Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Тылсымға толы ғаламат
215
оқылды

Бүркеншік аты: Zhalyn

 

Тылсымға толы ғаламат

 

Жүзінің жарық сәулесі мен нұры сөнген жас жігіт биік үй шатырының жиегіне тақалып тұр. Әлемге тікесінен қарап, бос қалаға көз тастады. Қала әдеттегідей тым шулы да жарық та емес. Жігіттің ауыр шешіміне тап бір мойынсұнғандай, тып-типыл. Суық ауада ауыр тыныстап, көзін жұмып тына қалды. Барлық өмірі алдынан зулай өтіп, көзінен ыстық жас төгілді. Моншақтай көз жасы бетін жуса да, қатқыл аяз бір лебімен қатырып тастады. Ішкі түпкірінен жүрегі: "Иссак, есіңді жина. Сені мәпелеп бауырына басқан осынау әлемді сатып, қашып кетпекпісің? Енсеңді тік ұстап, өзіңді қолға ал!" – деп үн қатады. Жүрегінің үніне құлақ асып, артқа бұрыла бергені сол еді, аяғы тайып, биік шатырдан төменге құлдилай жөнелді. Тағдырына налып: "Қаласам да, қаламасам да бұл мәнсіз өмір мені басымнан сипай қоймады және бұған көндігу парызым", – деді.

Көзін ашса... Иә, ол тірі, есен-сау. Көзін ашса, айнала жап-жарық, барлық жер аппақ әрі жұмсақ. Бұл жердің мінсіздігіне қарап, тіпті "Жұмақ" дерсің. Иссак өзінің қайда екенін ұғып, қайта өңі қуарып кетті. Бірақ айналадағы керемет бейне оның жүзін шаттандыра түсті. Сөйтсе, ол жоғарыдан қалың әрі нығыз қарға құлап, аман қалыпты. Ол жер әлгіндегідей қап-қара, сұрғылт тартқан өңсіз емес. Иссак жерден ақырын көтеріліп, балаша масайрап, тізесінен келген қарды аралап кезіп кетті.

Көше шамдары қаз-қатар тізілген маржандай жалт-жұлт етеді. Қардың нәзік ұшқыны бетіне тиіп, ол аспанға қарай қарады. Қарап қалса, қар қайта жауып, жердегі ескі қарды жамап жатқандай көрінді. Кішкене ғана қар түйіршіктері оны шексіз қуанта алды. Қарлы қаланы белшесінен басып келе жатып, есіне бір қызық әрі түсініксіз миф түсіп кетті. Үйіне келе жатып, сол мифті өз-өзіне айтып қайталап келеді. Ол өз аңызын былай жалғады: "Сиқыр мен тылсымға толы Сибирия елінің қызықты өмір сүру дағдысы. Бірақ бұл мекенді қазіргі Сібірге балап та жатады. Онда алып, ерекше түсініксіз жаратылыс иелері өмір сүрді. Олар қорқынышты болып көрінгенмен, өте мейірімді, пейілі таза, игі жақсылар еді. Онда қайғы-қасірет деген атымен жоқ. Барлығы тұтас бақытты. Бірақ онда барар жол жабылып қалған, туннельдің қайда екенін тірі жан білмейді. Өкінішті", – деп, Иссак үйінің есігін ашып ішке қарай кіріп кетті.

Үйге кірген соң, бірден жатын бөлмеге барып жатып қалды. Төсекте әрі-бері дөңбекшіп, ұйықтай алмады. Ішін бір ой тесіп, қияға әкетіп барады. Иссак әлгі сиқырлы мекен Сибирияны қайта-қайта ойлап, сол жерді көз алдына әкеліп қиялдай берді. Әрлі-берлі ойланып, Сибирияны іздеп табуға бел байлайды. Батыл шешім қабылдап, ұйқыға кетті. Бірде ол түс көре бастады. Түсінде Иссак Сибирияға барар туннельді тауып, сонда қоныс аударыпты. Өз қиялынан туындаған алып дәулермен бірге керемет өмір сүріп жатыр екен. Бақыттың бал сырасына масайған жігіт кенет оянып кетті. Өзінің баяғы қатал тағдырына куә жерде жатқанын түсініп, жылап жібере жаздады. Себебі түс тым шынайы көрінді және ол жер таңғажайып мекен еді.

Ілгерілей тұрып жуынып-шайынып, таңғы асын ішіп тысқа шығып кетті. Әдетте Оттаваға қар қалың түседі. Сол қарды Иссак қырт-қырт етіп басып келеді. Солай аз жүрген соң, бір жер үйдің алдына тоқтады. Үй қоршауынан кіріп, ауладан арбаға таңылған, бетін әжім жайлаған қарт қарияны байқап, қасына жақындады. Қарияға қолын созып:

 – Филип көке, есен-саумысыз?! Қыс ауасында сыртта отырғаныңыз қалай? – деді.

 – Иссак балам, сенбісің? Е-е-е, мен сол таза ауамен тыныстап, тынығып отырмын. Менде барлығы ойдағыдай, өзіңнің жағдайың қалай? – деп, күлімсіреді.

 – Иә, бір уақыт дамылдағаныңыз дұрыс. Енді менде барлығы жақсы дейін десем, ол өтірік болып қалар. Менің халім бәз-баяғыша сол қалпы, – деп жанарының оты сөне қалды.

– Балам, өмірден еш мойыма, өзіңді түсіруге мұрсат берме, – деп, Иссакқа жымиып қарады.

– Сіздің арқаңызда талай ауыртпалықтан арылдым. Таза пейіліңіз өз алдына бір төбе!

 – Балам-ау, бір жасап қалдым ғой, – деп, әжім басқан бетімен жымия қарады. Иссактан:

– Негізінде, не бұйымтаймен келіп едің?

 – Мен, мен сізден бір жер жайында сұрап білуге келіп едім. Сіз енді бір ғасырдан астам уақыт бұ дүние перзенті екеніңіз хақ. Тиісінше талай аңыз-дастан білуіңіз керек қой.

– Иә, сұрай ғой, білгенімше айтайын, – деп Иссакқа жақын қарады. Иссак сәл кібіртіктеп:

– Бала кезімде өз әжемнен Сибирия деген сиқырлы жер туралы естіген едім және оны тек аңыз деп айтады. Бірақ бұл жер шынайы болуы мүмкін бе?

– Иә, әрине, бұл жер жайлы жақсы білемін. Ол жер негізінен болған, қазір де болуы мүмкін. Сибирия қазіргі Сібір маңайын жуықтайды. Сондағы Орал тауларының қатты мүжіліп және қарлы дауылдың қатты болуынан барар туннель мәңгіге жабылып қалған. Алайда мұны барлығы аңызға балап жоққа шығарып отыр. Себебі ешқандай картадан, ғарыш кеңістігінен оның шекарасы анықталмаған және көрінбейді. Тіпті бұл тылсым мекен деуге болар. Бірақ аяқ асты бұл жер неге қызық болып қалды?

– Енді, қазіргі айтайын дегенім есуастық болар, бірақ сонда да айтайын. Мен сол жерге барар туннельді тауып, сонда қоныс аударғым келеді.

– Бұл ешқандай да ақымақтық емес. Мен де жас болғанымда осы жерді атамнан естіп, сонда баруды қатты қалап, туннельді табуға бекінген едім. Алайда опасыз дүние ол мақсатымды таптап, екі аяғымнан айырды. Содан қанатым қайысып, арманда қалдым.

– Недеген қиын еді. Бұлай аяқталуы тым өкінішті. Бірақ аяғыңыздан қалай айырылдыңыз?

– Мен Сибирияны іздеп, Еуразия құрлығына дейін жеттім. Санкт-Петербургте жүргенімде бір қырғын үстінен түсіп, байқаусызда оққа ұштым. Солай сал болып, елге оралдым.

– Филип көке, бұл тым өкінішті жайт екен, – деді.

– Маңдайға жазғанды сүрмеске амал жоқ. – Бұл сапарда маған қандай кеңес бере аласыз?

– Осы  шешімге бел буғанымда атамның сандығын ақтарып жүріп "S" әрпіне ұқсас кілт тауып алған едім. Саған соны бергім келеді. Тағы айта кетерлігі менде бір нұсқаушы жазба дерек бар, соны да алып ал, олда керек болар.

– Көкем-ау, сізге жетер асыл жан жоқ шығар, сірә! Сізге ризамын, әрқашан аман болыңыз! –деп жүрек жарды пікірімен алмасты.

Филип ақсақал үйінен әлгі атаған заттарды алып, Иссакқа беріп жіберді. Жігіт те қартпен мәңгіге қоштасып кете барды.

Иссак үйіне келіп, жаңағы қолжазбаны оқи бастады. Онда: "Құпия сырын ашпақ болсаң, Орал тауының тура үшбұрышқа ұқсас формадағы бөктерінің біріне барып, "S" әрпінің тетігін тап және ... Әрі қарай барлығы өзіңе байланысты"-деп, жазылған екен. Осы ақпарға иланып ол, барлық киімін жинап, әуежайға келді. Осы Оттава арқылы Мәскеуге келуді көздеді. Мәскеуге арналған ұшаққа отырады. Бірнеше күндік әуе сапарынан соң Иссак діттеген жері Мәскеуге де жетеді. Көңілі ерекше ала бұртып, жанын қызық сезім жайлады. Әп сәтте қонақ үйге орналасып алды. Ендігі ондағы мақсат, Орал тауына аман-есен жетіп, туннельді табу. Қаншама жолды аттаған соң ба,жастыққа басы тие бергені сол еді, пырылдап ұйықтай жөнелді.

Иссак бетіне түскен күн сәулесінің әсерінен оянып кетті. Әдеттегі шартты рефлекс. Жуыну, төсек жинау, таңғы ас бір сөзбен айтқанда кәдімгі қалыпты таң басталды. Жігіт қара чемоданың ашып, ішінен ноутбукты алып, үстелге жайғасты. Ғаламторды ашып, Орал тауына саяхат ұйымдастыратын агенттік іздей бастады. Біраз агенттікті тапқанымен қайсы біріне сенерін білмеді. Сәлден соң ұялы телефонын алып әлдекімге қоңырау соғып жатты. Бірнеше минуттық диалогтан кейін Иссактың жүзі құлпыра кетті. Чемоданын алып, қонақ үйден шығып кетті. Таксиге мініп, үлкен ғимараттың алдына келіп тоқтады. Үлкен кеңсе ішінен адасып жүріп әзер дегенде іздеген жанын тапты. Кабинетке кіріп отырды. Оны басы таз, қара мұртты орыс азаматы жылы шырай таныта қарсы алды. Иссак ағылшынша сөз бастап еді, әлгі орыс та ағылшынша сайрай кетті. Таз орыс жігітке қарап ағылшынша:

– Біздің тауды бағындыруға ықпал жасайтын агенттігімізге қош келдіңіз! Қай тауға шыққыңыз келеді? – деді. Иссак жуан үнімен:

– Орал ... яғни Орал тауына барғым келеді. Бірақ барынша тез – деп, өз шыдамсыздығын білдірді.

– Жарайды, дайын болсаңыз кешке әріптестерім туристерді сонда алып барады. Бірақ жазылу бітіп қойды. Егер көбірек ақша берсеңіз ...

– Жарайды қанша сұрасаңыз да беремін, қалайда бүгін сонда болсам деймін.

– Жақсы! Онда келістік – деді де қос қолын ұсынды. Жауап ретінде Иссак та қол алысты. Кабинеттен шығып хатшыдан өзін алып баратын адамды біліп алды.

Біраз сағаттар өткен соң агенттік туристерді автобустарға отырғызып, тауға қарай жол тартты. Автобус іші өте жайлы. Әр адам өздеріне тиесілі төсекке орналасып, көрпеге оранып даладағы ысқырық ызғар желдің үнін естіп жатты. Дала ымырт жамылған соң көлік ішіндегі жұрт та қалың ұйқыға кетісті.

Есіктің қайта-қайта ашылуы, қарды адам басқандағы дыбыс Иссакты мезі етіп жіберді. Нәтижесінде ол оянып, далаға қарады. Дала өзге кейіпке еніп, өзгеріп кеткендей. Алып тау бөктерінде бой түзеген зәулім демалыс үйлері көздің жауын алып тұр.

Аздаған сағаттардан кейін олар межелі жерге жетті. Барлығын үйлерге орналастырып жатты. Сонда барған саяхатшылар толық орналасып, тауды аралауға түгел дайын екендіктерін айтты. Иссак өзімен бірге әлгі кілт пен дерек көзін алып алды. Бірінші тауды бағдарлап кейін түбегейлі әрекетке көшуді көздеді.

Орал тауының көз тойдырар сұлу бейнесі. Барша жұрт бұл сұлулықты тамашалап, өздерін әлемдегі ең бақытты жанға баласты. Ал Иссактың барлық бас ауруы небәрі 3 күнде туннельді тауып алу. Өткен әрбір қыраттар мен бөктерге мұқият қарап, барынша мән берді. Біреуі дөңес болса енді біреуі сопақтау. Қалаған жерін таба алмай келе жатқан Иссак ашуға бойын билеткісі келсе де, өзін ұстап отырды. Қарбаласқа толы қызықсыз тағы бір күн өз межесіне жетті. Жігіттің "таба алмау" уайымы бойын одан әрі билеп, тыныштандырар емес. Әрі-бері толғанып ұйықтап қалды.

Таң ата салысымен барлығы таңғы жаттығу есебінде тау арасындағы соқпақ жолға жүгіруге аттанды. Оның ішінде Иссак та бар. Әрбір дөң басына мұқият қарап, баяу келе жатты. Кенет сәл биік қырға шыққанда көзіне бір тау бөлігі түсіп кетті. Жүзі жадырап сала берді. Анадай жердегі пішіні құдды үшбұрышқа ұқсас келген. Қырат сияқты тау бөгіне көзі тояттана қарады. Алды артына қарамай, сол жерге қарай тұра аттанды. Жақын көрінгенмен 2 сағат болды әлі жеткізбей келеді. Өзі «адасып кетем бе» деп қорқып қояды. Әзер дегенде сонда жетеді. Биік тау қыратының қай жерінде туннель болуы мүмкін? Тіпті елестетудің өзі қисынсыз. Ол жерді мың рет қарап ештеңе таппады. Ұнжырғасы түсіп қосқа қайта оралды. Келесі күні сол жерге әйтеуір адасып-адасып қайта келді. Тағы ештеңе таппай жалғыздық та отырып жылай кетті. Кенет аяқ астында тұрған тетік сияқты кішілеу тесікке көзі түсіп кетті.

Дереу қалтасынан әлгіндегі Филип көкесі берген деректі алып оқи бастады. "Тетік" деген сөзді оқып, қуанып әрі таңырқап қалды. Көңілі құбылып жұдырықтай кілтті қойнынан алып шықты. Кілттің сабын әлгі жерге салуға жүрегі дауаламай қорқып тұр. Бар батылын жинап кілттің ұзын сабын жаңағы тесікке салып жібереді. Көзін тарс жұмып, жерге екі бетімен кілтті ұстай жата кетеді. Басында ештеңе өзгермей сол қалпы тұрды, бірақ кейін ...

Тау ортасынан қақ жарылып, ұзын туннель ашылды. Орнынан тұрып туннельдің ар жағына көз салды. Ар жағы шексіз тұңғиықтай қап-қараңғы. Иссак неде болса тәуекелге баруға бел байлап, кілтті тесіктен тез жұлып, туннельге қарай жүгірді. Аралық есік жайлап жабылып келе жатты. Бірақ жігіт ілесіп үлгерді. Түнекке толы туннельде келе жатып, қалтасынан қол шамын ала айналасын бағдарлай бастады. Тегіс жолдан басқа ештеңе көрінер емес. Бірер минуттан соң туннель іші нұрланып сала берді. Сол кезде арғы беттің қақпасы көрінді. Иссактың жүрегі алып-ұшып сонда қарай қатты қарқынмен жүгіре жөнелді. Солай бірден бір ерекше құпия бір мекенге тап болды. Айналасы қармен көмкерілген, таулары аспанмен бой түзеп шарықтап тұр. Тау дегенде өте биік өте, өте биік, ұшар басы көрінбес тау. Иссак ақырын басып, қай жерден не нәрсе шығып қалар екен деп үрейленіп келеді. Таулы қыраттарды аралап, айналаны бағдарлап келеді. Кенет бір қыраттан асып өтпекке сөмкесін астына төсей салып сырғанай жөнелді. Бірақ төбе ақыры батып кетер тұңғиықтай көрінді. Иссак өзін тоқтата алмай, сол тұңғиыққа бата берді. Шыныменде іші шексіз түпкірі жоқ шұңқыр екен. Жігіт ішіне тап болысымен ол жер барынша нұрланып, бар сәулесін шығара жап-жарық болып кетті. Сәуленің жарық болғаны сонша Иссактың көзін қарып, көр соқыр етіп тастады. Көзі көрмесе де бір жұмсақ жерге құлағанын сезді. Жалаң қолымен сол жерді сипай жөнелді. Онысы жұмсақ, сусып тұрған қар екен. Орнынан жалма-жан тұрып, жол дорбасын асынып, басы ауған жаққа қарай жүре берді. Қолына ұзын ағаш ұстап, оны нұсқаушы ретінде қолданды. Кенет қақ артында шыққан үннен жүрегі сылқ ете қалды. Ол үн ызғарлы және қорқынышты сезілді. Артына үрейленіп бұрыла, өз тілінше:

– Кешірерсіз маған көмектесесіз бе? Әлгі біреу де ағылшыншалап:

– Әлбетте, соңымнан еріңіз, – деп, өзі алдыға басып кетті. Иссак та оның артынан ілесе жөнелді.

Жарты сағаттық жолды артқа тастаған соң, үлкен қақпаның ашылған дыбысы естілді. Әлгі бейтаныс жан оның қолынан ұстай үйге алып келді. Оның қолы түсініксіз сезілді. Құдды қолында саусақтары жоқ сияқты. Қолы тіпті оның түсініксіз қолдарын ұстауға жетпей де қалды. Өте үлкен еді.

Иссакты мамық көрпеге отырғызды. Жігіт әлсін үн қатып:

– Кешірерсіз, сіз маған көмектесе аласыз ба? Ол дамылсыз басқан қадамын кідіртіп, жанына жақындап:

– Мен сізге бір шөп тұнба әзірлеп соны ұсынамын. Содан көзіңіз жазылып, бұрынғыдан да жақсы көріп кетеді.

– Таза кіршіксіз пейіліңізге айтарым тек алғыс! – деді.

– Иссакқа аздан соң хош иісті әрі ғажап дәмді тұнбаны ішкізіп, жатқызып қойды. Ол дереу пырылдап ұйықтай жөнелді.

Тура бір күн өткен соң Иссак оянып, көзін ашады. Шынында да әлгі жан айтқандай қос жанары бұрынғыдан да жақсырақ көрініп тұр. Дереу айналасына таңдана қарады. Аузы ашылған күйі сілекейі ағып біраз отырды.

Отырған үйі тым ерек. Терезелері өте үлкен, бағанасы биік, бір сөзбен айтқанда ауқымды нысан. Сол кезде апандай үй есігі ашылып, Иссак қайта аңтарылып қалды. Ішке кірген бейнеден қорқып артқа шегінді. Ішке кірген бір алып адам дейін десең түрі адамға келмейді. Мүмкін өзге ғаламшарлық шығар деп айтайын десең ол мүлде қисынсыз. Ол бір түсініксіз мақұлық іспеттес. Меңірейіп тұр. Жүрегі аузына тығылған ол қатып тұрып қалды. Түсініксіз қолы дегені ол оның ең кіші саусағы еді. Оның өзі едәуір үлкен. Әлгі дәу жанына жақындай:

– Қорықпаңыз, мен сізге ештеңе жасамаймын. Сіз адам емессіз бе? Ол есін әрең жинап:

– Иә, иә адаммын. Ал сіз кімсіз? Жоқ ... тоқтай тұрыңыз ... мен, сонда мен Сибириядамын ба? Сіз сондағы алып дәудің бірімісіз? –  деп қуанышы қойнына сыймады

– Иә, бұл Сибирия. Мұнда тап болғаныңызға қуанышты сияқтысыз ғой?– деп маңдайында орналасқан аузымен сөйледі.

– Әрине ризамын, арнайы осы жер үшін талай бел мен асуларды асып келдім. Бірақ адам екенімді қайдан білесіз? Иссакты осы сұрақ ойландырып қойды.

– Біз бұрын адамдармен қарым-қатынас түзеген болатынбыз. Есте сақтау қабілетім жоғары болғандықтан 1 ғасыр бұрынғы бейне әлі есімде. Қызық ақпармен бөлісе кетейін. Біздің елде арнайы орталық бар. Онда адамдарды бақылап, олармен байланыс орнату үшін жол іздейді.

– Бұл мүмкін бе сонда? – деді

– Әрине, бізде бәрі мүмкін. Себебі, Сибирияда технология әлдеқашан дамып кеткен.

– Сіздерді тым мейірімді және сыпайы деп естіген едім, сол рас екен.

– Бізде жамандық атаулы қасиеттер атымен жоқ. Мұндағы басты қағида –«Әркім өз-өзіне жауап бере білу»

– Негізінен менің осында қалуыма болады ма? Келген мақсатым осы еді.

– Оны мен шешпеймін. Ол үшін Сибирия басқарма уәкілдігіне алып барайын.

– Жарайды, қане жүрейік, – деп түрегелді.

Луиза Иссакты ашық көшеге алып шықты. Барлығы еңбек етіп жүрген тынымсыз еңбекқорлар. Бос жүрген бірде-бір дәу жоқ. Өздерінің түрлері түсініксіз әрі біртүрлі. Біреуінің көзі бетінде, мұрны иегінде, енді біреуінің аузы маңдайында, ал терілерінің түстері кәдімгі қардай аппақ түсті. Көлемдері кәрі емен ағашындай биік әрі жуан.

1-2 көше қиылысынан өткен соң зәулім сарайға жетті. Ұзын дәліздерді бойлай, үлкен мәжіліс залына келді. Көзіне көзілдірікке ұқсас әйнек зат тағып алған үлкен көзді дәу құжат қарап отыр. Иссактың қасындағы дәу әлгі дәуге:

– Армысыз, патша, бақуатсыз ба? – деп иілді.

– Бар бол, Луиза! Иее жүріпсің?

– Сол бір шаруамен келген жайым бар.Жанымдағы адам баласын көріп тұрсыз. Оның осы жерді мәңгі тұрақ қылуға ниеті бар. Сибирия патшасы өзіңіз, шешімін сіз айтыңыз.

– Адам баласын тірідей көрмегелі қай заман? Бағзы заманның жүзі болды. Кезінде олармен жақсы қатынасып едік, неге жылы қарсы алмасқа?

Бұл шешімді естіген Иссак қуанып, ағынан жарыла алғыс айтумен болды. Мұны көріп патша да қуанып, Луизаға:

– Қалқам, қазір екеуің ұшпалы көлікке мініп, қала орталығындағы бұрын адам баласы яғни саудагерлер тұрған баспанаға жөнеліңдер. Оны бір жақсы үйге жайғастыр

– Жарайды, айтқаныңыз құп патша! – деп иіліп шығып кетті. Патша айтқандай ұшатын бір көлікке мініп, жолға шықты. Қаланы жоғарыдан бақылау ол мүлде бөлек сезім және көз тойдырар көрініс. Иссак айналасына қарап, таңданып келеді.

Екеуі бірдей екі қабатты үйлер шоғырланған ауданға келді. Сол үйдің бірінің алдына келіп тоқтады. Луиза түсіп, Иссакқа көліктің есігін ашып жол берді. Ол сәл ыңғайсызданып, ұялып кетті.

Адамдар тұруына қалыпты үй яғни көлемі орташа деңгейде. Луиза сияқты дәулер үшін әрине мүлде қолайсыз тұрақ. Иссак көзі жайнап үйге кіріп кетті.

Үйде 1 ғасыр бойы адам мекендемесе де, үй іші кеше салынғандай әдемі әрі заман талабына сай. Бірақ Луиза үйге сыймайтындықтан, сыртта терезенің жанында отырды. Жігіт үйде алай-бұлай ойнақтаған құлындай секіріп жүгіре жөнелді. Жүрегі алабұртып қатты қуанды. Соңғы1 жылда мұндай бақытқа кеңелмеп еді. Дәу оның жанарындағы шаттықты байқап, жүзі жадырап сала берді.

Әне-міне дегенше ымырт үйіріліп, шуақты күнді қараңғы көлеңке көлегейлей түсті. Төрде тұрған көне пештің жаны кіріп, уілдеп құшағында от жымыңдайды.

Иссак іште отырса да, Луиза әлі сыртта терезеден оны бақылап, тіпті оған азық-түлік әкеліп, толықтай қамтыды. Арасында жігіт дәуді әңгімеге тартып, күбір-күбір етіп бірдеңені айтып қояды. Иссак асқазанын риза қылғаннан кейін түнгі Сибирияны көргісі келді. Сыртқа шығып, Луизаны ерте жөнелді. Екеуі көше-көшені аралап, аяқтары бір тыным таппады. Әдеттегі Ванкувер көшесінен Сибирия көшесі айрықша сезілді. Көшедегі алып шамдар таудың шыңындай әрі күн сияқты жап-жарық. Асфальттің тазалығы мен сапасы көрген жанның таңданысын тудырмай қоймайды. Ғимараттардың сәулеті бір-бірімен таласқандай әсем бой түзеген. Кезіккен дәудің бәрі Иссакты көріп таңғалып жатты. Біраз серуеңнен соң үйге кері оралды. Ол демде ұйқының мамық көрпесін жамылып, пырылдай кетті.

Қалың ұйқыға кеңелген ол зор дауыстың ықпалынан шошып оянды. Жүрегі дүрсіл қағып, қатты толқыды. Терезені ашып қараса, көлемі пілдей бір алып құс жақын маңдағы көп қабатты үй шатырында қонып тұр екен. Даусының ащылығы сондай жер-жаһанды жарып жіберердей. Алыптар мекенінде екені есіне түсіп, көңілі бір құлпырды.

Иссак таңғы ас іше отыра, теледидар қарап отырды. Онда соңғы жаңалықтар легі өрбіп жатыр. Теледидардан байқалған бейне жігіттің көзіне оттай басылды. Ол жерде өзі жайлы қызу талқы туындап жатқанын түсінеді. Көпшіліктің назарына іліккен адамзат баласы барлығының қызығушылығын тудырады. Сол сәтте үйдің есігі қағылып, үйге Луиза көрінді. Ол да осы жаңалықты айтпақ болып келген екен. Сондай-ақ осы мәселе төңірегінде жалпы қара халықпен ауқымды кеңес өтпек. Луиза оны өзімен ертіп кетеді.

Үйден шығып, есікті кілттеп жатқанда үй ауласына ұшатын көлік келіп қонды. Екеуі дереу сонда мініп, орталық сарайға жөнелді.

Сарайдың алды лық толы дәулер. Барлығы кеңеске келсе керек. Иссак мыңдаған дәулер арасынан өзін жалғыз сезініп, тартқыншақтана түсті. Сарайға бірден кіріп, патша залына тез енді. Патша жылы саулық сұрасып, оны үлкен алаңға қарайтын қылтимаға алып шықты. Тыпыршып алаңға симай тұрған қалың бұқара ханның даусынан соң бір ортаға жиырылды. Ол зор даусымен сөз бастай:

– Уа халқым, есен-сау жүрмісіздер?

Бүгін баршаңыздың нұрлы жүздеріңізді көріп бір жасап қалдым. Сіздерге айтар жаңалығым бар. Жақында осы араға адамзат баласы келіп, қоныс тепті,      – деді де Иссакты ортаға алды. Оны баршаңыз теледидардан болса да көріп, естіп отырсыздар. Осы тұста ол адамзатты осында қалдыруға бел байладым. Осыған көзқарастарыңыз қалай, қарсылық болса оны да айтыңыздар. Алаң тып-тыныш. Барлығы да ақжүрек мейірімді кеңпейілділер. Бірде барлығы:

– Жарайды, осында қалсын. Зияны жоқ пенде ғой – деп шуласты. Халықтың даналығына дән риза болған патша:

– Сіздердің кең пейілдеріңізге ризамын. Алдағы уақытта Иссак бізге адамзат әлемімен байланыс орнатуға өз үлесін қосады. Солай бәз баяғыша қалыпты өмірге қайта ораламыз. Мұны естіген қара халық мәселеден шығар жол тапқандай мәз-мейрам бола қалды.

Осы күннен бастап Иссак жақсы өмір сүре бастады. Күллі Сибирия ол жайлы естіп, оны көруге орталыққа келіп жатты. Енді біреулері оны тіпті қонақ болуға да есіктерін ашып, құшақ жая қарсы алды. Бірақ қай жерге барса да Луизаны қасына алып жүретін. Себебі дәулер мекенінде жалғыз арқа сүйері тек Луиза болды.

Көп ұзамай Иссак пен Луиза жақын достарға айналды. Жалпы айтқанда дәулер әлеміне жалғыз ғана адамзат баласы сіңіп (үйренісіп) кетті. Өзіне сай қажеттіліктерді яғни ыдыс, киім, жиһаз секілді т.б. заттарды арнайы мамандар жасап беріп тұрды. Тіпті Иссакқа арнайы туннельді табумен айналысатын орталықтан жұмыс ұсынды. Әрине, ол бірден келісіп сонда жұмыс жасап, табыс тауып жүрді.

Қарапайым жұмыс күні аяқталуда. Қызметкерлер үйлеріне тарқасып, әп-сәтте жым болды. Иссак жұмыстан соң шаршап тұрса да, Луизаны көруге ол жұмыс жасайтын орталық ауруханаға барады. Үлкен аурухана ғимаратын аралап жүріп, әрең дегенде оны тапты. Ол жалғыз өзі бір кабинетте шайға ұқсас сұйықтық ішіп отыр екен. Оған ақырын ғана:

"Ас болсын" дейді. Алып қыз жалт қарап шаршаңқы жүзі көңілдене түсті. Оны дереу жанына отырғызып:

– Қас қарайған уақта мұнда не істеп жүрсің? Әлде ауырып қалдың ба? Сенде бәрі дұрыс па, жағдайың жақсы ма? – деп алаңдаушылық танытты. Мұнысына риза болған жігіт:

– Менде бәрі дұрыс, алаң болма.

– Олай болса жақсы екен.

Арада үнсіздік орнайды. Бір-біріне қарап отыра берді. Ортадағы тыныштықты Иссак бөліп:

– Луиза – дейді.

– Иә, ол не айта бер.

– Мен саған осыған дейін жеке өмірім жайлы айтпадым. Бірақ сен жайлы барлығын біліп алдым.

– Иә, бұл тым әділетсіз.

Ендеше бүгін саған ақтарылайын, егер тыңдағың келсе.

– Ол не дегенің, әрине тыңдаймын.

– Менің мұнда келген басты себебім, басымдағы ауыртпалықтан арылу. Мен бұрынғы қаламда бақытсыз болдым. Бүкіл әлем маған қарсы келіп тұратындай көрінді. Мен қаша бердім, қаша бердім.

– Неге өзіңді жайсыз сезіндің? – деді

– Негізінде мен онда тым жақсы күндер кештім. Менде отбасы да, жұмыс та, байлық та бәрі-бәрі болды. Тіпті сүйгеніме қосылмаққа бел байладым. Бірақ қатал тағдыр мені барлығынан әп-сәтте айырды. Аңталаған сұмдар әкеме ауыр айып тағып, оны түрмеге тоғытып жіберді. Ал менің асқар тауым сол мезетте мүжіліп, кеудесі қарсы айырылды. Өзегін ауыр жала өртеп, ақыры түбіне жетіп тынды. Анам әкеме жабылған жалаға сеніп, одан теріс айналды. Ақырында бай шалға тұрмысқа шығып кетті. Бұл жайтқа шыдай алмаған байғұс әкем бұ дүние жалғанымен қоштасып кете барды. Жеке меншік компаниямыз да жабылып қалды. Осының бәрінің салдарынан мені де сүйгенім тастап, анам сияқты кетіп қалды.

– Иссак, шынымды айтсам не дерімді де білмей таңғалып тұрмын. Бір ғана адам баласы мұншама ауыр нәубетті қалай еңсере алған?

– Е-е-е, қашанғы шыдап келді дейсің. Осында келмес бұрын, мен де шыдай алмай өзімді өлтіруге әрекет жасадым. Алайда ғайыптан тірі қалып, осында келдім. Анам мен әлгі сүйгеніме деген ауыр ренішім, ешқашан кешірілмейді. Бірақ мен қазір бақыттымын. Себебі менің өмірімде сендей тамаша жан бар –деп өз әңгімесін доғарды.

 – Сенің осында бақытты екеніңе сондай қуанып тұрмын. Сендей пейілі пәк жанның осынша зардап тартуы дұрыс емес.

– Луиза, иә, білемін. Бірақ қанша айтып өкініш білдіргеннен еш пайда бола қоймас. Мұның бәрін осында жүріп ұмыта бастадым. Мұның барлығы сенің арқаңда.

– Иә, дұрыс айтасың. Біз әрқашан көмек қолын созуға даярмыз.

Екеуі бір-біріне жылы қарап, арада тағы да өлі тыныштық орнады. Ақырында Иссак аурухана ғимаратынан шығып өз үйіне оралды.

– Әлгі Иссак қайда жүр өзі, бүгін жұмыс қарбалас болғалы тұр. Хабарласып тез осында шақырыңдар.

-Жарайды

Ұйқысынан оянған жігіт телефонына келген бірнеше қоңырау хабарламасын көріп, дереу жұмысқа жетті. Алдына орталық ұйымдастырушы келіп:

– Неге кешігіп жүрсің? Бүгін қарбалас күн екенін білесің ғой?

– Бүгін мейрам емес пе, неге жұмыс жүріп жатыр?

– Өзім де соны айтып тұрған жоқпын ба. Бізде түске дейін жұмыс қой. Оның үстіне әлгі сен тап болған жерді Луиза арқылы таптық, сені ол жерден тек сол ғана байқапты. Енді сол жерді жақсылап зерттеуіміз керек.

– Жақсы, барлығын түсіндім. Өз командама оралайын – деді де кетіп қалады.

Арнайы құрылған топ әлгі жерге барып, түске дейін сол жерді жақсылап қарауды жөн санады. Оның құрамында Иссак та бар. Кейбір қызметкерлер аспанға мұқият мән беріп жатса, енді бірі сондағы тауды толық зерделеп шықты. Бірақ бұл нәтижесіз болды. Соңында барлығы амалсыздан үйлеріне оралды.

Иссак бүгін өзін сондай ерекше сезінуде. Мүмкін мерекенің кереметтілігі жанын баурап бара жатқан болар ... Бүгін өзіне ұнайтын дәуге сезім білдіретін күн немесе мереке. Жігіт те өзгелерден қалыс қалмай өз сүйгенін кешкі асқа шақырды яғни Луизамен бірге бір кеш өткізбек. Оған жағымды сыйлығын алып, оны алуға ұшпалы көлікпен үйіне барды. Ол күндегіден ерекшеленіп, әсем көрініп тұрды.

Мейрамхана ішінде жұп болып келген дәулер өте көп. Барлығы бір-біріне асқан ыждақаттылықпен қарасып отыр. Иссак Луизадан бірнеше есе кіші көлемді болса да оған деген сезімін ашып салудан еш жасқанбады. Иссак әңгіме ортасында:

– Луиз, сен осы күнге дейін маған жәрдемдесіп, өз көмегіңді аямадың. Әр кез жанымнан табылып, өз қолдауыңды білдірдің. Сенің арқаңда маған мүлде жат мекенннен үлкен құрметке ие болдым. Сендей жақынымның болғанына сондай бақыттымын.

– Иссак сені жолықтырғаныма менде сондай қуанамын. Өзіңе ғана тән болмысың сені өзгелерден айырықшаландырып тұрады. Саған әрқашан ризамын.

– Мұны айту қызық шығар. Бірақ мен сенің барлық болмысыңды ұнатамын. Саған деген ынтық сезімім көзімді көр етуде. Сені алғаш көргенде аздап қорыққаным рас, бірақ қазір сені сондай жақсы көремін. Сондай-ақ саған бірге болуды ұсынамын. Бұл мүмкін еместей көрінуі мүмкін, алайда мұны бірге іске асырайық.

– Иссак, мен не дерімді тіпті білмей тұрмын. Сен маған алғаш көргеннен-ақ өзгеше сезілгенің рас. Өзіңе ғана тән мінезің менің әлсіз тұсым. Бірге болу біртүрлі, қисынсыз емес пе?

– Бір-бірімізді ұнатып тұрсақ мұның несі әбестік? Бір болу біз үшін маңызды.

– Жарайды, еш оғаш дүние болмаса мен келісемін. – деп ұялып қалды.

Осындай керемет кездесуден соң екеуі өз үйлеріне оралды. Екеуінің де бақыттан басы айналып, шексіз қуанышқа кенелді.

– Міне, міне осы жер тетікке ұқсайды–  деген бір жұмысшы дәудің зор даусы шықты. Осы дауыстан соң Иссак сонда дереу жетіп, әлгіндегі "S" әрпіне ұқсас кілтті алып, тетікке салып жіберді.

Айнала нұрланып, гүрілдеген сұмдық дауыс шығып, бүкіл дәуді шошытты. Дереу тау ортасынан қақ бөлініп аралық туннель ашылды. Барлығы қол шамдарын ұстай туннель ішіне қарай жүгіре кетті. Біраз жүгіргеннен соң арғы жақтың қақпасы көрінді

Оны итеріп қалғанда ашыла кетті. Иссак бұл адамзат әлемі екенін түсініп, басқаларына мәлімдеді. Барлық еңбек етушілер өз мақсаттарына жеткеніне қуанып жылап жіберді.

Көп ұзамай дәулер патшасы адамзат әлемімен қайта байланыс орнатуға сонда барды. Басында ешкім түсіне қоймағанымен кейін барлығы бұрынғы келісімді еске түсіріп, дәулерді қуана қарсы алды. Баяғыдай адамдар дәулерді таза тұзбен қамтуға келісім берді, ал дәулер болса адамзатты таза алмаз бен жетілдіруге өз келісімін берді. Солай барлығы осы келісімге келіп және бір-біріне үйренісіп кетті. Иссак болса екі әлемнің алтын көпірі ретінде аты аңызға айналды. Оны күллі әлем таныды. Бірақ ол ел көзінен тасада өмір сүруді қалады. Сүйіктісі Луизамен бірге Сибирияның шалғай, ешқандай адам баласы баруға болмайтын дамыған ауданына көшіп кетті. Екеуі сонда бақытты күндер кешті.

Солай бір ғана қар түйіршігі адамзат баласын өшпес әрекетке алып келді. Бұл адамның мүмкіндігі шексіз, қалаған бар дүниесіне еңбек жолында жете алатындығының нағыз айғағы.