Қасиетті Сыр топырағында ежелгі дәуірден қалған көне қалалардың ізі самсап жатыр. Онда өткен тарихымыздан мағлұмат беретін құнды жәдігерлер аз емес.
Тұранның  алтын жауһарлары
407
оқылды

Бүгінде құм қойнауына жасырынған асыл қазыналарымыздың ақиқатын ақтару мақсатында ежелгі қала орындарын аршып, кезең-кезеңімен зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, Тұран даласының тылсымдарына қанық болып жатырмыз.

«Түгіскен көсемі» жайында не білеміз?

Жуырда Қызылорда об­лыс­тық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдығына орай Сыр тарихынан тін тартқан құнды жә­дігерлердің реконструкциялары халық назарына ұсынылды. Атап айт­қанда, «Түгіскен көсемі» мен «Жетіасар ақсүйек әйелі» ре­кон-с­т­рук­­циялары өткен тарихымыз­дан сыр шертті. 

Жалпы, бұл қос жәдігер төңі­регінде бүгінгі ұрпаққа не белгілі? Зерт­теу нәтижелері не көрсетті? Осы жайында тарихшылардың тың деректерін ақтарып көрдік. 

Негізінен, «Түгіскен көсемі» ре­конструкциясы Оңтүстік Тү­гі­с­кен ескерткішіне ХХ ғасырдың 60-жылдары Хорезм археоло­гия­лық-этнографиялық экспедиция­сы жүргізген қазба жұмыстары нә­­тижесінде табылған алтын қы­лыш­ты сақ көсемінің мүрдесі не­гізінде орындалған. Құнды жә­ді­гер­дің нұсқасы ежелгі темір дәуі­­­­ріндегі Оңтүстік Түгіскеннен табылған материалдар бойынша б.з.д. V-VII ғасырлардағы тарихи-технологиялық ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асырылған. Ре­конструкцияға Ресейдің Мем­лекеттік тарих музейінің қорын­дағы және Мәскеу қаласындағы Миклухо-Маклай атындағы Ант­ропология және этнология инс­титутында сақтаулы жә­дігерлер нұс­қасы пайдаланылыпты. Ма­ман­дардың мәлімдеуінше, Оң­түс­тік Түгіскен қорымынан табылған көсем бейнесінің қайта жаңғыруы Арал маңы сақтарының киім-ке­шек элементтері, қару-жарақ­та­ры мен қосымша бөлшектері ту­ралы тың жаңалықтар ашып отыр. 

«Археологиялық зерттеу ба­ры­сында Оңтүстік Түгіскеннен 34 оба және солтүстік топтағы кесе­не­лер маңынан қазылған 4 оба, бар­лығы біздің заманымызға дейін­гі VІІ-V ғасырлармен мерзім­делетіні анықталған. Сонымен қатар археологиялық қазба бары­сында Оңтүстік Түгіскен жерлеу құрылысынан алтын қылышты сақ көсемінің мүрдесі ат әбзел­дерімен бірге табылған. Бұл біре­гей жәдігерлер сол кезеңде Мәскеу қаласына әкетілген. Қа­зір­гі уақытта аңдық стильде бе­зен­дірілген алтын қы­лыш Мәскеудегі мем­лекеттік тари­хи музейінде сақ­таулы», – деп түсін­дірді бұл жайын­да Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі «Ар­хео­логия және этнография» ғы­лыми-зерттеу бөлімінің мең­геру­шісі Айгерім Беккулиева. 

Негізінен, «Түгіскен көсемі» костюмі қызыл түсті престелген кү­дері матадан дайындалған. Ма­мандар костюмнің арнайы мата­дан тігілуінің өзіндік мәні жоғары еке­нін алға тартады. Бөлім мең­геру­шісінің айтуынша, ежелден қызыл түстің терең символдық мәні бар. Ол отпен, қуатпен және өмір­шеңдікпен тікелей бай­ла­нысты, сондай-ақ жоғары мәртебе мен алапат күшті білдіреді. Бұл түс сақ мәдениетінде салтанатты жә­не ғұрыптық киімдер үшін жиі қол­данылып, адамның маңыз­дылығы мен жоғары лауа­зымын айқындайтын болған. Соған орай, престелген күдері көсем мәртебесі мен әскери қасиеттерін айшық­тайтын беріктікті қамтамасыз етеді. Сондықтан күдері көсемнің киі­міне жоғары статус беріп қана қой­май, көшпелі өмір салтында қа­жетті функционалдықты қам­тамасыз етуге негізделген. 

Сол сияқты «Түгіскен көсе­мі» костюмінің алтын әше­кейлері түпнұсқа технология бойынша жасалыпты. Әшекейлер, оның ішінде аңдық стильдегі элементтер ежелгі қолөнершілер­дің шеберлігін және әрбір эле­мент­тің қасиетті мағынасын көр­сететінін алға тартады.

Ал «Түгіскен көсемінің» маңыз­ды атрибуттары болған қылыш пен қанжар темірден жасалыпты. Бұл оның әскери мәртебесі мен тай­паны қорғаушы рөлін айшық­тайды екен. Ал қылыш пен қан­жар­дың қынасы ағаштан жасалып, терімен қапталған. Бұл элемент­тердің барлығы иесі­нің жоғары лауа­зымын, сондай-ақ оның әске­ри ерлігі мен артық­шы­лықтарын айғақтайтыны мәлім болып отыр.

«Жетіасар ақсүйек әйелі» 

Қызылорда облысы Қармақ­шы ауданында ежелден тіршілік оша­ғы болған жалпы саны шама­мен 50-ден аса қамал-қалалар бой көтерген. Оның 27-сі Жетіасар ал­қабында 5-7-ден топ-топ болып ор­наласқан, Нақты айтқанда, Сыр­дарияның көне салаларының бірі – Қуаңдария мен Ескідария­ның бойына салынған. Ежелгі қа­лалардың қазіргі үйіндісінің биік­тігі 18-20 метрге жетеді. Асар­лардың барлығы әртүрлі деңгейде тұрғызылып, қорғаныс жүйелері­мен қоршалған. 

Жалпы, Жeтiacap қала­ла­рын зерт­теу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Соның негізінде 1973 жылдан бас­тап 1990 жылдардың соңына дейін Жетіасар шатқалында кең көлемді Ал­тын асар, Томпақ асар, Би­дайық асар, Кіші және Үлкен Қо­сасар мен 700-ге тарта обаларға қаз­ба жұмыстары жүргізілген. Нә­тижесінде, обалардан киім-кешек, әшекей бұйымдардың бай кол­лекциясы табылған. Бүгінде бай материалдық мәдениет кешеннің басым бөлігі Ресейдің Шығыс му­зейінде, ал бір бөлігі көрші елдің Мем­лекеттік тарихи музейінде жә­не Н.Миклухо-Маклай атында­ғы Этнология және артропология институтының қорында сақтаулы.

Көп жағдайда өте көне ескерт­кіш­терге археологиялық қазба жұ­мыстарын жүргізу сәтінде киім-ке­шек қалдықтары сақтала бер­мейді екен. Зерттеу нәтижесімен жe­тiacapлық қорғанасты, жерасты мо­лаларының және барлық кір­піш табыттарының 84,4 пайызы ерте кезеңде тоналғаны анықтал­ған. Алайда соған қарамастан жe­­тiacapлық жерлеу орындарынан біршама киім-кешек бөлшектері табылыпты. Қаңқалардың қал­пы­на қарап, тонау әрекеті мүрделер жерлегеннен кейін көп ұзамай бол­ғаны анықталған. Сол заманда мүр­де тонаушылар тек бағалы заттарды ғана иемденгені мәлім бо­лып отыр. Дейтұрғанмен, то­нал­ған жерлеу заттарының қал­дық­тары арасында біршама қы­зық­ты жеке керек-жарақтар, сән­дік бұйымдар, киім-кешектер бол­ған деген болжам бар. 

Осы орайда жeтiacapлық жі­бектен және мақтадан жасалған маталарды зерттеген А.Елкина, ті­гін бұйымдарының алты түрін анықтағаны айтылады. Соның ішінде ұршықта қолдан түтілген жіптерден тоқылған қарапайым құры­лымды мақта маталар едәуір бөлігін алып отыр. 

Негізінен, зығырдан жасал­ған мұндай маталар эт­ног­рафиялық мәліметтер бойын­ша Шығыс Европа халықтары арасында кеңінен қолданылған көрінеді. Біздің жағдайда кесте, күл­гін түспен боялған жіппен жа­салған. 

Жeтiacapлық қорғандарда кез­дестірілген кәріптас түймелер Бал­тықтан, ақық тас Индиядан, шы­нылары Сириядан және Мы­сырдан, агат геммалар Ираннан, шығыс еуропалық және орталық еуропалық фибулалар мен білезік­тер, өзге аскессуарлар Жeтiacap­лық байланыстардың кең спектрін аңғартады.

Сыр даласы шежіреге бай

2004-2005 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Ші­рік-Рабат қалашығына археолог-ға­лым Жолдасбек Құрман­құ­лов­тың жетекшілігімен зерттеу жұ­­­мыстары жүргізілді. Осы ар­хео­логиялық экспедиция нәти­же­сін­де жерлеу құрылысының №1 ны­са­нынан сақ жауынгері және оның әйелінің сүйектері анық­тал­ды. Қабірханадағы мәйіттердің жа­­­нынан ұзындығы 1 метрден аса­тын семсер мен белінің тұсы­нан белдіктің қалдықтары табыл­ды. Семсердің ромб тәрізді болып келетін жетесі мен конус тәріздес бал­дағы қоладан құйылса, ал бел­дік қола жапсырмалар жене тас түй­мелермен өрнектелген. Соны­мен қатар осы мәйіттің оң жағын­дағы жамбас сүйегінің тұсынан темір қанжар сынығы, құрбандық малының сүйектері, қыш құты мен күміспен құрсауланған ағаш тостағанның қалдығы шыққан. Ал мәйіттің аяқ жағынан қыштан жа­салған шырағдан, әртүрлі пі­шіндегі алтын жапсырмалар та­был­ған. 

Ғалымдардың зерттеуі бойын­­ша, ер адам – Тәңір­дің мейіріміне бөленген сақ жауынгері. Оған мүрденің бас жа­ғы­нан табылған «Тәңірдің мейі­ріміне бөленген батыр» деген парфян жазуы бар қыш құмыра-көнек дәлел. 

Осы қазба жұмыстары ба­ры­сында табылған археологиялық ма­териалдарды, яғни алтын жап­сырмалар, әшекей бұйымдар, қару-жарақтар, хош иістендіргіш культтік бұйымы, қыш құмыра-көнек сынды бұйымдарды негізге алып, археолог-ғалымдармен «Шірік-Рабат сақ жауынгері» ре­конструкциясын дайындады. Оны елге белгілі реставратор Қырым Алтынбеков 2023 жылы жасап шығады. 

«Осы орайда тағы бір айта кете­тін жәйт, 2019 жылы Қожа Ах­мет Ясауи атындағы Халық­ара­лық Қазақ-Түрік университеті мен Өз­бекстандағы МИЦАИ ұйы­мы­ның бірлесе атқарған археология­лық қазба жұмыстары кезінде Сы­ғанақта №3 қазба нысаны (са­ғана) орны қазылып, алтын әше­кей бұйымдар табылды. Атап айт­қанда, бойтұмар, сырғалар, түй­мелер, маржан моншақтар та­ри­хи жәдігерлер қатарын то­лық­тырды. Археолог мамандардың айтуынша, сағана Сығанақтағы ақсүйектер әулетіне тиесілі. Саға­на­дан табылған әшекей бұйымдар таяуда Қарағанды облысында зерт­теліп, гиперреалистік бейнесі жа­салған «Болған ананың» әше­кей бұйымдарына ұқсас екені анық­талды. Соған орай, сағанада табыл­ған жәдігерлердің ғылыми негіздемесін басшылыққа алып, Алтын Орда кезеңінің ақсүйек әйе­лінің, яғни «Сығанақ хан­шайы­­мының» гиперреалистік бей­несі де жасалды. Негізінен, Сыр даласы – ежелгі өркениеттің ордасы болған құнды деректерге бай өлке. Бұған дейін жүргізілген зерттеу нәтижелері осыны аңғар­тады. Қызылорда облыстық тари­хи-өлкетану музейінің биылғы 85 жылдығына орай осынау құнды жәдігерлерімізді реконструкция­лау жұмыстары да бекер емес. Осы ар­қылы өскелең ұрпақтың жадына өт­кен тарихымыздың мол мұра­сын сіңіруді мақсат тұттық», – деп ойын толықтырды музейдің бөлім меңгерушісі Айгерім Беккулиева. 

Жалпы, Сыр өңірінен табыл­ған құнды жәдігерлер, оның ішін­де әйелдер киімдері мен әшекей бұйым­дарының ғылыми жаңғырт­пасын жасау әлі де өздігінен сұра­нып тұрғаны аңғарылады. Сон­дық­тан да осы жинақталған жә­ді­герлерге тыңғылықты зерттеу жүр­гізілсе, Тұран жауһарлары төңі­регінде көптеген тың деректер ашы­лары сөзсіз. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы