Әуе билеті шарықтап тұр
Әуе билеті  шарықтап тұр
330
оқылды
Көпшілік елімізде әуеби­ле­тінің бағасы қымбат екенін айтып, шағымданып жатады. Оған негіз де бар. 2012-2018 жылдар аралығында Қазақ­станда әуебилетінің бағасы тоқтаусыз өсіп отырған. Ел аумағында орташа есеппен жылына 3 мың әуе рейсі жасалады. Оның үштен бірі сыртқы рейстерге тиесілі болса, қалғаны ішкі рейстер еншісінде. Соңғы жылдары ұшақпен сапар шегетін жо­лаушылар саны әлдеқайда артқан. Алайда әуе билетінің бағасы әлі де аспандап тұр.  

Бағаның қалыптасу жүйесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына Жолдауында елімізде әуебилетінің бағасы Еуропамен салыстырғанда 30 пайызға қымбат екенін тілге тиек етті. Осы тұста шетелдегі ме­ханизм үлгісі мен мемлекеті­міздегі бағаның қалыптасу үдерісін салыстырсақ. Жолаушылардың басым бөлігі әуебилетін онлайн рәсімдейді. Себебі онлайн билет сату сервис­тері қолайлы. Бірақ бұл сервисте де сағат сайын құбылып отыратын баға көңіл көншітпейді. Алайда сервисті кінәлаудың қажеті жоқ. Сайттағы билет құнының өзгеріп отыруы әуекомпаниясының баға саясатына тікелей байланысты. Компаниялар бағаны неге кө­теруге әуес? Компаниялар жалпы билет бағасының құнын екі бө­лікке жіктейді. Бір бөлігі – әуе­сапа­рының құны, яғни тариф болса, екінші бөлігі – компания­ның әуежайға төлейтін қаражаты мен жанармайына, жалпы шы­ғынына жұмсалады. Әуеком­па­ниялары әуежай қызметі үшін қанша қаржы төлейтіні қызықты болуы мүмкін. 2019 жылы қыр­күйек айында Алматы халық­аралық аэропор­ты­ның Тарифтік саясат және қар­жылық бақылау бөлімінің жетек­шісі Арнат Ахмет­жанов елімізде компаниялар әуе­жай қызметі үшін жалпы билет құнының 7 пайызына ғана шы­ғын­данатынын айтқан еді. Әуежай қызметі қаржылық қиын­дық тудырмаса, билет бағасының тұрақсыздығына не себеп? Ал FlyArystan компаниясының сату және маркетинг бөлімінің директоры Жанар Жайлауова билет бағасының құбылуына бас­қа да факторлар әсер ететінін жеткізді. – Онлайн билет сатылым жүйе­сінде әр минут маңызды. Сондықтан жолаушылар билетті ертерек рәсімдегені абзал. Ол үшін адамдар сапарын алдын ала жоспарлағаны жөн. Бір клиент біздің компанияның сайтынан билет қарап, 5 минуттан соң сол билетті қайта кіріп сатып алам де­генше, баға өзгеріп кетеді. Бұл уа­қытта билетті басқа жолаушы са­тып алып үлгереді. Тиісінше, ке­зек­ті билет қымбаттау болады, – дейді маман. Әуекомпанияларының баға саясаты уақытқа байланысты еке­нін осы тұста аңғардық. Бұл сая­сатты жолаушылар өз мүддесіне сапарын ерте жоспарлау арқылы ғана пайдалана алса керек.  

Бәсеке жоқ

Қазақстанда 59 әуекомпания­сы бар. Алайда олардың барлығы жолаушы тасымайды.Ішкі на­рықта 54 бағыт бойынша 8 отан­­дық компания ұшады. Соңғы 7 жылда транзитті жолаушылар ағыны 45 есеге өскен. Бірақ бұл деректердің барлығы әуебилет бағасындағы проблеманы жоя алмай тұр. Тіпті, Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі авиациядағы бас ауруы­на айналған мәселе осы екенін жа­сырмайды. Әуебилетінің қым­бат­шылығы жанармай бағасы мен жолаушылар санына байла­нысты екені түсінікті. – Мемлекет әуекомпаниялар үшін жағдай жасап отыр. Алайда бәсекелестік орта жоқ. Тек бәсеке болған жағдайда ғана билет құны төмендейді, – деді министрлік өкілдері.  

 Ұшақ жанармайы мәселе ме?

Энергетика министрлігі был­тыр Қазақстанда ұшақ жанар­майы­ның көлемі ұлғайып, бензин мен дизель өндірісі 10 пайызға артқанын жариялады. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылы 10 айда өн­дірілген 10,5 млн тонна жанар­май­дың 524,5 мың тоннасы ұшақ жанармайы екен. Ресей мен Қа­зақстан аумағында ұшақ жанар­майының тоннасы 616-672 дол­лар­дан сатылады. Энергетика министрлігі бұл бағаның тұрақты екенін және қандай да бір тап­шылық жоғын мәлімдеді. Яғни, әуекомпаниялар үшін билет бағасын көтеруге жанармай себеп болмауы тиіс.  

Билет тағы да қымбаттауы мүмкін

Көршілес Ресейде туропера­тор­лар қауымдастығы валюта бағамының өсуіне байланысты әуебилетінің қымбаттауы туралы ескерту жасады. Мәліметтерге қарасақ, Ресейде халықаралық рейс­­терге билеттер құны 10-12 па­йызға қымбаттауы мүмкін. Ылғи экономикалық факторлар бірдей әсер етіп отыратын көр­шілес елдегі жағдай Қазақстанда да қайталануы мүмкін деген қорқыныш жоқ емес. Қазақстанда әуебилеттерінің бағасын әуеком­паниялардың өздері тағайын­дайды. Ал Air Astana әуеком­паниясы жағдайға бай­ланысты сыртқы рейстерге билет бағасы қым­баттауы мүмкін екенін жасырмады. – Бәрі доллар бағамына байланысты. Егер америкалық валюта одан әрі көтеріле берсе, халықаралық рейстерге билет қымбаттайды. Ішкі рейстердің бағасы өзгермейді, – дейді компанияның баспасөз қызметі. Дегенмен SCAT әуе ком­па­ниясы бағаның өзгермейтінін айтып отыр.   Түйін:

2018 жылы Қазақстанда әуе­ком­­паниялары әуежай қыз­меті үшін төлейтін тариф бағасы күрт өсіп кеткенін айтып шағым­данды. Сол кезде British Airways, Air Baltic, Czech Airlines, «Победа» әуекомпа­ниялары Қазақстанға қатынайтын рейстерін тоқтатқан болатын. Ал би­лет бағасының мәселесі сөз бол­ғанда, әуеком­па­ниялары әртүрлі дәйек­терді кел­тіріп жатады. Біз мәсе­ле­нің бір тұсын бәсекелестік ортаның бол­мауынан көреміз. Әуебилет­тері турасында бір байқа­ға­нымыз – көп әуекомпаниялар мей­лінше жауап беруден қашқақ­тай­ды. Ал жолаушылар жағдайын күйттемек ісі уақыт тоспаса керек.

   width=Мадияр ТӨЛЕУ