Бүркеншік аты: Көкбөрі
БАҚЫТҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН «БАҚЫТ»
(Нығмет Ғабдуллин шығармашылығы бойынша)
Өмірде адам баласын бақытқа жетелейтін әртүрлі нәрсе бар. Олардың формасы да, мазмұны да алуан түрлі болуы мүмкін. Ол әр адамда әртүрлі көрініс табады. Кейбіреуі музыканың құдіретінен рахатын тапса, кей адамдарды театр өнері бақытқа бөлейді, енді бір топ адам бейнелеу өнері арқылы шабыттанса, енді бірін мүсін өнері қанаттандырады. Ал біздің бүгінгі айтатын әңгімеміз мүлдем өзгеше, ол – сөз өнері, яғни әдебиет.
Қазақ әдебиетіндегі шығармалар өз оқырманына сезімнің барлық түрін сыйлай алады: қуантады, күлдіреді, мұңайтады, жылатады, бақытқа жетелейді. Жазушы оқырмандарын мұндай қалыпқа жетектеу үшін әртүрлі әдіс-тәсілдер мен образды, сюжет пен композицияны пайдаланады. Оның барлығы да үлкен талғам мен шеберлікті қажет етеді. Өз заманының кемеңгер тұлғасы Зейнолла Қабдолов: «Жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болуы керек. Бұл – қалам иесіне қойылар бұлжымас талап. Тіл байлығы сөз өнеріндегі мазмұн байлығына әкеледі. Ал халыққа қажет шығарма – мазмұнды шығарма»,- деп айтқан екен. Расында да, оқырманды әдебиет әлеміне ертіп әкетіп, оларға түрлі эмоция сыйлау оңай шаруа емес. Десек те қазақ әдебиетінде көптің көңілінен шығып, өз бағасын алған туындылар аз емес. Солардың бірі – Нығмет Ғабдуллин шығармашылығы.
Н.Ғабдуллинді ғалым, зерттеуші ретінде танысақ та, ол кісінің жазушылық қырын көп біле бермейміз. Шын мәнінде, жазушы қазақ прозасына жаңа леп әкелді десек артық айтқанымыз болмас.
Нығмет Ғабдуллин – 1927-2005 жылдар аралығында өмір сүрген қазақтың белгілі ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол 1927 жылы 26 желтоқсанда Көкшетау облысы, Рузаев ауданы, Шұқыркөл деген ауылда туған. Жас кезінен қазақ әдебиетіне ынтық боп өскен жазушы 1950 жылы Абай атындағы қазақ педагогика институтының, қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетін үздік бітірген. Сөз өнерінен бір сәт те болса қол үзбеген ғалым 1950-1962 жж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында істеген. 1964–1966 жж. «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 1966–1969 жж. Бас редакторы болды. Қазақ әдебиеті мен ғылымына үлкен үлес қосқан Нығмет Ғабдуллин 1969 жылдан бастап Қазақтың Абай атындағы педагогика институтында ұстаздық еткен. Қазақ прозасын теориялық тұрғыдан зерттеп қана қоймай, жазушылық өнердің жарқын үлгісін көрсетіп кеткен ғалым 1964 жылы «Ғабит Мүсіреповтің драматургиясы» деген тақырыпта кандидаттық, 1972 жылы «Қазіргі қазақ прозасында жаңа адамды бейнелеу проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.
Орыс тілінде жазушының «Жаңа таныстар» (1957), «Өмірдің бұралаң жолдары» (1967) прозалық кітаптары басылып шықты.
Зерттеумен, шығармашылықпен айналысқан Нығмет Ғабдуллин көркем аударманың дамуына да үлес қосқан. Ол Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесін, Г.Марковтың екі кітаптан тұратын «Жер құты» романын, М.Шагиняннің «Ульяновтар семьясы» атты кітабын, В.Быковтың «Альпі аңызы», «Атар таңға аман жетсе» повестерін қазақшаға аударған. 1996 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған. Нығмет Ғабдуллиннің төмендегідей ғылыми-теориялық және шығармашылық еңбектері бар: «Менің достарым», «Алғашқы сапар», «Жаңа таныстар», «Құрбылар», «Гүл», «Қызық дәурен», «Өмір, қымбатсың маған», «Сарғайған жапырақ», «Жігер», «Уақыт сыры», «Ғабит Мүсірепов – драматург», «Махаббат жыры» және т.б.
Белгілі әдебиет сыншысы С.Әшімбаев: «Теңіздің дәмін тамшысынан білер» деген көп сөз емес, дөп сөз. Аталы сөз! Таудай ұғым тарыдай сөзге сыйып кеткен. Бұл халық ойы – қазына ойдың, қазыналық ойдың тереңдігі мен телегейлігін танытса керек. Осынау шалқар ұғым ұялаған шағын сөз өмір мен өнердегі беймәлім нәрселерді түсінудің, бейтаныс құбылыстарды түсіндірудің кілті де сияқты. Бұл тұрғыдан қарағанда, суреткердің сыры мен сымбатын, қаламгерлік қабырғалы ойдың қарым-қайратын оның негізгі бір шығармасы арқылы тап баса танып, осыдан соң ол автордың өзіндік ой-парасат бітімі туралы нақтылы көзқарас, айқын тұжырымға келуге болады деп ойлаймыз»,- деген екен. Расымен де, бір өзі ғана жазушының суреткерлік қабілетін толықтай көрсетіп тастайтын туындылар бар. Солардың бірі – Нығмет Ғабдуллиннің «Бақыт» повесі.
«Бақыт» повесі – Н.Ғабдуллиннің 2007 жылы жарық көрген шығармалар жинағына енген 5 бөлімнен тұратын повесть. «Өнер туындысының қандайы да өмір шындықтарының өнер иесінің жан дүниесіне әсер етуі нәтижесінде пайда болған ерекше психологиялық ахуал аясында дүниеге келеді»,-деген Жанғара Дәдебаевтың пікірін негізге алсақ, бұл повесть жазушының нағыз бақытты шағында дүниеге келген бе дерсіз. Шығармадағы позитивке толы сюжеттер, әже мен немеренің, әже мен келіннің арасындағы керемет қарым-қатынас, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сыйластығы, отбасы құндылықтарының берілуі қазіргі заманға нағыз керек дүние болып отыр. Шығарманың жарық көргеніне талай жылдар өтсе де, өзінің өзектілігін жоя қоймаған тақырып оқуға, қабылдауға, түсінуге сондай жеңіл берілгені жазушы бойындағы дарын мен терең теориялық білімнің үйлесімінен туса керек. Әрине, повестің позитивті мазмұнда берілуі тегіннен тегін емес. «Көркем сөз – көркем ойдың туындысы; құнды сөз құнарлы ойдан ғана туады, «ойы нәрсіздің тілі де әрсіз»,- деген екен Зейнолла Қабдолов. Демек, шығарманы айшықты, бедерлі һәм сондай әсерлі етіп бейнелеген көркем сөздің барлығы автордың көркем ойынан, таза ниетінен туса керек.
«Әдебиет халық ар-ожданының көркемдік бейнеленуі екендігі, оның этикалық, эстетикалық мұрат-мақсаттары ең алдымен әдебиетте көрінетіндігі қашаннан айтылып келеді. Бір халықты екінші халыққа кеңінен таныстырып, оларды өзара табыстыратын, бір-бірін өзара шын пейілден құрметтеуге үндейтін, қысқасы, рухани теңестіретін өнер екені мәлім. Оның ішінде әдебиеттің көтерер жүгі, атқарар қызметі ерекше»,- деген екен Сағат Әшімбаев. Әдебиеттің осындай ауыр жүгін жан-тәнімен түсінген жазушы Нығмет Ғабдуллин шығарманың өн бойында ұлттық құндылықтарымызды паш етеді. Мысалы: ешбір халықта кездеспейтін «ботақаным», «қоңыр қозым», «күнім», «шырақтарым», «құлындарым», «өрендерім» сияқты еркелету сөздерін пайдаланады. Қазіргі басқа халық былай тұрсын, қазақ тілін еркін меңгерген адамдардың өзі қолданбайтын қоғамға әжесінің немересіне деген махаббатын білдіру үшін осындай сөздерді пайдаланғаны өнегеге толы ұтымды шешім болды деп ойлаймыз.
Айтқысы келген сырын, танытқысы келген шындығын жан тебірентер әсерлі суретке айналдырып, қағаз бетіне көңілдегі қалпынан айнытпай түсіру үшін ең қажетті бірден-бір сөз іздеп табу – шебер суреткердің қасиетті парызы. Бұл ретте жазушы Нығмет Ғабдуллин өз парызын орындап, шеберлігін көрсетті: шығармадағы әр сөз өзіне белгіленген орынға келіп тұрғандай ап-анық, жұп-жұмыр.
Жаһандану дәуіріндегі өліара шақта қыл үстінде тұрған ұлттық құндылық, сырлы сезім, жан мен тәннің үйлесімі сияқты нәзік тақырыптардың өзекті боларын осыдан 15 жыл бұрын біліп жазғандай жазушының шығармадағы негізгі идеясы бақыттың мәні болса керек. Бақыттың мәні алыста емес, дәл жанымызда, бір шаңырақтың астында екенін меңзейтін туындының құндылығының салмағы қашан да ауыр болмақ.
Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отырған ене мен келін арасындағы сыйлы қарым-қатынасты «Бір отар қойды Зылиқа келініме жалғыз тастап кеткенің не?» - деп келінін ойлап баласына жекіп салған Ақық әжейдің махаббаты арқылы суреттеген бұл сюжет қазіргі енелер мен келіндерге үлгі-өнеге болары сөзсіз.
«Болашақ шығарма тақырыбының туу үдерісінде жазушының өмір шындығын, адам өмірінің қыры мен сырын тікелей зерттеп білуінің маңызы зор. Нағыз қаламгердің бір күні емес, әр күні, бар саналы ғұмыры өмір құбылыстарының сырын іздеумен өтеді»,- деген екен белгілі әдебиеттанушы-ғалым Жанғара Дәдебаев. Повесть атауына мән берер болсақ, жазушы ізденісінің нәтижесі – өмірдің бақыты болды, жазушы бақытты іздеді, тапты.
Әдебиеттің негізгі миссиясы оқырманын ізгілікке баулып, жақсылыққа шақыру десек, кішкентай ғана повестен алынған төмендегі әрі ауқымды, әрі терең философиялық ойлар осы миссияны орындауға бір қадам болса да жақындатты:
· Жас баланың жаны пәк, буыны бекіп, топшысы қатпаған балауса шағында оның мөлдір сезіміне дақ түспеу керек. Ал дақ түссе мұның таңбасы өмір бойы өшпейді және баланың жан дүниесін улайды.
· Ата-анаға баласының жәбір шеккенін көруден ауыр азап жоқ.
· Көш жүре түзелмей ме? Кемшілікке есті кісі күлмейді. Кекесін күлкі - кесек атқаннан да жаман.
· Адамға терін төгіп өз қолымен жасаған ісі қашан да қадірлі болмақ. Бастаған жұмысының жақсы тынғанын көру - адамның көңілін өсіреді, қуантады.
· Өз білгеніңді айтсаң қателеспейсің. Тек жорамалмен сөйле. Олай етсең іске пайда емес, залал келтіресің. Білмейтінің болса, жұрттан оны жасырма, шыныңды айт. Шынды айту - мін емес. Біздің бәріміздің білмейтін нәрсеміз көп әлі.
· Өзіңмен бірге мал бағып, сен ұшыраған нөсерге бірге ұшырап, сен ұрынған боранға бірге ұрынғым келеді.
Өмірде кездесетін түрлі теріс бағыттағы әрекеттермен күресу, жамандыққа тойтарыс беру, ізгілікті мәңгілік мұрат қып, отбасын аялау сияқты мөлдір, таза дүниелерді жеңіл тілмен, терең философиямен, позитивті мазмұнда бейнелеу Нығмет Ғабдулиннің қазақ әдебиетіне қосқан жаңашылдығы болса керек. Шығарманың соңындағы «Ұрпағының қуанышын көріп отыру – қарт адамға қандай зор бақыт» деген бір ғана сөйлемнің өзі повестің көркемдік құндылығын, бай мазмұнын танытып тұрғандай.
Шығарманың тақырыбынан бастап, мазмұны, кейіпкерлері, сюжеттері, негізгі идеясы, сүбелі сөздері бір ғана мақсат пен бір ғана мүдде үшін жұмыс істеп тұрған «Бақыт» повесі кез келген оқырманын бақытқа жетелері сөзсіз.
Сөз соңында филология ғылымдарының кандидаты Ш. Шортанбайдың мына бір сөзіне тоқталғымыз келеді: «Қай кезеңде де ұлтжанды азаматтардың алдында атқарылар істің ауқымды екені ақиқат. Оны іске, жүзеге асыру үшін азаматтың мойнында мақсат пен мүдде, парыз бен қарыз, жауапкершілік пен міндет тоқайласып, сансыз сауалдың, қиын күрмеудің мәселесін шешудің міндеті артылатынын білеміз. Бұл келелі істе кеңесіп атқарар шаруа мол, бірігіп шешер толғақты іс көп, өзінің азаматтық қарызы мен парызын түсініп, бел шеше, белсене іске кірісер азаматтар да аз болмайтыны түсінікті. Өмірлік мақсатын ерте түсініп, ел ісіне араласудың мәнісін міндетім деп ұғынып, Азаматтық ұстанымына, өмірлік кредосына тұрақтылығын әманда танытар азаматтар да баршылық». Міне, Нығмет Ғабдуллин – өз заманының азаматы, қайталанбас тұлға. Мақсат пен мүдде жолында парызы мен қарызын өтеп, жауапкершілігі мен міндетіп орындап, қазақ әдебиеттану ғылымын дамытуға бел шеше кірісіп, қазақ әдебиетінің мазмұнын байытуға белсене кірісіп, жаңа леп, жаңа толқын әкелген Нығмет Ғабдуллиннің шығармашылығы мен қалдырған мол мұрасы өміршең, ал көпқырлы бейнесі мәңгілік болмақ.