Былтырғы және биылғы шілдеде ақпарат құралдары жауапты шенеуніктерге сілтеп, бірін-бірі жоққа шығаратын екі жаңалықты таратты.
Орманшыға құрмет оңалмай тұр
698
оқылды

Біріншісі: «2023 жылы орманшылардың жалақысы 100% өсті» десе, екіншісінде: «2024 жылғы 1 шілдеден орман және табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлері жалақыға 100% үстеме алады» делінген. Шынында, орманшылар былтырдан бері еңбекақысына еш үстемеақы қосылмағанына шағымданады. Мұның себебі анықталды.

Миссиясы биік, тұрмысы төмен

Орманшы дегенде жасыл желекті ну орманды асық­пай аралап, алтыннан қымбат саф ауа­ны сіміре жұтып, терең тыныс­тап, түрлі жан-жануардың тірлік-тіршілігін тамашалап, бейғам жү­ре­тін адамдар елестеуі мүмкін. Шын мәнінде, бұл – жауапкерші­лігі зор, тауқыметі одан да көп кә­­сіп. Орманды сақтап қана қой­май, оны қалпына келтіру, биоа­луан­дықты өрістету, сөйтіп бола­шақ ұрпаққа таза ауа мен саламатты табиғи ортаны қалдыру – орман­шы­ның тарихи миссиясы. Бұл мис­сия үлкен күш-жігерді, шыдам­ды­лық пен қажыр-қайратты, ба­тыл­дық пен жанқиярлықты талап ете­ді. Осы кәсіп иелерінің арқа­сын­да орман тып-типыл жойыл­май, көркемдігімен көз қуантып, түрлі өнімімен елді асырап, эконо­ми­каны дамытуға үлес қосып ке­леді.

Экология және табиғи ре­сурс­тар министрлігі Ор­ман шаруашылығын дамыту бас­қармасының берген дерегінше, Қа­зақстанда бүгінде мемлекеттік ор­ман қорының (МОҚ) жалпы ау­мағы – 30,5 миллион гектар. Оның ішінде аталған министр­лік­тің қарауында 32 ведомстволық ба­ғынысты ұйым бар, оларға 7,4 мил­лион гектар МОҚ алаңы бекі­тіл­ген. Бұл – бүкіл қордың жалпы алаңының 24,4%-ы.

Сонда қалған орман кімнің қа­рауында? Облыс әкімдіктерінің қа­рауында орман шаруа­шы­лы­ғы­ның 122 мемлекеттік мекемесі бар, олар­ға 22,9 миллион гектар алаң не­месе МОҚ-тың 74,9%-ы бекі­тіл­ген. Сондай-ақ 0,2 млн гектар не­ме­се 0,7%-ы басқа ведомстволар ие­­­­лігінде.

Бірден айта кетелік, министр­лік­ке, әкімдікке не басқасына қа­ра­сын, бәрінде жұмыс істейтіндерді «ор­маншы» атайды. Олар заң бойын­ша орман қорын күзету, қор­ғау, ормандарды молықтыру және ор­ман өсіру, жануарлар дүниесін қор­ғау, басын көбейту және пай­да­лану саласындағы басқару, бақылау және қадағалау функцияларын орын­дайды.

Орманшылар бір жыл ішінде мемлекеттік қор аумағында 18 мың 754 рейд жүргізді. Нәтижесінде, заңсыз ағаш кесудің 239 дерегін анық­тады. Ағаш браконьерлері 6 мың 703,3 текше метр аумақтағы орманды жайпап үлгеріпті. Бұл рет­те олармен салыстырғанда ор­ман­шылардың көлікпен, қорға­ныш құралдарымен нашар жаб­дық­талғанын айта кеткен жөн. Ор­маншылар браконьерлердің жол талғамайтын жүрдек маши­на­лары, жүк көліктері мен ағаш ке­су­ге мамандандырылған озық тех­никасы, заманауи байланыс құ­рал­дары, тіпті әуеде самғап жү­ретін дрондарына дейін барын ай­тады. Олардың заңсыз тірлік­тері­нен мемлекетке бір жыл ішінде келген жалпы шығын 432 млн 701,3 мың теңгені құрады. 

Қабылданған шаралар нәти­же­сінде 71 заң бұзушыға 210,2 мил­лион теңге айыппұл салынды. Алай­да әзірше 9,4 млн теңгесі ғана өндірілді. Барлығы 68 әкімшілік хат­тама толтырылды. 190 материал құқық қорғау органдарына және 49 іс сотқа берілді. Құқық бұзушы­лар­дан 459,6 текше метр ағаш, 17 көлік және 43 қару-жарақ тәркіленді.

Орман шаруашылығы меке­ме­лерінде заңсыз ағаш кесу сал­дары­нан келген ең үлкен шығын Шы­ғыс Қазақстан (17,6 млн теңге бо­ла­тын 2 126,8 м3) және Қостанай (шығыны 26,2 млн теңге болатын көлемі 1 587,6 м3 орман оталған) облыстарында жол берілді. «Семей орманы» МОТР аумағындағы та­би­ғатты қорғау мекемелерінде шы­ғыны 33,3 млн теңге болатын 2 191,5 м3 көлемінде заңсыз ағаш ке­­су­дің 59 жағдайы анықталды. «Ертіс орманы» МОТР аумағында шы­ғыны 9,4 млн теңге болатын 459,4 м3 көлемінде 31 факті әш­ке­ре­­ленді.

Ұлттық статистика бюросы биылғы орман өрттері бойын­ша қорытындысын әлі шы­ғарған жоқ. Оның дерегінше, 2023 жылы орман өрттерінің соңғы 5 жыл­дағы ең көп саны тіркелді – 810 жағдай (одан көбі 2019 жылы – 628 жағдай болған). Экология министрлігінің мәліметінше, 2023 жыл қорытындысында Қазақстан бойынша жалпы ауданы 116 800,9 гек­тарды құрайтын орманда 810 өрт тіркелді. Мемлекетке кел­тіріл­ген жалпы залал 163,2 миллиард тең­гені құрады.

Осы ауыр ахуал орман шаруа­шы­­­лығы қызметкерлерінің жағ­дайын барынша жақсартып, олар­дың браконьерлермен және «тілсіз жаумен» күрес қабілетін күрт арт­тыру­ды талап етеді.

Орман үшін от кешті, не ұтты?

Qyzmet.kz порталында жария­лан­ған хабарландыруларға жүгін­сек, өткен аптадан бері Экология ми­нистрлігінің Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі ко­митетіне қарасты «Алматы мем­ле­кет­тік табиғи қорығы» орманшы (ор­ман қорғау жөніндегі мем­ле­кет­тік инспектор) іздеп жатыр. Ал­ма­ты облысының Талғар ауданында орна­лас­қан бұл мекеме үміткерден қазақ және орыс тілдерінде таза сөй­леуді, жауапкершілік, эколо­гия­лық ақыл-ой талап етеді. Ор­ман­ды күзету, қорғау, табиғи ке­шен­дерді қалпына келтіру іс-ша­­­­­­­­раларын жүргізу, орман өрт­тері­нің алдын алу сияқты жұмысы шаш етектен. Жұ­мыс толық күн еңбекпен қамтылу­ды қарастырады. Жалақысы – 100-150 мың теңге.

Абай облысының қияндағы Үр­жар ауылында орын тепкен «Тар­бағатай» мемлекеттік ұлттық та­биғи паркі де орманшыларды са­была іздеп жатыр. Ұйым үміт­керлерден міндетті түрде жоғары білімінің болуын талап етеді. Өзге та­лаптары өзге қорықтардыкіне ұқсас. Толық күн еңбек етеді. Тө­лей­тін айлық жалақысы – 100-160 мың теңге. 

Сонда былтырдан бері ақ­па­рат агенттіктері жыр қы­лып жатқан жалақының жоға­ры­лауы қайда? Белгілі болғандай, биыл­ғы жыл басында және жыл соңы­на қарай орманшылар Пар­ла­ментке хат жазып, еңбекақыға үс­темеақы қосылады дегеннің сөз­дің жалған болып шыққанына ша­ғым­даныпты. Соның негізінде жуыр­­да «AMANAT» партиясы фрак­­­­циясының депутаттары мәселе көтерді. 

– Семей орманында өрт болып, он­даған отандасымыз опат бол­ған­да Үкімет өкілдері «2023 жылдың 1 шіл­десінен бастап орманшы­лар­дың айлығы өседі» деп кесіп айт­қан еді. Бірақ айтылған сөз айтыл­ған жерде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құ­рам мен санаулы мамандық ие­сіне қосылғаны болмаса, орман үшін от кешкен мыңдаған маман түк­ке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді, – делінген Мәжіліс депутаттарының Үкіметке сауа­лын­да. 

Олардың айтуынша, Премьер Олжас Бектенов еліміздегі орман ша­руашылығы және табиғатты қор­ғау мекемелері қызметкер­лері­нің лауазымдық жалақыларына үстемеақы қосу туралы қаулыға тек бір жыл өткенде, 2024 жылдың 1 шіл­десінде ғана қол қойыпты. Ор­ман және табиғатты қорғау ұйым­­дары қызметкерлеріне еңбе­ка­қы тө­леу жүйесін, шарттары мен мөл­шерлерін жетілдіру мақсатында «Аза­маттық қызметшілерге, мем­ле­кеттік бюджет қаражаты есе­бі­нен қаржыландырылатын ұйым­дар­дың қызметкерлеріне еңбекақы тө­леу жүйесі туралы» Үкімет қау­лысына өзгерістер енгізілді. Алай­да жалақы сол бойы көбейтіл­ме­ген. 

Бюджет төрінде орманшыға орын жоқ

Парламентке БҚО, Қызыл­орда, Павлодар, Маңғыс­тау, Қостанай, Жетісу облыстары ор­маншыларынан шағым түсті. Өзге өңірдегісі осы кейіпте. Сал­да­рынан жұмысы ауыр, еңбекақысы төмен деп жастар орманшы болғы­сы келмейді. Орман бар, орын бос, жалақы кем, кадр тапшы.

Жоғарғы палатаға өз кезегінде ауыл шаруашылығы және жануар­лар дүниесі жұмысшыларының са­лалық кәсіподағы шағым­да­нып­ты. Ол уәде етілген жалақы көтеру­ді лайықты қамтамасыз етуді және қызметкерлерді әлеуметтік қолдау­ды күшейтуді сұрады. Онсыз еліміз алдымен орманшысыз, одан соң ормансыз қалады.

– 2023 жылғы 1 шілдеден мем­ле­кеттік орман мекемелері жұмыс­шы­ларының лауазымдық еңбека­қы­сы 100% артады деп сөз бердік. Уәде сол бойы орындалмады. Ор­ман қорғаушы мемлекеттік инс­пек­торлардың орташа айлық атау­лы жалақысы 165,1 мың теңге ғана. Бұл 2022 жылғыдан тек 16,2% көп, – деді сенатор Ольга Булавкина.

Оның айтуынша, жалақы­ның төмендігі және әлеу­меттік қолдаудың жоқтығы кесірі­нен жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері орман шаруа­шылығына жұмысқа тұруға қы­зықпайды. Салдарынан жыл өт­кен сайын салада білікті маман­дар саны кеміп барады. Үлкен тә­жірибе жинаған, жұмыс өтілі көп, ұзақ жыл қызметтік міндет­те­мелерін адал атқарған қызметкер­лер де саладан кетіп жатыр. Олар­дың орнын басатын, тәжірибесін қа­былдайтын жас мамандар  жоқ­тың қасы. 

Орманшылардың былтырдан уәде етілген үстемеақысы неге тө­лен­­беді? Премьер-Министрдің бі­­­рін­­­­ші орынбасары Роман Скляр­дің түсіндіруінше, 2023 жылғы 1 шіл­деден бастап мемлекеттік ор­ман күзеті қызметінің қызмет­кер­леріне лауазымдық жалақысына 100%-ға дейінгі мөлшерде қосым­ша ақы белгіленген болатын. Нә­ти­жесінде, орманды қорғау жөнін­дегі инспектордың орташа жа­ла­қысы 141 мыңнан 276,7 мың теңгеге дейін, орманшылық басшысының орташа жалақысы 181 мыңнан 357 мың теңгеге дейін, басшылық құрамның жалақысы 198 мыңнан 361 мың теңгеге дейін ұлғаюға тиіс еді.

– Осы қосымша төлемді төлеу үшін 2024 жылға 7,4 млрд теңге бө­лінді, сондай-ақ бюджетті тү­зету аясында биылғы жыл соңына дейін тағы 2,6 млрд теңге бөлу жос­­парланған-тын. Дегенмен ел­дегі су тасқыны жағдайына бай­ла­ныс­ты қосымша қаражат сол бойы бөлінбеді. Осыған байла­ныс­ты Экология және табиғи ре­сурс­тар министрлігі жергілікті әкім­діктермен бірлесіп, басқа ба­ғыттардың шығысын қайта бөлу және үнемдеу арқылы ол соманы жер­гілікті бюджеттер есебінен алу­ды пысықтады. Осылайша, биыл­ғы жыл соңына дейін орман ме­кемелерінің қызметкерлеріне көз­делген үстемеақылар толық кө­лемде төленеді, – деп кезекті уә­десін берді Р.Скляр.

Оның айтуынша, Ақтөбе, Ал­маты, Қостанай, Павлодар, Аты­рау, Маңғыстау, Солтүстік Қа­зақ­стан, Батыс Қазақстан, Жетісу, Ұлы­тау облыстарында қаржылан­дыру кешіктірілген. Оларға бюд­жет­ті қайта бөлу және үнемдеу есе­бінен жыл соңына дейін толық тө­леу тапсырылыпты. 

Бұл мәселеге қатысты Пре­мьер Олжас Бектенов те сенатор­лар­ға түсініктеме берді. Оның ай­­­туынша, жоғарыда аталған жұ­мыс­­керлердің, орман өрт сөндіру стан­саларының өртке қарсы қыз­ме­тінің барлық қызметкерінің, оның ішінде маусымдық қызмет­кер­лердің лауазымдық жалақысы­ның 100%-ына дейінгі мөлшерде қосымша ақы белгіленді. 

Бұдан бөлек, Экология жә­не табиғи ресурстар ми­нистр­лігі мен салалық кәсіподақ ара­сындағы салалық келісім ая­сын­да штатқа кіретін заңгерлер, эко­номистер, бухгалтерлер сияқ­ты қалған әкімшілік қызмет­ші­лер­­ге және штаттан тыс жұмыс­кер­лерге 70% үстемеақы көз­­­делген. Алай­да осы үстемеақының бәрі бюд­жет қаражатын үнемдеу және тауарларды өткізу есебінен төле­нуге тиіс. Республикалық бюджет­тен арнайы бөлінген қаражат жоқ. 

Мұндай жауапқа депутаттар жа­бықты, жұмыскерлердің ұн­жыр­ғасы түсті. Елдегі барлық ор­ман­шыны азды-кем жарылқау үшін қосымша 10 млрд теңге қа­жет екен, Үкіметтегілер ондай қар­жы республикалық бюджетте жоқ дейді. Сонымен бір мезгілде АЭС салу туралы референдумға рес­публикалық бюджеттен биыл 15,5 миллиард теңге бөлінгені жа­рия­ланды. Демек, қаласа, табар еді.

Премьердің дерегінше, осы ке­лісім шеңберінде Экология ми­нистрлігі 2023 жылы өз бюд­же­ті­нен мемлекеттік табиғат қорғау ұйым­дарының 4 636 қызметкеріне ша­мамен 1,1 миллиард теңге қо­сым­ша ақы төледі.

Қорыта айтқанда, Пре­зи­дент­тің тапсырмасымен, орман шаруа­шылығы қызметкерлеріне бір рет үстемеақы түбі қосылады. Бірақ со­ның өзінде олардың жалақысы төмен болып қала береді. Ендеше болашақта орман шаруашылығы жұмысшыларының жалақысы тағы арта ма? 

– Еңбек заңнамасының талап­та­рына сәйкес олардың жалақы­сын көтеруді мектеп, аурухана жә­­­­не басқасы сияқты барлық бюд­жеттік ұйым үшін кешенді түр­де қа­растырған жөн. Орман ме­ке­ме­лерінің әкімшілік қыз­мет­шілерінің жа­лақысын жеке көтеру қо­сымша пы­сықталатын болады, – деп қыс­қа қайырды О.Бектенов.

Ұлттық статбюро дерегінше, Қазақстанның бүкіл тер­ри­ториясының небәрі 11%-ы ор­манмен көмкерілген. Оның өзінде жар­тысына жуығын – 4,9%-ын сек­сеуіл тоғайлары құрайды. Осы аз қазынаны қызғыштай қору жүк­телген орманшылардың бүгін­гі ахуалы мәз емес. Оларға мем­ле­кеттің лайықты құрмет-қошемет көр­сете алмағаны өкінішті. 

Елдос СЕНБАЙ