Nasdaq, London Stock Exchange, MGEX Миннеаполис астық биржасы, COMEX Нью-Йорк тауар биржасы, Commodity Exchanges of Turkey, Чикаго тауар-шикізат биржасы... Бәрі несімен танымал?
Тәртіпті биржа – елдің берекесі
205
оқылды

Мұндай жаһандық алып биржалар мұнай-газ, метал, астық басқа өнімнің әлемдік бағасын белгілейді, халықаралық нарықты реттейді. Ал қазақстандық тауар биржалары несімен танылды? Сұйытылған мұнай газының бағасын еш негізсіз екі еседей күрт көтеріп, 2022 жылы қаңтар толқуларына түрткі болды. Содан мемлекет оларды тәртіпке келтіретін реформа бастады. Заң жаңа жылда күшіне енуге тиіс. 

Қалта-биржа қалай кемел болады?

Қазақстанда алғашқы тауар биржасы тек ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығының соңын­­да құрылды. Құрылмайтын ба еді, оны шенеуніктер қолдан жасады. 2008 жы­лы Алматы өңірлік қаржы орталығы мен ресей­лік «Фондовая биржа РТС» ААҚ-ы бірлесіп, Алматыда «Еу­ра­зиялық сауда жүйесі» (ЕТС) тауар биржа­сы» АҚ-ын тіркеді. Алайда онда­ғы тұңғыш элек­­тронды сауда-саттық тек 2009 жыл­дың 30 наурызында өтті. Оны Премьер­дің сол кездегі орынбасары Серік Ахметов салтанатты түрде ашып берді. Саудада елдің 50 ірі элеваторында сақтаулы тұрған үшінші сыныптағы бидай сатылды. 

Содан бері сарапшылар болмаса, тауар биржаларының не бітіріп жатқаны туралы былайғы жұрт естімеді. Олардың жаман ата­ғы 2022 жылғы Қасіретті қаңтар оқи­ғаларына байланысты шығып, жер жара жаздады. Жағ­дайға Президенттің ара­ла­суына тура кел­­ді. Қ.Тоқаев 2022 жылғы 5 қаңтарда Ақор­дада арнайы әрі шұғыл кеңес өткізіп, әлеу­меттік-экономикалық ахуал­ды тұрақ­тандыру үшін халыққа маңыз­­ды өнімдердің биржа арқылы саты­луына тоқтау салды. Сұйытыл­ған мұнай газы (автогаз), бензин, дизель бағасына 180 күнге мемлекеттік реттеу ен­гізді. 

Содан кейін ғана құзырлы органдар қи­мылға келіп, тауар биржаларын жаппай тексере бастады, талай былықтың шетін шығарды. Мысалы, заң бойынша тауар биржасының жарғылық капиталы 300 мың АЕК (2022 жылы бұл 918,9 мил­­лион теңге) болса жеткілікті. 

«Салдарынан, нарықта «қалта биржа­лары» белең алды. Тіпті, кеңсесі жоқ, әл­­дебір тұлғаның жеке пәтерінде тіркеле салған бир­жалар болды. Олар толығымен клиент­теріне тәуелді және биржалық, бәсекелі сауда қағи­датын дискреди­тация­лады. Алайда оларды жазалау мүмкін емес, себебі формальды түр­де жарғылық ка­пи­талына қойылған талапты сақтайды. Клиенттері тарапынан олардың қызметіне шағым түспейді. Сал­дарынан, уәкілетті орган олардың қызметін тексере алмай­ды», – деп түсіндірді Сауда және интегра­ция министрлігінің сарап­шылары. 

Сорақысы сол, 1 миллиардтай жарғы­лық капиталдың ақша болуы міндетті емес. Оны әралуан актив түрінде енгізуге рұқсат. Соның кесірінен, олар жарғылық капиталы ретінде сантүрлі мүлікті, тіпті биржалық қызметті жүр­гі­зуде қолда­ны­ла­тын бағдарламалық қамтылымды ен­гізді. Көптеген активінің өтімділік-лик­видтілігі төмен аукционға шы­ғарса, ешкім алмай­тын заттар екені әшке­реленді.

Тағы бір былығы сол, «қалта-бир­жа­лар» нақты бір клиенттерінің ғана тап­сырысын орындайды, олардың қар­сыластарын қатарға қоспау үшін қолдан келгеннің бәрін жасай­ды. Олар «бөтен» брокерлердің өз биржа­­сында аккре­ди­тациялануы үшін аса қатал талаптар қоя­ды, көп жарна талап етеді, тіркел­меуі үшін қаптаған кедергі орнатады. Сал­дарынан, мұндай биржалардың бро­керлерінің тізімі өте қысқа.

– Мұның бәрі тауар биржалардағы адал бәсекелестікті шектейді, олардың өзге ойын­шылардың назарынан тыс, көзінен таса жүре­тін сауда-саттығы кө­лең­­келі. Оның бірқатары сатушылар мен сатып алушы­лардың аз шоғыры үшін ғана сауда ұйымдас­тырады. Сол мақсатта ашылған. Оларды «қалта-биржалар» («кар­манные» биржи) деп атайды. Сон­дай-ақ баспанада тіркелгендері бар, олар­ды «пәтер биржалары» деп атайды. Бұған қоса, бир­жалық сауданың біршама тәуел­сіз, бірақ өте әлжуаз ойыншылары жетер­лік, олар сауда өткізу шартын бекі­туде клиент ұсынған кез келген шартқа келісе салуға дайын, – деді министрлік сарап­шылар. 

Антимонополистің айтары бар

Тауар биржаларына антимоно­по­лия­лық органның да тағар айыбы көп. Ве­домство сарапшыларының түсін­ді­руінше, мысалы, көмір өндіруші кәсіп­орындар әлі күнге «қалта-биржаларды» немесе кез келген шарт­­­қа «құлдық!» дейтін клиентсіз биржа­ларды пайдаланып, көмірді үлкен көлемде өнімсіз делдалдарына сатады. Осы арқылы салықтан жалтаруы мүмкін. Өндірген кө­­мірін арзанға бағалап, бюд­жетке одан аз салық төлейді. Артынша ши­кізатты жете­­­гіндегі өз делдалы арқы­лы жылу-электр орталықтарына, стан­саларға, халыққа қым­­батқа өткізіп, ылан-ойран пайдаға кенеледі.

«Бұл ретте өнімсіз делдалдардың сон­ша мол көмірді сақтайтын инфра­құры­лымы да жоқ. Қоймалардың оларға қажеті жоқ, өйт­кені шикізатты әрі қарай басқа делдал­дар­ға – көмір операторларына са­та­­ды. Осы­лар ғана көмірді бірден ке­ніш­тен алып, тұты­нушыларына жеткізеді. Бүкіл көмірді бир­жада көтерме сатып ала­тын өнімсіз дел­дал­дардың жолай алатын үстемесі 100%-ға дейін жетеді. Осы­ның кесірінен өңірлік кө­­мір опера­торларына өнім қымбат күйде жетеді, олар тікелей әрі арзанға алу үшін жер қой­науын пай­даланушылармен контракт бекіте ал­­майды», – деді Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту агенттігінің мамандары. 

Олар бір мысал келтірді: ешқандай ин­­фрақұрылымы жоқ және көмір опера­торы саналмайтын «Көмір Гарант» ЖШС 2023 жылы «Шұбаркөл Көмір» АҚ-ымен 445 мың тонна өнімге контракт бекіткен. Осы арқылы оның көмір разрезіне экск­люзивті қолжетім­ділігі қамтамасыз етілді, нарықтағы көмір операторлары мұндай мүмкіндіктен тыс қалды. 

«Ұқсас адал емес делдалдық схема­ларды жою, сондай-ақ көмір өндіруші кәсіпорын­дардың өніміне өңірлік көмір тұйықтарының еркін қол жеткізуін қамта­масыз ету мақса­­тында жоспарлы түрде жұмыс жүргізіліп жа­тыр. Ол биржаларда нарықтың білікті қа­­ты­­су­шыларына са­тылуға тиіс міндетті кө­лемдерді артты­руға ба­ғытталған. Айталық, міндетті кө­лем­нің үлесі 2021 жылы 10% ғана болған. 2023 жы­лдың соңында оны 50%-ға дейін жет­кізе алдық», – деді агенттік өкіл­дері. 

Осындай шаралар, сондай-ақ делдал­дық схемаларды қысқарту, көмір жеткізу­шілер санын арттыру елдегі көмір бағасы­ның өсуін құрықтауға мүмкіндік беріпті, әйтпесе бұрнағы жылдары қыс кезінде кө­мір екі-үш есеге дейін қымбаттап кететін. 

Бір салаға – қос реттеуші

Жалпы, жылдар бойы реттелмеген тауар биржаларының өрісі былық пен жемқор­лыққа белшеден батқан көрінеді. Сарап­шылардың айтуынша, бұлардың әрқайсы­­­сынан ондаған, жүздеген мил­­­­лиард теңге ақша өтеді. Ал олар болса, мик­­рокәсіпкерлік нысаны ретінде тірке­ліп алған. Сөйтіп, «үйдегі дүкен» сияқты ұсақ бизнеспен бірге жеңілдікті, арзан несие, салықтық жеңіл­діктер сияқ­ты мем­лекеттік қолдау алып кел­­­ген. Бұған енді тыйым салынуға тиіс.

Бұл үшін депутаттар бастамашы болған «Кейбір заңнамалық актілерге тауар бир­жалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңының жо­басын Мәжіліс құптады.

– Тауар биржалары ашық және ереже бойынша жұмыс істесе, сонда ғана эконо­микада маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында биржа­лық тауарларға ашық баға белгілеуді қа­лыптастыруды және «қалта-биржала­рын» нарықтан алып тастауды тапсырды. Бұл заң жобасы осы тапсырманы орындау үшін әзірленді және бірқатар нақты проб­леманы шешеді, – деді «AMANAT» фрак­циясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева. 

Оның түсіндіруінше, осы заң жоба­сына сәйкес, енді тауар биржалары шағын кә­сіпкерлік, оның ішінде микрокә­­сіпкерлік субъектілері қатарынан алып тасталады. Өзге жаңашылдықтары жетер­лік. Мысалы, тауар биржалары жұмысы­ның қаржылық тұрақты­лығы мен ашық­­ты­ғына қойылатын талаптар, соның ішін­­де жарғылық капиталы сомасы арт­тырылмақ. Оларға қатысты мемле­кет­тік бақылау кеңейтіледі. Бұл салада да қара тізім түзіледі: биржалық сауда-саттыққа жосықсыз қатысушылардың тізілім-рее­стрі енгізіледі. 

Қызметін жалғастыру үшін брокерлер мен клирингтік орталықтар бұдан былай лицензия алуға міндетті болады және олар қаржы мониторингі субъектілері санатына қосылады. Себебі биржалардағы қаржы ағындарының айқындылығы соларға тәуел­ді. Лицензияны қайтару немесе уақытша тоқтату рәсімі енгізіледі. Биржа­лық боттар­дың, жасанды интеллектің көмегімен бекі­тілген мәмілелер «елеусіз» деп танылып, күшін жояды. Халық үшін маңызды әлеу­меттік тауарларды сататын тауар биржала­рына жоғары талаптар енгізіледі.

Заңның бір жаңалығы – стандартты аукционды және стандартталмаған тауар­ларды биржалық саудадан шығарып тас­тамақ. Соның ішінде стандартталмаған тауар­лардың сауда-саттығы электрондық сауда алаңдарына ауыстырылады. Сауда­ның бұл түрін жер қойнауын пайда­лану­шылар қолданатыны белгілі. Олар осы арқылы биржада тек өзіне тиімді мәміле жасасады, шетелден тауар импорттай­тын­дармен келіседі. Сауда-саттыққа отандық тауар өндірушілер жіберілмейді.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, жыл сайын отандық тауар биржалары арқылы 2,5 триллион теңге қаражат өтеді. 

– Соның ішінде басым бөлігі, шама­мен 60-70%-ы жер қойнауын пайдалану­шы­лар­дың сатып алуына тиесілі. Басқаша айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылар жыл сайын өз қажеттіліктерін өтеу үшін 1-1,5 триллион теңгеге тауар сатып алады. Онысы тек шетел­де ғана жасалатын жо­ғары технологиялы жа­бдықтармен шек­телмейді. Сондай-ақ арасында машина­жасау, жеңіл өнеркәсіп, фарма­цевтика және басқа сала кәсіп­орын­дарының өнім­­дері, кеңсе тауарлары, жиһаз­дар сияқты қарапайым өнімдер бар. Олардың біразы бізде жасалады, жасалмаса, өндірісін Қазақстан аумағында тез-ақ жолға қоюға болады, – деді Айжан Әділ­қызы.

Алайда оны өзімізде шығарғанмен, қазақ жерінің астындағы мол қазынаны игеруші алпауыт компаниялар тарапынан кең сұраныс болмаса, өндірісі өркен жая алмай, тоқырайды. 

«Салдарынан күрделі ахуал қалып­тас­ты. Жер қойнауын пайдаланушылардың тауар биржалары арқылы жүргізетін сатып алула­рындағы жергілікті мазмұнның үлесі тым мардымсыз және жылына 6-6,5%-ды құрай­ды. Уәкілетті орган ретінде біз стан­дарттал­маған тауарларды және стандартты аукцион деген құралды бир­жалық сау­дадан алып тастау өте маңыз­ды деп санай­мыз. Бұлар қазақ­стандық биржалық жүйе­ні дискреди­тациялайды», – деді Сауда бірінші вице-министрі.

Жаңа заң күшіне енсе, салада қос рет­теуші пайда болады. Сауда саясатын Сауда министрлігі анықтайды, ал тауарлық биржа­ларға мемлекеттік бақылауды жүргізу Бәсе­келестікті қорғау агенттігіне жүктеледі. Осы­дан кейін салада тәртіп пен заң үстемдік құра ма, әлде қос реттеушінің басы «бір қазанға сыймай», сала әрі қарай деграда­ция­лана ма, оны уақыт көрсетеді.

Елдос СЕНБАЙ