Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәте­рінде белгілі жазушы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқ­пақбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтті. Іс-шара аясында «Менің атым Қожа» кітабының француз тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері ұйымдастырылды.
Қожа французша сөйледі
510
оқылды

Мәдениет және ақпа­рат министрлігінің мә­ліметінше, конференцияға ЮНЕСКО Бас дирек­торының орынбасары Эрнесто Оттоне, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымындағы Қазақстан өкілі Бақытжан Омар қатысты.

Қатысушылар Бердібек Соқпақбаев кітабының аудармасы француз оқырмандарына қазақ мәдениетін танытып, Қазақстан халқының бай дәстүрлері мен құндылықтарын ашатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Менің атым Қожа» фильмінің көрсетілімі өтті. Көрсетілім осы картинада басты рөлді сомдаған Нұрлан Санжардың бейне-хабарламасынан басталды. Әйгілі кинокартина көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бірнеше ұрпақтың сүйікті картинасына айналған туынды, кезінде сала мамандарын талай рет мойындатқан. 1967 жылы Канн фестивалінде фильм қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

– Француз көрермені болсын, басқа ұлттың азамат­тары болсын, бәрі де шын көңілдерімен қызыға қарады. Фильмнің әртүрлі сәттеріне, Қожаның қылықтарына бірге күлдік. Осыған байланысты Бердібек Соқпақбаев­тың және Абдулла Қарсақбаев түсірген фильмнің тек қазаққа емес, бүкіл әлемге түсінікті, жақын екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Соған қуанамыз, – деді Қазақ­станның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Асқар Әбді­рахманов.

Фильм көрермендердің де көңілінен шықты.

– Фильм барысында сан түрлі әсер алдым. Өзім өмір сүрмеген дәуірге деген сағыныш сезімін тудырған сиқырға тап болдым десем артық емес. Қазақ киносы фестивалінің барлық көрсетілімдері өте тамаша болды, – деді көрермендердің бірі Элиз. 

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығының ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілуі оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің маңыздылығын көрсетеді. 1952 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған қаламгер көзі тірісінде-ақ қазақ балалар әдебиетінің классигі ретінде танылды. Балалар­дың ғана емес, ересектердің де сүйікті жазушысына айнал­ған оның шығармашылығы ұрпақ тәрбиесінде әлі күнге өзектілігін жоймай келеді. 

Қазақстан тарапы ЮНЕСКО-ға іс-шараны ұйымдас­тырудағы қолдауы үшін алғыс білдіріп, қазақ халқының мұрасын халықаралық аренада насихаттайтын мәдени іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. 

Мерей ІЛТИПАТҚЫЗЫ