жинау тапсырылды.

– Мен де, күйеуім де бұл жерге енді көшіп келіп жатырмыз.

– Шынында да, менің іздеген адамым отыз бес-отыз алты жаста.

– Ал мен жиырма тоғыздамын.

– Демек, сіз емес екенсіз. Ал сіздің атыңыз кім?

Әйел жауап берді. Аңсар кідіріс жасап, жымиғандай түр көрсетті. Өзінің іс-әрекетінен ыңғайсызданғаны еді. Сосын келесі сұрағын қойды.

– Сізге дейін мұнда тұрғандарды білмейсіз бе?

– Жоқ. Пәтер бос тұрған.

– Ал бұл үйде бұрынғы тұрғындардың біреуі бар ма?

– Төменгі қабатта, оң жақтағы пәтерде, жасы келген бір әжей тұрады. Мүмкін сол кісі білер. Бірақ, меніңше, біреу біреудің жайын білуі екіталай, қазір адамдар жиі көшіп жүреді ғой.

Аңсар тағы бірдеңелерді сұраған болып, әңгімені үзгісі келмеді. Тамағын кенеп, сөйлеуге оқтала бергенде:

– Мен білмеймін, сіз сол әжеймен сөйлескеніңіз жөн. Кешіріңіз, менің кетуім керек, күйеуім жақында келеді, ал оған бөтен адамдармен сөйлесіп тұрғаным ұнамайды.

– Мен бөтен адам емеспін, – деді Аңсар қызарақтап. – Мен редакция қызметкерімін. Өз қызметтік міндетімді орындап жүрмін... Кешірім өтінемін, сізді мазаладым...

Аңсардың ұялшақ үнінен әйел лезде жұмсарды.

– Мазамды алған жоқсыз. Айтқым келгені, егер күйеуім үйде болғанда, ол сізден ресми құжат талап етер еді. Мысалы, төменде тұратын әжей ешкімге есігін ашпайды. Ал мен керісінше, адамдармен сөйлескенді жақсы көремін.

– Мені жылы қабылдағаныңызға рахмет.

– Оқасы жоқ. Көмектесе алмағаным өкінішті.

– Керісінше, өте жақсы көмектестіңіз. Төменгі қабатта тұратын әжей туралы айтып бердіңіз. Ресми құжатты еске салдыңыз.

Әңгіме осылай әлі де біраз уақыт жалғасар еді. Бірақ кенеттен пәтердегі тыныштықты нәрестенің жылаған даусы бұзды.

– Ұлыңыз ба? – деп сұрады Аңсар.

– Ұл емес, қыз, – деп күлімсіреді әйел. Аңсар да оған жымиып жауап берді.

Осы кезде төменде есік сарт етіп жабылды. Баспалдақтағы жарық жанды.

– Күйеуім келді, қадамдарынан танып тұрмын, – деп сыбырлады әйел. – Жылдам кетіңіз. Менімен сөйлеспегендей болыңыз.

Бірақ Аңсар төмен қарай түспеді. Аяғының ұшымен бір қабат жоғары шықты да, қабырғаға сүйеніп тұрып қалды. Жүрегі қатты соғып, өзін шытырман оқиғалы фильмде жүргендей сезінді. Жас жігіттің қатты қадамдары жақындай берді. Дыбыс үдей түскенде есік қоңырауы басылды. Ал есік ашылып, қайта жабылғанда, нәрестенің жылаған даусы естілді. Сосын баспалдақтың айналмалы жолына тыныштық орнады. Бір минуттан соң баспалдақтағы жарық сөнді.

Сол кезде ғана Аңсар өзінің белгісіз әйелмен болған бүкіл әңгімесі екеуінің де бір-бірінен жасырын сырлары бардай өтіпті. Әйел бірінші сөйлескен сәттен-ақ баспалдақтағы жарықты жақпағаны есіне түсті. Тіпті «бұл әйел не жасырып қалды екен?» – деп өзіне сұрақ қойды. Бірақ жауап таба алмады.

Ақыры баспалдақпен төмен түсе бастады. Әуелі сақтықпен, кейін асыға басып, бірінші қабаттағы әжейдің есігінің жанында бір-ақ тоқтады. Ішінен радионың бәсең шуылы естілді. Бірақ қоңырауды басуды ойлаған да жоқ. Оны демалысқа, сенбі немесе жексенбіге қалдыруды шешті. Жақсылап дайындалуы керек. Әрі қолында нақты ресми құжаты да жоқ. Әрине, тілші куәлігін көрсетуге тура келеді. Есесіне, нақты мөрі бар құжат әңгімелесуді жеңілдететін болады. Егер бәрі ойдағыдай өтсе, әңгіме есіктің сыртында аяқтала қоймас. Тіпті әжей осы үйде тұрған белгісіз әйелді танымайтын да шығар. Мүмкін, әлсіреген жадында тек көмескі естеліктер ғана қалған болар. Немесе әйел елден, тіпті әлемнің басқа бұрышына көшкен болса ше?

Ойына алаңдаушылық қосылды. Шынымен де, қарапайым адамдарға ешкім назар аудармайды ғой. Олардың не істеп жүргенін, не ойлайтынын, не сезінетінін ешкім білгісі келмейді. Ал, адам керісінше танымал болған жағдайда, бұл көбінесе жалған немесе екіжүзділік болып шығады. Егер белгісіз әйел шетелге кетіп қалса, Аңсар үшін ол өліп кеткенмен бірдей. «Онда бәрі біткені», – деп күбірледі ол. Бірақ бірден ойын жиып алды. Ол әйел бұл үйден кетсе де, өзінен кейін бір із қалдырған болар? Тым болмағанда төрт-бес жылдық кішкентай өмір ізін. Бәлкім, қандай да бір кездесу, керемет әсерлері, көңілі қалған сәттері, күлкісі мен көз жасы... Бір қарағанда қарапайым адамдардың бәрі бірдей көрінгенімен, әр адамның өмірі әртүрлі ғой. «Мен жеткен жеріме дейін барамын», – деді Аңсар. Бұрын ешқашан болмаған сабырлы қалыппен үйден шықты. Қайтар жолда кеңсе тауарлары дүкеніне кірді. Жаңа әңгіме бастардағы әдетімен қалың дәптер сатып алды.

***

Сенбі күні Аңсар ең жақсы костюмін киді. Ішіндегі көйлегі де таза үтіктелген еді. Галстук та тақты. Бірақ үйден шыққан соң біреу алқымынан алып, қылғындырып жатқандай сезініп, бүктеп-бүктеп, ішкі қалтасына мөрмен безендірілген қызметтік куәлігімен бірге салып алды. Үйінің алдында тағы да такси тоқтатты. Бұл жолы асыққаннан емес. Бүгін оның иелігінде толық бір күн бар. Бірақ аспан бұлтты, жаңбыр жауып кетуі мүмкін. Бірінші қабатта тұратын әжейге малмадай су болып, шалбарының балағына лай жабысқан күйде көрінгісі келмеді. Әжей оны кіргізбей тұрып, шаруасын айтып үлгертпей, есікті тарс жауып тастауы мүмкін. Аңсар толқып тұрды. Өзін қалай қарсы алады екен, әжейге оның қызметтік куәлігі қандай әсер қалдырар екен деп ойлады. Содан да есік қағарда ауыр күрсінді. Лезде арғы жақтан «Кімсіз? Не керек? Сізді кім жіберді? Менің оған қандай қатысым бар?» деген сұрақтар жауа бастады. Аңсар бәріне байыппен жауап беріп шықты. Мұндай сұрақтарға ойша әбден дайындалған еді.

Үйдің есігі сәл ашылған кезде, ол әжей деп жүргені өзі елестеткендей кәрі кемпір емес екенін байқады. Кемпірлерде мұндай тірі жанар, түзу мұрын, мықты, бірақ жіңішке еріндер, мүлде әжімсіз бет болмайды. Әйел есікті толық ашпады. Тек көршілермен шаруасы жоқ екенін айтты. Аңсар екінші қабатта сол жақ пәтерде тұратын әйелді іздеп жүргенін айтты. Осыны естіген соң ғана жағдай түзеле бастағандай еді. Бірақ «Сіз оны білесіз бе?» деп сұрағанда, есік қайта жабылды.

– Білгенмін, – деп жауап берді әйел.

– Мен сізге осы әйел туралы бірнеше сұрақ қойғым келеді.

– Сіз кім боласыз?

– Жаңа айттым ғой, тілшімін.

– Оның шын екеніне қалай сенемін?

– Менің қызметтік куәлігім бар.

– Неге сіз оған тікелей барып, өзінен сұрамайсыз?

– Менде оның қазіргі мекен-жайы туралы ақпарат жоқ.

– Һі-і-мм-м...

Әйел қимыл-қозғалысымен әңгіменің аяқталғанын білдіргендей болды. Бірақ Аңсар оңайлықпен берілмеді. Қалтасынан қызметтік куәлігін галстукті бірге алып шықпайын деп баяу шығарып:

– Міне, оқыңыз, – деді.

Әйел басын шайқап: «Мен оқымаймын, оның маған еш қатысы жоқ», – деді. Аңсар куәлікті ұстап, қолын созған күйі тұрып қалды. Тығырыққа тірелгені еді. Бірақ кенет әйел қағазды алып, дәліздегі жарықты жақты да, бауына ілулі тұрған көзілдірігін киіп, құжатты оқыды. Сосын құжатты қайтарып, есікті айқара ашып, жол берді.

– Кіріңіз, әйтпесе көршілер тыңдап тұрған шығар.

Әйелдің мұнысы жасырын серіктестікті меңзегендей болды. Аңсар өзінің алғашқы шайқаста жеңіске жеткенін түсінді. Бұл жеңіс оның өміріндегі алғашқы шынайы жеңіс болатын.

Әйел оны шағын, таза әрі мұқият жиналған, өткен дәуірлердің талғамына сай безендірілген қонақ бөлмеге алып барды. Орындық ұсынып, өзі де отырды. Сосын оған тесіле қарап: «Сіз кімсіз?» – деп сұрады.

– Жаңа ғана куәлігімді көрсеттім ғой.

– Сіз тек есіміңізді ғана айттыңыз.

– Иә, менің есімім Аңсар.

– Сонда сіз маған кез келген сұрақ қоя аласыз, ал мен сізден ешнәрсе сұрауға құқығым жоқ па?

Аңсар үнсіз қалды.

– Не білгіңіз келеді? – деді әйел үнсіздікті өзі бұзып.

Сол кісіге қатыстының бәрін.

Әйел маңдайынан сипап, әжім басқан қабақтарын баяу төмен түсірді де, көзін ашпастан:

– Ол қыздың анасы менің оның күйеуімен байланысым бар деп күдіктенетін, – деді.

– Ал сіздің байланысыңыз болды ма?

– Иә. Әрі ол байланыс ұзақ уақытқа созылды.

– Олар сол үшін көшіп кетті ме?

– Жоқ, – деді әйел көзін ашып. – Менің құпияларым ұнады ма?

– Маған іздеген адамыма қатысты нәрселер ғана қызық.

– Сонда сізге әрі қарай не болғаны қызық емес пе?

– Тілші ретінде – жоқ.

– Ал адам ретінде ше?

– Басқа адамдардың өміріне араласатын әдетім жоқ, – деді Аңсар. Өз шкафында жатқан бөтен адамдар туралы жазылған қаншама қолжазбаларын ұмытып кеткендей. – Әрі қарай да ерекше ештеңе болмаған шығар.

– Сонда да болса, сіз менің күйеуіме опасыздық жасағанымды естіген алғашқы адамсыз. Басқа сұрақтарыңыз жоқ па?

– Қандай сұрақтар?

– Мысалы, сол оқиғадан кейін мен некеде бақытты болдым ба, жоқ па дегендей.

– Оның маған қатысы жоқ.

– Ал, меніңше қатысы болуы керек. Өйткені бір адамның ісі – бәрінің ісі.

– Сіз көп нәрсе білетін сияқтысыз.

– Таңқаларлық түк те жоқ. Мен ұзақ өмір сүрдім.

– Менің де жасым отыздан асты. Бірақ сіздің қасыңызда өзімді ештеңе білмейтіндей сезінемін.

– Отыз бен елудің арасы өте ұзақ жол.

– Сонда сіздің жасыңыз елуде ме?

– Сәл көбірек.

– Сонымен... Сол оқиғадан кейін некеде бақытты болдыңыз ба?

– Демек, сізге менің құпияларым бәрібір қызық екен ғой.

– Мен басқа адамдардың өмірі туралы аз білемін.

– Әдетте адамдар өзге тұрмақ, өз өмірі туралы да онша білмейді.

– Мүмкін солай да шығар.

– Біле білсеңіз, күйеуім мені кешірді.

– Жай кешіре салды ма?

– Иә. Негізі ерлі-зайыптыларда бұл жиі болады. Жақсы көрген соң кешіреді, кешірген соң жақсы көреді дегендей. Сіз расында бала сияқтысыз, сізге әлі көп нәрсені білу керек.

– Иә, солай көрінеді.

– Сіз үйленгенсіз бе?

– Жоқ.

– Біреумен бірге тұрасыз ба?

– Жоқ.

– Ең болмаса қысқа байланыстар да болмады ма?

– Жоқ, ондай да болған жоқ. Жалғыз тұрамын.

– Үйленген соң түсінесіз.

– Әзір үйленетін ойым да жоқ.

– Олай сенімді болмаңыз. Алда не болатынын кім біледі?

– Дұрыс айтасыз, – деді Аңсар, басын төмен салып. Қойын дәптерінен әлдене тексергендей болды. – Күйеуіңізбен сөйлесе аламын ба?

– Мен жесірмін.

– А-а, – деді Аңсар. Бұл үнде шынайы жеңілдік те, жалған жанашырлық бер еді. – Сіз жуырда ол әйелден хабар алмадыңыз ба? Қазір қайда тұрақтағанын білмейсіз бе?

– Жоқ.

– Демек, мен тұйыққа тірелдім. Түсінбегенім, ол әйел туралы ешбір дерек білмесеңіз, неге айтары бар адамдай мені үйге шақырдыңыз?

– Себебі сөйлесетін адамым жоқ.

Аңсар әйелге, ал әйел оған қарап отырды. Екеуінің көзқарасын сипаттаудың қажеті де жоқ еді. Біраз үнсіздіктен кейін Аңсар ақыры:

– Менде де жоқ, – деп жауап берді. Сезімтал жүректі оның көзіне жас толып кетті. Әйел оған:

– Сіз дәл қазір тілшіге ұқсамайсыз, – деді.

– Бірақ мен тілшімін. Басқа ешкім емеспін, – деп жауап берді ол.

– Кофе ішесіз бе?

– Қуана-қуана.

Кофе мен печенье үстінде екеуі аз сөйлесті. Тек қарғыс атқан уақыттың қалай тез өтетіні туралы бірнеше сөз алмасып қойды.

Кофе ішіліп, әңгіме аяқталды. Аңсар орнынан тұрып қайтуы керегін айтты да, уақыт бөлгені үшін алғысын білдірді. Әйел оны есікке дейін шығарып салды. Есік жабарда ғана қулана жымиып:

– Мүмкін телефон анықтамалығы, интернет, әлеуметтік желіден дегендерден іздеу керек шығар, – деді.

Соңғы сөздер Аңсарға соншалықты қатты соққы болып тиді. Сыртқа шыққанда жаңбырдың ұсақ тамшыларының бетінен тарамдап төменге қарай домалап бара жатқанын да байқамай қалды. Жаңбыр төбеден тіке емес, төрт тараптан бірдей төпелеп жатқандай еді. Қоштасу сәтінде айтқан әйелдің сөздері, былай қарағанда еш мысқылсыз айтылған. Бірақ бұл сөздер Аңсардың аңғалдығын көрсеткендей болды. Дәл көз алдында тұрған нәрсені көре алмағандай әсер қалдырды. Себебі ол өзі іздеген адамының есімін де білмейтін.

Үйден қалпақсыз, сырт киімсіз шыққан. Аспанда айналып жүрген тамшылар тура басына тиді. Ал, оның басында қолайсыз, жағымсыз ойлар айналып жатты. Ойлары бір нүктеге шоғырланғандай болды. Ол нүкте әлі де анық көрінбегенімен, бірте-бірте айқындала бастады. Ол басында пайда болған ойларды өзінің еркіне бағындыра аламын деп ойлағанымен, шын мәнінде бұл ойлар оны басқа бағытқа жетелеуі мүмкін еді.

«Жақыныңды табу үшін, одан алысырақ кету керек» деді өзіне өзі жаңбыр астында тұрып. Көңілі алай-дүлей болып, жаңа ғана тілдескен адамы туралы әділетсіз, жағымсыз ойлар ойлағаны үшін өкінді. Расымен де, әйел оны жылы қабылдады. Кеңес те берді. Тіпті, «келіп тұрыңыз» дегенді де айтты. Аңсар бірнеше күннің ішінде қайта оралып, бейтанысты іздеу қалай жалғасып жатқанын айтып беремін деп өзіне уәде берді. Әрине, әуелі бұл тапсырманы редакция емес, өзінің ішкі сезімі бергенін мойындайды. Сосын барып өзінің бүкіл өмірін – жалғыздығы, жазып жүрген әңгімелері туралы да айтып береді. Әрі ол бұны тек сол бірінші қабатта тұратын егде жастағы әйелге ғана айтар еді. «Оны айтудың да уақыты келеді», – деп ойлады.

Сол сәтте автобус келді. Лық толы екен. Кенет оған айналадағы адамдар, жауып тұрған жаңбыр мен автобус – соның барлығы тек өзіне арнап қойылған қойылымның бір бөлшегі, декорациялар сияқты көрініп кетті. Мүмкін, мұның өмір деп жүргені сондай бір әзіл үшін жасалған қойылым шығар? Мысалы, Аңсарға арқасын беріп, автобус терезесіне бетін тигізіп ұйықтап отырған әйел шамамен 35-36 жаста болуы мүмкін. Ол әйелге қарап отырып, Аңсардың ойы бір сәтте қалықтап кетті: «Мүмкін, бұл мен іздеген әйел шығар?». Бірақ оны тексеріп көру мүмкін емес. Түрін таныса да, сол ма жоқ па тексеріп көру үшін бейтаныс адамды түртіп оятып, өзіне қарата алмайды ғой.

Екі аялдамадан соң әйел автобустан түсті. Ол аялдамада автобустың кетуін күтіп тұрды. Демек, көшенің арғы бетіне өтпек. Аңсар оның түрін сонда ғана жаңбыр тамшылары тұнған терезенің арғы жағынан анық көре алды. Сол сәтте әйел басын көтеріп, оның көзіне тіке қарады. Олар бір-біріне қарап тұрды. Автобус орнынан қозғалғанша бір-бірінен көз алмады. Тіпті, одан кейін де әйел оны көзімен шығарып салды. Аңсар бар денесімен бұрылып оған қарады. Әйел де дәл солай үңіліп көз тастады. «Бұл кім болды екен?» деп ойласа керек. Ал Аңсар «Бұл сол әйел ғой» деп айқайлап жіберуге шақ қалған еді.

Аңсар түсетін аялдамадан редакцияға дейінгі аралық қашық емес еді. Бірақ үйіне жеткенше басынан аяғына дейін су болып қалды. Асығыс киімін шешіп, шалбары мен шұлығын ауыстырып, басынан тамшылап тұрған суды сүртіп жатқанда өзімен-өзі сөйлесіп жүрді.

– Сол ма?

– Жоқ, ол емес. Шын өмірде олай болмайды.

– Ал егер ол шынында сол болса?

– Өзін тапқан соң, анық білетін боласың. Егер сол болса, оған «біз автобус ішінде кездестік» деп айтасың.

– Оның есінде қалмайтын шығар.

– Қалады, бірақ тез арада табуың керек. Бірақ сен оны тез табуды қаламайсың, тіпті іздегің келмейтін сияқты. Әйтпесе интернеттен қарап алатын едің. Содан бастауың керек еді.

Олай ету ойыма келмепті.

– Редакцияда компьютер бар.

– Қазір редакцияға барғым келмейді.

– Қараңғылықтан қорқасың ба?

– Мен ештеңеден қорықпаймын. Қараңғылықты да бес саусақтай білемін.

– Сен сол айтып отырған саусақтарыңды да білмейсің.

– Егер өзің туралы осындай ойда болсаң, өзгелер не ойлайды? Біле білсең, көктегі құстар да сайрайды, не үшін екенін өздері де білмейді.

– Сен лирик сияқтысың.

– Жоқ, жай ғана көңілім түсіп тұр.

– Мұндай өмірден көңілің түспеуі мүмкін емес.

– Автобустағы әйел соның өзі деп елестетші. Оны енді ешқашан көрмейтін болсам ше?

– Саған оны табуға тағы бір мүмкіндік бар.

– Қандай мүмкіндік?

– Бірінші қабатта тұратын кемпірдің кеңесін орындау керек.

– Ол кемпір емес.

– Мейлі. Онда сол жасы келген ханымның айтқанын істе.

– Ондай зәрлі мінезіңді қой.

– Жарайды, бұл әңгіме осымен бітсін.

– Келістім. Интернетке шығу керек.

– Мен саған соны айтып тұрмын ғой.

Аңсар үй киімімен, аяғына тәпішке киіп, редакцияға кірді. Өзінің үй киімімен келгеніне газет тігінділері мен редакциядағы сарғыш жарық алдында өзін ыңғайсыз сезінді. Өзімен өзі сөйлесе отырып, компьтерді біраз ақтарды. Шамамен жасы, басқа да өзіне белгілі параметрлері бойынша барлық жерден іздеді. Ештеңе таппады. Сосын әлдене жазғысы келді. Бірақ әуелі үйіне жетіп алуға шешім қабылдады. Өйткені үйде өзіңді еркін сезінесің. Ақыры өзі мұнда келмегендей қылып барлығын орнына қойды да, үйіне қайтты.

Уақыт кешкі асқа жақындап қалған. Бірақ күні бойғы толқыныстары оның асқа деген тәбетін басып тастады. Жаңадан сатып алған дәптерін алды. Онда өзінің ізденісін, кездесулерін, әңгімелерін жазуды ойлаған. «Бұл роман болар еді», – деп күбірледі дәптерін ашып жатып. «Егер бұл роман болса, бірінші қабаттағы әйелмен әңгіме дайын тарау болар еді», – деді де қаламын алмақ болды. Бірақ сол сәтте әйел түскен аялдаманы білетіні есіне түсіп, бұрын ойламаған бір нәрсені түсінді. Белгісіз әйел сол маңда тұратын болуы мүмкін. Егер солай болса, аялдама жанындағы жұрттан сұрастыруына болады.

Ішкі дауысын елемей, дәптерге алғашқы сөздерін жаза бастады: «Мен екінші қабатқа көтерілдім, белгісіз әйел тұрған пәтердің есігінен не болып жатқанын тыңдадым. Содан кейін нәрестенің жылаған дауысын естіп, баласы екен деп ойладым. Бірақ кейін оның басқа адам екенін білдім».

 

***

Аңсар кеш оянды. Суық тигізіпті. Түсінде әлдебір биік төбеге шығып бара жатқанын есіне алды. Жаңбыр құйып тұр екен дейді. Ал белгісіз әйел қолын тізесіне қойып, ең жоғарыда оның көтерілуін күтіп отыр екен. «Әуелден осында келуің керек еді», – дейді. Аңсар демін әзер алып: «Сенің осында екеніңді білмедім», – деп жауап берді. Әйел болса: «Мен үнемі осындамын», – деді де, оған көтерілуге көмектесу үшін еңкейіп, қолын созып еді, кенеттен ғайып болды. Әйелмен бірге төңіректегінің бәрі жоқ болып, тек тоқтамай жауған жауын ғана қалыпты. Аңсардың түсі түсініксіз, бірақ өңіндей анық болды. Қатты қызуы көтеріліп, басы ауырып тұрған. Сырқатынан толық айыққанша ешқайда шықпауды, тіпті төсектен де тұрмауды шешті.

Қызуы қайтып, жөтелі тоқтағанша бір апта өтті. Ауру кезінде салмақ жоғалтыпты. Әйтсе де, жеке бас денсаулығына қатысты ескертулер айту редакциядағылардың әдетінде жоқ еді. Сол себепті Аңсардың арықтаған түрі мен сүдіні қашқан бейнесі оның әріптестері мен бастықтары тарапынан ешқандай пікір туғызған жоқ. Алайда бұл пікірлер сөзбен емес, көзқараспен жеткізіліп жатты. Себебі оларға тән төзімділік пен ұстамды аяушылық көздерінде тұрды. Бұл сезімді сырттан келген адам, сол мекеме әдеттерін білмейтін жан, толықтай немқұрайдылық деп ойлап қателесуі мүмкін еді. Аңсар жұмыста апта бойы болмағанына алаңдап, жұмыс күні басталғанда бірінші болып редакцияға келді.

Қатарға қайта қосылған оны қарсы алған, жоғарыда айтылғандай, жанашырлық, жұмыс күні басталғаннан жарты сағат өткенде бастық редакцияға кірген сәтке дейін ғана сезілді. Әрі қарай бұл жанашырлық бірден қызғанышқа ауысты. Бұл түсінікті де еді. Бірақ мұндай қызғаныш сөзбен не әрекетпен көрсетілмеді.

Бірнеше күн бұрын редакцияда Аңсардың сырқаттанғанын бастық тым жақын қабылдағаны жайлы сыбыс тарады. Тіпті, оған үйіне тамақ жеткізуге бұйрық бергенін, әрі бір рет жұмыс уақытында өзі барып жағдайын сұрағаны әңгіме болды. Редактор жұмыс орнына өтер алдында Аңсардың жанында тоқтап, оның сауығып кеткен-кетпегенін сұраған сәтте барлық қызметкерлердің, дәрежесіне және лауазымына қарамастан, ішкі абыржуын елестету қиын емес. Бастықтың Аңсарға қамқорлық көрсеткені олардың салқынқанды ортасында дөрекі, тіпті ұятты естілді. Редактор болса, Аңсарды ешкімнен көмек те сұрамайтын жалғызбасты адам ретінде тағдырдың тәлкегіне тастай алмағанын түсіндірді.

– Жалғыздықпен өмір сүру қиын, Аңсар. Жалғыздық қайғы-қасіретке, үлкен қателіктерге алып келеді. Адам жалғыз қалғанда рухына бір нәрсе ауыр тиеді, – деп еді редактор. Аңсар:

– Мен қайғыға толық берілмеймін. Мүмкін табиғатымнан сәл меланхолияға бейім шығармын. Бірақ бұл кемшілік емес, – деп жауап берді.

Қателіктер ше? Мен жалпы қателіктер туралы айтып отырмын. Ал жұмыстағы қателеріңді корректор кейін түзетеді.

– Мен ешқашан біреуге қасақана зиян келтірген емеспін. Менің айтарым осы ғана. Ал өзіме қатысты қателіктерге келетін болсақ, мен оларды көп жасадым, сол себепті жалғыз қалдым.

Аңсар алдына келген тапсырманы бастығымен жақында ғана болған осы әңгімені ойлап отырғанда көрген еді. Тапсырманың өзінде тұрған ештеңе жоқ болатын. Бұған дейін қаншама рет жасағаны. Қазанама жазу қажет. Мәселе кім туралы жазу қажет екенінде. Есімі, өмірдерегі, туған жылы мен басқа да анкеталық деректері белгісіз болса да, суреттегі адамды бірден таныған. «Сол!». Сол дегені өзі іздеп жүрген белгісіз әйел болатын.

Санасында найзағайдай жарқ еткен және солайша оны күйзелткен сөз: «Қайтыс болған». Оның қызметтік міндеті бойынша алдына келген мұндай тапсырма сол адам қайтыс болғанын білдіретін. Алайда дәл қазір, анық шындықтың дәлелі тұрғанда, оның өмірден өткеніне сенгісі келмеді. Ол бейқам немесе тәжірибесіз біреу қате жіберген шығар деп өзін алдаусыратып, үмітін үзбеді. Бірақ өзін алдап отырғанын бірден түсіне қойды.

Дәл сол сәтте редактор кіріп келген. Аңсар орнынан тұрған болатын. Бірақ аяғынан жан кетіп, денесі терлеп, орындыққа отыруға мәжбүр болды. «Кешіріңіз», – деп күбірледі ол. Редактор оған бірнеше секунд қадала қарап тұрды да, өз орнына бет алды. Редактор орынбасарын шақырып, оған бір нәрсені сыбырлап айтты. Айтып жатып Аңсарды нұсқады. Бұл дегеніміз, орынбасар алған нұсқауларды Аңсарға тапсырады деген сөз. Бірақ берілген тапсырма шын мәнінде өтінішке көбірек ұқсайды.

Аңсар, - деді орынбасар, – Редактор сізді әлі толық жазылмаған деп санайды. Жаңа ғана есеңгіреп қалғаныңызды бәріміз көрдік.

– Мен есімнен танған жоқпын. Бұл жай ғана әлсіздік.

– Әлсіздік пе, әлде есінен тану ма, маңызды емес. Сіздің толықтай сауығуыңыз керек.

– Ең болмаса алған тапсырмамды бітірейін? Негізі бірнеше күнде толық жазыламын.

– Редактор сізге қысқа мерзімді демалыс алуға кеңес береді. Оншақты күндей демалып, дұрыс тамақтанып, қалада серуендеп, бақтар мен саябақтарды аралап дегендей... Бір сөзбен, әл жинаңыз.

Аңсар мұны естігенде таңырқады. Себебі қарапайым қызметкерлермен мұндай әңгімелер жүргізілмейтін.

Аяқ астынан он күн еркіндік алып, сыртқа шыққан бойда алдына келген қазанама туралы ойлады. Демек, өзі іздеген әйел туралы ертең өз газетінен оқиды.

 

***

Ойдағы уақыт кәдімгі уақыттан басқаша жылжитынын Аңсар бұрыннан білетін. Өзінің қарапайым тілші дәрежесіне қарамастан, ол өмірлік тәжірибе мен өзі оқыған көптеген кітаптардан мол ақпарат жинақтаған. Бұл ақпаратты, әсіресе, әдеби шығармалардан алып, адамның ішкі әлемі мен уақыттың байланысына қатысты түсінігін тереңдеткен. Алайда ол өзінің бүкіл өмірінде дәл сол сәттегідей уақытты өлшеудің мүмкін еместігін сезінбеген. Белгісіз әйелдің қайтыс болған күнін қайта-қайта қарап, оны өзінің іздей бастаған күндерімен салыстырып көрді. Бірақ уақыттың қай жерде тоқтап қалғанын түсіне алмады. Егер оған «Ол күні не істедің?» деген сұрақ қойылса, ол сол күні жұмыста болмағанын және тұмауратып, төсекте жатқанын есіне түсірер еді. Сол түні түсініксіз бір түс көріпті. Белгісіз әйел сол шамада қайтыс болған. Бірақ бұл фактілер оның ойындағы уақыттың кәдімгі уақытпен сәйкес келгенін дәлелдесе де, оның жағдайын жеңілдетпеді. Өзінің түсінде көрген төбесінің ең жоғарғы нүктесінде тұрмағанымен, денесінің соңғы күндерде ұзарып немесе қысқарып жатқанын сезінгендей болды.

– Мүлде мәнсіз нәрселерді көп ойлайсың, – деді өзіне Аңсар.

– Тәулік әрдайым 24 сағаттан, минут әрдайым 60 секундтан тұратын. Егер сағат артта қалып немесе алға озса, бұл уақыттың емес, механизмнің кінәсі. Мүмкін сағатың ескірген шығар, – деп күліп қойды тағы.

– Біле білсең, уақыттың шын мәнінде не екенін ешкім білмейді. Адамдар уақыттың не екенін емес, оны қалай өлшеуді ғана біледі. Мұндағы ақау –уақыт өлшейтін механизмде емес, сенің психологиялық механизміңде. Сондықтан саған психологқа барып, сол тетікті түзеттіріп алу керек, – деді ол тағы да.

Бірақ кейіннен байсалды қалыпқа түсті.

– Ештеңе етпейді. Бәрі оңай шешілді, табиғат өзі реттеп берді. Әйел қайтыс болды, енді істейтін ештеңе жоқ.

– Бірақ егер осы оқиға туралы естелікті сақтап қалғың келсе, сен ол туралы қазанаманы сақтап қоясың. Ал басқалар үшін бұл әйел ешқашан дүниеге келмегендей болады. Енді онымен ешкімнің де шаруасы жоқ. Ол кім болды, ата-анасы кім, олар оны шын жүректен жақсы көрді ме, қанша уақыт қайғырды? Бастапқыда қатты қайғырған шығар, кейін қайғы басылады. Бұл өмірдің заңдылығы.

Алдында газеттің жаңа нөмірі жатты. Онда белгісіз әйелдің фотосуреті бар. Бірақ ол сурет те өлі. Өз уақытында өмірден өткен, сол әйел қайтыс болғанға дейін-ақ өліп кеткендей. Негізі ескі фотосуреттерде бәрі жасанды көрінеді. Бізді өмірде бар екенімізге сендіреді. Шындығында олай емес. Біздің қарап отырған адамымыз әлдеқашан жоқ. Ал егер ол бізді көре алса, танымай: «Маған сонша аяушылықпен қарап тұрған бұл адам кім?» деп сұрайтын еді. Осы сәтте Аңсар кенеттен белгісіз әйелдің ғұмыр-тарихы кімге қажет екендігі туралы сұрақтың жауабын күтпеген жерден тапты. Ешкімге!

Ойда жоқта шыққан демалысын үйде өткізбеуді шешті. Бірінші қабатта тұратын әйелге бармақшы болды. Шығуға дайындалып тұрған сәтінде басында ащы ой пайда болды: «Ал егер бірінші қабаттағы әйел де қайтыс болған болса ше? Жасы келген адам, денсаулығы мықты деп айта алмайсың ғой. Әрі бұл дүниеден өту үшін бір рет дүниеге келу жеткілікті».

Аңсар оның есігін қағып жатқанын елестетті. Ұзақ уақыт қаққаннан кейін ғана пәтердің есігі ашылып, өзі білетін кісі емес, мүлде басқа бір әйел шаршаған түрмен: «Босқа әуре болма, жоқ ол. Үйде жоқ. Еш жерде жоқ. Қайтыс болды. Иә, екі апта бұрын. Ал сіз кім боласыз?» – деп жауап бергендей болды.

Өзінің қияли әңгімелерге бейім екенін байқап, өзін-өзі сынап, бірінші қабатта тұратын әйелдің әжуа-мысқылына ұшырамас үшін шын мәнінде не болып жатқанын анықтап алуға шешім қабылдады.

Кеш түсіп келе жатқанына қарамастан, қала үстінде әлі де жарық көп еді. Ал алғашқы шамдар жанғанға дейін шамамен жиырма минут қалған. Аңсар аялдамада жалғыз емес болатын, сондықтан бірінші автобусқа отыра алмайтынын сезді. Дәл солай болды. Алайда келесі автобус та көп күттірмей келді. Ішінде орын жеткілікті екен. Терезе жанынан орын тиді. Ол отырып, терезеден сыртқа көз салып, атмосферадағы сирек оптикалық әсерге байланысты ғимараттардың қасбеттері қызғылт түске боялғанын бақылап отырды. Дәл сол сәтте әрбір ғимаратқа күн шығып тұрғандай әсер берді. Артта редакция қалды, өзі тұрып жатқан қалқайған кішкентай жер там, редакцияның бес терезе саңылауы, қайта жөндеуді қажет еткенде ешқандай жөндеу көрмеген, тек қабырғасының әр жері мүжіліп, құлайын деп тұрған ғимараты қалды.

Жолдағы қандай да бір бөгет автобустың жүруіне кедергі болды. Аңсар қобалжып, бірінші қабаттағы пәтерге тым кеш келіп қалмауды ойлады. Өткен жолғы әңгіме өте ашық өткеніне қарамастан, кешкі уақытта есік қағу ыңғайсыз көрінді. Алаңға қайтадан көз салды. Жарық өзгеріп, редакция ғимаратының қасбеті бірден сұр түске еніпті. Осы сәтте автобус кенеттен жылдам қозғалып, алаңнан шығып кетті, ал Аңсар белгісіз әйелді іздеп соншама сабылған өз әрекетінің түпкі себебін табуға тырысып отырды. Ақырында ол бұның себебін анықтады. Бірнеше жыл бойы редакция мен өзінің үйінен тұратын ғимараттар кешенінде жалғыз өмір сүргенін түсінді. Бұл ой Аңсардың бойына белгілі бір тыныштық әкелді. Алайда, сол сәтте белгісіз әйел туралы жазылған қазанаманы есіне алды. Ол сол газетті екі бүктеп төс қалтасына салды ма, әлде ұмытып, үстелдің үстінде қалдырып кетті ме?

Біз білетіндей, ойларымыз, мейлі олар мұңды, қуанышты болсын немесе екеуі де болмасын, түбінде өзінен-өзі шаршайды. Өздерінен өзі жалығады. Тек оларға уақыт беру керек. Яғни, олардың табиғатынан туындайтын баяу ағымына ерік беру керек. Оларға жаңа, қайшылықты ойларды қоса бермей, әсіресе, әрдайым әлсіреп бара жатқан ой алдында қызықты, бірақ шалыс бағыт тұрған кезде араласпауға тырысу керек. Немесе керісінше, араласып, бірақ ойды жеңіл, байқатпай итермелеп, әсіресе ол көңілде алаң туғызар әрі жанды қыздыратын ой болса, оған: «Әне, соған бар, сол жаққа бұрыл, маған бөгет жасама, өзің де бөгелме», — деп бағыттау керек.

Осындай оймен орнында тыпыршып отырған Аңсар жанындағы адамның әбден мазасын кетіріп, оны басқа орынға отыруға мәжбүр етті. Оның өзге орынға ауысып жатып «Бұл бір есі ауысқан адам екен» деп ойлағаны айдан анық. Әрі бұл ойды дәл осы сөздермен ойлады. Аңсар көршісінің кетуіне назар аудармады, себебі ойы бірінші қабаттағы пәтер иесіне ауысып кетті. Қарт әйел оның алдында тұрар еді. Ол: «Есіңізде ме, мен редакцияданмын», — деген сұрағына әйел: «Иә, есімде», — деп жауап береді. «Мен сізге тағы да сол мәселемен келдім». «Іздеген адамыңызды таптыңыз ба?» «Жоқ, таппадым, яғни, таптым, бірақ қалай айтсам екен... Мен сізбен сөйлескім келеді, сіз маған біраз уақытыңызды бөлсеңіз екен». «Кіріңіз, мен де сізге бірдеңе айтқым келіп тұр», — деп жауап береді әйел.

Әйел пәтерінің есігін ашқанда Аңсарды бірден таныды. Сондықтан есіңізде бармын ба, мен редакцияданмын деп сұраудың қажеті болмады. Аңсар бұл сұрақты сонда да қойды. Өйткені біз әрдайым кім екенімізді бар әлемге жария еткіміз келіп тұрады ғой.

Кішкентай қонақ бөлмеде ештеңе өзгермепті. Аңсар өткен жолы отырған кресло сол орнында, үстелден дәл сол қашықтықта тұр екен. Перделер де дәл солай, сол бүктемелерімен ілініп тұрды. Ал қожайын әйел қолдарын тізесіне, бұрынғыдай, оң қолын сол қолының үстіне қойып отырды. Тек шамның жарығы күңгірттеу болып көрінді. Төбедегі шам өз мерзімінің соңғы сәттерін өткеріп жатқандай. Аңсар: «Қалыңыз қалай?» – деп сұрады. Бірақ бірден өзін іштей сөкті. Өйткені қарапайым әдеп ережелерін сөзбе-сөз қолданудың қажеті жоқ. Сөйлескенде үнемі жағдайды ескеру керек. Мысалы, егер егде әйел күлімсіреп: «Құдайға шүкір, жақсы, денсаулығым тамаша, көңіл күйім де керемет, бұрын-соңды бұлай сергек сезінген емеспін», – деп жауап берсе, қонақ келесі сөзімен оны тұйыққа тірейтін еді: «Өткенде мен іздеп жүрген адам қайтыс болды». Бірақ егде әйел оның сұрағына жауап бермей, тек иығын селқос қимылдатып:

– Білесіз бе, мен бірнеше күн бойы сізге редакцияға қоңырау шалмақшы болдым. Бірақ кейін бәрібір сіз маған өзіңіз келерсіз деп ойладым, – деді.

Сол сәтте Аңсар өзін үйдегі шаң-тозаңнан да төмен сезінді. Ал әйел қонақ бөлмеден шығып, ас үйге кетті. Бірнеше минут ыдыс-аяқтың сылдыры естілді. Аңсар шайды су қайнап тұрғанда емес, қайнауы аздап басылған сәтте демдеу керектігін бір журналдан оқығанын есіне алды. Ол салқын су ішсем де жетер еді деп ойлады. Бірақ шай шаршаған кезде ең жақсы құрал деп шешті. Қожайын әйел науаға екі шыныаяқ, қант салғыш пен печенье салынған вазаны қойып алып кірді.

– Мен сізден сұрамаппын, шайды жақсы көресіз бе, жоқ па, бірақ осы уақытта шай кофеден гөрі орындырақ деп ойладым, – деді ол.

– Иә, шайды жақсы көремін.

– Қант қосасыз ба?

– Жоқ, рахмет, мен қантсыз ішемін, – деді Аңсар. Бозарып, қайтадан терлей бастады. «Мүмкін, мен әлі тұмаудан толық жазылмаған шығармын», – деп ақталды. Қолы ылғалданып, дірілдеп кетті. Шыныаяқ үстелде тұрмаса, міндетті түрде қолынан түсіп, ыстық шай тізесін күйдірер еді. Вазадан бір печенье алып, оны баяу шағып жеді. Сөйлеу қиын болғандықтан, әр сөзін ойланып айта алды:

– Сіз маған не айтқыңыз келді?

Қожайын әйел шайын бір ұрттады. Бірақ печеньені алмады.

– Мен бірнеше күн бұрын сіз іздеген адамның нөмірін тауып алып, қоңырау шалдым. Бірақ жауап болмады. Негізі оған бірнеше рет, таңертең, түсте, кешке, тіпті түнде қоңырау шалдым. Бірақ бәрі бекер болды, – деді ол.

Екеуі біраз үнсіз отырды. Әйелдің жүзі өзгеріп, сұраққа толы болып көрінді. Аңсар орнынан тұрып, әйелге қарады.

– Құрметті ханым, сізге оның қайтыс болғанын айтуым керек, – деді ол. Әйелдің көзі шарасынан шыға жаздап, қолын аузымен жапты.

– Не?

– Қайтыс болды, – деді Аңсар.

– Сіз мұны қайдан білесіз?

– Қазанамадан оқыдым, – деп жауап берді ол, иығын қозғап қойып.

– Қашан?

– Мен сізге газет әкелдім, қарап шығыңыз.

Әйел газетті алды, бірақ оқымады. Сосын Аңсарға қарап:

– Сіз маған осы үшін келдіңіз бе? – деп сұрады.

– Иә.

– Неге?

– Себебі мен сізге қарыздармын.

– Енді сізге де оны іздеудің қажеті жоқ екен ғой, – деді әйел.

– Иә, дұрыс айтасыз.

– Қызық, бірақ сіз әлі маған не үшін оны іздегеніңізді айтпадыңыз.

– Бұл енді маңызды емес.

Әйел шыныаяқты үстелге тарс еткізіп қойып:

– Білесіз бе, меніңше осында біреу шындықты, ал екіншісі шылғи өтірік айтып жүргендей, – деді.

– Мен өтірік айтпадым.

– Маған басқа айтарыңыз болмаса, дереу кетіңіз, – деді әйел. Аңсар есікке бұрылып бара жатты да, қайта оралды.

– Кешірім сұраймын. Мен сізге бәрін айтып беремін.

***

Аңсар «бәрі» дегенінің бәрін айтып шықты. Асықпай, ештеңесін қалдырмай айтты. Ақыры үндемей қалғанда, әйел:

– Енді не істемексіз? – деп сұрады.

– Ештеңе.

– Тағы да беймәлім адамдар жайлы әңгімелерге ораласыз ба?

– Білмеймін... Әйтеуір бірдеңе істеу керек қой, – деді де, аз-кем үнсіз қалып, ойланып барып жауап берді. – Жоқ, енді олай етпеспін.

– Неге?

– Адамдардың өмірлері алыстан да, жақынан қарағанда да өте біркелкі екен. Барлығы бірдей, көрінеді, сөйлейді, келіп-кетеді.

– Бәріміз де сондаймыз ғой.

– Мен олай емеспін.

– Сіз де, мен де, бәріміз де сыртқа шығып, үйге қайтамыз, сөйлесеміз, кейде күлімсірейміз де. Бірақ оны ешкім байқамайды.

– Мен іздеген әйелдің мезгілсіз өмірден өткенін менің редакциям байқады ғой, – деді Аңсар газетті нұсқап.

– Жоқ, оған газеттің бір нөмірі аздық етер еді. Мұнда тек туған, қайтыс болған уақытты және тағы бірнеше нәрсе ғана. Үйленген бе, ажырасқан ба, жесір қалған ба, қайтадан үйленді ме, бақытты болды ма, жоқ па, өзгелерге бәрібір. Бақыт пен қайғы бүгін бар, ертең жоқ нәрселер ғой. Бірақ одан да жаманы – ешкімнің кім екенімізді білгісі келмейтіні. Көбіне біз тек есім мен бірнеше дата жазылған қағаз ғанамыз.

– Осы қазанама сияқты ма?

– Иә, осы қазанама сияқты. Ал, сіз егер оны тапсаңыз, не істер едіңіз?

– Білмеймін, мүмкін сөйлесер едім, ал мүмкін, сөйлеспес едім. Бұл туралы ешқашан ойланған емеспін.

– Өзіңіз сонша іздеген адамға шынымен кезіксеңіз де, оған қатысты ештеңе біле алмас едіңіз деп ойламадыңыз ба? Оны шынымен тану үшін тапқан соң да қайтадан іздеу керек болар еді.

– Иә, бірақ енді ол табылмас жаққа кетті ғой.

– Сізді түсінбеймін. Қанша іздедіңіз, енді осымен бітті ме бәрі?

– Енді не істеу керек?

– Мүмкін оның ата-анасымен сөйлесерсіз?

– Неге?

– Оның қалай өмір сүргенін, немен айналысқанын білу үшін. Ата-аналар өз балалары туралы айтқанды ұнатады ғой.

– Тіпті олар енді бұл өмірде жоқ болса да ма?

– Қашанда солай.

– Егер бұрын оларға бармаған болсам, енді мүлдем бармаймын.

– Айтпақшы, ол қалай қайтыс болды?

– Білмеймін.

– Қалай білмейсіз? Өлім себебі жазылуы тиіс қой.

– Жоқ, қазанамада тек күн көрсетілген, бірақ себебі жоқ.

– Сіз осылай айтып қоя салмай, жағдайды анықтауыңыз керек. Ата-анасына барып, барлық мән-жайды білу қажет.

Екеуі біраз үнсіз отырды. Әйел Аңсарға кінә артқандай қарады. Бұл қарасынан Аңсар өзін бір нәрсе уәде етіп, соңғы сәтте бас тартқандай сезінді. Орнынан тұрып, қоштасқысы келді. Бірақ бұл өте өрескел, өзіне де жағымсыз болар еді.

Ақыры кетуге рұқсат сұрап, өте нәзік түрде қоштасты.

– Уақытыңызды, мазаңызды алғаныма кешірім сұраймын.

– Сіз менің тыныштығымды бұзбадыңыз. Мен өзімді жалғыз сезінемін. Әрі, сізге кейбір өмірімдегі қиын сәттер туралы айтқаным жеңілдік әкелді.

– Мен де солай ойлаймын.

– Кетпей тұрып сізден бір нәрсе сұрағым келеді, - деді әйел.

– Иә, әрине, мен көмектесуге дайынмын.

– Мені есіңізге түсірген сайын, келіп тұрыңыз. Айтарыңыз болмаса да, әңгіме айту үшін емес, жай ғана соғып тұрсаңыз болады.

– Әрине, қуана-қуана...

– Сізді әрдайым шай немесе кофе күтіп тұрады.

– Соның өзі жеткілікті. Бірақ келуге басқа да себептер табылар.

– Рахмет, бірақ менің айтқаныма да тым қатты мән бермеңіз. Оның ата-анасымен сөйлесу керек дегенім де, сіздің оны іздегеніңіз сияқты ақымақтық қана.

– Жарайды, ойланып көремін.

 

***

Аңсар араға күн салып зиратқа барды. Арасынан бір адам қапталдап әзер өтердей қатар қойылған, ересек адамның иығынан келетіндей биіктікте қоршалған қабірлер арасымен қазанамадағы әйел жерленген жерді іздеді. Жүрісі баяулап, әр адымын сенімсіздеу басып, жиі тоқтап, мүк басқан, жаңбыр суынан тілімденген құлыптастарды зерделеп, бірді-екілі жақынының басына келіп аят оқып не жылап отырған адамдарға қарап, немесе жолай назарын аудартқан тасқа жазылған сөздерді оқуға тырысып, қайта жүріп отырды.

Орта тұсына дейін адамдар жерленген, өзі де белгіге айналған бір дөңгелек төбешікке шығып, айналасына көз жүгіртті. Оның жан-жағында тек жер бедеріне сәйкес жоғары өрлеп не төмен ойысқан, жазықтықта жайылып, кездейсоқ пайда болған төбелерді айналып өтіп жатқан қабірлер көрінді. «Мола көп екен», - деп күбірледі ол. Бұрынырақ әлдекімнің «уақыт өте бәрін мола басып, тірі адам жүрерге жер қалмай қоймай ма?» дегені есіне түсті. Бір сәтке ойға шомып, мәйіттерді қаз-қатар жақын қойып, бастарына тек шағын төртбұрышты тас қойылса, қанша жер үнемделер еді деп ойлады. Ол тастың жоғарғы бес қырына марқұмның өмірі жайлы ең маңызды ақпар ғана жазылса, ол жазылуы мүмкін емес кітаптың бес беттік түйініндей болар еді.

Алыстан, сонау көкжиекке жақын жерден баяу қозғалып жатқан қала шамдары көрінді. Күннің биіктігіне, сағатына қарап, егер әйелдің қабіріне күн батпай жетуді қаласа, жылдамдатуы керек екенін түсінді. Әлдебір әлсіз дауыс оған әйелдің қабіріне баруды басқа күнге қалдыруды ұсынғандай болды. Егер ол шынымен қайғырып, басына гүл шоқтарын қойғысы келсе кез келген уақытта такси немесе автобусқа отырып, зиратты сыртынан айналып өтіп, қажетті орынға бірден жете алар еді.

Аңсар бұл кеңеске келісер-келіспесін білмей, ой құшағында тұрған сәтте көрген түсі есіне түсті. Сол бір жаңбыр астында тік әрі тайғақ төбеге қорықса да шыққанын еске алды. Енді дәл осындай жолда ұзақ жүрдім деп, шаршап қалғаны дұрыс болмас еді. Күндізгі жарықта жүріп өткен жолын есіне алып, әлсіздікке бой алдырмау үшін батылданып, барынша күш салып жүре беру керек деп шешті. Егер күн батқанша қабірге жете алмаса, түн оның жолын жауып, оны ары қарай өткізбей қойса, неге жаңа күннің туғанын күтпеске? «Мүк басқан құлыптастардың бірінде ұйықтай салам», - деп ойлады.

Артына қарап, жоғары көтерілген қабір тастарынан төбені зорға көрді. «Тым алыс кетіп қалыппын», - деп күбірледі. Өзін-өзі жігерлендіріп, тағы бір қадам жасау үшін өзінің дауысы қажет болғандай болды. Солай жолға шықты.

Жаңа түскен қабірлерге ақыры жеткенде, аспан ерте түскен көлеңкемен көмкеріліп үлгерген еді, сол себепті ол адасып қалғанын ойлады. Алдында қалың ағаштар өскен шексіз бос кеңістік созылып жатты. Бұл бос жерден гөрі шағын тоғай немесе орманға ұқсайтын. Оның арасында құлпытастары жоқ қабірлер шөп басқан төмпешіктер немесе табиғи жоталар сияқты көрінді. Бұл жерден бұлақ көрінбейді, бірақ тастардың арасынан аққан судың сылдырын естуге болады. Ауасы таза. Ал бірнеше күн бұрын ғана қазылған белгісіз әйелдің қабірі зираттың ең шетінде орналасуы керек еді. Енді тек қай бағытта екенін анықтау қажет болды. Аңсар адасып кетпеу үшін бұлаққа жақындап, оның бойымен соңғы қабірлерге дейін жүру керек деп шешті.

Кенеттен ағаштардың көлеңкесі оны түнгі қараңғылықтай тұмшалап алды. «Қорқу керек қой, - деп күбірледі Аңсар. - Осы тыныштықтан, қабірлерден, айналамды тығыз қоршап тұрған ағаштардан. Бірақ мен өзімді үйде отырғандай сезінемін. Тек ұзақ жүргеннен аяғым ауырып тұр. Міне, бұлақ, егер қорықсам, кез келген сәтте бұл жерден кетіп қалар едім. Бұлақтан өтіп. Ааяқ киімімді шешіп, шалбарымды түріп, аяқ киімімді бауымен мойныма іліп, қарсы бетке өтсем болды. Бұл жерде су тізеден терең емес, арғы бетте, жарықтары жаңа жанған тірі адамдар ортасында болар едім».

Жарты сағаттан кейін көкжиектен ай шығып, толық әрі дөңгелек күйінде көрінді. Аңсар зираттың шетіне жетті. Мұнда қабірлердің үстінде сағаналар, ойылып жазылған есімдер әлі жоқ. Қоршалмаған да. Оларды тек бас жағына қондырылған тақталардағы жазу арқылы ғана анықтауға болады. Айдың сәулесі зиратқа баяу таралып, ағаштардың арасынан көріне бастады. Ай мүрденің қу ағаш басына барып қонжиған мейірімді елес тәрізді көрініп тұрды. Аңсар кең алаңқайда іздеген нәрсесін тапты. Құлыптас қараңғылықта жарқыраған бояумен жазылғандай анық көрініп тұрды. «Міне, осында», - деді Аңсар.

Сол түні Аңсар қатты тоңды. «Міне, осында» деген артық әрі қажетсіз сөзді айтса да, не істеу керектігін білмеді. Оның ұзақ әрі ауыр еңбегі сәтті аяқталып, белгісіз әйелдің қабірін тапты, дәлірек айтқанда, ол жеті қарыс жер астында жатқан әйелдің мәңгілікке жай тапқан орнын тапты. Дегенмен, бұл жерде қорқыныш сезінуге тиісті екенін мойындады. Оған бұл қорқынышқа дәл осы зират, оның уақыты мен орны, ай сәулесінде жылтырап тұрған бұтақтың сыбдыры әсер етер еді. Мұнда тек үнсіздік қана бар. Кез келген сәтте: «Біз бұл жерге сенен бұрын келдік, келег жағыңа кет» деп айқайлайтындай әсер береді. Бірақ Аңсардың сезімі бұл қорқыныштан гөрі, сенімсіздікке көбірек ұқсады. Оның ізденісі аяқталғандай көрінгенімен, әлі аяқталмағандай, соңғы аялдамаға емес, аралық бекетке жеткендей болды. Бұл зират та оның сапарының тағы бір аялдамасы ғана сияқты.

Бұл сезім оны өзімен сөйлесуге мәжбүр етті.

– Ол қайтыс болды, мен енді ештеңе істей алмаймын, өлімді жеңу мүмкін емес.

Ол зиратты басынан аяғына дейін кезіп өтті. Тарихтан, дәуірлерден, патшалықтардан, империялардан, соғыстар мен індеттерден өтіп, адамзатқа көп ауыртпалық әкелген ең алғашқы өлімнен бастап, бірнеше күн бұрын ғана қайтыс болған белгісіз әйелдің қабіріне дейін жетті. Ол өлімді жеңу мүмкін еместігін жақсы білді. Жүрген жолында бірде-бір адам оның қадамдарының дыбысын естіп, тірілмеді. Бірде-біреуінен көмек сұраған жан болған жоқ, Олардың бәрі біледі, өлімді жеңу мүмкін емес екенін. Біз де білеміз. Бірақ бұл қайғы Аңсардың жанын қинап, тынысын тарылтты. Бұл бір істі ортасынан тастап, енді қалай қайта бастау керектігін білмеген адамның сезіміне ұқсайтын. Жақын маңда, бұлақтың арғы жағында жарық жанған үйлер мен көше шамдары көрініп тұрды, кейде автомобиль шамдары жол жақ бөлігін жарықтандырып кететін. Жақын жерде, бұлақтың арғы бетіне өтетін көпір тұрды. Егер ол қаласа, көпірден өтіп кете салады.

Ол басқа уақытта осылай жасар да еді. Өйткені ол түнде қабірстанда қалуға батылдық танытатын жан емес. Бірақ бұл жерде батылдық пен қорқақтық емес, өмір мен өлім арасындағы таңдау тұрды. Сондықтан, түнде қанша қорықса да, желдің салқын демінен үрейленсе де, таң алдында көктен түсетін суық пен жерден көтерілетін салқын қосылғанда, ағаш түбіне жайғасып, оны құшақтап отырды. Пиджагының жағасын көтеріп, денесіндегі бар жылуды сақтап, өзін құшақтап, алақандарын қолтығына тығып, таңды күтпек болды. Қарны ашқанын сезді. Бірақ бұл қорқынышты емес. Екі тамақтану арасындағы үзіліс ұзарғаннан өлген ешкім жоқ.

Аңсар шынымен бәрі аяқталды ма, әлде бітпей қалған бір нәрсе бар ма деп ойлады. Мүмкін бұл сапардың мәнін шешетін басты нәрсе сол болып, ол білмейтін жауапты өзі ашуға тиіс болар. Ол белгісіз әйелді барлық жерден іздеді, бірақ қабірін ғана тапты. Жақын арада арамшөп басып кететін, жақын-жуығы енді бірер күнде басын қарайтатын, ол жерде есімі мен өмір сүрген уақыты жазылатын қабірді. Мүмкін отбасы мұнда гүл отырғызып, жәндіктерге паналайтын орын жасар. Қалай десең де, әйел енді үнемі осында. Оның барлық жолдары жабылды. Ақырғы аялдамасына жетті. Өзі түсінде көргендей, енді еш қиындықсыз, қалаған сәтнде тауып келе алады.

Аңсар осының бәрінің нүктесін қоюға тек өзі ғана қауқарлы екенін түсінді. Осы ойдан арыла алмады. Түнде зиратта қалуға бел байлағаны үнсіздік оған құлағына сыбырлайтын жел, қаумалаған түнгі салқын немесе ай сәулесі ағаштардың көлеңкесінде әртүрлі нәрселерді елестететінінен емес. Аңсар керемет көрініс үшін сапарын тежеп, тау шыңына көтерілген жолаушы сияқты еді. Енді таудың шыңынан керемет көріністерге қанбайынша, ойпатқа түспейтін адамға ұқсап, дәл осы себепті түні бойы зиратта қалуға бел буды.

Аңсар зиратқа айналған тоғай ішіндегі бір үлкен ағашының түбінен баспана тапты. Жылдар бойы ағаштың бір жағында терең әрі биік қуыс пайда болып, оны тігінен қойылған бесікке ұқсатып жіберген еді. Аңсар сол жерге жата салды. Бірақ кенет жел соғып, оның бетінен ұрып, оятып жіберді. Әлде желден емес, ауаның тымырсыз, қимылсыз тыныштығынан оянды ма, белгісіз. Сол сәтте Аңсар жан жарасын өз сілекейін жағып емдеуге бекінгендей, өзінің қиялын қанаттандырып, осы орынға тән қорқыныштардың барлығын еске түсірді. Олардың арасында ақ кебін киген адасқан рухтар, қу сүйектері сықырлап өлім биін билеп жүрген қаңқалар, қанға боялған шалғысын сүйретіп, төңіректеген ажал елестері бар еді. Бірақ мұның бәрі тек қиялдың ойыны болғандықтан, шын мәнінде ештеңе көрінбеді. Сондықтан Аңсарды біртіндеп тыныштық жайлады. Тек жымыңдаған шырақтардың жарығы ғана тыныштығын бұзып, кез келген адамның жүйкесіне тиюі мүмкін еді. Бірақ ол мұның бәріне төзді. Өзінің қорқақтығына қарамастан, батылдық көрсетті. Таң алдындағы қорқыныш сейілген кезде, оны жылытып, өзіне жайлылық сыйлаған ағаштың қойнында ақыры тыныш әрі тәтті ұйықтап кетті. Ал әлем біртіндеп зұлымдық пен түнгі елестерден арылып, екіұшты ай сәулесінен тазара бастады.

 

***

Аңсар көзін ашқанда, күн әлдеқашан шығып, таң атқан. Қатты тоңып қалған еді. Ағаштың жылы құшағы уақытша жұбаныш қана болғандай. Әлде ағаш табиғатына тән қонақжайлылық борышын өтеп болған соң, оны ертерек босатып, зираттағы суық шықтың астына шығарды ма екен? Бар буыны қақсап ауырған күйі зорға тұрды да, күнге қарай жүрді. Қолдарын сермеп, жылынып алуға тырысты. Белгісіз әйелдің қабіріне беттегенде оған қарай келе жатқан қолында таяғы бар егде адамды көрді. Қарт адам қабірдің арғы жағына тоқтап, Аңсардың не үшін келгенін түсінетіндей сыңай танытып, ештеңе сұрамады.

– Қайырлы таң, – деді Аңсар.

– Қайырлы таң. Бүгін керемет күн екен, – деп жауап берді қарт.

– Иә, жаман емес. Мен ұйықтап қалыппын, - деді Аңсар.

– Сонда қалай? – деді қария таңырқап.

– Иә, досымның қабіріне келгем. Анау ағаштың түбіне отырып, демалып едім, ұйықтап кетіппін.

– Түні бойы осында болдыңыз ба?

– Иә.

– Мен бұл жерден таңертең ерте жүрген адамды алғаш көруім.

– Сіз бұл жерге басқа уақытта келмейсіз бе? – деп сұрады Аңсар.

– Бұл жақындарын еске алуға, олардың рухына дұға оқып, қайғыруға келген адамдарға құрметсіздік болар еді.

– Бірақ зират барлық жағынан ашық қой, демек кез келген адам кіре алады, жүре алады.

– Сіз жаяу келдіңіз бе?

– Иә, жаяу.

– Автобуспен, таксимен немесе өз машинаңызбен келуге болар еді ғой.

– Мен қабірдің қай жерде екенін нақты білмедім. Содан кейін ауа райы жақсы болған соң жаяу серуендеп келгім келді.

– Мұнда не үшін сонша жүріп келдіңіз? Қалайша осы зиратта түнедіңіз? Мен өзімді осы жердің тұрғыны санаймын. Бірақ күн батқаннан кейін бұл жерде бір минут та қалмаймын.

– Айтып тұрмын ғой, біраз отыра тұрайын деп едім, көзім ілініп кетіпті.

– Батыл екенсіз. Іздегеніңізді таптыңыз ба?

– Иә, міне, дәл қасыңыздағы қабір.

– Ер адамның ба, әлде әйелдің бе?

– Әйелдікі.

– Құлпытасы әлі жоқ екен.

– Отбасы мәрмәрдан құлпытас қояды деп ойлаймын.

– Осы адамдар марқұмның басын қарайтуға неге сонша шашылады? Мүмкін ар-ұжданы азаптап, өздерін кінәлі сезінетін шығар.

– Мүмкін, солай шығар.

– Біз таныс емеспіз, неге маған «бұл сізге қатысы жоқ, мазаламаңыз» деп айтпайсыз?

– Менде осындай әдет бар, не сұраса да жауап беремін.

– Демек, сіз қызметте басшы емес, бағынышты, тәуелді адамсыз.

– Айтқаныңыз болсын.

– Біліп қойыңыз, Мұнда бәрі сіз ойлағандай емес.

– Бұл зират қой.

– Жоқ, бұл лабиринт.

– Онда сыртынан лабиринт боп көрінер еді.

– Кейбір лабиринттер көзге көрінбейді.

– Түсінбеймін.

– Мысалы, мұнда, – деп қария таяғының ұшымен төмпешікке көрсетті, – сіз ойлаған адам жатқан жоқ.

Аңсардың табанының астындағы жер шайқалғандай болды. Осы уақытқа дейін іздеген белгісіз әйел осы жерде деп сенгендігі жоққа айналды.

– Сонда қалай? – деп сұрады ол қалтырап.

– Қараңыз, – деп жауап берді қария, – егер осы құлыптасты алып, басқа жерге, тіпті дүниенің басқа шетіне апарып қойса, қабір де сонда деп саналар еді.

– Өйткен күнде өлім мазаққа айналады ғой. Қарасам, жасы келген адамсыз. Қайтыс болғандарға аз да болса құрмет көрсету керек қой.

– Сіз секілді бейтаныс адамның қабіріне жылап келуден артық құрмет көрсете аламыз ба, білмеймін.

– Неге бейтаныс? Сіз оны қайдан білесіз? Мен сізге мұнда жатқан адам досым еді дедім ғой.

– Өлімді құрметтеу керек десеңіз, өзіңіз де құрметтеңіз. Олай өтірік сөйлемеңіз. Адам өзінен қашып құтыла алмайды ғой.

Қария бір сәт үндемей қалды да, сөзін жалғастырды:

– Білесіз бе, өтірік алдыңда тұрса да байқамай қалуың мүмкін. Құпияны бейтанысқа айтқан оңай ғой, шыныңызды айтыңызшы. Мында жатқан адам досыңыз ба, әлде туысыңыз ба?

– Мен онымен таныс та емеспін, – деп жауап берді Аңсар.

– Сонда да оның қабірін тауып алдыңыз.

– Иә.

– Міне, менің айтқаным дұрыс болды. Бейтаныс адамға жылап құрмет көрсету – ең үлкен құрмет, – деді қария. – Қош болыңыз. Әлі де кездесерміз, бәлкім.

Қарсы беттегі ағаштардың арасына сіңіп кетпей тұрып, қария артына бұрылып, қол бұлғады. Аңсар да солай жауап қатты. Біраз уақыт жалғыз қалуды ойлады. Содан кейін ғана үйіне қайтуға дайын еді. Ол тек өзі жайлы ойланғысы келді, өз ойын жинап, көңіліндегі қайғының шынайы өлшемін анықтап, оны қабылдап, жан дүниесін тыныштандырғысы келді. "Бәрі бітті" деп айтқысы келді. Бірақ сол сәтте басқа ой келді. Қабірдің жанына жақындаған сәтте, ол өміріміздің қаншалықты өткінші екенін, армандарымыздың қаншалықты алдамшы, үміттеріміздің қаншалықты бос екенін, ғұмырдың сонша қысқа екенін ойлаған адамдай кейіпке еніп, терең ойға шомып кетті. Шынымен де терең ойға беріліп кеткені сонша, жаназасын шығарып, соңғы сапарға аттандыруға марқұмды әкелген топ адамды байқамағандай болды.

Табытты қабірге түсіріп, оны топырақпен көміп жатқанда орнынан қозғалмады. Жерден шыққан топырақтан үйілген төмпешікті таптап тығыздаған кезде де, қабір басына қара түсті тақтайша орнатқан кезде де орнынан тапжылмады. Жаназадан кейін туыстары көз жасын сүртіп, соңғы сөздерін айтып жатқанда да міз бақпады. Жерлеу рәсімі аяқталып, екі көлік көпірден өтіп кеткенде ғана орнынан қозғалды.

 

Соңы.