Түркістан облысында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүйелі жүзеге асып келеді.
Шаруалар жайына қанықты
276
оқылды

Бүгінде билік өкілдері халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге оң серпін беретін «Ашық әкімдік» кеңесінде қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдайды. Одан бөлек, халық арасына шығып, тікелей мәселелерге назар аударып келеді. 

Түркістан облысында 25 мың агроқұрылым мақта шаруашы­лығымен айналысады. 2024 жылы 106,4 мың гектарға мақта дақылы егіліп, жалпы егістіктің 12 пайыз­ын құрады. Күзгі жиын-терім бар­ы­­сында туындаған мәселелер­ді дер кезінде шешу және тауар өндіруші­лер арасында ақпарат­тық түсіндіру шараларын жүргізу үшін облыс әкімі Дархан Сатыб­ал­ды арнайы жұ­мыс тобын жас­ақ­­тап, жағдайды тұрақты бақы­лауына алды. Осы мә­селе аясында мақталы аймаққа сапарға шыққан облыс әкімінің орынбасары Нұр­бол Тұрашбеков Жетісай және Мақта­арал ауданы­ның шаруалары­мен кездесіп, алқа­лы мәжіліс өт­кізді. 

Түркістан облысы Ауыл шар­уашылығы басқармасының басшы­сы Нұрбек Бадырақов мемле­кет­тік қолдау аясында қар­жы­­лар­дың бас­ым бөлігі мақта шар­уашылығын дамы­туға бағытталғанын айта келе, бағдарламалар бойынша атқарыл­ған жұмыс есебін ұсынды. Мақта зауыт­тарының өкілдері мен шаруа­лар күрмеулі мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жет­кізді. Мақ­та қабылдау бекеттерінің жұмы­сын жүйелеу, мақтаны сұр­ып­тай отырып бағалау және су үнемдеу технологиясын ендіруге қатысты сұрақтарға жауап берген Нұрбол Тұрашбеков, «Мақтаның бағасы түспеу үшін өздеріңізбен бірге оның сапасын арттыруға күш салуымыз керек. Ұсыныстарыңыз орынды, егілетін мақта тұқымына көңіл бөлуге тиіспіз. Бұл бағыттағы әкім­дік тарапынан қолға алынған баста­малар, ең алдымен, шаруашы­лық­тардың мүддесін көздейтінін атап өткім келеді», – деп атап өтті. 

Қазір әкімдік тарапынан мақта өңдеуші зауыт басшыларының және қоғамдық ұйымдардың келіс­імдерімен, сондай-ақ қоғамдық ұйым белсенділерін қатыстыра отырып арнайы мобильді жұмыс тобы құрылды. Мобильді топ ар­қы­лы қыркүйек айында бақылау жүргізіліп, мақта өңдеу зауыттары­ның мақта қабылдау бекеттеріндегі зертханалар мен таразылар толық сертификаттаудан өткізілген.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков осынау жұ­мыс сапары барысында Сарыағаш ауданында да болып, бірқатар жыл­ы­жай иелерімен кездесті. Шар­­уалар қатты отын бағасын тұрақтандыру, көкөніс пен жеміс-жидек импортын реттеу бойынша өтініштерін жеткізіп, электр қуа­тының қыс мезгілінде үздіксіз бері­луін қамтамасыз етуді сұрады. Қазір ауданда көмір тапшылығы жоқ. 

Көтерілген мәселелерге қа­тыс­­ты заң аясында тиісті жұмыс­тар ат­қарылатынын айтқан Нұрбол Әбдісаттарұлы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы­ның басшысы мен аудан әкімдігінің жауапты мамандарына нақты тап­сырмалар жүктеді. 

Түркістан облысында жылы­жайлардың жалпы көлемі 1 640 гек­тарды құрайды. Бұл республи­калық көрсеткіштің 71 пайызын құрайды. Биылғы 9 айда өңіріміз­дегі жылыжайларда 150 мың тонна көкөніс жиналып, мау­сым­­ара­лық кезеңде жергілікті өнім­мен республика халқы қажет­ті­лігін 42 пайызға қамта­масыз етті. Өнеркәсіптік жылы­жайларды дамыту бойынша бүгінде 602 гек­тар алқапты қам­титын 3 жоба жүз­еге асырылуда. Нәтижесінде, жаңадан 6 150 жұ­мыс орындары құрылып, жылы­жайлардан қос­ымша 180 мың тонна өнім жина­ла­ды деп күті­луде. Бұл өз кезе­гінде республика халқын мау­­сы­м­аралық кезеңде жылыжай өнімдерімен 100 пайыз қамтама­сыз етуге мүмкіндік ашады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы