Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Біз тыңдайтын әңгіме
100
оқылды

Бүркеншік аты: Zhansary

Біз тыңдайтын әңгіме

(әңгіме)

Марқұм шәкіртім Мадиярға арнаймын

 

«Матасекілдің» майысып қалған шынжырын шешіп, жөндегелі отырған қарабұжыр кісінің алдында қызықтап үш бала отыр. Аузына темекісін салып алып, будақтатқан күйі шынжырдың тоғысар жерін қолымен сипап іздеп отыр. Қампиған қарныменен денесіне тыртыстырып киіп алған жейдесін жыртып жіберердей, әзер демалып отыр. Астыңғы ерні салпиып, тірәктірдің майы бетіне жағыла қалса болды, әйгілі боксшы Майк Тайсоннан аумай қалатын еді. Орнынан томпаңдап тұрып, тамұқтың ыстығындай тамыздың күнінде киіп алған қыстық күпәйкесінің жеңдеріне қолындағы майын сүртті де, қажет сайманын іздеуге кетті. Мәстірдің жұмысын қызықтап отырған үшеу – біз едік. Біз дегенде мен, Елжас, Мадияр. Ауылдың атақты «үш мушкетері». Мен әдеттегідей көршімнен, қарағайға барып келу сылтауыменен алған, матасекілдің шынжырын қалың құмда рөліне ие бола алмай дөңгелегінің жұлдызшасынан шығарып алдым. Ал сол шынжырды жөндеп отырған мәстір, әлгі қарабұжыр адам ол – Мұрат аға. Мұрат ағаның түрі ғана сондай демесең, мінезі нағыз ер азаматтікі, жомарт, ақкөңіл әрі адал адам. Біз кейде ауылда зеріккеннен Мұрат ағаның әңгімесін естуге баратынбыз, бүгін де сол әңгімені техника шеберінің аузынан аңдып, үнсіздікпен дос болар жайымыз жоқ деп, ағынан жарылуға, құрышымызды  қандыратын әдемі әңгіме естіп қалу үшін әрнәрсені бір түрткілеп отырғанбыз. Ол әрекетеміздің бекер екенін біз кейін түсіндік. Ауылдың кіреберіс көшесін шаңдата, таңсық бір әдемі көлік зуылдап келіп, мектептің алдына тоқтай қалды. Ішінен 3-4 кісі түсіп, темір қоршаудың есігін байыппен ашып, мектепке кіріп кетті. Бұл жағдайды Мұраттың үйінің қоршауына секіріп мініп, екі қолымызбенен тіреліп, бақылап тұрған үшеуміз құдды бір іннен шыққан суырлар құсап, әлгі адамдарды анықтап қарау үшін мұрнымызды шүйіре, басымызды созып тұрған күйі қатып қалдық.

-Мұрат аға, мектепке бір мәшине келіп тоқтады, кім екен?

-Мен қайдан білем. Мектепке келсе, не бастық, не жаңа мұғалім шығар.

«Әп, бәрекелді». Осы ойменен үшеуміз бірдеңе бүлдіргелі тұрған бұзық балалар құсап, иегіміздегі жоқ сақалды сипалап, бір-бірімізге күлімдеп қарадық...

-Елжас, әлгі түскен кісінің қолынан үлкен шабаданды көрдім, сен ше?-дедім мектеп жанынан жаңадан салынған жасыл алаңның бұрышынан сығалап.

-І-і, қандай мұғалім екен? Басқа жақтан келген болса, онда біреудің үйін жалдап тұратын шығар?

-Мадияр, сендердің үйлеріңде екі бөлме бос еді ғой.

-Босы бос қой, анам не дейді екен?

Үшеуміз жасыл алаңның жанында сығалап тұрып, жаңа келген мұғалімнің тағдырын шешіп тұрғанда артымыздан ауылдың есерсоғы, Қара Дәуіт үн шығармай, жыландай жер бауырлап, екі қолыменен бір мезетте өкшемізден тартып қалып, «аф» дегенде орнымнан қалай ыршып секіріп, темір қоршаудың үстіне қалай мініп кеткенімді байқамай қалыппын. Біздің аңқау Мадияр болса аяғын сілкіп жіберіп, бет ауған жаққа қарай жүгіре жөнелді. Ал Елжас болса бұрылып алып, Дәуітті төмпештесейші, ол есерсоқ: «мыналардың жанына неге келдім»,-деп жылап, үйіне екі көзін бұлаған күйі кетті де қалды...

Кеш қарайған шақ. Анама сиыр сауысып, бұзау байласып жүрген кезім. Анамның бұйрығыменен сүтке толы екі шелекті ас үйдің ішіне көтеріп алып кеттім. Өзімнен бір жас үлкен ағам бір құшақ отынды моншаның алдына төңкере салып, тұтатқалы отыр екен. Дәл осы кезде, қораның сыртынан қара сұлба көрініп, басқан қадамының сыбдыры жақындай түскенде мен де есіктің алдынан шықтым. Елжас екен.

-Не істеп жүрсің? Тыныштық па?

-Е-е, жай сол. Зерігіп кеттім, бірдеңе істемедік пе?

-Үйде монша жағып жатырмыз, түсіп кет, Мадиярға да айту керек, звандай салшы.

«Звандай салшыны» айта сала, Елжас екеуміз үй сыртында тұрған орындыққа жайғастық. Ауыл іші тып-тыныш. Қарайған кеш уақытында жанған әр ошақтың шамы, ауылдың арғы шетінде ұзыннан-ұзақ созылған қарағайлы орман да тыныш. Біздің көшенің басындағы, орманшылардың үй жағынан әлдеңе қыбырлап келе жатқандай. Өзіміздің Мәдөк екен. Ол да үйде жата алмай, көшеге шыққан көрінеді.

-Жігіттер, менде ой бар, әлгі жаңа келген мұғалім туралы біліп алдым. Байқамай анамның әңгімесін тыңдап едім, жас мұғалім, ер азамат, директордың үйіне орналасыпты. Қазақ тілі мұғалімі екен.

-Директордың үйі ме? Тиіп тұрған жер екен ғой, кеттік барлап келейік.

-Тоқта-тоқта, барып ұрылар құсап терезден аңдып тұрамыз ба? Уақытты бекерге жұмсамайық, оқудың басталуына 3-ақ күн қалды, мектеп басталысымен-ақ сол жерден көрерміз,-деді Елжас арамыздағы ақымақтыққа жол бермей...

Сонымен алғашқы қоңырау үні естіле салысымен, мектеп алаңына директор шығып, асықпай сөз сөйледі. Қыркүйек-күз айы десең де, күннің ыстығы маңдайымды шыжғырып барады. Мектеп қабырғасына жақындау тұрған оқушылар бізге қарап, беттерін тыжырайтып әрі аяғансырап күледі. «Көлеңкенің астында тұрмыз» деп бізді мазақ қылғаны ғой. Жыл сайын алғашқы қоңырау кәнсертінің жұлдызы ол – 9-сынып бітіргелі отырған түлектер. Биыл біз де солардың тағдырын кешіп жатырмыз. Бізді қойшы, біздің сыныптың қыздарын шынымен аяуға тұрарлық еді. Беттеріне жаққан опа-далаптары 15 минутқа шыдамай еріп, әдемілік құралы әп-сәтте өкініш құралына айналды. Директор сөйлеп бітті дегенде, жүзіне қуанышты күлкі үйіріп, «уфілеп» тұрған оқушылардың сағын, жүргізуші, ардагер ұстазға сөз беріп сындырған-ды. Маңдайдан аққан терді жалаң алақаныммен сүртіп тұрған кезімде Елжастың бір әрекеті мені жерлеуге сәл қалған еді. Жақын достардың бәрі сондай-ау деймін. Бірде газет бетінде «атақты жазушы Қабдеш Жұмаділовтың жора-жолдастарына айтқан қағытпа қалжыңдары аяқ асты шыққан әзілдері кез-келгенін күлдірмей қоймапты» дегенін оқып едім. Дәл сондай қалжыңның иесі Елжас болды. Ардагер ұстаздың айтқан әрбір сөзіне мән беріп тұрған кезімде, тура менің көзіме қарап айтқандай-ақ, қаһарлы дауысыменен:

-Түлектер, бүгін күннің астында қалдық деп ренжімеңдер, тағдырға көнуді, қиындыққа мойымауды үйреніңдер. Сұлтанмахмұт ақын айтқандай, болашақта сендер де «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шыққан күн» болыңдар, айналайындар.

Ұстаз айтқан жалынды сөз бойымды бір тіктеп тастады. Айтқан сөзі сүйектен өтіп, денемді шымырлатып жіберді. Сан саққа кеткен ойым жинақталып, күн астында тұрғаным есімнен шығып кеткендей. Осы бір сәт, бір мезет... Шаршағанымды ұмытып, жігерімді жанып тұрған сәтімде,  жанымда тұрған Елжас, сәл еңкейіп құлағыма:

-Мәдөктің кеудесіне қарашы,-деді де күлкісін езуіне әзер тығып мырс етті.

Қарапайым көзқарасымның өзі үлкен қателік болғанын мен кеш түсіндім. Біздің Мәдөк аңғал жігіт. Аңғалдығы көзіне таққан көзілдірігінің үлкендігімен өлшенетіндей. Бірдеңені түсінбей таңырқаған көзіменен қарағанда, көзілдірігінің ішіндегі сықсиған көздің ұлғайғанын байқайсың да, ішіңді ұстап жерге құлайсың. Міне, тағы, анасының ақылын теріс түсінсе керек, көзілдірігін ақ көйлегінің кеуде қалтасына салып қойыпты. Жалпы күннің көзі түскен кез келген шынының астындағы зат тұтанатынын білесіздер ме? Осы бір ақпарат Мәдөктің бір ақ жейде, кәнсерттің быт-шытын шығарған менің күлкіме татыды.

Сөйтіп, мектеп линейкасы бітісімен, бастапқы мақсатымызға жаралы түрде болса де жеттік. Әлгі жас мұғаліммен жеке танысып та үлгердік. Осы таныстық, менің басымнан өткен үлкен қызықты хикаяның басы болды...

Аспаннан ұшқан ұшақтың соңынан сызық болып қалған әуе жолын екі оқушы бастарын шалқайтып алып, жасыл алаңның қақ ортасында қызықтап отыр. Күздің салқыны әжептәуір сезіледі. Әр үйдің ауласындағы теректердің сарғайған жапырағы ғана бұл ауылға күз келгендігін көрсететін еді. Әйтпесе, қарағайлы орман қысы-жазы бірқалыпты түспен мүлгіген күйде тіршілік қылады. Бірінші тоқсан бітісімен, үшеуміз күзгі табыс көзінің қамына кірістік. Көршімнің жанармаймен қоректенетін жалғыз атын сұрап алып, Мадиярды мінгестіріп, Елжастың үйінің алдына келгенде, қарсы беттен жақы таныс кісі шыға келді. Ол да бізді көріп, жақындай түсті.

-Жігіттер, қаруларыңды сайлап қайда аттандыңдар?

-Қарағайға шықтық, бізбен барасыз ба?

-Онда не істемекшісіңдер?

-Қарағайдың бүршігін тереміз. Көрші ауылда әр қабына 2 мың теңге төлейді. Біз демалыста бекер жатпаймыз. Бизнесмендерміз,-деді Мадияр әшкиін түзетіп қойып, бүршік теріп миллионер атанған адам құсап.

-Ә-ә, жарайсыңдар, мен де барсам маған көлік табылады ма? Әйтпесе жарау аттарыңа үшеуің мінгессеңдер, мен қастарыңда шаң жұтып, жаяулатып жүруге қатты құлшынып тұрған жоқпын.

-Сіз үшін табамыз, уайымдамаңыз мұғалім,-деді әңгімені сырттан естіп қалған Елжас.

– Сізді тіпті жаңасына мінгестіреміз,-деді де ауласынан жап-жаңа мотоциклды итеріп шығара қойды.

Мадияр екеуміз аң-таңбыз. Бұны бізге айтпай қашан ала қойған. «Міне, жаңалық. Енді көршімнің қанатты пырағын қайта-қайта сұрауға тура келмейтін болды». Елжас азды-көпті жанармай сатып ақша жинағанын айтып, ал қалған ақшасын жазда шабындықта жасаған еңбегі үшін әкесі бергенін айтып, көп ойланбай қалтамызға қабат-қабат қап салып, екі матасекіл болып қарағайға жол тарттық.

Біздің қарағайлы орманды алғаш көрген мұғалімнің таңданысы тым ерекше еді. Ол айналадағы табиғатты суреттегенде біз қарабайыр, шұбалаңқы тілімізден ұялып кеттік. Күнделікті көріп жүрген қарағайдың осыншалықты сұлу бейнесі барын, біз байқамаған қырлары барын біз неге білмегенбіз?

Бірақ мұғаліміздің алдыңғы қатарлы шәкірттері болғандықтан аузынан шыққан дуалы сөздерді іліп алып, дәл сол сөздің мағынасын сұрап, сыныптан тыс басын тағы ауыртқанымыз бар-тын.

Ақыры қарағайдың бүрін теріп болған соң, бәріміз отырып тынығайық деп шештік. Елжас пен Мадияр үйден алған сусындарын сөмкелерінен шығарып, мен анам салып жіберген қаймақ жағылған нанды ортаға қоя салдым. Мұғалім әлі жаратқанның жасаған шедеврынан бас ала алмай, қалтасынан телефонын алып әдемі пейзажды түсіруден құр қалмайын дегендей біздің дастарқаннан бас тартты.  Үшеуміз ұзыннан сұлап жатқан діңгегі үйге қонақ шақырғанда төрге қоятын дөңгелек үстелдің қалыңдығындай бөрененің жанына жайғастық та, қиялданып жүрген мұғалімнің қылығын қызықтап отырмыз. Мадияр зерікті ме білмеймін, жерде жатқан көк бүршіктің біреуін көздеп тұрып, мұғалімнің басына лақтырып кеп жіберді. Нысанаға дөп түскен бүршік көп ұзамай Мадиярдың өзіне де қайтып келді. Осылай бүршік атысудан жарыс басталып кетті. Қызу ойынмен күннің батқанын да байқамай қалсақ керек, жанымда жүрген Елжасты таппай қалдым. Ақыры «таптық-ау, айдың күннің аманында үйге жетейік» деп, бүгіндікке жинаған бүршік толы қаптың бәрінің аузын жіппен буып, матасекілдің артына байлап қойдық. «Ал, кеттікке» салып, ауылға апарар жолдың жартысына келгенде төртінші серігіміздің жоғын сезінгендей болдым. Дәл өзі. Біздің ардақты да аяулы мұғаліміміз жоқ. Біз Мадиярға бір матасекілді беріп, қалған жүктерді артып, ауылға жібердік те, Елжас екеуміз мұғалімді іздеуге кірістік.

-Дамир, біздің қарағайда қасқырлар бар еді ғой, иә? Мұрат аға айтып еді ғой, есіңде ме?

-Иә, болу керек. Қой баққан бақташылардың көргенін естігем.

Мұрат аға бізге өте көп әңгіме айтатын. Күнде кешке бар жұмысымызды аяқтап, сол кісінің есігін жағалайтынбыз. Таттанып қалған есік тоспасы «қыңыр» еткенде, «аға-аға»-лап, маза бермейтінбіз. Сондай қамсыз күндердің бірінде бізге бір тек түнде ғана өз жемтігін іздейтін қарағайдың қара елесі жайлы айтып берді. Адамның қорқынышымен қоректенетін ол сұмдықты көрген бір кісінің қара шашы ағарып, тілі байланып қалыпты-мыс. Кейбіреуі «мақұлыққа ұқсайды, арлан қасқырдың өзі» деп дес бермейді екен. Біздің ауылдың трәктірші Есеті бір көзінен соның құйрығын көргені үшін айрылыпты-мыс. Басқасын қайдам, біздің үшеумізге Мұрат ағаның шын-өтірігі аралас қорқынышты әңгімесі қатты ұнайтын. Голливудтың анау-мынау деген киноларын шаң қаптырып кететін...

Осы бір анда, айтып жатқан әңгімемізге тұздық болсын деді ме білмеймін, орман ішіндегі құстар мен жапырақтардың алуан түрлі дауыстарынан бөлек, ұлыған жануардың созылып шыққан үнін естідік. Елжас екеуміздің түріміз бозарып кетті. Тітіркенген денеміз қарағайдың бүршігі секілді қабыршақтанғандай қап-қатты әрі сұп-суық болып кетті. Ақырын ғана жылжып келе жатқан жүрісімізді анадайдан шыққан төртаяқтыларға тән шабыстың даусы тіпті тоқтатып тастады. Мен бірден Елжасқа қарап, сасқалақтап, жарықшамды өшіріп, артқа қарай қайтуға белгі бергендей болдым. Орнымыздан тапжылмай тұрған күйі, денемізді билеген қорқынышты қалай да болсын жеңу керек деп, тістеніп, тырмысып, өте тез жылдамдықпен матасекілімізге міндік де зытып кеттік. Мына жылдамдығымызды жарыстан байқай алмай жүрген дене шынықтыру мұғалімі Сапар ағай көрсе, бізді күнде кешке қарағайда қондырушы еді. Мұғалімді таппадық деген өкінішпенен әрі түр-түсін көрмеген жануардың үрейіменен үйге еңсеміз түсіп келсек, мұғаліміміз менің әке-шешеммен шүйіркелесіп, шай ішіп отыр екен. Сөйтсек, біздің мұғалім, орман аралап жүріп басқа бір шеттен шығып, біздің кетіп бара жатқанымызды көріп, айқайлаған екен біз естімеппіз. Сөйтіп, қарағайдың арғы жағындағы ауылдан біздің ауылға шыққан бір кісілер жолдан көріп, ала кеткен екен. Бұл оқиғаны еске алсақ, әлі күнге дейін ішек сілеміз қатып күлетініміз бар...

Оқу жылының аяғы. Біз ақтық емтиханнан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өте жақсы деген баға алып шықтық. Біздің мұғалім осы жетістігімізді атап өтейік деп, сусыны менен тәтті бәлішін алып, сыныпқа жинады. Жас болса да көпті көрген қариялардай ғибратты сөздер айтып, оқыған тоқығанымен көп бөлісетін. Бірде бізге сабақ үстінде әке мен шешенің қадірін қалай ұғыну керек деген сұрақ қойып, бәрі үнсіз отырғандықтан, жауабын Мадиярдан алмақ болып:

-Мадияр, өз әкеңнің қадіріне қалай жете аласың?,-дегенде, дұрыс жауап іздеген сыныптастарымның үнсіздігі сап тиылып, сынып іші көр астындағы тыныштықтан кем болмады. Біздің Мадияр осы үнсіздікті, тамағына тығылған өксікпенен шыққан үнімен бұзды:

-Қабірінің басына барып, дұға оқумен ғана жететін шығармын,-деді.

Ыңғайсыз жағдайға қалғанын білсе де, біздің мұғалім бірден тіл қатты:

-Осыны ерте жастан түсінгеніңе рахмет, Мадияр, әйтпесе осы әрекетіңді сақал-шашы ағарған азаматтар әлі білмей жүр,-деді.

Мадияр ерте жастан әкесінен айырылса да, оқ жонатын қасиетті әкесін көрмей-ақ бойына сіңірген рухы мықты бала еді. Сенбі-жексенбі күндері үйіне келіп, Елжас екеуміз қыстық отынын жарысып, көмірін тасысайық десек, ауласында артық жұмыс таппайтынбыз. Күнде сабақтан келе сала, өзі отынын жарып, суын тасып қоятын. Жазғы демалыс айларында, шабындықта шөп шауып, трактор айдап, өз табысына қысқыға отын алып, үйдегі әкесінің жоқтығын тіпті білдіртпейтін де еді. Анасы бізге кейде:

-Балам аман болсыншы, әкесінің көзіндей арда азамат болып өскенін көргім келеді, әке тәрбиесін көрмесе де, батылдығына қайран қаламын. Қан су емес дегені осы шығар, әкесінің жас кезінен аумайды өзі,-деп, көзіне жас алып, ескі фотосуреттерді көрсетіп отыратын еді.

Мақсаты айқын біздің Мәдөктің бір арманы бар еді. Бала кезімізде қыс мезгілінде шаңғы теуіп шаршаған біз, Сапар ағайымызға барып:

-Шаңғы теуіп шаршадық, коньки тепсек болмайды ма?

-Конькиді аяйды дейсіңдер ме, мұз айдыны жоқ қой,-деп үмітімізді үзген күйі қайтадан қолға шаңғы ұстататын.

Кейін біршама уақыт өтіп, қарағайлы орман төңірегінде Мәдөгіміз ғылыми жобамен айналысып, қарағайдың бүршігінен жас шыбықтар өсіріп, орман көлемін ұлғайтамын деп еді. Жылдар өте келе, жас шыбықтардың саны 100-ге жеткен еді. Сол арманының бірі қыста мұз айдынын салу болса, екіншісі қарағайдың санын көбейту еді.

Осының бәрі көз алдыма елестеп, досымның қандай мықты болса да, әкеге зәру екендігі жаныма батып, ойға шомып кеткен жерімнен біздің мұғалім жалғастырып кетті:

-Ал енді, оқушылар, менің келесі әңгімемді тыңдай отырыңдар,-деп әдеттегідей тарихтың тереңінен сыр шертіп, тағы бір тағылымды дүниесімен бөлісті...

Біз оқу бітіріп, оқу орнына түскен шағымызда біздің мұғалім басқа мектепке ауысыпты дегенді естідік. Өкінішті әрине, біз тыңдап өскен әңгімелерді бізден кейінгілер де тыңдап өссе екен деп едік...

Арман қуып, әркім әр жаққа кетті, Елжас – заң қызметкеріне оқуға түсті, ал мен – мұғалімімнің жолын қуып қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығына түстім. Ал Мадияр болса...

Ал біздің Мәдөк жазда жол апатына түсіп қаза болды. Қатты қайғырдық. Ауыл болып жыладық. Қабірін қазуға барғанда қолымдағы күректі ұстауға күшім жетпей отырып еңкілдеп жылағаным әлі есімде. Ақтық сапарына шығарып саларда қабірінің ішіне өзі жинап өскен қарағайдың көк бүршігін басқаларға байқатпай салып жібердім. Жылдар өте келе зират басынан бір қарағай өсіп шығар деп, алыстан көрген адамға біздің Мадияр жол нұсқап, қабірде жатып ақ сауабын алар деп едім...

Міне, ауылға келген сайын, қыста да, жазда да біздің төрткөз Мәдөкті сағынып үйінің алдында отырып, қызықты оқиғаларымызды еске түсіріп отырушы едік. Мектеп алдына салынбаған мұз айдынының жоқтығынан бастап, былтыр үлкен өрт болғанда орнында күлі ғана қалған өзі отырғызған жас шыбықтардың өртеніп кеткеніне дейін, бәрі-бәрі біздің Мәдөктің арманымен қоса арамыздан жоғалып кеткеніне жазмышқа әлі өкпелімін...

Мен ауылға келдім. Осының бәрін күрсініп қана еске аламын да, ішімнен ауыр шыққан деммен бірге өз жөніне қоя беремін. Кеше кешке қаладан туған-туыстарым келіп, үйде қонақтап жатыр еді. Сөзден сөз шығып, ағамның балаларын қарағайға ертіп баратын болдым. Әлгі көршімнің ескі матасекілін алып, зулап бара жатқан жайым. Ағамның балалары менен небәрі 4-5 жасқа ғана кіші еді, бірақ ауылдың баласы мен қаланың баласын салыстыруға келмейді ғой. Қарағайға жетісімен әрқайсысының қолына бір-бір қаптан бердім де, жерде жатқан бүршіктерді теруге пәрмен бердім. Шаршады-ау дегенде, сол діңгегі қалың қарағайдың тасасына тізе бүгіп демалайық деп айтып едім, егін орып келген адамдар құсап, «аһілеп-үһілеп» жаныма жетіп келді. Үйден салып жіберген тамақты әрқайсысына үлестірдім де:

-Ал, енді бері қараңдар. Мынау жинаған қаптарың түк те болмайды. Тым құрығанда 10 есе көп жинауларың керек,-деп едім, тамақты ауыздарына салған күйі шайнамай аңырап отырып қалды.

-Ештеңе етпейді, әзірше демала тұрыңдар, кейінірек жалғастырамыз. Ал оған дейін мен сендерге біз тыңдаған әңгімелерден айтып берейін,-деп, жүзімдегі жылы күлкімен бастан өткерген оқиғалардың бірінен айта жөнелдім...