Бір кездері Индер ауданын бүкіл Кеңес Одағына танымал еткен не екенін білесіз бе? Үлкендер білсе де, жастар жағы борат кен өндірісінің Индерде ғана өндірілгенінен хабарсыз болуы мүмкін.
Өзгеше өндірісті өркендетсек
175
оқылды

Иә, әлем бойынша өте сирек кездесетін борат кен орны Қазақстан бо­йынша Индерде ғана бар. Бірақ өткен ғасырдың 70-жылдары дүркіреп тұрған кен орны қазір қаңырап иесіз жатыр. Географиядан хабары барлар жақсы біледі, борат негізінен АҚШ, Ресей, Түркия, Аргентина, Қытайда және Қа­зақстанның Атырау облысы Индер ауданы жерінде ғана бар.

Борат өндірісі Индерде 1930 жылдары басталған. Кеңес Одағы борат өндірісін негізінен әскери, құрылыс мақсатында қолданған екен. Ардагер кенші Тасболат Маханов кезінде борат өндірісі ауқымды деңгейде болғанын, тіпті әлемнің түкпір-түкпірінен жұмысшылар келгенін айтады.

«Жұмысшылардың арасында молдовандар, гректер, украиндер, армяндар, болгарлар да болды. Бәріміз бір үйдің адамындай бірлесіп, жұмыс атқаратынбыз. Бір кездері Индердің атын бүкіл Кеңес Одағына танымал еткен борат кені 100 метр тереңдіктен өндірілген екен. Сол кезде 8 карьер, 1 шахта жұмыс істеген болатын. Тарих беттерінде тіршілік қайнаған борат кен орнының әлі күнге дейін қараусыз жатқаны қын­­жыл­тады», – дейді ардагер кенші Тасболат Маханов.

Жалпы, Индердегі теңдессіз байлық қайта игеріле ме? Тәуелсіздікке дейін-ақ өзін мойындатқан кен орнын тәуелсіз елімізде қайта түлетуге не кедергі? Атырау облысы әкімдігіне осы сауалды қойғанымызда, борат кен орнын игеруге қатысты күрделі сұрақтар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құзырында екенін хабарлады.

«Дегенмен Атырау облысы әкімдігі табиғи қазба байлыққа толы Индер ауданының жер қойнауын кеңінен игеруге ниетті. Қазіргі уақытта «ИндерГипс» ЖШС «Құрғақ құрылыс қоспаларының өндіру желісін модернизациялау» жобасын жүзеге асыруда. Жалпы құны 67 млрд теңгеге бағаланған зауыт бүгінде толық қуатқа шығу үшін жұмыстар жүргізуде. Бұл жобаға шетелдік «Волма» кәсіпорны инвестор болып отыр», – делінген Атырау облысы әкімдігінің баспасөз-қызметінің жауабында.

Жақында борат кен өндірісіне қатысты Астанадан қуанышты жаңалық жетті. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары Қанат Ерубаев жақын арада Индерде борат кен орнын қайта игеруге қатысты жұмыстар басталатынын хабарлады. «2021 жылы отандық компаниямен борат өндірісін қайта қолға алу туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта компания дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жаңа өндіріс іске қосылған жағдайда елімізде химия өндірісі дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады», – деді Қанат Ерубаев. 

Жоғарыда борат кенінің әлемде өте сирек кездесетін қазба байлық екенін айттық, әлемде боратты табыс көзіне айналдырып, экономиканың қозғаушы күші ретінде қолданып отырған елдер бар. Соның бір мысалы – Америка. Америкада борат кенін өндіру негізінен Калифорния штатының бірнеше аймағында жүргізіліп жатыр. Алып кен орындарын игеру арқылы АҚШ бүгінде әлемдегі ең ірі борат өндірушілерінің біріне айналды. Азуын айға білеген Америка борат кенін химиялық өнеркәсіпте, құрылыс материалдарын өндіруде, әйнек және металлургия салаларында қолданып отыр. 

АҚШ-тың борат өндірісі әлемдік нарыққа үлкен әсер етеді, өйткені бұл минерал әлемдегі басқа елдерге қарағанда кеңінен пайдаланылады. Бораттың стратегиялық маңызы да артып келеді, өйткені борат әртүрлі жоғары технологиялық өнімдер үшін маңызды шикізат болып отыр.

Жас химик ғалым Әсел Оңдашованың айтуынша, Индердегі борат кенін өндірудің бірнеше артықшылығы бар. «Біріншіден, борат кенін өндірудің экономикалық тиімділігі жоғары. Себебі Индерде аталған табиғи байлықтың мол қоры бар. Бұл фактор кен өндіру шығындарын төмендетіп, ресурстың ұзақ мерзімді пайдаланылуына мүмкіндік береді.

Екіншіден, борат өндірісі арқылы халықаралық нарыққа шығудың тағы бір жолы ашылады. Борат тұздары, әсіресе бор тыңайтқыштары мен химиялық өнімдер түрінде әлемдік нарықта сұранысқа ие. Қазақстанның борат кендерін өндіру экспортқа бағытталған және бұл еліміздің экономикалық дамуына үлес қосады. Үшіншіден, әлеуметтік оң тұстары да бар. 

Жаңа өндіріс орнының құрылуы, сәйкесінше, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Борат кенін өндіру өнеркәсіптік секторда көптеген жаңа жұмыс орындарын ашады. Бұл жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік жағдайының жақсаруына көмектеседі», – дейді химик ғалым Әсел Оңдашова. 

Химик ғалымның айтуынша, борат – химиялық өндірістерге қажетті шикізат. «Бораттың көптеген химиялық қасиеті оны әртүрлі өндіріс салаларында қолдануға мүмкіндік береді. Мысалы, бор қышқылы химия өнеркәсібінде, металлургияда және шыны өндірісінде маңызды шикізат болып табылады. Сондай-ақ борат минералдары жоғары температурада балқитын материалдар ретінде қолданылады. Борат кендері металлургияда жоғары сапалы легирленген қорытпаларды жасау үшін, сондай-ақ құрылыс материалдары өндірісінде пай­да­ланылады», – дейді ғалым.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаевтың айтуынша, борат өндірісінің агросекторға да пайдасы бар. 

«Борат минералдары ауыл шаруа­шылығында әсіресе бор тыңайтқыштары ретінде кеңінен пайдаланылады. Олар топырақтың құрамын жақсартып, өсімдіктердің өсуіне оң әсер етеді. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Атырау сияқты құрғақшылық жайлаған әрі жайылым жері аз немесе бар болғанның өзінде құнарсыз болып отырған өңірге борат өндірісінің пайдасы мол болмақ», – дейді ғалым. 

Қалай десек те, табиғи байлыққа толы Индер ауданы – логистикалық тұр­ғыдан тиімді өңір. Индер Атырау облысына жақын орналасқандықтан, көлік жолдарының қатынасында мәселе жоқ. Сондықтан борат өндірісі неғұрлым тез қолға алынса, соғұрлым жергілікті тұр­ғындарға, жалпы ел экономикасына тиімді өзгерістер көп болмақ.

Баян  ЖАНҰЗАҚ,

Атырау  облысы