«Малым – жанымның садағасы» деген қазақтың бар күнкөрісі осы жылы зор шығыннан көз ашпай тұр. Алдымен тұтас теріскей аймақты қамтыған жұттың салдарынан қылқұйрықты Қамбар ата түлігі жаппай қырылса, кейін су тасқыны кезінде жығылған үстіне жұдырық болып тағы да қолда бар малының басым бөлігі дүлей тасқынмен ағып кетті.
Өтемақы күтіп жүр, Ақмоланың шаруасы
коллаж: Елдар ҚАБА
342
оқылды

Онсыз да жұттан жұқарып малынан ада болған ауылдағы ағайынға бұл аса ауыр тиген. Тұяқты малы түгелге жуық қырылған жұрттың шымбайына батқан ауыр шығыннан жағдайы шатқаяқтап кеткен шаруалардың бүгінгі хәлі аса күрделі...

Ресми деректер бойынша, аз болғанымен теріскей об­лыстар мен Қарағанды облы­сында жылқы мыңдап қырыл­ған. Бірақ жергілікті атқарушы би­лік органдары барынша жа­сы­рып, қысы-жазы далада жайы­­латын үйір-үйір жылқы­лар­­дың қырылмағанын айтып бағуда. Алайда көктем уағында еріген қар астынан шыққан, өзен арналарында қатып қалған өлекселердің қалқып шығуы өті­ріктің арты бір-ақ тұтам еке­нін дәлелдеді. Жанталасқан би­лік өңірде эпидемиялық ауру­лар тарап кетпес үшін жабыла жү­ріп өлекселерді жинап өрте­ген болған. 

Жол бойында да теңкейіп-тең­кейіп жатқан жылқыларға бюд­жеттің бүйірінен өтема­қы­ның төленетіні де алдын ала бар­лық әкімдіктермен халықтың құлағына жеткен. Алайда арты сиырқұйымшақтанып, одан кейін мүлде төленбейтін болып шы­ға келді. Тұрғындар қанша арыз­данып жергілікті билік өкіл­дерінен бастап, облыс әкім­діктеріне дейін хат жазып, өте­мақы сұрағанымен жабулы қа­зан сол күйі жабулы қалған. Бар жылқысынан көз жазып қалған жергілікті жұрт сол күйі ұмыт қал­ған биліктің «уәдесін» орын­дамағанына қапалы. 

Қыл құйрықтылар жүздеп қы­рылған аймақтың бірі – Ақ­мо­ла облысы. Әсіресе, Бурабай, Зеренді, Біржан сал, Степногор қаласының іргесіндегі ондаған ауылдарда жылқы малы аса көп қы­рылған. Көктем шыға қар ас­тынан бәйшешектей болып шық­қан өлекселердің иісі қол­қа­ны қауып, жергілікті билік дереу жинауды қадап тапсырған. Бі­рақ осыған дейін облыс әкім­дігі ресми түрде айтқан төлем уә­десі құр сөз күйінде қалғаны тұр­­ғындардың ащы жанайқайын тудырған. 

Қолда бар жылқысының ба­сым бөлігі қырылып құрық ұс­тап қалуға жақындаған шаруа­ның бірі – Біржан сал ауданына қарасты Сәуле ауылының тұр­ғы­ны Жамбыл Жақыпов. Ауыл тұр­ғынының айтуынша, қолда­рын­дағы шаруа қожалығы негі­зі­нен жылдар бойы жылқы ма­лын өсірумен айналысады. Еті мен қымызын сатып, жылда пай­­­даға кенеліп күнелткен бас­ты күнкөріс көзі болған. Алайда былтырғы жұттан шаруаның бір өзінде ғана екі жүз жылқысы бір­дей қырылып қалған. Ауыл­да­ғы басқа тұрғындардың да жыл­қысы ондап, жүздеп қырыл­ған. Бірақ жергілікті билік қыңқ етпеген. Халық өз қотырын өзі қасып, бағасы қымбат жемшөпті сатып алып, қалған малын қыс­тан аман сақтаудың жолын іздеп шарқ ұрған. Дегенмен қыстың соңы тіпті ауыр болып әбден жү­­деп көтерем болған мал ақы­ры қырыл­ған. Ауыл тұрғындары­ның айтуынша, жергілікті ат­қару­шы билік алғашқыда бар мал­дың тізімін жасап, құжат­тары мен сырғалықтарын, чип­те­рін түгендесе, өтемақысын қай­таратынын айтып жиналыс өткіз­ген. Алайда тұрғындар күні бү­гінге дейін жұтта қырылған мал­­дың өтемі берілмегенін ай­тып шырылдап отыр. 

– Былтырғы қыс аса қатты бол­ды. Даланы жаппай мұз ба­сып жылқы тебіндей алмай қал­ды. Алты жүзге жуық қылқұй­рық­тым болған. Бар нәсіп тауып кү­нелтіп отырған әулетіміздің кә­сібі – осы. Қанша тыраш­та­нып бар күшімізбен жылқылар­ды жұттан шығарудың қам-қа­ре­к­етін жасағанымызбен, біздің шаруа қожалығының ғана екі жүз жылқысы қырылып қалды. Осы маңдағы басқалардың да жыл­қылары мыңдап қырылды. Бір­ақ жергілікті биліктің еш кө­мегі болмады. Көктем шыға жұт­тың салдарынан қырылған ма­лымыздың өтемақысы төле­нетінін жергілікті ветеринария­лық стансаның басшысы Кемел Маев селектор жиналысында облыс әкімінің өз аузынан шық­қанын айтып қуантқан. Бірақ артынан бәрі сиырқұйым­шақ­та­нып, өтемақы түгіл дәнеңе бол­ған жоқ. Ол үшін төтенше жағ­дай жариялануы тиіс өтемақы тө­лейтін заң жоқ дейді. Бірақ біз­дің аудандағылар жұмған ауыз­дарын ашпай, мыңдап жыл­қы қырылып жатса да төтенше жағдай жарияламады. Міне, қа­зіргі уақытқа дейін өтема­қы­мыз­ды ала алмай келеміз, – дей­ді Біржан сал ауданы Сәуле ауы­лындағы «Бибігүл» шаруа қо­жалығының жетекшісі Жам­был Жақыпов. 

Теріскей аймақтың түгел­ге жуық жылқыдан жұр­дай болғанын белгілі жылқышы Темірбек Ғалымов та айтып отыр. Оның айтуынша, Ақмола облысының бар ауданында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан об­лыстарында жылқысы қы­рыл­ған жұртшылықтың қатары қа­лың. Дегенмен өтемақыны ал­ғ­ашқыда толықтай өтейміз деген жергілікті әкімдік артынан сөзбұйдаға салып, одан кейін мүлде тынышталып қалған. 

– Жылқының көз алдымызда аш­тықтан жаппай қырылып жатуы ішімізді удай ашытқан. Үйір-үйір жылқы арам өліп жатты. Тіпті, көктем шыға дала тү­гел өлекселерге толып, ит-құз­ғынға жем болды. Қолда бар мүм­кіндігімді пайдаланып, жан­таласып иен далада шашылып жат­қан өлекселерді жинап кө­міп, өртедім. Өзімнің ондаған жыл­қым өлді. Құжаттары мен сыр­ғалықтары, чиптері бәрі бар. Жергілікті аудан әкімдігі бәрі то­лық­тай төленеді деп уәделерін үйіп-төккен. Бірақ сол күйі ұмыт қалдырды. Осы теріскей облыстардың бәрі күні бүгінге дейін ешқайсысы өтемақы ала ал­мады. Жергілікті билік уәдесін орындамады. Ал миллиондап шы­ғын шеккен халықтың қазір­гі жағдайы аса ауыр, – дейді Зе­ренді ауданы Васильков ау­данының жылқышысы Темірбек Ғалымов. 

Тұрғындар осылай мұң-за­­рын жеткізгенімен, жер­­­гілікті билік пен салалық бас­­­қар­малар өте­мақыны төлегісі кел­­­­генімен, өтей алмайтынын ал­ға тартты. Билік өкілдерінің ай­­туынша, бұл заңға қайшы келеді. 

– Иә, жұттан малдың қы­рыл­ғаны рас. Алғашқыда жұт­тың салдарынан төтенше жағдай жа­рияланады, сосын сол арқы­лы бөлінген қаражатпен малы қы­рылған халыққа өтемақы тө­ленбек болған. Бірақ төтенше жағдай жарияланған жоқ. Сол себепті жылқылар мен басқа малдың өтемақысы төленбейді. Өте­мақы алу үшін мал сақтан­ды­рылуға тиіс. Бірақ халық мұ­ны артық кө­реді. Ешкім малын сақтан­дырып жатпайды. Су тас­қыны бойынша малы қырыл­ған ха­лық­қа өтемақысы төлен­ген, – дей­ді Ақмола облысы Ветери­нария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов. 

Қалай дегенмен де бар кү­нелт­кен күнкөріс көзі малынан айырылған ауылдағы ағайын­ның қазіргі жағдайы аса мәз емес. Еттің бағасының төмен­ді­гі­нен онсыз да атакәсіп мал шаруа­шылығын тастап жатқан жұрттың қарасы басым. Малы­нан айырылған ауыл жұртының сенері де жоқ. Сондықтан құ­зыр­лы жоғарғы жақтан был­тыр­ғы жағдай қаперде болып алдағы уа­қытта мұндай жағдай бола қал­са, «уәде» ұмыт қалмас үшін заң­ға өзгеріс енгізілгені жөн бе де­ген ойдамыз... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы