Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда Орталық сайлау комиссиясының жаңа мүшесі тағайындалды. Сондай-ақ депутаттар бастамашы болған сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң қаралды.
Сот процестерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді
219
оқылды

Отырыс барысында сенатор­лар Сенат тағайындаған Орталық сай­лау комиссиясының мүшесі Анас­тасия Щегорцованың өкі­лет­тік мерзімі аяқталуына бай­ланысты оның өкілеттігін тоқ­тату және қыз­метінен босату туралы мәселені қарады. Регла­ментке сәйкес бұл мәселені Конституциялық заң­нама, сот жүйесі және құқық қорғау орган­дары комитеті алдын ала талқы­лап, өз қорытындысын әзір­ле­ген болатын. Ашық дауыс беру арқылы депутаттар бұл шешімді қолдады.

Сенат Спикері аталған лауа­зым­­ға коммуникация саласында мол тәжірибесі бар, Ақпарат министр­лігінде және «Хабар» агенттігінде жауапты басшылық қызметтер атқарған Ләззат Сүйіндіктің канди­датурасын ұсынды. Сенаторлар ұсынысты қолдап, Ләззат Сүйіндік ОСК мүшесі болып тағайындалды.

Сонымен қатар отырыс ба­ры­­сында «Қазақстан Респуб­лика­­сының кейбір заңнамалық акті­леріне сот жүйесін рефор­малау және процестік заңнаманы жетіл­діру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды. Айта кетейік, биылғы маусымда қабыл­данған «Қазақ­стан Респуб­лика­сы­ның кейбір конституциялық заң­дарына өзгерістер мен то­лықтыру­­­­лар енгізу туралы» Қазақ­стан Рес­публикасының Консти­туция­лық заңы дербес касса­циялық соттар құруды және олардың сот акті­лерін қарау жө­нін­дегі өкілет­тіктерін қарас­тырады. Осыған бай­ланысты бүгін қаралған заң арқылы Қылмыстық-процестік ко­декс­ке, Азаматтық процестік ко­декс­ке, Әкімшілік рәсімдік-процес­тік ко­декске және басқа да бір­­қатар заңға тиісті түзетулер ен­гізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ Жоғарғы Соттың заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық сатыда қарағаннан кейін оларды қайта қарау тәртібі енгізіледі. Мәселен, Жоғарғы Сотта істерді қайта қарау Жо­ғарғы Сот судьясының ұсынуы немесе Бас прокурордың нара­зы­­лығы бойын­ша айрықша жағ­дайларда ғана жүзеге асы­рылады. Ал әкімшілік істер бойынша сот актілері апел­ляция­лық шағым жасалғаннан кейін заңды күшіне енеді.

Бұл жерде заң нормаларына сәйкес азаматтық және қылмыс­тық істер бойынша кассациялық сатыда істерді алдын ала қарау алынып тасталды. Кассациялық сотта алты айдан аспайтын мер­зімде қылмыс­тық және азамат­тық істерді қайта қарау, сондай-ақ азаматтардың өтініш­терін рәсімдеуді оңайлату бо­йынша да бірқатар шара қарас­тырылған.

Депутаттар атап өткендей, кассациялық сатыға қолжетім­ділікті кеңейту үшін 2027 жылғы 1 шілдеден бастап талап қою сомасы 2000 АЕК-тен кем болған жағдайда жеке тұлғалардың және талап қою сомасы 30 000 АЕК-тен кем болған­да заңды тұлға­лардың мүліктік мүдделеріне байланысты даулар бойынша, сондай-ақ қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бойынша шектеулер алынып тасталды.

«Мақұлданған заң Мемлекет басшысының сот жүйесін ре­фор­ма­лау жөніндегі тапсыр­масын іске асыру мақсатымен әзірленді. Заңға Парламент депутаттары бастамашы болды. Осы заң аясында қылмыс­тық, азаматтық және әкімшілік іс­терді кассациялық сатыда қарау тәртібіне қатысты өз­герістер топ­тамасы қарастырыл­ған. Бұл түзе­тулер Мемлекет бас­шысы­ның тап­сыр­масымен келесі жылы құры­латын үш дербес кассациялық сот­тардың қызме­ті­мен байланысты. Атап айтқан­да, кассациялық тәр­тіпте істерді қараудың негіздері, шарттары және мерзімдері қайта қаралды. Судьялардың тәуел­сіздігін және олардың жауапкер­шілігін күшейтуге арналған ережелер де бар. Алдағы уақытта заң сот про­цестерінің ашықтығы мен әділ­дігін қамтамасыз етуге оң септі­гін тигізе­ді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшім­баев.

Бұдан басқа, палата отыры­сын­да сенаторлар депутаттық сауал­дарын жолдады.

Андрей Лукин Курчатов қа­ласы­ның базасында ғылыми қала­шық құру мәселесін қарас­тыру және заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасады.

Дархан Қыдырәлі балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына кедергі келтіретін проб­лемаларды атап өтіп, футболға қатысты жағ­дай­ларға ерекше назар аударды. Де­путат аталған бағыттағы мәселе­лерге тоқта­лып, инфрақұрылым, жаттық­тыру­шыларды даярлау және легионерлерге қатысты лимит бел­гілеу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Геннадий Шиповских жетім­дер мен ата-анасының қамқор­лығын­сыз қалған балаларды жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтама­сыз ету мәселе­лерін көтерді. Сена­тор қолда­ныс­тағы мемлекеттік бағ­дар­ламалардың жеткілікті деңгей­де тиімді емес екенін айтып, мәсе­лені шешуді көздейтін бірқатар шараға тоқталып өтті.

Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысының кейбір ауылдарында пошта бөлімшелерінің жабы­луына алаңдаушылық білдірді. Депутат­тың пікірінше, бұл ше­шім зейнет­керлер мен көрші елді мекендерге баруға мәжбүр бола­тын жәрдемақы алушыларға кері әсерін тигізеді.

Амангелді Толамисов жоғары оқу орындарының «лигасына» қа­тысты проблемаларға назар ауда­рып, осы бағыттағы бірқатар рәсім­ді қайта қарау қажет екенін айтты. Сондай-ақ ол аталған саладағы сын-қатерлерді де атап өтті.