Ахмет Жұбановтың айтуынша, Мәлік күйші Құрманғазы күйлерін шебер тартқан, көне күйлердің жеткізушісі болған.
Құрманғазы оркестрінің алғашқы дирижері  Мәлік Жаппасбаев жайлы не білесіз?
Фото: автордың жеке мұрағатынан
3,421
оқылды

1934 жыл. Алматы қаласы. Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының слеті өтіп жатыр. Көрермен де, өнерпаз да баршылық. Әнші мен күйшісі бірінен соң бірі сахнаға шығып, өнерін көрсетіп жатыр. Осы қалың көпшіліктің ішінде Ахмет Жұбановтың көзіне түскен бір жас жігіт болды. Жасы 20-ға жетер-жетпес болса да менмін деген шеберлерден кем түспейтін. Өнер иесінің талантын көре бірген Ахмет Жұбанов оны Алматыда қалдырады. Жаңадан ашылған оркестрдің құрамына қабылданады. Бұл – Мәлік Жаппасбаев еді.

Болашақ күйші 1914 жылы Қызылорда облысында алты перзенттің бірі болып дүниеге келген. Әкесі Жаппасбай Қызылорда қаласында теміржолдың жұмысшысы болған екен. Анасы Ұлбибі ағайын-туыс арасында ән айтып, ауыл ішіндегі айтыстарға қатысып жүрсе керек. Көргендердің айтуынша, ән-күй мұрасын іздеген Затаевичке бірнеше ән айтып берген екен.

«Жігіттің жақсысы нағашыдан» дегендей, нағашы атасы ел арасында аты шыққан күйші болған дейді. Жаппасбай дүниеден озған соң, Ұлбибінің әкесі, Мәліктің нағашы атасы жиенін өз қолына алған екен. Осы кезде бала өнерпаз ел үлкендерінің жанында жүріп, көптеген ән-жыр, күй тыңдап өскені анық. Мәліктің бала кезі жайлы айтқан мына естелігі бар.

«Бірнеше күн сапар шегіп, жол-жөнекей Оңтүстік өңірінің өнерпаздары туралы, әсіресе, Сыр топырағында ән мен күйдің шоғын маздатқан Қазанғап, Әлшекей, Тасберген, Досжан секілді  он шақты өнерпаз бен ерекше шабытпен айтқан Нартай туралы алғаш рет нағашы атам әңгімелеп беріп еді. Бойымдағы дарынымды ұштаған да осы нағашы атам мен Ұлбибі анам».

Әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, кейін мектепте барады. Мектепте оқып жүріп, көркемөнерпаздар тобының ішінде жүреді. Нағашы атасынан үйренгенін басқа балаларға да үйретіп, сол жерде домбыра әліппесін үйретуші «жас мұғалім» де атанады. Мектепте оқып жүріп-ақ үлкенді-кішілінің бәріне ұстаз атанған екен. Кейін тіршілік қамы деп, 7-класты аяқтай сала, әке жолымен теміржолға жұмысқа барады.

Дегенмен бойына таланты сыймай жатқан 20 жастағы Мәлік Алматыда өтетін алғашқы слет жайлы естіп, қалмау керек деп шешеді. Осылайша, 1934 жыл Алматыға барып, қалың өнерпаз топтың арасына түседі.

Әуелі Құрманғазы атындағы (ол кездегі КазЦИК) оркестрдің қатардағы домбырашы атанған Мәлік көп ұзамай концертмейстер, яғни бірінші домбырашы ретінде тағайындалады. Ахмет Жұбановтың айтуынша, Мәлік күйші Құрманғазы күйлерін шебер тартқан, көне күйлердің жеткізушісі болған.

Мәліктің ұйымдастырушылық қабілеті мектеп кезінен барын жаздық. Осы қабілеті оркестрдің дирижері атануға көмектесті. Осылайша, бас дирижердің (Ахмет Жұбанов) көмекшісі атанып, түрлі жиындарда оркестрдің алдына шығып жүрді. Мысалы, «1938 жылғы Меркідегі той» деген мына жазбада Мәлік Жаппасбаев дирижерлік етіп тұр. 

 

Бұл жазба жайлы дирижер Мүсілім Әмзе келесідей жазады: «Оркестр құрамында 30-ға тарта музыкант отыр. Ұжымға көптің ықыласы айрықша екені білінеді. Дирижер – Мәлік Жаппасбаев. Қара фрак киген, қол қимылы жинақы, қысқа әрі нақты. Бар зейінімен мұқият тыңдап, оркестрді өте сақ басқарып тұрған бейнесінен асқан жауаптылық пен кәсібилік сезіледі».

Мәлік Жаппасбаев тек күйші мен дирижер ғана емес, композитор ретінде халыққа танылды. Оның «Жастық жыры», «Сәлем», «Сұлу қыз» ондаған әні бар. Осы әндердің барлығы Суат Әбусеитов, Кенжегүл Сыздықова, Ғафиз Есімов, Нұрғали Нүсіпжанов секілді көптеген әншінің ән қорынан табыла білді.

 

1942 жылы Мәлік Жаппасбаев өз еркімен соғысқа аттанады. Қан майдан ортасында қолына мылтық ұстаған өнерпаз атанады. Мүсілім Әмзенің дерегінше, Мәлік елге майдан даласынан жазған бір хатында Чита қаласындағы жауынгер полктың музыка взводына барғанын, онда капельмейстер қызметінде жүргенін айтады.

Бір жылдан кейін майдан даласында қаза табады. Біз соғыс мұрағатынан қаза тапқандар тізімінен оның дерегін таптық. Ол жерде «жоғалып кетті, қаза тапты деп есептеуге болады» деп жазылған. Қаралы қағазды әйелі Бану Тәукехановаға жіберу керек, мекенжайы Алматы қаласы Виноградов көшесі, 56 үй, 8 бөлме деп жазылған.

 

Аз ғұмыр кешсе де Мәлік Жаппасбаев артынан өлместей мұра қалдырған. М.Жаппасбаев жайлы арнайы зерттеу еңбегін жазған күйші, дирижер, басшылық пен зерттеушілікті қатар алып жүрген Мүсілім Әмзенің «Мәлік Жаппасбаевтың музыкалық мұрасы»  (Алматы, 2022) еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Біздің де пайдаланған негізгі дереккөз осы кітап болды. Мәлік өнерпаздың шығармашылығын ғылыми түрде талдауды іздеген ізденуші мәліметтерді еңбектен таба алады.

Рүстем НҮРКЕНОВ, күй зерттеушісі