Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, конференцияға ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Эрнесто Оттоне, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымындағы Қазақстан өкілі Бақытжан Омар қатысты.
Қатысушылар Бердібек Соқпақбаев кітабының аудармасы француз оқырмандарына қазақ мәдениетін танытып, Қазақстан халқының бай дәстүрлері мен құндылықтарын ашатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Менің атым Қожа» фильмінің көрсетілімі өтті. Көрсетілім осы картинада басты рөлді сомдаған Нұрлан Санжардың бейне-хабарламасынан басталды. Әйгілі кинокартина көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бірнеше ұрпақтың сүйікті картинасына айналған туынды, кезінде сала мамандарын талай рет мойындатқан. 1967 жылы Канн фестивалінде фильм қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
– Француз көрермені болсын, басқа ұлттың азаматтары болсын, бәрі де шын көңілдерімен қызыға қарады. Фильмнің әртүрлі сәттеріне, Қожаның қылықтарына бірге күлдік. Осыған байланысты Бердібек Соқпақбаевтың және Абдулла Қарсақбаев түсірген фильмнің тек қазаққа емес, бүкіл әлемге түсінікті, жақын екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Соған қуанамыз, – деді Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов.
Фильм көрермендердің де көңілінен шықты.
– Фильм барысында сан түрлі әсер алдым. Өзім өмір сүрмеген дәуірге деген сағыныш сезімін тудырған сиқырға тап болдым десем артық емес. Қазақ киносы фестивалінің барлық көрсетілімдері өте тамаша болды, – деді көрермендердің бірі Элиз.
Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығының ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілуі оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің маңыздылығын көрсетеді. 1952 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған қаламгер көзі тірісінде-ақ қазақ балалар әдебиетінің классигі ретінде танылды. Балалардың ғана емес, ересектердің де сүйікті жазушысына айналған оның шығармашылығы ұрпақ тәрбиесінде әлі күнге өзектілігін жоймай келеді.
Қазақстан тарапы ЮНЕСКО-ға іс-шараны ұйымдастырудағы қолдауы үшін алғыс білдіріп, қазақ халқының мұрасын халықаралық аренада насихаттайтын мәдени іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Мерей ІЛТИПАТҚЫЗЫ