Қазақстан ел тарихында бұрын-соңды болмаған үнемге қол жеткізбек. Сарапшылардың байламынша, ол сома тіпті жарты триллион теңгеге жетуі ықтимал. Президент қойған міндетке сәйкес бұған дейін мемлекеттің және квазисектордың еш қиындықсыз кейінге қалдыруға болатын шығыстарын ғана қысқарту көзделген. Енді жыл ортасына дейінгі ірі жиындардан тегіс бас тартылмақ.
Үнемге бастаған үш алғышарт
Теңдессіз үнемге үш фактор ықпал етті. Біріншіден, 2020 жылғы 24 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық министрліктің, әкімдіктің, ұлттық компания мен холдингтің басымдықты емес шығыстарына мораторий жариялап, оларды қысқартуды тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін Үкіметтің қаржыгерлері мен экономистері талдау мен есеп-қисапқа кірісті. Қаржы министрлігі әр меморган мен әкімнен нендей өнімсіз шығысын қысқартатынын ашып айтуды сұрап, ақпарат алғызды.
Нәтижесінде, жалпы сомасы 128,6 млрд теңге тұратын шығыстар жойылды. Соның ішінде мемлекеттік органдардан – 23 миллиард теңге, өңірлерден – 26,6 миллиард теңге және квазимемлекеттік сектор компанияларынан 79 миллиард теңге. Тарата айтсақ, көптеген семинар, конференция өтпейтін болды. Ведомстволар мен аймақ басшылары жаңа автокөліктер мен жиһаздар сатып алу ойынан айныды. Осы екі бағыттан 4,2 млрд теңге үнемделді. 15,7 миллиард теңгені қажет еткен әртүрлі елдерге іссапарлар, әкімшілік және өкілдік шығыстар, талдамалық зерттеу жобалары жойылды. 29,7 млрд теңге тұратын «өзге де өнімді емес шығыстар» анықталып, оларға тоқтау салынды. Сонымен қатар субсидиялар, мемлекеттік және квазимемлекеттік инвестициялар да оңтайландырылыпты.
Мұның сыртында Үкімет республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге 36,9 миллиард теңге қаражат аудармай қойды. Оны ауыл-аймақ әкімдері өз беттерінше табуы қажет.
Екінші фактор – Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ және басқа елдер арасында басталған «мұнай нарығындағы соғыс». Соның салдарынан 9 наурызда «қара алтын» құны әр баррель-бөшкесі үшін 52-ден 35 долларға дейін құлдырағаны мәлім. Бұл Қазақстанның ұлттық валютасының күрт құнсыздануына әкеліп соқты. Шикізат нарығындағы ахуал одан әрі нашарлауда: 12 наурызда жаһандық биржаларда мұнай бағасы 33,6 долларға дейін төмендеді.
Осы орайда дүйсенбі күні еліміздегі экономикалық ахуал жөнінде кеңес өткізген Қ.Тоқаев Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын әзірлеу туралы тапсырма жүктеді. Ел Президенті бюджет шығындарын қысқарту, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру шараларын қабылдауға міндеттеді. Тиісінше, Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет шығыстарын азайтуға жаңа ұсыныстар енгізеді.
Үшінші фактор: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирустың пандемияға айналғанын жариялады. Яғни, бұл Қытай індеті бүкіл әлемді шарпыды деген сөз. Осыған орай кеше Мемлекет басшысы Ақордада бірқатар меморган басшысымен кеңес өткізді. Қ.Тоқаев Үкіметке вирустың елімізге енуіне және таралуына жол бермеудің қатаң шараларын қабылдау жөнінде нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, көп адам қатысатын мәдени және спорттық шаралар, халықаралық конференциялар, көрмелер өткізуге тыйым салынды.
Жаңа індет соған душар болған 114 елдің бірінен келуі мүмкін. Ал биылға шетелдік сарапшылардың, туристердің, мәртебелі меймандар мен делегациялардың қатысуымен ірі халықаралық шаралар жоспарланған.
ДСҰ ескертуге құлақ қоя ма?
Ең қымбат әрі аса ауқымды шара – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер министрлерінің конференциясы. 2,5 млрд теңге тұратын қымбат саммитке депутаттар, қоғам қайраткерлері, сарапшылар қарсы шықты. Олар мұндай құрылтайдан елге келер пайда жоғын дәлелдеп бақты. Бірақ Үкімет бұл ниетінен бас тартпады. Тек қаржы үнемдеу үшін шығыны көп екі халықаралық шараны – ДСҰ министрлік конференциясы мен Астана экономикалық форумын бірге өткізу ұйғарылды.
Сауда және интеграция министрлігі биылғы 2 наурызда «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңын іске асыру туралы» Үкіметтің 2019 жылғы 6 желтоқсандағы №908 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Үкіметтің жаңа қаулысы жобасын жария етті. Құжатта жобаны іске асыру енді 2 миллиард 850 миллион теңге сомасында «қаржылық шығындарды талап ететіні» айтылған.
«12-МК – ДСҰ-ның Еуразиялық аймақтағы тұңғыш министрлік конференциясы болады. Мұндай іс-шараны Нұр-Сұлтан қаласында өткізу Қазақстанның Орталық Азия көшбасшысы ретіндегі тұғырын нығайтады. Ол халықаралық сауда ережелерін түзуге біздің мемлекеттің қосқан үлесіне айналады және бүкіләлемдік қоғамдастықтың назарын елімізге аударады», – деді құжатқа түсіндірмесінде Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов.
Оның дерегінше, 12-МК форумына бірқатар мемлекет басшысы, ДСҰ-ның 164 елінің сауда министрлері және 20 бақылаушы ұйым өкілі қатысады. Ал қатысушылардың жалпы саны 5 мың адамнан асады. Алайда еліміздің басты экспорттық тауары – мұнай бағасының күрт құлдырауы және коронавирустың эпидемиядан пандемияға көшуі Үкіметті бұл райынан қайтарғанға ұқсайды.
Кеше Үкімет басшысының бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстанның ДСҰ министрлік конференциясын ұйымдастырудан бас тартқанын мәлім етті. Іс-шара 8-11 маусымға жоспарланған болатын. Ә.Смайылов Сovid-19 жағдайының әлемде ушығуына байланысты осындай шешім қабылданғанын жеткізді.
Әйтсе де, министр Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ақырғы шешімді жаһандық ұйым қабылдайды. Министр осы халықаралық іс-шараны Нұр-Сұлтанда өткізу бастамасын 2018 жылы Бас кеңес отырысында ДСҰ-ға кіретін мемлекеттер бірауыздан құптағанын еске салды.
«Жаһандық форум өткізілетін орынды немесе уақытын өзгерту мәселесі бойынша шешімді тек ДСҰ Бас кеңесі ғана қабылдай алады. Коронавирустың таралуына байланысты қауіп тууда. Оның үстіне, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да ресми мәлімдеме жасады. Сондықтан біз Қазақстанның Женевадағы Тұрақты өкілдігіне тапсырма жүктедік. Өкілдік ДСҰ Хатшылығымен және мүшелерімен келіссөздер өткізуі тиіс. Кеңесулер нәтижесінде 12-МК мәселесі бойынша ДСҰ Бас кеңесінің кезектен тыс отырысын шақыру туралы шешім қабылданады деп үміттенеміз», – деді Сауда және интеграция министрі
Б.Сұлтанов.
Биылғы екінші ауқымды шара – Шымкенттегі ТМД мәдени астанасы жылының ашылу салтанаты да өтпейтін болды: «20 наурызға жоспарланған бұл ірі шара өтпейді, дайындық тоқтатылды», – деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Әйтпесе, оның тек концерттік бағдарламасының өзі қазақстандық 800 және ТМД елдерінен келген 200 өнерпаздың қойылымынан тұратын еді. Осы арқылы қаланың мәдени бірегей бет-бейнесін паш етіп, оның терең тарихын және кемел келешегін жан-жақты көрсету көзделді. Осы тамашаны қызықтауға еліміздің әр өңірінен және шетелден жалпы саны 18 мыңнан астам көрермен, турист және ресми мәртебелі меймандар келеді деп күтілді.
Сонымен қатар Шымкенттің 2 200 жылдығына арналған салтанатты шара; ТМД – Жібек жолы елдерінің дәстүрлі және заманауи қолданбалы өнер шеберлерінің көрмелері; ТМД суретшілерінің фотокөрмелері мен плэнерлері; театр, опера, анимациялық фильмдер фестивалі; халықаралық ақындар айтысы; «Еуразия жаны» эстрадалық ән орындаушыларының І халықаралық фестивалі; Шымкенттегі әл-Фарабидің 1 150 жылдығына, Абайдың 175 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтпейтіні хабарланды.
Осы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын, Конституцияның 25 жылдығын жоғары деңгейде және кең көлемде мерекелеу қарастырылған. Ол да жайына қалатынға ұқсайды.
Айхан ШӘРІП