Елімізде жол-көлік оқиғасы азаймай тұр. Сәт сайын күрежолдағы жүгенсіздік салдарынан талай тағдырдың талқандалып жатқаны жайында жайсыз хабар естіліп жатады. Бүгінде бұл мемлекеттік проблемаға айналып, Президент Жолдауында да көрініс тауып жүр.
Қара жолдағы қасірет
246
оқылды

Негізінен, елімізде жыл сайын жол-көлік апаттары салдарынан көп­те­ген оқыс оқиға болып жатады. Соның сал­дарынан бір отбасы асыраушысынан айы­рылса, енді бір жанұяның жалғызы ажал құшып, қара жамылып қалады. Өрім­дей балалардың өмірін жалмап жат­қан жайттар қаншама? 

Жан түршігерлік жағдайға алып ке­ле­тін жол апатының статистикалық мәлі­ме­тіне көз жүгіртсеңіз, тіпті сұмдық. Жыл ба­сынан бері жол апатынан еліміз бойын­ша 1 300-ден астам адам қаза болған. Ал 16 мыңнан астам адам түрлі дене жара­қа­ты­нан зардап шегіпті. Осы орайда елімізде ба­лаларға қатысты 3,5 мыңнан астам жол апа­ты тіркелгені мәлім болып отыр. Со­ның салдарынан 165 кәмелетке толмаған жа­сөспірім ажал құшып, түрлі деңгейде дене жарақатын алған балалар саны 4 мың­нан асып жығылады. 

Бұл тұрғыда Сыр өңіріндегі ахуал да алаң­датарлық күйде тұр. Атап айтқанда, биыл­ғы жылдың 9 айында өңірде жол-кө­лік оқиғаларынан қайтыс болғандар саны 15,6 пайызға төмендегенімен, жол апат­тары 39,1 пайызға артып, одан жарақат алған­дар 41,6 пайызға өскен. Соған орай қо­ғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бағытында бірқатар про­фи­­лактикалық жұмыс жүргізілген. Бұл мә­селе ведомствоаралық комиссия оты­ры­сында да қаралып, апаттың өсім алу се­бептері анықталып, оның алдын алу­дағы нақты іс-шаралары белгіленген. 

Бүгінде жол-көлік оқиғасының бо­лу себебі сан алуан. Қызылорда об­лысы Полиция департаментінің талдау де­регіне сәйкес, жол-көлік оқиғаларының өсуі­нің басты себебінің бірі – жол қоз­ға­лысына қатысушылардың жеке басының мә­дениетсіздігінен деп түсіндіреді. Бұған қоса, өңірдегі 2 категориялы 566 ша­қы­рым­дан тұратын «Қызылорда – Ақтөбе» тас­жолы кері әсерін тигізіп тұрғанын алға тартады. Бүгінде тәулігіне 9 мың автокөлік жүріп өтетін бұл автожол 2 категориялы бол­­­ғанымен, соңғы 5 жылда тіркелген кө­лік санының өсуі талапқа сай емес екені байқалып отыр. 

«Аймақта айтып келмейтін апаттың ал­дын алу бағытында 17 жедел про­фи­лак­ти­калық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жүр­гізушілермен жол қауіпсіздігін қатаң сақ­тау бағытында түсіндірме жұмыстары жүр­гізіліп, оны халық арасында кеңінен на­сихаттау шарасы жолға қойылды. Не­гізінен, Мемлекет басшысының Қазақ­стан халқына Жолдауында полиция жұ­мы­­сына сервистік тәсілдерді енгізу ар­қы­лы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету­дің тиім­ді жағдайларын құру міндет­те­ліп отыр. Бұл бірінші кезекте белгілі аумаққа жа­қын орналасқан учаскелік пункттерді, мобильді бекеттерді оңтайлы орналастыру жә­не цифрлық технологияларды қолдану­ды қамтиды. Соған орай, Қызылорда облысы Полиция департаментіне қарасты 7 аудандық полиция бөліміне бағдар­ла­ма­лық қамтамасыз ету және жабдықтар­дың ең аз пакетімен жедел басқару орта­лық­тарын құру үшін қаражат бөлінді. Бұл ба­ғыттағы жұмыстар алдағы уақытта тұ­рақты түрде жүргізілетін болады», – деп түсін­дірді Қызылорда облысы Полиция де­партаменті жергілікті Полиция бас­қар­масының бастығы Ердәулет Жаукеев. 

Облыстық Полиция департамен­ті­нің дерегіне сәйкес, жол апаты­ның алдын алу бағытында ауқымды жұ­мыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Атап айт­қанда, республикалық маңызы бар тас­жолға түн мезгілінде көлік жүргізу­ші­лердің назарын аудару мақсатында 6 дана жар­қылдауық маяк, 9 жерге «Әкетай асық­па!», «Құрметті жүргізуші! Жыл­дам­дықты шамадан тыс асырма» мәтінінде па­нолар, 7 жерге бейнекамералардың жә­не 10 дана қызметтік автокөліктер ма­кет­терінің муляждары орнатылса, 7 аудан тұ­сына 2 данадан жылдамдықты авто­матты түрде тіркейтін өлшегіш құрал­да­рын орнату жоспарланып отырғанын мә­лімдеді. 

Осы орайда департамент ұсынған циф­рларды сөйлетсек, есепті мерзімде өңір­де жол ережелерін бұзудың 163 мың 795 дерегі анықталған. Оның ішінде 72 мың­ға жуығы жол апатына тікелей әсер ете­тін өрескел құқықбұзушылықтар екен. Бұл тұрғыда автокөлікті мас күйінде бас­қару салдарынан 595, жылдамдықты ша­мадан тыс арттыруда 49 043, жаяу жүр­гін­шілерге жол бермеу фактісімен 27 15, қар­сы бағытқа шығуда 109, ұялы теле­фон­мен сөйлесуде 2 617, қауіпсіздік белдігін тақ­паған 11 761 дерек анықталған. Сол сияқ­ты жаяу жүргіншілер 6 145 жол ере­же­сін бұзыпты. 

«Негізінен, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында тиісті жұмыстар тұрақты түр­де жүргізіліп тұрады. Соның нәтижесінде жол қауіпсіздігі саласында 1 млрд 870 млн 982 мың теңге айыппұл салынып, оның 1 млрд 626 млн 891 мың теңгесі, яғни 87 пайызы өндірілді. Осы орайда айта кеткен абзал, кей жағдайда республикалық маңы­зы бар тасжолда жол-көлік оқиға­лары үй жануарларының салдарынан да бо­лып жатады. Нақты айтқанда, бұған дейін үй жануарларының қатысуымен 99 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 2 адам қаза болды. Бұған қоса, 14 адамның түрлі дене жарақатын алу фактілері тір­келді. Осындай қауіптің алдын алу мақ­са­тында үздіксіз жүргізілген жұмыстар нәтижесінде иесіз жайылып жүрген 929 үй жануары иелеріне ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзу­­шылық туралы кодексінің 408-ба­бы Ауыл шаруашылығы жануар­ларын жаю қағидаларын бұзу бойынша шара қол­да­нылды. Соған орай тұрғындар­ды үй жа­нуар­ларына абай болуға шақыра­мыз», – деп ойын толықтырды жергілікті Полиция басқармасының бастығы. 

Қорыта айтқанда, автожолдағы апат­тың шығу себебі көп жағдайда жол-көлік инфрақұрылымының талапқа сай бол­мауы­нан, интеллектуалдық жүйенің ен­гізілмеуінен болатыны жасырын емес. Бұ­ған қоса, кейбір көлік жүргізушілердің жауапсыздығы қайғылы жағдайға жиі соқ­тырып жатады. Сондықтан да темір тұл­пар тізгіндегендер тәртібін түзесе, қара жол­дағы қасірет те азаяр еді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы