Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Драматургия» номинациясы: Ұйқымнан таптым мен сені...
548
оқылды

Бүркеншік аты: Ақбілек

Ұйқымнан таптым мен сені...

Мен әр түні үмітпен ұйықтайтынмын. Мүмкін бұл жолы сенің  төскейіңде оянатын шығармын деп... Сені іздеп жүрмін, туған өлкем!

(метафизикалық драма) 

Кейіпкерлер:

Шерлин – жазушы, шетелдегі қазақ қызы

Марғұлан – электрик жігіт

Даниэл – Шерлиннің шетелдік жігіті

Жаңыл – пәтерді жалға беруші

1-КӨРІНІС

Күздің шуақты күні. Алматы қаласы. Кешкі бестер шамасы. Шерлин әуежайдан түсе сала, жарнамада тұрған пәтерді көру үшін Жаңылдың үйіне қарай беттеді. Үстінде французша плащ. Жаңыл болса пәтердің ішінде мазасызданып Шерлинді күтіп жүр. Оның үстінде қоңыр көйлек, ернінде қанық қызыл далап.

Жаңыл. (өзімен-өзі күбірлеп жүр) Французша қалай амандасушы еді. Бонжоу ма, әлде  бонжоғ па? Тфу, құрып кеткір сонша жаттап едім. Қалай шатастырып тұрмын. Не десем болады енді. Сәлем дей берейінші. Содан тынышы жоқ.

Есікті тықылдатады. Жаңыл айнаға бір қарап, бет-әлпетін түзеп есікті ашты.

Жаңыл. (ашық-жарқын кейіппен) Бонжоғ мадам, Шерлин!

Шерлин. (сыңғыр күлкімен) Ravi de vous voir, madame!

Жаңыл. (күліп) Түсінген жоқпын мадам.  Шынымды айтсам бонжоғ деген сөздің өзін әрең жаттадым. (өзімен-өзі күбірлеп) Өзге ұлтты көрсек соның тілінде сөйлеп кететін әдетіміз бар...

Шерлин. (Жаңылдың сөзін түсінкіремей) Сіз Жаңыл ханым болдыңыз ғой? Көргеніме қуаныштымын Жаңыл ханым!

Жаңыл. Ал сіз Шерлин! Мен де қуаныштымын. Алматыға қош келдіңіз!

Шерлин.  Хош көрдік!

Жаңыл. Төрлетіңіз.  (жайғастырғаннан кейін) Иә, Алматы қалай екен?

Шерлин. (көңілі кірбің тартып) Алматы өзгерген сияқты...

Жаңыл. Солай ма. Күнде жүрген адамға байқалмайды. Алматыда өзгермейтін бір-ақ нәрсе бар.

Шерлин. Ол не?

Жаңыл. Кептеліс!

Екеуі күледі.

Жаңыл. (жүзіне қарап таңырқап) О, Шерлин ханым, қандай сұлу едіңіз. Даниэлдің сізге ессіз ғашық болатындай жөні бар екен! Білесіз бе, сізді күткеніме үш апта болды! Осы уақыт аралығында Даниэліңіз құлақ-етімді жеп, бір сөзді он рет қайталап жүйкемді әбден жұқартты. Оның ойынша мен сізге нашар пәтер таңдап қояды екем.

Шерлин. Ханым, айып етпеңіз. Сүйіктімнің атынан кешірім өтінемін.

Жаңыл. (қылымсып) Кешіргім-ақ келеді...(жағымпазданып) Бірақ, мен Даниэлді енді түсіндім. Мынандай сұлулыққа қалай алаңдамауға болады. Менің де жаным тыныш таппас еді!

Шерлин. Пейіліңізге рахмет!

Жаңыл.  (қолынан қысып ұстап) Тыңдаңыз Шерлин, мен аманатқа қиянат жасайтын адам емеспін. Даниэл сізге жақсы пәтер таңдап беруімді Парижде жүріп өтінді. Енді қараңыз, мен сияқты қарапайым адамға мұндай мүмкіндік күнде келе бермейді. Шетелдіктермен жұмыс істеу біз үшін өте маңызды.

Шерлин. Мен Даниэлге сенемін. Сол үшін алаңдайтын ешнәрсе жоқ.

Жаңыл. Демек пәтерде тұруға келісесіз ғой?!

Шерлин. Әрине!

Жаңыл. Өте дұрыс таңдау. (ойланып, қысылып) Бұл сөзді менің айтқаным ыңғайсыз көрінер. Бірақ, естуімше сіз қазақ қызысыз.

Шерлин. Ыңғайсызданатын ештеңе жоқ! (қуанып) Мен Алматыда туғанмын!

Жаңыл. (қыздың сөзіне жағаласып, жағымпаздану мақсатында) Жұмысқа байланысты шетелге көштіңіз бе? Демек білімді қыз болдыңыз ғой! (күрсініп)...Өкінішке орай қазір білімді жастарымыз шетелге кетіп жатыр.

Шерлин. Қалай десем екен...мені негізі...сегіз жасымда (ары қарай айтуға батылы бармай) Сұрасам бола ма, бұл пәтер сіздің атыңызда ма? Құжаттарыңызды көрсете аласыз ба?

Жаңыл. (сасқалақтап қалады) Бұл менің жекеменшік пәтерім. Бірақ, біраз болды адам аяғы тимегеніне. Өзім жер үйде тұрамын. Сол үшін алаңдамасаңыз да болады. Сізді келіп ешкім мазаламайды. Тіпті мен де!

Шерлин. Бұл қауіптірек естіледі екен.

Жаңыл. Даниэлдің бірінші талабы да осы еді.

Шерлин. Түсінбедім.

Жаңыл. Сіздің қауіпсіздігіңізді бірінші орынға қой деп өтінген.

Шерлин.  Сонымен бұл пәтер сіздің атыңызда болды ма?

Жаңыл. Қызық екенсіз, әрине! Менің атымда болмаса пәтерді қалай жалға беремін!

Шерлин. Тағы да сұрағым бар еді. Үйіңізде қауіпсіздік шаралары қарастырылған ба?

Жаңыл. (көзі жыпылықтап) Әрине қарастырылған. Бейнебақылау камерасы бар. Ол жағынан уайымдамасаңыз да болады.

Шерлин. Жаңыл Ханым, сіз мені түсінбеген секілдісіз. Тұрмыстық газдың жарылуы, үшінші тұлғаның заңсыз әрекеттері тонау, бұзақылық, өрт,  тағы да басқа жағдайларды айтып тұрмын.

Жаңыл. Біздің елде заң мықты ғой. Несіне алаңдайсыз.

Шерлин. (ұзақ көзіне қарап тұрып) Рұқсат болса пәтердің кілтін берсеңіз, мен жайғаса берейін.

Жаңыл. Әрине! (кілтті береді) Жақсы онда, бірдеңе керек болса хабарласарсыз. (есіне түсіп кетіп) Айтпақшы, тоңып қалуыңыз мүмкін.  Не дегенімен күз өз дегенін істейді. Осы апта Алматыда толассыз жаңбыр. (сүйреп әкеліп) Пәтер суып бара жатса осы пешті қосып қоярсыз. Жалпы пәтерде бәрі бар. Ең бастысы пәтерді суытып алмаңыз. Ал жақсы, көмегім керек болса хабарласарсыз. Сау тұрыңыз!

Шерлин. Рахмет....Сау тұрыңыз!

Төрт сағат өткеннен кейін. Шерлиннің душ қабылдап шыққандағы сәті. Ол плнашетін қосып Фрйезиге бейнеқоңырау шалады.

Даниэл. Шерлин, қымбаттым! Қалың қалай? Бәрі дұрыс па?!

Шерлин. Сәлем, қымбаттым!

Даниэл. Ұшақтан түскен соң неге хабарласпадың, қатты алаңдадым ғой.

Шерлин. Бәрі жақсы, уайымдама. Көріп тұрғаныңдай сен жалдаған пәтер. (планшетпен пәтерді көрсетіп шығады) Осындамын. Киімдерім мен заттарымды жайғастырып енді болдым.

Даниэл. Қалай, пәтер ұнап жатыр ма?

Шерлин. Әзірге жаман емес. Аяқ асты күн бұзылып кетті. Алматыда екенімді енді сезініп жатырмын.

Даниэл. Алматының ауа райы әзірден мазаңды алды ма?

Шерлин. (жымиып) Маған ұнайды.

Даниэл. Оданда мынаны айтшы, сен мені сағындың ба?

Шерлин.  Ал сен ше? Мені сағынып үлгердің бе?

Даниэл. Лезде! Қашан саған жетемін деп тыпыршып отырмын.

Шерлин. (қуанып) Демек келетін болдың ғой?!

Даниэл. Тұп-тура 11 сағат 20 минутта қасыңда боламын. Ұшаққа билет алып қойдым.

Шерлин. Не дедің...

Даниэл. Сені қиын шақта тастап кететін емес, қасыңда серік болатын жанға айналғым келеді. Алматыға не үшін кеткеніңді екеуміз жақсы білеміз. Сені жалғызсыратқым келмейді.

Шерлин. Сені шексіз сүйемін, Даниэл...

Даниэл. Мен де сені сүйемін!

Шерлин. (түшкіріп) Сен келгенше сүйіп жейтін бәлішіңді әзірлеймін.

Даниэл. (алаңдап) Саған суық тиген бе?

Шерлин. (тағы түшкіреді) Пәтерде жылу жоқ екен. Жылытқыш пеш істен шыққан секілді.

Даниэл. Мынау сұмдық қой. Сонда мені Жаңыл ханым алдаған ба? Қымбаттым, шыдай тұр, қазір мен оған хабарласамын!

Шерлин. Даниэл, қызбалыққа салынба. Меніңше Жаңыл ханым жаман адам емес. Тек күнкөріс үшін бізге өтірік айтқан секілді.

Даниэл. Сеніңше оның әрекеті дұрыс па?

Шерлин. Қазақстанда шетелдіктердің бәрін бай деп ойлайды. Ол бізден азын-аулақ пайда көргісі келген секілді.

Даниэл. (алаңдап) Ол алаяқтыққа барып тұр. Бұл істі жылы жаба салуға болмайды!

Шерлин. Елге келе сала дүрбелең салғым келмейді. Мұндағы адамдардың тұрмыс-салтынан біз хабарсызбыз. Біреуге зиянымыздың тигенін қаламаймын. Оданша Жаңыл ханыммен ақырын сөйлесіп көрерсің. Мүмкін электрик жіберер.

Даниэл. Жақсы, сүйіктім! Сенің әр тілегіңді орындай алсам шын бақыттымын!

Шерлин. (күлімдеп, еркелеп) Даниэл, романтиканы кейінге қалдыра тұрайық. Электрикті күтемін.

Планшетті сөндіреді. Осы кезде бөлмеде тұрған ескі радио іске қосылып кетеді.

Радио. Сүйікті, тыңдармандар! Ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгінгі эфирді ертерек аяқтауымызға тура келіп тұр. Десе де, көңіл-күйлеріңіз түспесін. Сіздердің құрметтеріңізге «АБК» тобының  «Тамшылар» әні, қабыл алыңыздар!

Шерлин әуеннің ырғағына тербеліп отырғанда есікті біреу тықылдатады. Ол радионы бірден өшіріп, есікті ашады.

Марғұланның 1-келуі

Марғұлан. Сәлеметсіз бе. Электрик шақырдыңыз ба?

Шерлин.  Сәлеметсіз бе. Шақырдым. Ішке кіріңіз!

Марғұлан кіре сала  пәтердің ішіне өте мұқият қарап шығады.

Шерлин. Жылыту пешім істен шығып қалыпты. Соны жөндеп берсеңіз жақсы болар еді.

Марғұлан. Егер жылыту пешіне  күрделі зақым келсе, жұмыс ұзаққа созылуы мүмкін.

Шерлин. Бола берсін.

Марғұлан. Мен ескерттім.

Жігіт пешті қарап жатады. Екеуі үнсіз біраз уақыт тұрады. Шерлин бұл үнсіздіктен ыңғайсызданып сөйлеуге көшеді.

Шерлин. Жұмыс істегеніңізге қанша жыл болды?

Марғұлан. Бес жылдан асты. Бірақ, кейде өмір бойы осы жұмыспен айналысқандаймын. Ал сіз ше?

Шерлин. Мен жазушымын.

Марғұлан. Мәссаған. Тірі жазушыны бірінші рет көруім.

Шерлин. (күліп) Қойыңызшы.

Марғұлан. Жалпы жазушы болған қиын ба?

Шерлин. Жұмыстың оңайы жоқ секілді.

Марғұлан. Оныңыз рас.

Екеуі біраз үнсіз қалады.

Марғұлан. Пеш ескірген. Көп уақыт қолданыста болмағаны көрініп тұр. Ішін тот басқан.

Шерлин. Кейде заттар да адам сияқты. Оларға көңіл бөлген, жақсы көрген,  жақын адамына керек екенін сезінген ұнайды...

Марғұлан. Түсінбедім. (күліп)  Тым күрделі сөйлеп кеттіңіз.

Шерлин. (ыңғайсызданып) Өзім бұл пәтерге бүгін ғана көшіп келдім. Сол үшін көп нәрседен хабарсызбын. Дәл осылай айтқым келген негізі.

Марғұлан. Солай ма?

Шерлин. Солай... (екеуінің үнсіздігі тағы ұзаққа созылады) Сіз Алматыда тудыңыз ба?

Марғұлан. Ауылдың баласымын ғой. Байқалмай ма?

Шерлин. Егер сіз бұлай демесеңіз мүлде байқалмайды.

Марғұлан.  Ілтипатыңызға рахмет. Десе де, қыздардан талай рет жабайы деген сөзді естігенмін.

Шерлин күледі.

Марғұлан. Өзіңіз қай жақтансыз?

Шерлин. Негізі Алматы. Бірақ, қазір (акцентпен) Парижде тұрамын.

Марғұлан. Мықты екенсіз.

Марғұлан. Неге ата-анаңыздың үйіне аялдамадыңыз?

Шерлин. (өтірік сөйлеуге көшіп) Елде болмағаныма біраз жыл болды. (қысылып, қымтырылып, не айтарын білмей) Қалаға орнығып алайын, содан кейін баруды жоспарлап отырмыз.

Марғұлан. Демек жалғыз емессіз?

Осы кезде найзағай жарқылдап, жел қатты соғып терезені ашып жібереді. Шерлин бірден терезені жабуға жақындайды.

Шерлин. Иә, жалғыз емеспін. Болашақ күйеу жігітіммен...

деп бұрылып  сөйлей бергенде ешкім болмай шығады. Шерлин түсінбей қалады.

Шерлин. Сіз қайдасыз? Бірдеңе керек болды ма?

Шерлин бөлме ішін қарап шығады. Ол жоқ болады.

Шерлин. Түсінбедім. Ол кетіп қалған ба?

Осы кезде Даниэл қоңырау шалады. Шерлин планшетті қосады.

Даниэл. Сүйіктім,  өкінішке орай бүгін ұша алмайтын болдым.

Шерлин. Неге?

Даниэл. Алматы ауа райының қолайсыздығына байланысты Парижден ұшақ көтерілмейтін болыпты. Рейстерді екі күнге шегеріпті.

Шерлин. Қап, қырсық-ай!

Даниэл. Сен жақта бәрі дұрыс па?

Шерлин. Түсініксіз дүниелер орын алып жатыр.

Байланыс үзіліп кетеді.

Шерлин. Алло, алло? Желі жоғалып кетті. Уф...

Осы кезде радио өз бетінше қосылып кетеді. Шерлин селк ете қалады.

Радио. Сүйікті, тыңдармандар. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгінгі эфирді ертерек аяқтауымызға тура келіп тұр. Десе де, көңіл-күйлеріңіз түспесін. Сіздердің құрметтеріңізге «АБК» тобының  «Тамшылар» әні, қабыл алыңыздар!

Есікті біреу тықылдатады. Ол радионы бірден өшіріп, есікті ашады.

Марғұланның 2- келуі

Марғұлан. Сәлеметсіз бе. Электрик шақырдыңыз ба?

Шерлин.  Сәлеметсіз бе. Шақырдым. Ішке кіріңіз!

Марғұлан кіре сала  пәтердің ішіне өте мұқият қарап шығады.

Шерлин. Жылыту пешім істен шығып қалыпты. Соны жөндеп берсеңіз жақсы болар еді.

Марғұлан. Егер жылыту пешіне  күрделі зақым келсе жұмыс ұзаққа созылуы мүмкін.

Шерлин. Бола берсін.

Марғұлан. Мен ескерттім.

Марғұлан пешті қарап жатады.

Шерлин. Бұл жұмыспен айналысқаныңызға қанша жыл болды?

Марғұлан. Бес жылдан асты. Бірақ, кейде өмір бойы осы жұмыспен айналысқандаймын. Ал сіз ше?

Шерлин. Мен жазушымын.

Марғұлан. Мәссаған. Тірі жазушыны бірінші рет көруім.

Шерлин. (күліп) Қойыңызшы.

Марғұлан. Жазушы болған қиын ба?

Шерлин.  Жұмыстың оңайы жоқ секілді. (біраз үнсіздіктен кейін) Қалай?  пештің қалыпқа келетін түрі бар ма? – деп сұрақ қоя бергенде жігіт көзден ғайып болады. Шерлин, қолдары дірілдеп планшетін лақтырып жібереді. Қайта күн күркіреп, бөлменің іші алай-дүлей күйге енеді.  Осы кезде радио іске қосылады. 

Радио. Сүйікті, тыңдармандар. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгінгі эфирді ертерек аяқтауымызға тура келіп тұр. Десе де, көңіл-күйлеріңіз түспесін. Сіздердің құрметтеріңізге «АБК» тобының  «Тамшылар» әні, қабыл алыңыздар!

Осы кезде есікті біреу келіп тықылдатады. Шерлин ақырын барып ашады.

Марғұланның 3-келуі

Марғұлан. Сәлеметсіз бе. Электрик шақырдыңыз ба?

Шерлин.  Сәлеметсіз бе. Шақырдым. Ішке кіріңіз!

Марғұлан кіре сала  пәтердің ішіне өте мұқият қарап шығады.

Шерлин. Жылыту пешім істен шығып қалыпты. Соны жөндеп берсеңіз жақсы болар еді.

Марғұлан. Егер жылыту пешіне  күрделі зақым келсе жұмыс ұзаққа созылуы мүмкін.

Шерлин. Бола берсін.

Марғұлан. Мен ескерттім.

Марғұлан пешті жөндеп жатады. Шерлин оның қасында үндемей тұруға ыңғайсызданады.

Шерлин. Жөнделетін ойы бар ма?

Марғұлан. Бар. Егер сіз ішімді пыстырмай, жақсы әңгіме айтсаңыз ғана.

Шерлин. Сізге қандай тақырыпта сөйлескен ұнайды?

Марғұлан. Мен секілді қарапайым адамға барлығы жарай береді.

Шерлин. Неден бастасам екен...

Марғұлан. Әдетте әңгімені неден бастарыңызды білмесеңіз қасыңыздағы адамға өзіңіз туралы әңгіменің шетін шығарсаңыз жеткілікті. Ары қарай сұрақтан сұрақ туындап кете береді. Мысалы Парижге көшіп барғаннан кейін не істедіңіз?

Шерлин. Кәдімгідей өмір сүрдім.

Марғұлан. (күліп) Бұл жалпылама жауап. Сіз тарқатып айтуға тиіссіз.

Шерлин. Біз ойын ойнап жатқан жоқпыз ғой.

Марғұлан. Бола берсін.

Шерлин. Жақсы!

Шерлин өзінің ішіндегі сырын айтып жатқанда, оның дауысы Марғұланға естілмей тұрады, ол пешті жөндеуін жалғастыра береді.

Шерлин. (басқа әлемде, немесе психологтың алдында тұрғандай) Білесіз бе, маған өзім туралы айтқан өте қиын. Сол үшін жаңа таныстықты жек көремін. Танысқым да, сөйлескім де келмейді. Мысалы, мен оларға Алматыда туғанымды, бірақ, 8 жасымда франциялық ата-анам мені балалар үйінен асырап алғанын.  Өзімнің кім екенімді білмейтінімді айтқым келмейді. Себебі, бұл туралы біреуге түсіндіруге, олардың мені тыңдай тұра түсіне алмауынан шаршадым. Сол үшін маған жаңа таныстықта өтірік айту әлде қайда жеңіл...

Марғұлан. (көңілді түрде) Жөнделген сияқты. Енді тоққа қосып көрейін.

Пешті тоққа қоса бергенде тоқ күйіп, қатты дауыс шығады.

Шерлин. (шошып кеткен) Марғұлан сізде бәрі дұрыс па?

Марғұлан. (жалт қарайды) Сіз менің атымның Марғұлан екенін қайдан білесіз? Біз әлі бір-бірімізге атымызды айтқан жоқпыз ғой?

Шерлин. Түсінбедім...

Марғұлан. Есіңізге бірдеңе түсті ме?

Шерлин. Бұнымен не айтқыңыз келді?

Марғұлан. Мені қашаннан бері танисыз, соны айта аласыз ба?

Шерлин. Не деп кеттіңіз өзі? Біз таныс емеспіз. Мен сізді бүгін ғана көріп тұрмын.

Марғұлан. Түсінікті...

Шерлин. Сонымен пешті жөндеу мүмкіндігі бар ма, әлде мүлде жарамсыз ба?

Марғұлан.  (қыздың есіне бірдеңе түсіруге тырысып) Білесіз бе, кейде заттар да адам сияқты. Оларға көңіл бөлген, жақсы көрген,  жақын адамына керек екенін сезінген ұнайды...

Шерлин. (ашуланып) Жетер!

Марғұлан. Демек есіңізге түсіп жатыр? Солай ма?

Шерлин. Қайдағы жоқты сандырақтап кеттіңіз. Мен сізді мүлде танымаймын!

Марғұлан. Кешірім өтінемін. Артық кеткен сияқтымын...

Шерлин. Жаңадан бері осылай деу керек едіңіз. Енді пәтерден шығыңыз!

Марғұлан. Олай болмайды.

Шерлин. Маған сіздің көмегіңіз қажет емес, кетіңіз!

Осы кезде найзағай жарқылдап, жел қатты соғады да терезені ашып жібереді. Шерлин бірден терезені жабуға жақындайды.

Шерлин. Иә, жалғыз емеспін. Болашақ күйеу жігітіммен келдім десем де болады. Бірақ, ол қазір Алматыда емес. Бүгін-ертең ұшып келеді. Оған дейін осы пәтерде аялдай тұрамын.

Марғұлан. (түсінбей) Бұны не үшін айтып жатырсыз?

Шерлин. Жаңа өзіңіз емес пе, неге бірден ата-анаңыздың үйіне бармадыңыз деп сұраған. Соған жауабым. Негізі, Парижде тұрамын, бұл туралы айттым ба?

Марғұлан жалт қарайды.

Марғұлан. Айттыңыз!

Шерлин. (өтірігі әшкере болып қала ма деп сасқалақтап)  Ал, Алматыға не үшін келгенім туралы айттым ба?

Марғұлан. Айттыңыз! (біраз кідірістен кейін) Тіпті балалар үйінен екеніңізді де айтқан болатынсыз. Есіңізде жоқ па?

Шерлин. (ойланып тұрып)  Есімде қалмапты…

Марғұлан. 8 жасыңызда франциялық ата-анаңыздың асырап алғанын, осылайша Парижде тұрып жатқаныңызды да айтқан едіңіз.

Шерлин. (таңғалып) Мүмкін емес. Мен бұл туралы жақын адамдарыма ғана айтатынмын...

Марғұлан. Демек мен жақыныңыз болып тұрмын ғой.

Шерлин Марғұланды танығандай болып талып қалады. Марғұлан қызды төсекке жатқызып кетіп қалады.

Радио. Сүйікті, тыңдармандар. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгінгі эфирді ертерек аяқтауымызға тура келіп тұр. Десе де, көңіл-күйлеріңіз түспесін. Сіздердің құрметтеріңізге «АБК» тобының  «Тамшылар» әні, қабыл алыңыздар!

Шерлин радионың дауысын тыңдап ойға қалады.

Марғұланның 4-келуі

Марғұлан пәтерге кіріп келеді.

Марғұлан. Сәлеметсіз бе. Электрик шақырдыңыз ба?

Шерлин.  Сәлеметсіз бе. Шақырдым. Ішке кіріңіз!

Марғұлан кіре сала  пәтердің ішіне өте мұқият қарап шығады.

Шерлин. Жылыту пешім істен шығып қалыпты. Соны жөндеп берсеңіз жақсы болар еді.

Марғұлан. Егер жылыту пешіне  күрделі зақым келсе жұмыс ұзаққа созылуы мүмкін.

Шерлин. Бола берсін.

Марғұлан. Мен ескерттім.

Шерлин. (радиоға қарап тұрып) Кейде маған радио бір ақпаратты қайталай беретін сияқты көрінеді. Қалай десем екен, өткен өмірімде дәл осы пәтерде болған сияқтымын. Тіпті АБК тобының «Тамшылар» әнін тыңдаған секілдімін...Сізде осындай сезім болып тұра ма?

Марғұлан. Болған емес.

Шерлин. Демек...

Марғұлан. Мүмкін бұл дежавю сезімі шығар.

Шерлин. Мүмкін...(біраз уақыттан кейін) Бірақ, бұның барлығы мені шатастырады.

Шерлин үнсіздікте қалып, есіне бірдеңе түсіруге тырысып көреді. Ол Марғұланның жүзіне ұзақ қарап тұрады.

Шерлин. Кешірерсіз, бірақ, біз бұрын кездестік пе?

Марғұлан. (басын шайқап) Қайдан...

Шерлин. Мен жалпы адамның түрін, дауысын ұмытпаймын. Біз таныс сияқтымыз.

Марғұлан. Білмедім.

Шерлин. (оған үмітпен қарайды) Жақсылап ойланып көрерсіз.

Марғұлан. Пешіңіз жөнделді, Шерлин ханым!

Шерлин. (таңырқап) Сіз жаңа ған мені Шерлин деп атадыңыз. Мәссаған, сіз менің атымның Шерлин екенін қайдан білдіңіз. Бұны да өзім айтуым мүмкін бе?

Марғұлан. (басын изейді) Иә...

Шерлин. Тоқтай тұрыңыз, мен сізге бұл пәтерге бүгін көшіп келгенімді. Парижде тұратынымды, жазушы екенімді, француз жігітімнің бар екенін де айттым ба?!

Марғұлан. Айттыңыз!

Шерлин. (көзіне жас толып) Анамды іздеп жүргенімді де айттым ба?

Марғұлан. Оны да айттыңыз!

Шерлин. Сонда қалай? Мен өткен өмірімді есіме түсіріп жатырмын ба?  Демек бұның барлығы бекер емес. Тіпті сіздің көз алдымда жоғалып кеткеніңіз де өтірік емес пе?

Марғұлан. Өтірік емес!

Шерлин. Рас айтасыз ба? Қатты қуанып тұрмын!

Марғұлан. Неге?

Шерлин. Білмеймін...Сонда біз қашаннан бері таныспыз?

Марғұлан. Бір аптадай.

Шерлин. Қалайша? Бұл мүмкін емес қой.

Марғұлан. Мүмкін.

Шерлин. Сонда бір апта бойы сіз осы пәтерге келіп тұрдыңыз ба?

Марғұлан. Біз таныстықта айтқан әңгімемізді бір апта қайталадық.

Шерлин. Қанша рет қайталадық?

Марғұлан. Тіпті көп. Жүз, жүз жиырма, мүмкін жүз елу рет!

Шерлин. Есімнен алжасқан шығармын... Сонда мен бұл пәтерде бір апта бойы тұрып жатсам, онда Даниэл қайда? Оның келетін уақыты болды емес пе?

Марғұлан. Ешкім келмеді.

Шерлин. Қалайша?

Марғұлан. Сізді алдап тұрғаным жоқ. Осы уақытқа дейін бұл жерге ешкім аттап кірмеді.

Шерлин. Сонда Даниэлді өтірікші дегіңіз келе ме?

Марғұлан. Сонша күткен Даниэліңіз сізді іздеп те келмеді.

Шерлин. Сіз оны танитын адамдай сөйледіңіз ғой.

Марғұлан. Мүмкін танитын шығармын.

Шерлин. Шыныңызды айтыңыз, Даниэлді қайда жасырдыңыз?

Марғұлан үндемей тұрады.

Шерлин. Тез айтыңыз. Қайда жасырдыңыз!

Марғұлан үндемей тұрады.

Шерлин. Даниэл, сен қайдасың? Мені естимісің?

Шерлин ашуланып Марғұланның жағасына жүгіре бергенде ол жоқ болып кетеді.

Шерлин. (шошып кетеді) Қарғыс атқыр!

Осы кезде планшетке бейне қоңырау түседі.

Даниэл. Сәлем, сүйіктім!

Шерлин. Даниэл, сен амансың ба? (оның тірі екенін көріп)  Шошытып жібердің ғой!

Даниэл. Сүйіктім, не болды, бәрі дұрыс па?

Шерлин. (жылап) Сен қайдасың?

Даниэл. Жаным-ау мен саған айттым ғой рейс екі күнге шегерілді деп. Бүгін ғана сөйлестік емес пе?

Шерлин. Демек ешқандай да бір апта өткен жоқ. Солай ма?

Даниэл. Не деп кеттің, сүйіктім! Бір жерің ауырып тұр ма?

Шерлин. Даниэл, маған қауіп төніп тұрған сияқты?

Даниэл. Не болды, қымбаттым? Анығырақ айтшы!

Шерлин. Сен шақырып берген электрик көз алдыма жоғалып кетті...

Даниэл. Сен ол адамның пәтерде анық болғанына көзің жете ме?

Шерлин. Даниэл, мен ақымақ емес шығармын!

Даниэл. Қорықпа сүйіктім. Есігіңді кілттеп ал. Кейін Жаңыл ханымға хабарлас, мән- жайды түсіндір. Дереу полиция шақыртыңдар.

Шерлин. Жақсы...Солай істейін. Сен желіден жоғалып кетпе!

Шерлин пәтердің есігін кілттеп, Жаңылға қоңырау шалады. Оның телефоны өшіп тұр.

Шерлин. Неге телефоныңды қоспайсың? Құдайым-ай, қандай пәлеге тап болдым!

Осы кезде радио қосылып кетеді. Селк ете түседі.

Радио. Сүйікті, тыңдармандар. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгінгі эфирді ертерек аяқтауымызға тура келіп тұр. Десе де, көңіл-күйлеріңіз түспесін...

Шерлин. Біздің құрметімізге АБК тобының «Тамшылар» әнін қоясыздар. Мен тіпті жаттап алдым!

Радио. Сіздердің құрметтеріңізге «АБК» тобының  «Тамшылар» әні, қабыл алыңыздар!

Шерлин. (радионы өшіріп) Құрып кетші!

Осы кезде есіктің қоңырауы басылады.

Марғұлан. Сәлеметсіз бе. Электрик шақырдыңыз ба?

Шерлин. Мүмкін осы жолы бұл сөздерді қайталамауға қалай қарайсыз.

Марғұлан. Олай бола ма?

Шерлин. Кім кедергі.

Марғұлан. Меніңше ешкім.

Шерлин. Бұл шырғалаңға екеуміздің қандай қатысымыз бар?

Марғұлан. Нені айтасыз?

Шерлин.  Егер сіз бәрін біліп тұрсаңыз. Неге бұл жерге қайтадан келдіңіз?

Марғұлан. Мен өз жұмысымды атқарып жүрмін! Бүгін үй иесінен қоңырау түсті.

Шкерлин. Түк түсінсем бұйырмасын! Онда мынаны айтыңызшы, сіз жоғалып кеткенде қайда болдыңыз? Сізге қорқынышты болма ма? Немесе біреу жәбір көрсете ме?

Марғұлан. Түк те болмайды. Тек айналам қараңғы болып кетеді. Әдетте қатты жалғызсырайтынмын. Кейін, сіз келгелі жалғыздықты ұмыттым.

Шерлин. Демек сіздің сөздеріңізге сенуге болады?

Марғұлан. Әрине.

Шерлин. Шындық екенін қалай дәлелдейсіз?

Марғұлан.  Біз уақыт шырғалаңындамыз. Бастапқыда мұнда тек өзім болатынмын. Кейін сіз қосылдыңыз. Бірақ, мен сізге осыны түсіндіре алмаймын ба деп қорқып едім.

Шерлин. Егер бұл шындық болса неден қорықтыңыз?

Марғұлан. Тұзақта екеніңізді түсінбей ме деп. Яғни, сіз бір оқиғаның қайталанып жатқанын байқамасаңыз, біз оны жалғастыра беретін едік.

Шерлин. Енді маған не істеу қажет?

Марғұлан. Ояну!

Шерлин. Не? Сіз сонда мені түс көріп жатыр деп ойлайсыз ба? Мен ұйықтап жатқан жоқпын.

Марғұлан. Иә, шындықты қабылдау әрине өте қиын. Тіпті сенбеуіңіз орынды. Бірақ, ояну сіздің қолыңыздан келеді, Шерлин!

Шерлин. Сандырақ!

Марғұлан. Сіздің аз уақытыңыз қалды!

Шерлин. (күліп) Менен сізге не керек? Ақша, үй немесе бағалы бұйымдар. Қайсысы?

Марғұлан. Ештеңе керек емес!

Шерлин. Сіз маған өтірік айтып тұрсыз. Біздің осылай отырғанымызға бір апта өткен жоқ!

Марғұлан. Бір ай өтті!

Шерлин. Өтірік айтасыз! Мен бәрін білемін. Бір ай тұрмақ бір күн өткен жоқ! Айтыңыз, сізден маған не керек? Мені неге аңдып жүрсіз? Әлде сізді біреу жалдады ма? Мүмкін мақсатыңыз мені өлтіру шығар!

Марғұлан. Жетер, Шерлин ханым!

Шерлин. Менің Алматыда екенімді сіз алдын ала білдіңіз. Неге мен бұл туралы ойланбағам. Енді түсіндім, мені тонамақшы болдыңыз ба? Білемін, Қазақстандықтар шетелдіктерді  шіріген бай деп ойлайды. Бірақ, мен Алматыға еріккеннен келмедім. Түсінесіз бе, бұл күнді он бес жыл зарыға күттім. Ал сіз мені тонап, кейін өлтіріп кетпекшісіз.

Марғұлан.  Әбден шатастыңыз.

Шерлин. Онда не үшін жүрсіз? Мақсатыңыз қандай?

Марғұлан. Сіз шындықты естуге әлі дайын емессіз.

Шерлин. Сылтауын қара.

Марғұлан. Сізге тынышталу керек. Бұлай жалғаса берсе қиын болады. Маған сенім артыңызшы Шерлин. Сізді алдап тұрғаным жоқ.

Шерлин. Полицияға ұстап бермей тұрғанда көзіңізді құртыңыз!

Марғұлан. Мен қазір кетсем қайтып келе алмаймын. Ал сізге менің көмегім керек.

Шерлин. Неге жоғалмай тұрсыз. Көзден ғайып болатын әдетіңіз бар емес пе? Кет дедім сізге!

Марғұлан. (бар дауысымен) Шынар, өз-өзіңізді қолға алыңыз!

Шерлин. Не дедіңіз? Тіпті қорқайын дедім...

Марғұлан. Мейлі, мен туралы не ойласаңыз да маған бәрібір! Бірақ, мен сізді тастап кете алмаймын!

Шерлин. Бұл нағыз сандырақ. Қайдағы Шынар?! Мені әбден шаршаттыңыз!

Шерлин жерге отыра қалып жылай бастайды. Марғұлан да оның қасына келіп отырады.

Марғұлан. Шынар биік таудың басында тасты жарып өсетін  ерекше ағаш. Жаңадан жас шыбық болып өсіп келе жатқан Шынар ағашының үстінен тас бастырса да тасты жарып шыққан деген аңыз бар. Ол тіпті 6 ғасырдан аса жайқалып тұрады екен. Демек, сіздің есіміңізді бекер Шынар деп қоймаған шығар.

Шерлин. Бірақ мен Шынар емеспін ғой. Ол ағаш әлі күнге дейін өз топырағында жайқалып тұр. Ал мен өз тамырымнан баяғыда ажыраған жанмын. Сол себепті сіздің философиялық әдемі сөздеріңіз маған мүлдем жараспайды. Мен Шерлинмін! Шерлин!

Марғұлан. Сіз анаңыз үшін биік Шынарсыз!

Шерлин. Өтінемін олай демеңізші. Ескі жараның бетін қайта тырнағандай боласыз.

Марғұлан. Жара емделмейінше жүрегіңізді тырнай берері анық. Неге атыңызды ауыстырдыңыз, Шынар?

Шерлин. Мен өзім туралы ештеңе білмеймін. Сол үшін сіздің сұрағыңызға жауап бере алмаймын!

Марғұлан. Сіз Шынарсыз!

Шерлин. Сіз айтып тұрған адамның кім екенін де танымаймын!

Марғұлан. (жігіт ашуланып, ренжігендей болып) Солай-ақ болсын!

Екеуі үнсіздіктің шырмауында қалады.

Марғұлан. Ал Францияға қалай тап болдыңыз?

Шерлин. Білмеймін. Ол кезде сегіз жастағы кішкентай қыз едім. Тек өзіме мүлде ұқсамайтын бөтен адамдардың қолынан ұстап кете барғаным есімде... Тіпті, олардың мені қай жаққа апара жатқанынан хабарсыз едім. Менен ешкім «барасың ба, барғың келе ме?» деп сұрамапты...

Екеуі ұзақ уақыт үнсіздікте қалады.

Марғұлан. Бірақ, олар үлкен қадам жасап сізді асырап алды. Бұл құрметке лайық шешім ғой!

Шерлин. Иә, көп баланың ішінен мені асырап алғаны таңғажайып дүние шығар. Егер сол кезде өзімнің туған елімді, мәдениетімді, тілімді, тарихымды жоғалтатынымды білгенімде ғой...

Марғұлан. Әрине, өзіңнің кім екеніңді білмегеннен артық қасірет жоқ. Дегенмен, шетелдегі балалардың барлығын бақытсыз деуге келмес.

Шерлин. Асыранды балалардың өз қасіреті бар. Біз үшін басқалар баяғыда  таңдау жасап қойған.  Үнімізді ешкім шығармайды, ешкім бізді естімейді. Бізді аяйды, жоғарыдан менсінбей қарайды. Сол үшін жолы болғыш жанның кейіпінде жүруге мәжбүрміз! (көзіне жас алып) Жетім балалардың бір ғана арманы болады. «Күндердің күні ата-анам келіп, мені алып кетеді!» деген...Біз осы сағымға сеніп өмір сүреміз. Және бізді құртатын да осы. Шетелге кеткен балалар – осы сағымның құрбандары! Бұны барлығы білуге тиіс. Сол үшін жаңа роман бастадым.  Өзімнің өмірімді, өзім секілді балалардың тағдырын жазатын боламын.

Марғұлан. Жазушылықты қай жасыңыздан бастадыңыз?

Шерлин. Балалар үйінде менің досым болатын. Қазір мен ол баланың атын ұмытып қалдым. Әйтеуір екеуміз теледидар көріп жатқанда бір адамның балалар үйі туралы айтқанын естідік. Астында жазушы деп жазылып тұрған.

Кішкентай балалардың дауысы шығып, осы диалогтарды айтып жатады.

Марғұлан. Шынар, білесің бе, сен сондай сүйкімдісің!

Шынар. Сенің де түрің жаман емес!...Сені бәрі жабайы десе де, мен үшін нағыз адал доссың!

Марғұлан. Өскенде жазушы болшы өтінемін!

Шынар. Жазушы деген кім, мен білмеймін ғой?

Марғұлан. Мен де білмеймін. Бірақ, айтылғанда әдемі естіледі екен!

Шынар. Сен оны қайдан естіп жүрсің?

Марғұлан. Есіңде ме, кеше екеуміз теледидар көріп жатқанда бір адам сөйледі ғой. Жазушы екен! Ол: «Жетімдер үйінде өскен балаларды қоғамнан бөліп-жармау керек. Олар да еліміздің болашағы, адал қызмет ететін тұлғалар сол ортадан шығады» деді!

Шынар. Тағы да бірдеңе айтты емес пе?!

Марғұлан. «Біз қоғамда оларды жетім деп бөлмей, бір дәрежеде жақсы көріп, қабылдауымыз керек» деді!

Шынар. Онда осыны біздің тәрбиешілерге көрсетейікші. Сонда бізге өз балаларына қарағандай қарайтын шығар!

Марғұлан. Жақсы, көрсетейік.  Шынар, сен жазушы болшы, өтінемін!

Шынар. Жарайды, өскенде мен де жазушы боламын!

Марғұлан. Біздің Шынар жазушы болады. Ууууу...

Шерлин Марғұланды сағынышпен еске алып, сөзін жалғастырады.

Шерлин. Бізге ол адамның айтқан сөзі қатты ұнады. Кейін маған досым  «өскенде жазушы бо?

Шерлин. Бізге ол адамның айтқан сөзі қатты ұнады. Кейін маған досым  «өскенде жазушы болшы» деп өтінді. Сол сезім мені осындай деңгейге жетелеген сияқты... Ол кезде баламын ғой, жазушының кім екенін де аса түсінбедім. Бірақ сол күннен қалған ең құнды естелігім осы...

Марғұлан. Сізді 8 жасыңызда асырап алса көп нәрсе есіңізде болу керек еді. Қалайша ұмытып қалғансыз.

Шерлин. Асырап алған ата-анам мені төрт жылдан аса психотерапевтке апарды. Олар маған өткен өміріңді ұмытсаң бізбен бақыттырақ өмір сүресің, сонда бәрімізге жақсы болады деді. Кейін анама бұл балалар үйіндегі директордың айтқан өтініші екенін білдім. Бірақ, неге олай айтқанын әлі күнге дейін түсінбедім. Менің өмірімде сондай бір қиын жағдай орын алған шығар бәлкім.

Марғұлан. Егер сіз талпынсаңыз, бұл сұрақтардың барлығына жауап табар едіңіз!

Шерлин.  Сонда не істеуім керек?

Марғұлан. Ояныңыз!

Шерлин. Қалай? Бір білетініңіз болса айтыңызшы!

Марғұлан. Оянсаңыз жеткілікті!

Шерлин. Түк түсінсем бұйырмасын!

Марғұлан. Даниэл жоспарын іске асырып үлгерді. Сіз комадасыз, Шерлин!

Шерлин. Сіз мені әбден шатастырдыңыз. Қай сөзіңізге сенерімді білмей қалдым. Біресе дежавю сезімі дейсіз, біресе уақыт шырғалаңы дейсіз, енді айтып тұрғаныңыз мынау. Не деп сандырақтап кеттіңіз.

Марғұлан. Сізге ояну керек!

Шерлин. Мен онсызда ояу жүрмін ғой!

Марғұлан. Сіз комадасыз! Ауруханада жатырсыз. Тек сіздің жаныңыз өмір мен өлімнің арасында күресіп жүр!

Шерлин. Бұл ақылға қонбайды!

Марғұлан. Ояныңыз!

Шерлиннің көзі күнгірт тартып басы айнала бастайды, ол құлағын бірден жауып Марғұланның дауысын естімеуге тырысады.

Марғұлан. Ояныңыз!

Марғұлан қайта көзден ғайып болады, Шерлин шыңғырып жібереді. Осы кезде планшетке бейне қоңырау түседі. Шерлин есін жиып әрең бейнеқоңырауға жауап береді.

Шерлиннің есіне Даниэлмен жанжалдасқан сәті түсе бастайды. Видео қосылады.

Даниэль лифтің алдына, қолында сөмке (ішінде ноутбук) және көптеген қағаздар ұстап алған. Өте көңілді. Бірақ қатты асығыс. Лифт көтеріліп, есігі ашылады. Ішінде Шерлин тұр. Даниэл тосылып қалады, оны көріп қолындағы қағазды тығуға тырысады. Шерлин ауыр хәлде, көзі жасқа толып тұр.

Даниэл. (түк білмеген адамдай таңқалып) Сүйіктім, мұнда не істеп жүрсің?

Шерлин қатты жылап тұр, көзінен үлкен өкініш көрінеді.

Даниэл. Не болды, неге жылайсың? Біреу ренжітті ме?

Шерлин. (ерні дірілдеп) Бұлай істеуге қалай дәтің барды?

Даниэл. Неге бұлай дейсің, түсіндірші?

Шерлин. (өз-өзін қолға алып) Жаңа романың құтты болсын! Презентациясын өткізіпсің. Мені неге шақырмадың?

Даниэл. (бірден өзгеріп шыға келеді) Онда сенің шаруаң болмасын!

Шерлин. Гонарарыңды алдың ба?

Даниэл. (жалма-жан папкасын құшақтап) Бұл менің ақшам! 

Шерлин. (жүрегі езілердей күй кешеді) Не деген адасың...

Даниэл.  Иә, осы күнге дейін сені пайдаланып келдім. Бірақ, бұл жолғысы тіпті керемет!

Шерлин. Бұл романды шығару арқылы анамды тауып қалармын деген үмітім болды... Қалай бұндай жауыздыққа бардың?

Даниэл. Ақымақ қызсың, басқа айтарым жоқ. Жолдан былай тұр, асығыспын! (ойланып) Көрде тұр, бұл роман бүкіл әлемді дүр сілкіндіреді! Сен болмағанда мұндай тақырып менің басыма қайдан келсін!

Шерлин. Бұл менің романым. Оны саған беріп қарап тұрмаймын. Сенің өтірігіңді ертең-ақ әшкере қыламын!

Даниэл. (күліп) Байқаймын, саған жан бітейін депті.  (қыздың қолын қатты қысып) Өзіңнің сұрауы жоқ, ақымақ қыз екеніңді ұмытып қалдың ба? Айтшы, сенің сандырағыңды кім тыңдап, саған кім сенеді? Бұл ел кімді жақтайды? Мені ме, әлде сені ме?...

Шерлин. Жібер қолымды!

Даниэл. Осы күніңе зар болып қалмай тұрғанда ақылға кел! (қарқылдап күле бастайды) Солай емес пе, Сүйіктім?!

Шерлин. Жібер дедім саған!

Даниэл. (қызды жұлқып) Мәселе туындататын болсаң, айтпады деме, көзіңді құртамын!

Шерлин. Жібер.. (Даниэлге қарсылық білдіріп жатқанда  баспалдақтап құлап кетеді)

Марғұланның 5-келуі  

Шерлин шыңғыра жөнеледі де, планшетті лақтырып жібереді. Есікті біреу тықылдатады. Шерлин есікті ашуға қорқып тұрады.

Шерлин. (бойын үрей басып) Бұл кім...?

Марғұлан. Есікті ашыңыз!

Шерлин. Сіз кімсіз?

Марғұлан. Мен Марғұланмын!

Шерлин. Кетіңіз!

Марғұлан. Сізге қауіп төніп тұр. Өтінемін, ашыңыз! Мен сізге көмектесуге келдім. Сеніңізші маған!

Шерлин. Сіз маған бөтен адамсыз. Сенім туралы мүлде айтпаңыз!

Марғұлан. Шынар, сіз қалайша мені танымадыңыз...Мен Марғұланмын ғой. Сіздің досыңыз!

Шерлин. Менің бір ғана досым болған. Оның өзі қазір жоқ. Мен тек соған ғана сене алатын едім...

Марғұлан. Сол досың мен ғой, Шынар! 5-балалар үйіндегі бірге сабақ оқып, бірге ойнайтын, бірге анамызды күтетін...

Шерлин. 5-балалар үйі...

Марғұлан. Сен дәл қазір сол балалар үйінде тұрсың.  Біз осы жерде өскенбіз. Тәрбиешіге ренжігенде осылай есікті жауып алатынсың. Біз сыртта бәріміз саған «есікті аш!» деп жалынып тұратынбыз! Баяғы қырсық мінезің,  мүлде өзгермепсің!...

Шерлин. Марғұлан...

Шерлин есікті ашады. Марғұланның көзіне ұзақ қарап тұрады.

Марғұлан. Есіңе түстім бе?

Шерлин өз-өзіне келе алмай тұр.

Марғұлан. Бұл мен ғой, Марғұлан!

Шерлин. (ерні дірілдеп) Сенің жанарыңды танып тұрмын...

Марғұлан қызды құшақтап алады.

Шерлин. (көзіне жас алып) Дәл осы көзқараспен маған армандауды, құласам қайта тұруды үйреткенсің...

Марғұлан Шерлинді құшақтап, жылап жібереді.

Шерлин. (көзіне ыстық жас толып) Бұл расында сен бе?

Марғұлан. Иә...

Шерлин. Мен сені жиі түсімде көретінмін. Бірақ, кім екеніңді есіме түсіре алмай қиналатынмын!

Марғұлан. (қатты қысып) Енді қасыңдамын!

Шерлин. (жылап) Адамды қалайша осылай қинауға болады?! Олар менің жадымды өшірді, тамырымнан ажыратты. Мені жоқ қылды!

Марғұлан. Кең даламызға сені сыйдыра алмадық-ау...

Шерлин. Мені алып кетерде сені көп іздедім. Таба алмадым. Қатты жыладым, бармаймын деп қасарыстым.  Сенің атыңды қайта-қайта айта бердім. Олар мені түсінбеді, тыңдамады. Күшпен алып кетті!...

Марғұлан. Жарығым-ау...

Шерлин. Неге мені тастап кеттің? Осы уақытқа дейін қайда болдың?..Қайда...

Марғұлан. Шынар, саған бәрін түсіндіріп беремін.  Өз-өзіңе кел, сабыр сақта!  (қыздың көзіне қарап) Тура жексенбі күні бөлмеде екеуміз сабақ оқып отырғанбыз. Балалар мен тәрбиешілердің барлығы сыртта жүрген. Бір кезде директордың кабинетінен шыңғырған дауыс шықты. Біз бірден сол жерге бардық.  Кабинет жабық тұрды, бірақ, іште біреудің бары анық еді. Сытырлаған дауыстар шыға бастады. Мен бірден «өрт шықты» дедім. Директор апай кабинетте қамалып қалды ма деп қатты қорқып кеттік. Жанталасып жатып есікті аштық. Бірақ, өз көзімізге өзіміз сенбей тұрдық. Жаңыл апай жынданған адамша, жалындаған оттың ортасында құжаттарды өртеп жатты. Екеумізді көріп шошып кетті. «Мен кінәлі емеспін! Мен кінәлі емеспін. Өрт пештен шықты! Пештен шықты!» деп айқайлай берді. Біз оны әрең шығарып алдық. Кейін сен  тәрбиешіні шақырып келуге кеттің. Мен өртті өшірмекші болып қайта кабинетке кірдім. Бірақ, өрттің ортасында қалып қойдым...Кейін...мен ауыруханаға түстім...

Шерлин. Ауыруханаға? Қалайша?  (ұзақ пауза) Олар маған басқаша айтты ғой... Анаң алып кетті деді.

Марғұлан. Олай емес. Өрттің шығуына екеуміз куә болған соң, оңай құтылғысы келген екен.  Сөйтіп сені француз отбасына беріп жіберген...

Шерлин. Сонда өрт расымен де пештен шықты ма?

Марғұлан. Күмәнім бар. Әйтеуір өртті пештен шыққандай етіп көрсете салды.

Шерлин. Балалар үйін уысында ұстайтын, ешкімге дес бермейтін, тәкаппар ханымды не қорқытуы мүмкін? Қызық...

Марғұлан. Көп тағдырды тәркі етті...

Шерлин. Сонда олар сені қамап ұстады ма?

Марғұлан. Жоқ. Айтсам таң қалатын шығарсың. Ауыруханада есімді жия алмадым. Кейін олар мені жасанды комаға ауыстырды. (ұзақ пауза)  Әлі сондамын...

Шерлин. Комада...

Марғұлан. Даниэлдің кесірінен сен де комадасың! Біздің жанымыз 15 жылдан кейін бір-бірімен осылай кездесіп тұр!

Шерлин. (көңілі түсіп) Мен өзімді Алматыда жүрмін деп ойласам...

Марғұлан. Комаға түскеніңде рухың бірден  Алматыға жол тартқан. Себебі жаның туған елін қатты аңсаған!

Шерлин. Біз сонда қазір қайдамыз?

Марғұлан. Балалар үйінде...

Олар қолдарындағы қағаз ұшақты ұшырып, арлы-берлі жүгіріп ойнайды. Сахнаны қараңғылық басады. Жарық түскенде екеуі екі жерде жабырқап отырады.

Шерлин. Тірі қалуыма себеп бар ма?

Марғұлан. Табылады!

Шерлин. Тағы да құр сағымға сен дейсің бе?

Марғұлан. Шынар...

Шынар. Неге қорқамын? Мүмкін Құдайдың өзі мені шақырып тұрған шығар?

Марғұлан. Саған мүмкіндік беріліп тұр, неге көрмейсің? Нағыз ақымақ екенсің!

Шерлин бірден ренжіп қалады.

Марғұлан. Жарайды, кешір!

Шерлин. Тірі қалып не істе дейсің? Қайтадан жалғыздық па? Оның азабын менен артық ешкім түсінбес!

Марғұлан. Оян, өтінемін! Өмір сүр!

Шерлин. Қасыңда қалуға рұқсат ет!

Марғұлан. Болмайды. Мұнда қалсаң Даниэл түбіңе жетмей тынбайды!

Шерлин. Бола берсін. Несіне қорқасың?

Марғұлан. Сенің тірі қалғаныңды қалаймын!

Шерлин. Сол-ақ па?

Марғұлан басын изейді.

Шерлин. Маған осы жер жақсы. Көңілімнен шығады! Өмір сүргім келмейді!

Марғұлан.  Анаң үшін!

Шерлин мына сөзден кейін абдырап қалады.

Шерлин. Менің анам жоқ. Болмайды да!

Марғұлан. Өтірік айтпа. Сен Алматыға сол үшін келгің келді. Өмірге бар-ақ рет келесің ғой. Өзіңнің кім екеніңді білмей өмірден өтпекшісің бе!

Шерлин. Ол жеңілжүрісті. Менің тегім жоқ!

Марғұлан. Бұны саған кім айтты?

Шерлин. Асырап алған анам солай деген болатын...

Марғұлан. Біз туралы қанша жалған ақпарат бар. Сен сенген жоқсың ғой. Өтірік деші?...

Шерлин. Сенген емеспін...

Марғұлан. Көрдің бе, өмір сүруге мән табылды. Менің де 15 жыл комада өлмей жатуымның себебі осы шығар...Туған анамды тапқым келеді. Өмір сүргім келеді!...Тек маған уақыт керек. Ал, сен дәл уақытындасың!

Шерлин үнсіз басын изейді.

Марғұлан. Демек оянасың ғой, иә!...

Шерлин. Қалған өмірімді қазақ болып  сүргім келеді!

Марғұлан. (қатты қысып) Сені сағынатын боламын!

Шерлин жылап қалады.

Шерлин. Мен де сені сағынатын боламын!

Марғұлан. (сасқалақтап) Мені күте аласың ба? Мені күтуге уәде бересің бе!

Шерлин. (көзінен мейірім төгіліп) Күтуге уәде беремін!

Марғұлан. Мен ораламын! Екеуміз міндетті түрде кездесетін боламыз! Тек мені күтсең болды!

Шерлин. Сені күтемін...

Марғұлан.  (бар дауыспен, қуанып) Шынар, сен сондай сүйкімдісің!

Шерлин. (күлімсіреп)  Басқа қыздар не десе о десін, сен жабайы емессің!

Марғұлан. Оян, Оян! -деп көзден ғайып болады.

Олар қуанышпен, мейіріммен, махаббатпен құшақтасады. Осы кезде Шерлинге ерекше нұр (жарық) түседі.

 

2-КӨРІНІС

Шерлин Алматыдағы балалар үйінің алдында тұр. Ол есікке жақындап келіп, тұтқаны ұстап, есікті ашады. Бар жігерін жинап табалдырықтан аттап, ішке кіреді. Төр жақта егде келген әйелдің отырғанын байқайды. Шерлинді көре сала орнынан әрең тұрып, оған көз салады.

Жаңыл. Бұл қайсысың?

Шерлин. (ерні дірілдеп) Сәлеметсіз бе, апай!

Жаңыл. Сәлемет пе! Кім болдың, қарағым?

Шерлин. Апай, мен 5-қалалық балалар үйін іздеп келіп едім. Дұрыс келдім бе?

Жаңыл. Иә, бұрын болған. Қазір тастанды балалардың көбейгеніне байланысты оларды кең, әдемі, жаңа ғимаратқа көшірді. Қазір мұнда үлкен балалар тұрады?

Шерлин. Түсінбедім...

Жаңыл. Қарттар үйі, қызым!

Шерлин. (сасқалақтап) Сіз Жаңыл апайсыз ғой, иә!

Жаңыл. Жаңылмын. Тыныштық па?

Шерлин. Жаңыл апай, мені танымадыңыз ба?...Он бес жыл бұрын француз отбасына мені асырауға бергенсіз. Сол асыранды қызбын. Атым Шерлин!

Жаңыл. Шетелдіктер көп келетін бізге. Қызым-ау, қайссы бірі есімде қалады дейсің.

Шерлин. 2000-шы жыл. Балалар үйінен өрт шыққан кездегі уақыттар есіңізде ме?...

Жаңыл. (көзі шарасынан шығып кете жаздайды) Иә...

Шерлин. Сол кезде мені Эдит Марин мен Адалин Мариндар асырап алған.

Жаңыл. (ұзақ ойланып, күбірлеп)  Эдит Марин...Адалин Марин...(ойланып тұрып) Есімде жоқ!

Шерлин. Есіңізге түсіріп көріңізші! Менде тіпті сол кездегі суреттер бар. Асырап алған ата-анаммен бірге түсіппіз, суретте сіз де барсыз. (қалтасын алып көрсетеді)

Жаңыл. Мына кішкентай қыз сен болдың ғой...Иә, олар жүздері жылы, жақсы адамдар болатын. Саған тамаша ата-ана болуға уәде берген. (жағымпазданып) Қарашы, сұлу болып бой жетіпсің. Көркіңе көз тоймайды.

Шерлин. (көзіне жас тығылып) Маған құжаттарымды көрсете аласыз ба?

Жаңыл. Қандай құжаттар?

Шерлин. Туған сәтте берілетін, жеке басымды күәландыратын құжаттар.

Жаңыл. Әдетте ол құжаттарды асырап алған отбасына табыстайтынбыз.

Шерлин. Мен осы уақытқа дейін бір де бір құжат көрген емеспін. Қарап көріңізші, сіздерде көшірмесі болуы мүмкін ғой!

Жаңыл. Одан кейін қаншама уақыт өтті. Құжаттарыңның бар-жоғын білмедім, қарағым!

Шерлин. (көзі жасаурап) Өтінемін апай, қарап көріңізші...

Жаңыл. Десе де, балалар үйі  жаңа ғимаратқа көшкенімен архив осында қалған. Құжаттан көп нәрсе жоқ. Қазір қарап көрейін…

Екеуі ескі шкафтың жанына келіп жақындайды. Жаңыл шкафты біраз ақтарады.

Жаңыл. Асырап алған әкеңнің атын қайталашы, қызым!

Шерлин. Эдит Марин!

Жаңыл тақташадан «э» деген әріпті тауып, құжатты қолына алады.

Жаңыл. (көзілдірігін жақын ұстап) Амели Курис, Билли Дрейк, Эдит...Марин. Міні, Эдит Мариннің қызы Шынар екенсің. Атың Шынар!

Шерлин. Атым Шынар ма... Шынымен де ме?

Жаңыл. Биологиялық әке-шешеңнің аты-жөндері жазылған екен.   Әкең – Қайрат Мұқамжанов. Анаң – Гүлсім Әлімова.

Шерлин бірден жылап қалады.

Жаңыл. Қызым неге жылайсың?

Шерлин. (жылап тұр) Атым шынымен де Шынар екен ғой...

Жаңыл. Иә, қызым.  Бұл қарапайым ақпараттар ғой. Қалай білмейсің?

Шерлин. Франциялық ата-анам құжатың өртеніп кеткен деп айтқан еді. Өтірік екен ғой…

Жаңыл. (ақталып) Мүмкін ол кезде расында құжаттарың табылмаған шығар. Әйтпесе беріп жіберетін едік. Өрт шыққан кезде есеңгіреп қалғанымыз рас. Сондай қысыл-таяң шақта сені асырап алған еді. Құжатыңды кейін тауып, сақтап қойған шығармыз. Не көп, қағаз көп. Сенікі екенін кім білді дейсің.

Шерлин. Оп-оңай айта салдыңыз ғой...

Жаңыл. Түсінбедім?

Шерлин. Сіз бір адамның тағдырын шешетін мәліметті айтып тұрсыз. Ал мен осы кішкентай ақпарат үшін 15 жыл қиналғанымды білмейсіз ғой.

Жаңыл. (жақтырмай) Мен сияқты мың қырық жұмыстың ортасында жүрсең көрер едім. Қағаздан басқа маңызды тірлігім жоқтай айттың ғой, қарағым!

Шерлин. Сіз үшін жәй қағаз шығар, мен үшін өмір! Өзіңнің кім екеніңді білмей өмір сүрудің қандай екенін сіз түсінесіз бе?

Жаңыл. Білгеннен не шықты, қызым! Бірдеңе өзгерді ме?

Шерлин. Не дедіңіз…

Жаңыл. Әйтеуір, бәрің өкпелісіңдер. Қайта рахмет айтпайсың ба, сені жақсы адамдардың қолына бердік. Біз көрмеген өмірді көрдің ғой. Мына елде қалсаң күнің не болар еді?! Қайта адам деңгейіне жеткізген ата-анаңа  рахмет айтпайсың ба, қарағым! Риза болмайсың ба!

Шерлин. Ризамын!

Жаңыл енді дұрыс болды дегендей ым-ишара білдіреді.

Шерлин. Бірақ, осы ризалыққа кенелгенім үшін көп нәрседен бас тартуыма тура келді…!

Жаңыл. (қыздың сөзіне мән бермегенсіп) Тағы қандай көмегім керек. Тез айт!

Шерлин. (көзіне ыстық жас тығылып) Мен туған ата-анамнан, мәдениетімнен, тілімнен, дінімнен айырылдым. Жалғыз мен емес. Мен секілді шетелге кеткен әр бала  тегімізден айырылдық!

Жаңыл. Өкпе-ренішіңді айтуға келген сияқтысың ғой! Айта түс! Бұндай сөздерді кім айтпай жатыр бізге!

Шерлин. Бізді ата-тегімізден айырдыңыздар!

Жаңыл. Қой, қарағым!

Шерлин. Тексіз қылдыңыздар!

Жаңыл. Мына елде мұрнынан тіреліп тіршілік етіп жүрген жетімдердің тек туралы ойлануға мұршасы жоқ. Ол сендер, тойғаннан секіресіңдер. Ал олардың азабына кім жауап береді?! Қайта мен сендерді сол азаптан құтқарып қалдым!

Шерлин. Асыранды балалардың өз жан азабы болады. Сіз шетелдіктердің сөзін сөйлеп тұрсыз! Ал Шетелдіктер өздерін әлемді құтқарушы ретінде көрсетеді.  Сөйте тұра бізге екінші сорттағы адам ретінде қарайды. Аяйды, мүсіркейді!  Көрдіңіз бе, бұл жүйе бізден басқасының барлығына тиімді. Сіздер жетім қалған сәбиден гөрі бала асырап алушы адамның мүддесіне жұмыс істейсіздер. Сізге шындық керек болса. Мен айтайын!

Жаңыл не айтарын білмей қалады.

Жаңыл. Ренжитін жөнің жоқ! Ол кез кімге оңай тиді дейсің? Күнкөріс қиын болатын. Адамдар ала дорба арқалап өлместің күнін көріп жүрді. Әр кім қара басын күйттеп  кетті. Ол заманда қазіргідей мүмкіндіктер болмады. Алдағы күннен үміт аз, бір күннің бір күнге жалғанып жатқанына шүкір еттік.  Біз тек жетім балаларға жаңа өмір, жарқын болашақ сыйлағымыз келді! Шетеледіктердің біздің елге аңсары ауып, бала асырап алғандарына қуанбасақ ренжімедік.  Сендерді өркениетті елде ештеңеге кіріптар болмай, не ішем, не жеймін деп алаңдамай, еркін өмір сүрсе дедік!

Шерлин. Тағдыр тәлкегіне түскен балада қайдағы болашақ? Біз қалың тұманның шырмауында өзін жоғалтқан жандармыз. Біздің жолда шындық жоқ! Туыла сала жетім атандық, кейін асыранды бала болдық. Мейірімсіз қоғамда өстік! (көзіндегі жасын сүртіп)  Өгей елдің теперішіне ұшыраған соңғы ұрпақ біз болайық! Құдай үшін бұл жүйені тоқтатыңыздар!… Сізді де түсінемін! Бірақ мынаны біліп жүріңіз, ешбір байлық туған жерімізден, тілімізден артық емес! Бұны мен қазақ тілін үйрене бастағанда түсіндім…Осылайша өз тамырыма жалғандым! (екеуінде ұзақ үнсіздік) Жаңыл апай, Құдай атынан жалынып сұраймын. Мына екі сұрағыма асықпай, нақты жауап беріңізші.  Туған анам мен, балалар үйінде бірге өскен досым Марғұлан туралы не білесіз? Оларды қалай табуға болады!

Жаңыл. Сенің анаң қайтыс болған!

Шерлин. (жылап) Оның жезөкше болғаны рас па?

Жаңыл. Жоқ! Анаң ауыр дертке шалдыққан еді. Қайтыс болмай тұрып сені балалар үйіне өткізіп кеткен. Ал әкең тірі. Қатты кездесуге құштар болсаң оны таба аласың.

Шерлин. (ұзақ кідірістен кейін) Ал, Марғұлан ше?

Жаңыл. (қипақтап) Марғұлан? (ойланып ұрып) Ол кім?

Шерлин. Сіз оны жақсы білуге тиіссіз. Балалар үйі өртенген кезде өрттің ортасында қалып қойған сегіз жасар бала. Сол Марғұлан болатын.

Жаңыл. Қайдағы жоқты айтып басымды қатырдың ғой. Менің демалуым керек. Болды, бар! Бөлмені босат!

Шерлин. Сізді өлімнен құтқарып қалған баланы қалай ұмытасыз!

Жаңыл. (өз-өзінен күбірлеп) Есіме енді түсіп жатыр. Балалар үйі жексенбі күні өртенді. Бірақ, құдай сақап іште ешкім болмады. Балалардың барлығы аулада ойнап жүрген. Марғұланның іште қалып қоюы мүмкін емес. Ондай ештеңе болмады!

Шерлин. Демек сіз Марғұланды білетініңізді мойындап тұрсыз!

Жаңыл. Не деп кеттің, Марғұлан есімділер көп болған. Қайссын айтып жатқаныңды мен қайдан білемін.

Шерлин. Сіз мені білесіз де,  есіңізге түсіресіз де,  ал Марғұланды білмейсіз. Бұл қалай, ақылға қонбайды ғой.  Әлде оның  өртке қатысы бар ма?

Жаңыл. (есі шығып кетеді) Жо-жоқ. Ондай емес!

Шерлин. Өтірікпен өмір сүрудің азабын менен артық ешкім түсінбейді. Жаңыл апай, өзіңізге шындықты айтуға мұрсат беріңіз.  Ар-ұяттың алдында ақиқаттан жоғары не бар дейсіз? (жығыла кетеді) Құдай үшін, жалынамын!

Жаңыл. (есі шығып)  Балалар үйі өртенген кезде Марғұлан қатты жарақат алып ауруханаға түскен болатын. Содан кейін…

Шерлин. Қайтыс болды ма?

Жаңыл. Иә…

Шерлин. Жаңыл апай, тек шыныңызды айтыңызшы. Құдай атынан жалынып сұраймын…

Жаңыл. Ол…ол…комада!

Шерлин. Қалай сонда? 

Жаңыл. Айтып тұрмын ғой. Содан бері 15 жыл болды к...

Шерлин. Біз сияқты сұрауы жоқ баланы 15 жыл комада тірі ұстау ақылға қонбайды. Мүмкін емес...Түсінер емеспін!

Жаңыл. Нейробиологиялық адам жанын зерттеу орталығында. Марғұланды солар өз жауапкершілігіне алды. Олар комадағы адамның физиологиялық өсу процесін бақылайды.

Шерлин. Не, не дедіңіз... Тіпті бізді эксперемент ретінде де пайдаланғансыздар ма?!...

Жаңыл. Қызым!…(Шерлиннің қолынан ұстап алып) Менің де жетісіп жүргенім шамалы. Көп нәрсеге өкінемін. Бірақ, жыртық үйдің де Құдайы болады екен. Өзім 15 жыл отасқан күйеуімнен құрсақ көтере алмадым. Жұбайымды да Құдай ерте алып қойды. Алла мені осылай жазалады! Енді өзім осы балалар үйін  паналап қалдым…

Шерлин. (көзі жасаурап) Жетім балалардың жалғыз сенер адамы сіз болғансыз, Жаңыл апай. Жылына бір рет «жарығым» десеңіз, мына әлемге сыймай кететінбіз. Қанша қатал болып, бізге суық қарасаңыз да, жүзіңізден жылулық көретінбіз. Жүрегімізде анадан да биік ұлықталған жан сіз едіңіз, апай!  Бірақ, сіздің балаларға, маған, Марғұланға жасаған іс-әрекетіңіз жанды түршіктіреді. Тірі, жаны бар, жүрегі бар адамның істейтін ісі емес бұл!

Жаңыл. (көзінен жас шығып кетеді) Қайссы бірін айтайын, қайсысын айтып ақталайын, қызым...Мен сол өрт шыққан күні өзіме қол жұмсамақшы болдым. Бірақ, Құдай да ақымақ емес. Асықпады, осының бәрін көрсетті! (күрсініп) Ол кезде сондай заман болды. Менің қолымда тұрған ештеңе жоқ еді. Оның бәріне... (жоғарыны көрсетіп, қолымен ауызын жабады).

Шерлин. (тамағына көз-жасы тығылшып) ...Нейробиологиялық орталықтың адресін айта аласыз ба?

Жаңыл жылдам қағазға жазып береді. Шерлин қолына қағазды ала сала, сыртқа шығып бара жатады.

Жаңыл. (әлсіз дауыспен) Кешір алсаң, кеш мені, қызым!...Кешіріңдер мені, кешіріңдер...!

Шерлин артына қайрылмастан жүгіріп шығып кетеді.

Жаңыл орнынан әрең қозғалып, жылыту пешін іске қосып, төсегіне сүйретіліп жатыр, ауыр күрсініп жарықты өшіреді.

Соңы