Қазақстанның географиялық орналасуы транзиттік тасымал тұрғысынан тиімді. Еліміз аумағынан әуе қатынасы, теміржол мен автокөлік жолдары арқылы үлкен көлемде жүк керуені өтеді. Қытайдан Еуропаға, Орталық Азияға немесе кері бағытта жөнелтілетін тауар түрі көп. Соңғы жылдары сауда біртіндеп жанданып, жүк көлемі де көбейіп келе жатқан. Алайда әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы транзиттік әлеуетті уақытша шектейтін секілді.
Ақпан айының 18-і күні өткен Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанның транзиттік әлеуетін анықтайтын көрсеткіш туралы баяндаған болатын. Министрдің айтуынша, қазіргі сәтте Қытайдан Ресейге жылына 26 млрд доллардың тауары өтеді, ал Еуроодақ елдеріне жөнелтілетін жүктің құны 76 млрд доллар деп бағаланған. Айта кететін жайт, аталған екі бағыттағы жүк керуені де қазақ жерін басып өтеді. Яғни, өз территориямыздан өткен тауардан халықаралық талапқа орай транзит түсімін аламыз. Оның үстіне, 2025 жылға қарай ҚХР-дың саудасы Ресейге 77,6 млрд долларға, ЕО елдеріне 198 млрд долларға жетеді деп күтіліп отыр.
Әйтсе де, жоғарыдағы жаһандық жоспарға Қытайдағы короновирус індеті кедергі келтіруі мүмкін. ҚХР-да қазірдің өзінде өндіріс 8-10% төмендеген. Осыған байланысты сыртқа шығаратын тауар көлемі де азаюда.
Таяуда вице-премьер – қаржы министрі Әлихан Смаилов ақпан айында Қытайдан келетін импорт 11%-ға азайғанын мәлімдеді. Осыған орай, импорттық тауардан түсетін кедендік баж бен салық та 2,1 млрд теңгеге төмендеген. Мәселен, 2019 жылы ақпан айында ол қаржының көлемі 17 млрд теңгеге жетсе, биылғы ақпанда 15 млрд теңге болды.
Бұдан бөлек, қаңтар мен ақпанда ҚХР-дан келетін теміржол қатынасы 14%-ға, автотранспорт 24%-ға азайғаны айтылды. Өткен айда контейнер арқылы тасымал қысқарып, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 39%-ға төмендеді. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының төрағасы Сауат Мыңбаев баспасөз конференциясында бұл үлкен қаржы екенін айтты. Себебі компания контейнерлік транзиттен үлкен түсім түсіріп отырғаны белгілі. Коронавирус індетінің кеңінен таралып, көптеген елді шарпуы контейнер жеткізілімін әлі де азайта түсері анық. Осыған орай, ұлттық компания IPO-ны нарыққа шығаруды 2020 жылдан 2023 жылға ауыстырды. Өйткені нарыққа IPO шығару үшін кәсіпорынның қаржылық жағдайы тұрақты болуы керек. Бұл кез келген инвестор үшін маңызды.
Айта кетейік, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан территориясынан 664 мың контейнер жүк өтіпті. Бұл тұрғыда былтыр Қытай–Еуропа–Қытай бағытында қозғалыс 11%-ға артып, 347 мың контейнерді құраған. Ал тасылған жүк көлеміне келсек, өткен жылы Қазақстан арқылы 19,4 млн тонна тауар тасымалданыпты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, транзиттен 450 млрд теңге түскен. Жоғарыдағы 19,4 млн тонна жүктің 17 млн тоннасы теміржол көлігіне тиеліп жеткізілген. Теміржол арқылы тасымалданған тауардың 2,8%-ы Ресейге тиесілі болса, Қытайға – 13,8%, Еуропа одағына 7,1%-дан келеді.
Ал автокөлік жолдары арқылы Қазақстан жерінен өткен транзитті жүк көлемі 1,93 млн тонна. Негізінен, Қытайдан Еуропа Одағы елдеріне – 14 мың тонна, Орталық Азияға 779 мың тонна, Ресейге 61,7 мың тонна жүк жеткізілген.
Сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттерінен ЕО-қа – 106,5 мың тонна, Ресейге – 396 мың тонна, Қытайға 5,4 мың тонна жүк экспортталыпты.
Сол сияқты Ресейден Орталық Азияға 9,7 мың тонна, ЕО-дан Орталық Азия елдеріне – 567 мың тонна, Қытайға 2,7 мың тонна жүк өткен. Автокөлік арқылы электронды жабдықтар, өсімдік өнімдері мен тұтыну тауарлары, текстиль өнімдері тасылыпты.
Бұдан бөлек, 5 наурыздан бастап Қазақстан Ақтау мен Құрық портының қызметін тоқтатты. Себебі аталған порттар арқылы Иран мен Әзербайжанға жөнелтілетін жүк тасымалы көлемді. Еліміз Иранға металл илемдері мен ет және астық өнімдерін экспорттайды. Сауда келісімдеріне сай кері бағытта ирандық құрма жемісін, жаңғақ және пластмасса өнімдерін сатып аламыз. Екі елдің арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары 600-700 млн доллар деңгейінде келеді. Алайда бұл нарық та уақытша мерзімге шектеледі. Өйткені Иран коронавирус жұқтыру бойынша қауіпті санаттағы елдер тізімінде тұр.
Oxford Economics егер коронавирус жаһандық пандемияға айналса, 2020 жылы әлемдік ЖІӨ көлемі 1,1 трлн долларға төмендейді деп болжаған болатын. Сондықтан жалғыз Қазақстан ғана емес, әлемнің көптеген мемлекеті транзиттік түсім мен сауда-саттықта азғантай мерзімге болса да пайдадан қағылмақ.
Десек те, вирус белгілі бір тауар түрлерінің алыс-берісін шектегенімен, екіншісіне жол ашатыны анық. Мысалы, Қытай Қазақстаннан жұмыртқа сатып алуға көшуі мүмкін. Мұндай ақпаратты кеше Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Министрлік мәлімдегендей, егер көрші елден сұраныс түсер болса, 1 млрд дана жұмыртқа экспорттауға мүмкіндігіміз бар. Неге десеңіз, ҚХР-да коронавируспен қатар құс тұмауы да қатты жүріп жатыр. Сол себепті өз өнімі жеуге жарамсыз болып қалуда. Яғни, бір жарым миллиард халыққа тамақ қажет. Оның үстіне, Қытайдың жылдық тұтыну нарығы 400 млрд дана жұмыртқа екені белгілі. Бұл нарыққа шығу біздің жұмыртқа өндіруші кәсіпорындардың бірнеше жылдан бергі арманы болып келді. Бұл тұрғыда көршінің ішкі нарығының 1%-ын иелене алсақ та пайдаға қарық боламыз. Одан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігі Парсы шығанағы елдеріне де 500 млн дана жұмыртқа сатуға мүмкіндік барын жеткізді. Демек, пневмония індеті әлемдік нарықта біраз өзгерістерге жол ашатыны анық.