Кейде аспан әлеміне зер сала отырып ойланасың. Бұ­рын­ғыдай заңғар көкте қанатын кере қалықтаған қыран бүр­кіттерді көрмек былай тұрсын, қазақ үшін қастерлі саналған қарлығашты да сирек кезіктіретін болдық. Торғай екеш торғайдың өзін көп көрмейміз. ­
Құстар үні сиреп барады
835
оқылды

Байқасаңыз, соңғы жылдары қор­шаған орта қанаттылардан кенде қалып барады. Сонымен бірге табиғат әлемінің тылсымы да тұңғиыққа батып бара жат­қан­дай әсер қалдырады. Олай дейтініміз – ер­теде бабаларымыз құс киелісін,  аңның  қасиетін жете танып,  жоғары бағалап отырған. Ырым-тиымдармен тығыз байланыс­тыр­ған.  Мәселен,  құс­тар­дың ұшуына,  қимыл-әрекетіне қа­рап,  ауа райына болжам жасайтын кө­некөз қарияларымыз аз болмады. Әрі бұл жорамалдары айна-қатесіз орын­дала­тын еді. 

Жалпы, дерекке сәйкес, бүгінде елімізде құстардың 18 отрядқа жа­та­тын 489 түрі мекендейтіні ай­тылады. Олар­дың әрқайсысы өмір сүру заңдылығына қарай топ-топқа бөлінеді. Атап айтқан­да, ашық дала,  батпақты аймақ, орман­ды алқап және су құстары тобына жат­қызылады. Бұған қоса, жыл құс­тары, жыртқыш құс және таулы-тасты мекен­дейтін болып бірнеше түр бойынша ата­лады. 

Мамандардың пікіріне сәйкес, Сыр бойында да қанаттылардың көптеген түрі кездеседі. Нақты айтқанда,  Қызылорда облысында құстардың 160-тан астам түрі ұялайды екен. Оның 50-ден астам түрі облыстан тыс аймақтардан ұшып келетін құстар санатына жат­қызылады. Әсіресе, қыс жылы бол­­ған жылдары ұя салуға ұшып келетін құстар саны артады.

«Негізінен, бүгінде Сыр өңірін­де қанаттылардың 19 түрі қыстай­тыны бел­гілі. Дейтұрғанмен, кейін­гі жылдары Сыр суының,  Арал айдынының тарты­луы, қуаң­шы­лық­қа соқтыруы, дария жағасын­дағы тоғайларды мекендейтін құс­тар­дың  сиреп кетуіне әкеп соқ­­ты­­рып отыр.  Себебі  су айдын­дарын мекендейтін құстардың басым көбі өзге өңірлердің көлшіктеріне орын ауыстыруға мәжбүр. Яғни,  бүгінде Сыр бойында ұялаған құстар­дың көпшілігі өздерінің өмір сүруіне қолайлы мекендерге көшіп жатыр. Тағы бір қырынан алып қарасақ,  құстардың қатарының сиреп бара жатқандығы адам қолымен жасала­тын қатігез­дікке де тікелей байла­нысты болады. Тұмса табиғатты то­нап, ауаны ластап, құстардың қауіп­сіздігіне нұқсан келтіріп жа­тыр­мыз. Соның салдарынан, қанат­тылар өздеріне жайлы мекен іздеп, өзге өңірлерге ұшып кетіп жатыр. Сондықтан құстарды қорғау әрбір аза­маттың басты парызы болуға тиіс», – дейді бұл жайында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда универ­ситеті Жара­тылыс­тану институты­ның аға оқы­тушысы, География ғылымдарының кандидаты,  гео­граф-эколог Ораз­хан Айдаров.

Жалпы, әлемдік дерекке сүйен­сек, жер бетінде құстардың 9 792 түрі мекен­дейтіні мәлім. Құстар Жер шарының барлық экожүйе­сінде Арктикадан Ан­тарктикаға дейін өмір сүреді. Құстарды зерт­тейтін орнитология ғылымы әр­дайым зерделеу жұмыстарын жүр­гізіп келеді.

Бұл тұрғыда Қазақстан аума­ғын­да 495 құс түрі мекендейтіні анықталған. Оның 388-і ұялайтын құстар болса, 138-і қыста да тір­шілік етуге бейім. Тағы бір қы­зық дерек, мамандардың пайым­дауын­ша,  Қазақстанға қыстау үшін 14 құс түрі ұшып келсе, республика аума­ғынан 47 құс түрі ұшып өтетіні белгілі болып отыр. 

Негізінен, құстар әдемілігімен табиғат әлеміне әсем көрік беріп қана қоймай, адамзатқа да пайдасы зор екені ғылыми тұрғыда дәлел­ден­ген.  Оның бірі адам өміріне қауіпті жәндіктермен қоректенсе,  екіншісі бау-бақшаларды зиянкес кемірушілерден тазартып оты­рады. Сондай-ақ  өсімдіктердің тез тара­луына да септігі зор екені анықтал­ған. Бір ғана мысал, тоғай жидесі­мен қорек­тенетін Қырғауыл ас­­­қа­­за­нын­­дағы қо­рытылмаған жиде дәндерін саңғырығы арқылы сыртқа шығарып тастайды екен. Осы арқылы әр жерге тоғай жи­десінің дәні түсіп, жаңа өскіндердің пай­да бо­луына сеп бола­ды. Бұ­ған қоса, кейбір құстар арам­шөп­тердің көбе­юіне тос­қауыл болса,  келе­сісі шыбын-шір­кей­лер мен жұқ­палы ауруларды тарататын жәндік­терді жоюға көмектеседі. 

Құстарды қолға үйретіп,  шаруа­­шылық мақсатта пайдалану­ды жолға қойған елдер де бар. Атап айтқанда, Жапо­нияның 13 ау­даны­­ның жергілікті тұрғындары және Қы­тай­дың бірқатар өңірлері балықты суқұзғын­дар­мен аулау ісін жолға қой­ған. Ол үшін құс­тар­дың тамағына ірі балықтарды жұтуға кедергі ретінде сақина салып қоя­тын көрінеді. Құстың жемсауы ба­­лыққа толғанын көрген балық­шы оны дереу мойын жібінен тар­тып шығарып алады екен. 

Сонымен қатар құстар әлемінде санитарлық немесе тазалықшы қызметін атқаратын қанаттылар да аз емес.  Бұл,  әсіресе  орман-тоғай құстарына тән қасиет. Бір сөзбен айтқанда, құстар әлемін зерттеуші «орнитолог» мамандар осындай мәлімдеме  жасап отыр. 

«Қай кезде де құс шаруашылығы халық шаруашылығының маңызды салаларының бірі саналады. Ежел­ден адамзат құстан қажетті азық өнімдерін өндіріп қана қоймай,   қауырсындарын түрлі тұрмыстық бұйымдар мақсатында пайда­ланады. Алайда табиғи толқулар мен дүмпулердің салдарынан көптеген құс мөлшері жойылу ал­дында тұр.  Осы орайда айта кеткен абзал, тек VII ғасыр­дан бері жер бетінде 86 құс түрі жойылып кеткен екен. Қазірдің өзінде 1 200-ге жуық құс түріне əртүрлі деңгейде қауіп төніп тұр, Мұндай қанаттылар ұлт­тық  және халықаралық заңнама­лармен  қор­ғалады. Жалпы, таби­ғат­тың бір бөлшегі саналатын құс­­тар әлеміне қамқорлық қажет»,  – дейді географ-эколог. 

Мамандардың пікірінше, кейінгі жылдары көптеген өңірде құстардың жаппай қырылуы жиі көрініс тауып келеді. Мұны зиянкес жәндіктермен және кеміргіштермен күрес жүргізу мақсатында әртүрлі улы қоспаларды пайдаланудан, гербицидтерді қолдану аясын кеңейту салдарынан, көл, теңіз­дер­­дің мұнай қалдықтарымен лас­тануынан деп түсіндіреді. 

Сондықтан да мамандар таби­ғат әлемін аялап, құстарға қамқор­лықпен қарайтын сәт келгенін ескертіп отыр. Әсіресе, сирек кез­де­сетін құстарға қам­қор­лық аясын кеңейту қажет деп есеп­тейді. 

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ