Күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим енгізіледі
Сонымен жоспардағы мерекелік, спорттық, мәдени шаралар, конференциялар, көрмелер өткізілмейді. Денсаулық сақтау, білім беру нысандары, қоғамдық көпшілік орындар, коммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, сауда, базарлар, қоғамдық тамақтану, вокзалдар, әуежайлар, қонақүйлер күшейтілген санитарлық дезинфекциялық режимге қосылды. Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған медициналық-әлеуметтік нысандарға, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орындарына баруға тыйым салынып, ол жерлерге де күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим енгізілмекші. Каникул кезінде оқушыларға өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауға тыйым салынады. Қоғамдық көліктерді жуып, дезинфекция жасау міндеттелді. Әдетте, қоғамдық көліктер ауысымның басында және аяғында тазаланса, енді оны әр рейс сайын тазалау туралы талап қойылыпты.«Орта білім беру орындары каникулға 2020 жылы 16 наурыз – 5 сәуір аралығында шығады. 16 наурыздан бастап колледждер мен жоғары оқу орындары қашықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрін қашықтан жүргізуге ауыстыру қажет», – деді вице-премьер Е.Тоғжанов.Оның айтуынша, сауда орталықтары, соның ішінде базарлар жұмыс істей береді. Себебі мемлекет халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуі керек. Ал ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлар жұмысын тоқтатады. «Бұл оңай мәселе болған жоқ. Фильм аз дегенде бір сағат көрсетілетінін білесіздер. Ғимарат ішінде көптеген адамның бір уақытта ұзақ болуы көп сұрақ туындатты, сол себепті осындай шешім қабылдадық», – деді ол. Биыл ақын Абайдың 175 жылдығы қалай өтеді? Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, мұндай шараларды жаңа форматта өткізу қарастырылып жатыр. «Мысалы, шараларды үлкен стадиондарда емес, теледидар, әлеуметтік желі арқылы өткізу жағын қарастырудамыз. Хакім Абайдың тұлғасын түсініп, ұлықтау шаралары да жаңа форматта өткізіледі», – деді министр.
Қашықтан оқуға дайынбыз ба?
Ал өз кезегінде сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, каникул аяқталғанға дейін эпидемиологиялық ахуал қадағаланады. Егер басқадай жағдай болса, қашықтан оқытуға сүйенуге тура келеді. Ал қашықтан оқытуға білім беру нысандары дайын ба?«Қазақстанда коронавирус жоқ, сол себепті балабақшалардың жұмысын тоқтатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Вирус анықталған жағдайда (коронавирус - автор) жедел шаралар қабылданады. Жалпы, еліміздегі университеттер үлкен қалаларда орналасқандықтан, барлық жерде техникалық және интернет жылдамдығы жағынан мүмкіндік бар», – дейді Асхат Аймағамбетов. Оның дерегінше, 68 мектепте мүлдем интернет жоқ. Бұл мәселе бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, Қазақстанда медициналық маска шығарылады. Былтыр тұрғындардың 80 пайызы отандық маскаларды қолданған. Тұрғындардың маскаларды сатып алғаны, кейбірі өзіне, кейбірі қайта сату үшін сатып алғаны туралы мәселе бар. Қазіргі уақытта бұл мәселе шешімін тапты дейді. Алайда әлеуметтік желіде маска іздеген адам көп.
Билет айыппұлсыз қайтарылады
Коронавирустың таралу қаупі төнуіне байланысты жолға шықпай қалғандар қайтпек? Бұл сұрақтың жауабын Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев берді.«Біз әуе рейстерін тоқтатып отырған жоқпыз, қысқартып отырмыз. Мысалы, Нұр-Сұлтан – Стамбұл бағыты бойынша 30 рейс 6 рейске қысқарды. Бізде авиациялық әкімшілік құрылған. Ол жерде тәулік бойы байланыс нөмірлері жұмыс істейді. Жолға шықпай қалғандардың билетін әуе компаниялары ешқандай айыппұлсыз қайтарып береді. Ал билетті басқа күнге ауыстыру қажет болса, ол жағы да қарастырылған», – деді ол. Осы тұста сөзге араласқан Елжан Біртанов қауіпті жағдай туралы халыққа 6 қаңтар күні ескертілгенін еске салды. «6 қаңтар күні коронавирусқа байланысты алғашқы баспасөз мәслихаты өтті. Одан кейін 13, 20 қаңтарда, яғни аптасына бір рет осыған қатысты брифинг өтіп отырды. Қауіпті жағдайға байланысты шетелге бару туралы жоспарды тоқтату туралы ескерткенбіз. Азаматтардың өзінде де жауапкершілік болуы керек. Біздің кеңесімізге құлақ аспағандықтан, осындай жағдайлар болып жатыр. Коронавирус жұқтыру қаупі жоғары елдерге барудан бас тарту керек», – деді ол.Бетін аулақ деп айтайық, егер елімізде коронавирус анықталған жағдайда қандай әрекет ету керектігі Үкіметтің «Б» жоспарына енгізіліпті. «Осы «Б» жоспары бойынша, еліміздегі инфекциялық ауруханалардағы төсек саны екі есе көбейтілген. Қосымша 14 мың карантиндік төсек-орын дайындалды. Осындай дертке шалдыққандарға көмек көрсету бойынша кадр мәселелері қаралып жатыр», – дейді Елжан Біртанов. Министрдің айтуынша, елімізде коронавирус таралу қаупіне байланысты қабылданған шешімнің қашан өзгеретіні белгісіз. Эпидемиологиялық қауіп сейілгенше өзгермейді.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ