«AMANAT» партиясының ұйымдас­ты­р­­уы­­­мен өткен «Мұғалім Talks» жиы­нында конкурстық іріктеуден өтіп, алты педагог өз баяндамасын жасаған болатын.
Заманбек Аманбеков, мұғалім: «Мұғалім Talks» – жаңа идеяларға жол ашатын кәсіби платформа
556
оқылды

Солардың бірі – Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде орналасқан №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Заманбек Аманбеков. Бір­шама аудандық, республикалық жа­рыстардың жүлдегері осы жоба және орта білім туралы өз пікірін білдірді.

– Заманбек мырза, сіз «Мұғалім Talks» платформасына қатысып, өзіңіздің тәжірибеңізді бөлісіп, орта білім жөнінде мазмұнды баяндама жасадыңыз. Қалай ойлайсыз, орта білім жүйесінде бізге не қажет? Нені жетілдіруіміз керек? 

– Әрине, орта білім саласындағы түйткілді сұрақтарға қатысты өз ойым­­­­ды бөлісуге қуаныштымын. Бү­­гінде жалпы орта білім жүйесінде бізге жаңа­шылдық пен технологиялық дайындық қажет. Әлемдік білім стан­дарттарына сәйкес болу үшін оқу­шыларға заманауи білім беру әдістерін енгізу – аса маңызды қадам. Жетіс­тіктеріміз бар: қазақстандық оқушы­­лар халықаралық олимпиада­ларда, түрлі байқауларда үздік нәти­желер көрсетіп жүр, бұл біздің білім беру жүйеміздің әлеуетін көр­сетеді. Деген­мен ауыл мектеп­­терінің мүм­кіндік­терін кеңейту, пәндік бі­ліммен қатар өмірлік дағдыларды дамыту, оқушы­­ларды сыни ойлауға және креа­тивті шешімдер қабылдауға үйрету сала­сында әлі де жұмыс қажет.

Сондай-ақ мұғалімдерге үздіксіз кәсіби қолдау көрсету және олардың құзыретін арттыру да аса маңызды. Білім беру тек пәндерді оқыту емес, ол балаларды жаңа әлемге бейімдеп, өздерінің болашағын қалыптастыруға көмектесетін кешенді үдеріс. Сол себепті бізге барлығын қамтитын, жан-жақты дамуды көздейтін білім беру тәсілі керек.

– Сіздің ойыңызша, қазіргі мектеп бағдарламасының қандай негізгі артық­шылықтары мен кемшіліктері бар?

– Қазіргі мектеп бағдарла­масы­ның артықшылықтары мен кем­­ші­ліктері жайлы айтар болсақ, мен өзге­рістерді қолдаймын. Себебі өзге­ріс – даму, ал даму болмаса, қо­­­­­ғам­ның алға жылжуы қиын. Қазіргі бағ­­­­дарламаның басты артықшы­лықтары – технология­лардың да­­муына бейімделу, функцио­нальды сауаттылық пен сыни ойлауды да­мыту, сондай-ақ оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына бағыт­талғандығы. Бағдарлама оқу­шыларға тек ақпаратты жаттап алу емес, оны қолдануға мүмкіндік бере­тін дағды­ларды үйретуге ұмтылады.

Дегенмен мектеп бағдарламасында кейбір кемшіліктер де бар. Ол – бі­лімнің кейде тым теориялық болып, практикалық дағдыларға аз көңіл бөлінуі. Бағалау жүйесінің қатаңдығы мен мұғалімдердің жаңа әдіс-тә­сілдерге толық дайын болмауы да қиындықтар туғызуы мүмкін.

Жалпы, менің ойымша, жаңа тех­нологиялар мен әдістемелерді енгізу – уақыт талабы. Өзгерістердің басты мақсаты – оқушыларды өмірге қажет­ті дағдылармен қаруландырып, олар­ды әлемдік деңгейде білім алуға дайындау.

– Бүгінгі қоғамда мұғалім мәртебесі мен оның әлеуметтік беделін қалай көтеруге болады? 

– Мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін ,ең алдымен, оның адал еңбегі мен кәсібилігі маңызды. Менің тәжі­рибемнен көргенімдей, мұға­лімнің өз еңбегімен ғана өз мәртебесін жасауға болатыны анық. Алайда бұл үшін қо­ғам мен мемлекет тарапынан қол­дау қажет. Мұғалімдердің кәсіби дең­гейін арттыру үшін оларға үздіксіз білім алу мүмкіндігі мен жаңа әдіс-тәсілдерді үйрету қажет. Жалақысын көтеру және әлеуметтік жағдайын жақсарту да маңызды, себебі бұл мұғалімдерге өз жұмысын лайықты атқаруға мүм­кіндік береді. Сонымен қатар мұғалім­нің еңбегін қоғам дұрыс бағалап, олардың жетістіктерін насихаттау маңызды. Ата-аналармен және оқу­шылармен сенімді әрі құрметке негіз­делген қа­рым-қатынас орнату да мұ­ға­лімнің беделін арттырады. Жал­пы, мұғалім өз мәртебесін өз еңбегімен жа­саса да, қоғам мен мемлекет тара­пынан қолдау көрсе, оның беделі айтарлықтай өседі.

– Мұғалімдердің біліктілігін қалай жетілдіруге болады? Осы туралы не айтар едіңіз?

– Мұғалімдердің біліктілігін же­тіл­діру үшін бірнеше негізгі бағыт­тарды ұстану қажет. Біріншіден, үз­діксіз білім беру мен курстарға қатысу маңызды: мұғалімдерге жаңа әдіс-тә­сілдер, технологиялар мен иннова­циялық құралдарды үйрету үшін кә­сі­би даму курстарын ұйымдастыру қажет. Екіншіден, тәжірибелік оқыту мен семинарлар өткізу арқылы мұға­лімдердің нақты білім беру дағды­ларын жақсартуға болады. Үшіншіден, әріптестермен тәжірибе алмасу мен коучинг жүйесін дамыту мұғалімдерге жаңа идеялар мен әдістерді енгізуге көмектеседі. Соңында мұғалімдердің жеке зерттеу және жобалар жүргізуіне мүмкіндік беру, шығармашылық пен сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамытуға ықпал етеді. «Білімді болу – артық емес, бірақ сол білімді қолдана білу – шеберлік» деген нақылды ұстану арқылы мұғалімдер өз кәсіби­ліктерін арттырып, білім беру сапасын жақсарта алады. Сонымен қатар «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абай атамыздың сөзі мұғалімнің үздіксіз даму жолындағы басты бағыт болуға тиіс. Жаңа білім мен дағдыларды меңгеру мұғалімнің ғана емес, қоғамның да дамуына ықпал етеді.

Сіздер арқылы «Мұғалім Talks» платформасында өз ойымды жеткізуге мүмкіндік берген «AMANAT» партия­сы басшылығына алғысымды жет­кізгім келеді. 

Әсет САМАТҰЛЫ