Жақында Астанадағы ÓzgeEpic креатив хабында ауылдағы заманауи білім ошақтарының тыныс-тіршілігіне арналған танымал фототілшілер Әйгерім Бегімбет және Сәбина Әбдімәліктің «Ауыл мектебі» фотокөрмесі ашылды. 30 қарашаға дейін жалғасатын көрменің фототілшілерінің бірі, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, «Үркер» ұлттық сыйлығының лауреаты және «Тіршілік», «Түркістан әйелдері» фотокөрмелерінің авторы Әйгерім Бегімбетпен әңгімелесудің орайы келді.
Әйгерім Бегімбет: Балалардың эмоциясын, қуанышын көрсеткім келді
813
оқылды

– Сіз бұған дейін де бірнеше көрме өткіздіңіз. Негізінен сіздің тақырыбыңыз еңбек адамы, нәзік жанды әйелдердің тіршілігін көрсету еді. Осы жолы білімге бет бұрыпсыз, бұған не себеп?

 Бүгінгі көрмені ұйымдастырып, оған қолдау көрсеткен –  OzgeEpic креатив хабы және Білім беру саласын дамыту қоры. Бұл жерде жалғыз менің ғана емес, Сәбина Әбдімәлік деген суретші-фотографтың да жұмысы бар. Оның жұмыстары Алматы, Атырау, Астана қалаларында қойылып, «Түсте» атты жеке фотокөрмесі өткен. Көптің ішінде таңдау бізге түсіп, жобаның бір бөлшегіне айналуына мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.

2022 жылдан бері шығармашылықтан алыстап, басқа салаға кеткен едім. OzgeEpic креатив хабының директоры Тоғжан Құрманжанқызы мен Мақпал Жұмабай  шығармашылыққа оралуыма септігін тигізді. 2019 жылы Шымкентте өткен «Тіршілік» фотокөрмесін Алматыда жалғасуына көмектесті. «Түркістан әйелдері» деген жобамның көрмесін де өткізіп берді. Үшінші көрмем «Ауыл мектебі» де – осы жандардың еңбегі.

– Ұсыныс түскенде қандай мектепке барамын деп ойладыңыз? Білім беру саласын дамыту қорының қай істің басында жүргенін білдіңіз бе?

– Шынымды айтсам, бұрын-соңды бұл қор туралы білгенім жоқ. Олар жайында жоба арқылы естіп-білдім. Сөйтсем олар бір емес, бірнеше мектептің материалдық-техникалық базасын заманауи үлгіде жабдықтап беріпті. 2022 жылдан бастау алған қор биыл 56 тірек мектебін жандандырған. Мұндағы ұстаздар 1-2 жыл бойы Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқыту курстарынан, біліктілікті арттыру бағдарламасынан, тәжірибеден өтеді. Сәбина екеуміз Жамбыл облысы Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылына бардық. Білім ошағын түсіретінімзді білгенде заман талабына ілескен заманауи мектеп деп ойламаппын. Екі ауысымда 603 бала оқитын №15 Әлихан Бөкейханов атындағы тірек мектеп-лицейдің жаңашылдығын көріп, мектеп директоры Руслан Сайлаубаевтың оқушыларымен тең дәріжеде сөйлесіп, еркін ұстағанына тәнті болдым. Тіпті тақтаға бұрынғыдай бормен жазбайды. Саусағыңмен жазып, сурет сала бересіз. Бізге қызық болғаны сонша, бала құсап өзіміз қайта-қайта жазып-сызып көрдік. Шетінде тұрған түймесін бассаңыз, шимай-шатпақ өшіріледі. Алдағы уақытта өзге де мектептердің заманауи құрылғылармен жабдықталғанын көріп, көпшілігін тіршілігін жеткіземіз деген ойдамын.

– Барлығы қанша сурет түсірдіңіздер? Оның нешеуі көрмеге шықты? Көрмеге қажетті суреттерді кімдер таңдады?

– «Ауыл мектебі» – көшпелі көрме. Мақсат – шалғайдағы білім беру мекемелерінің зияткерлік әлеуетін көпшілікке танытуға бағытталған. Өзім ауыл баласымын. Біз оқыған жылдары мектебімізде майда-шүйде перде жаңалау, әктеу, жөндеу жұмыстарын есепке алмағанда түбегейлі өзгеріс болмаған. Білім ордасының табалдырығын аттағаннан Назарбаев зияткерлік мектебінің ебі есті.

Дәлізде өткен оқушылардың тәртібінің жүйелігі көзге түседі. Алдыңнан шыққан әрбірі амандасып, сөйлессе «әпкей» деп сыпайылық танытады. Мектептің материалдық-техникалық базасы толық жаңарып, түрлі үйірмелер ашылып, телестудия, робот техникасы, қолөнер шебері, драма өнері, домбыра, шахмат, артстудия жұмыс істеп тұр. Мәселен, жаңағы телестудияның өзі балалардың пайдалануына берілген. Олар бағдарлама түсіріп, жаңалықтар беріп, спорт, білім деп сала-салаға бөліп тастаған. Сценарий жазу, видео түсіру, пікір алу секілді барлық жұмысты істеп, журналистік қадамдарын жастайынан бастап кеткен. Ал зертханалық жұмыс үшін химия мен физиканың лабораториясы берілген. Ауыл балаларына осындай игіліктер жасалғанына қатты қуандым.

– Еті тірі, дарынды балалар көп қой. Десе де, қай оқушының ісіне, тірлігіне риза болдыңыз?

– Рас, ондай бала өте көп. Мектептің дәлізінде үлкен тақта бар. Сол жерге екі оқушы әр апта сайын жұманың дәйексөзі жазып қояды. Бір барғанымда «Отанды сүю – отбасынан басталады» деп жазып жатқанда үстінен түстім. Екеуі – бір үйдің егіз баласы. Өздері көпбалалы отбасынан шыққан. 3 жасында анасы жұмыс іздеп Ақтауға кеткен. Туған анасынан жырақта өскен егіздер оны анда-санда ғана көреді екен. Негізі олар әкесі мен әпкесінің тәрбиесінде өскен. Екеуінің қолынан келмейтіні жоқ. Өздері – кондитер, аспаз. Тамақтың түр-түрін істеп, қамырын жайып, нанын илеп, тортын пісіреді. Айт, Наурыз мейрамдарында «анамыз жоқ» деп дастарқанын бос қалдырмаған. Ағайын-туғаны мен көршілері көмек сұраса, дастарқанын дайындасып, жайнатып тастайды. Қазір 9-сыныпта оқитын Әділбек Әбдірахман мен Әбдірахым тапсырыс қабылдайды. 4-сыныптан бастап жүргізген Insta парақшасына дейін бар. Аймақтағы кондитер байқауына қатысқан сайын жеңімпазы атанады.

Одан қалса, екеуі 2-3 қояннан бағып бастап, 50-ге жеткізіп, оны сатып, табыс тапқан. Үйінің ауласына бау-бақшасын егіп, күтіп-баптап отыр. Бірі – мектеп президенті, беруі – Ұлан жасағының басшысы. Мектептегі бүкіл іс-шараның басы-қасында осылар жүреді. Егіздің сыңары Әбдірахман бір жылдан бері гидропоника әдісімен құлпынай өсірудің қыр-сырын зерттеп жатыр. Гидропоника дегеніміз – өсімдіктің топырақсыз жасанды қоректік ортада өсіру әдісі. Енді армандары – Түркияға барып, аспаздық-кондитер саласында білім алу.

– Өзіңіздің тақырыбыңызға келетін кейіпкерді жолықтырдыңыз ба?

– Фотоға түсірмес бұрын, сол жерге барып, аралап көріп, адамдарымен сөйлесуді әдетке айналдырғанмын. Біраз уақытым айналамды, ондағы адамдарды бақылауға кетеді. Осы суреттерді түсіру үшін алты күн бардым. Алғашында төрт күн сол ауылда қонып, мектепке жақын қонақүйде тұрдық. Артынан екі күн азанмен барып, кешкісін қайтып кетіп жүрдім. Бағана айтқанымдай, әуелі қонақ ретінде сырттан бақыладым. Сол бір жұма ішінде жақындарыма айналып кетті.  Мұғалімдердің сабағына қатысып, балалармен бірге жүрдік. Балалар шынайы ғой, олардың барлық эмоциясын, қуанышын көрсетуге тырыстым.

Өзіме де кейіпкерлер таптым деуге болады. Мәселен, білім ошағының асханасында 7 баласы бар, «Алтын алқа» иегері Тұрсынай Қалдарбекова жұмыс істейді. Ол кісі өмірі жұмыс істемеген екен. Алғашқы жұмыс орны – осы. Біз таңғы 7:00-де мектепке барғанда әлгі апай 6:30-дан келіп алатын. Музыкасын қосып қойып, билеп жүріп, көңілді көңіл күймен тамағын істеп жүреді. Үнемі осындай екен. Алда-жалда әуені қосылмай, тұнжырап қалса, бәрі «тыныштық па, ауырып қалдың ба?» деп хал-жағдайын сұрайды.

Тағы бір кейіпкер – Шынар Оразымбетова. Ол 10 жылдан бері бастауыш сынып оқушыларына дене шынықтырудан сабақ береді. Бала кезінен дене шынықтырумен айналысқысы келген. Мектеп кезінде волейбол ойнаған, жеңіл атлетикаға қатысқан. Әке-шешесінің қалауымен медицинаға тапсырып, спортқа бармаған. Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы медицина саласында жүріп медбике, химия лаборанты, дәріханада істеген. Күндердің-күнінде ойлана келе өзінің арманы әлі орындалмаған түсінеді. Ал уақыт зымырап өтіп жатыр. Содан бәрін тастап, 46 жасында Тараздағы инновациялық университеттің  дене шынықтыру факультетіне түскен. Міне, оқуын бітірісімен осында жұмысқа тұрған. Жасы келсе де, Шынар апайымыз бәрібір арманына қол жеткізді.