«Болашақ» бағдарламасы қатаң сынға қалды. Сенаторлардың пікірінше, жоба кей жағдайда эмиграция құралына және білім туризміне айналып кетті.
Басынан бұлт арылса «Болашақтың»...
366
оқылды

Түлектерінің үлкен бір бөлігі шетелде қалады. Ғылым министрлігі олардың Отанға оралмауына заңды мүмкіндік беретін реформаны бастады.

39 түлек дүние салды

Үкіметтің ресми дерегінше, 1993 жыл­ғы Президент Жар­лығы­мен та­ғайын­далған «Болашақ» халықаралық стипендиясы ая­сын­да жалпы саны 12 643 маман шетелдегі оқуын аяқтады. Бү­гін­де олар елде мемлекеттік қызмет, бі­лім және ғылым, медицина, био­хи­мия, өндіріс және ин­же­нерия сияқты әртүрлі саланы да­мытуға үлес қосып жатыр.

30 жылдан астам уақыт ішінде бағ­дарлама тоқтаусыз ре­фор­ма­ланып, же­тілдірілді, еңбек нарығының та­лап­­та­рына, мем­ле­кет­тің сұранысына сай деп көптеген өзгеріске ұшы­рады. Оның бә­рін термелесе, тұтас томдар шығады. Бас­тысы ол емес, маңыз­дысы – сол реформалардан мем­ле­кет­ке пайда, елге қайтарым, экономикаға қайыр бар ма? 

Үкімет басым мамандықтар тізімін жыл сайын өзекті­лен­діретін. Ен­ді ол ті­зім жойылып, орнын басым бағыттар бас­­ты. Мемлекет бас­шысының тап­сыр­масына сәйкес, «Бо­ла­шақ» бағ­дар­ламасының не­гізгі, басым бағыттары ре­тінде инженерлік, техникалық және ме­­дициналық ма­мандықтар ай­қын­далды. Яғни, бағыт дұрыс, оған жету тиім­ділігі қандай? Сарапшылар елде бас­қа түгіл бүкіл ба­сым салада маман тап­шылығы күшеймесе, жойыл­ма­ға­нын ай­тады. 

«Болашақтықтардың» үлкен бөлігі орыс тілінен басқасы оң жамбасына келмейтіндіктен, Ресей мен Беларусь ЖОО-ларын таңдап келген. Халықаралық санкциялардан кері кеткен әрі Болон процесін тәрк еткен бұл елдер заманауи білікті маман әзірлейді дегенге сену қиын. Сондықтан Үкімет шетелдік ЖОО-ларға, сондай-ақ үміткерлердің ағылшын тілін білу деңгейіне қойылатын талаптарды күшейтуге кірісті.

Мысалы, «болашақтықтарға» бұдан былай АҚШ пен Ұлыбритания ЖОО-­ла­ры арасынан тек жаһандық ТОР-10 тізі­міне кіретінін таңдауға рұқсат. Қалған ел, соның ішінде ТМД бойынша оның жо­ғары оқу орнының QS WUR, THE және басқа әлемдік үздік университеттер рейтингінің екеуінің (by subject) ТОР-20-сына қатар кіруі талап етіледі. Ресейлік оқу орындары «жиырмалыққа» енбек түгіл шетелдік рейтингтерден аласталып жатыр. Ендеше оларға «Болашақ» бағдарламасы қаражатын шығындау да табиғи түрде тоқтауы мүмкін. 

Қазір «Болашақ» аясында жалпы саны 16 024 адамға стипендия тағайындалыпты. Жоғарыда айтылғандай, 12 643 түлегі жатжұрттағы оқуын тәмамдады. Тағы 1 166 адам оқуын жалғастырып жатыр. Басқасы қайда? Бір қызығы, 1 060 адам осы президенттік стипендияны иеленіп тұрып, одан өз еркімен бас тартыпты. Өйткені, мысалы стипендияны алу үшін құны жоғары жылжымайтын мүлік сияқты кепілзат ұсыну керек. Осы бас тартқандар арасында 57 «болашақтық» оқуын бастап қойды және оқыған кезеңдегі мемлекет шығынын өтеуі қажет, бірақ өтемей, 57-сі де «борышкер» қамытын тағып жүр. 

Мұның сыртында 922 адам шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссия шешімімен стипендиясынан айырылды. Оның ішінде 347-сі мемлекетке қарыз. 200-дей адаммен арада стипендия тағайындау келісімін бекіту рәсімдері жалғасқан. «Болашақтың» 39 стипендиаты қайтыс болған. 

Еңбекпен өтеу жаза ма?

«Болашақ» бағдарламасы айналасындағы дау-жанжалдың біразы «оқуын кейіннен еңбекпен өтеумен» байланысты. Ресми деректердің өзі қатпар-қатпар былықтың қордаланғанынан хабар береді. Үкіметтің мәліметінше, бүгінде оқуын түгескен 12 643 түлектің 9 648-і ғана өзін даярлауға бюджеттен жұмсалған қыруар шығынды 3-5 жылғы еңбегімен өтеп болған. Тағы 2 894 түлектің еңбекпен өтеуі мониторингке алынды. 101 «болашақтық» өтеуін кейінге қалдыруға қол жеткізді. 

Үкімет Бас прокуратурамен бірле­сіп, 1 мыңнан астам «болашақтықтың» еңбекпен өтеуден жалтару фактісін тек­серіп жатыр. Соның барысында 532 тұлғаға қатысты ресми хабарлама бағытталған. Жұмыс орнынан берілген 1 305 «болашақтықтың» анықтамасы қайта тексерілген. 

2023 жылы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» (ХБО) жүргізген осын­дай тексерістердің қорытындысында шетелде кадр даярлау жөніндегі респуб­ликалық комиссия еңбекпен өтеу талаптарын бұзғаны үшін тағы 37 түлекті бұрын алған стипендиясынан айырды. Олардан 1 миллиардқа жуық (941,5 миллион теңге) қаражат өндіріп алынуға тиіс. 

Жақында бұрынғы басшылар тұсында жүзеге асырылған тағы бір заңсыз схема әшкереленді. Мысалы, ел шығынын ең­бегімен өтегісі келмейтін, шетелде қа­ла­тын «болашақтық» кепілзатын – өзінің не ата-анасының баспанасын ке­піл-бұғаттан босатып алып, тайып тұрады да, мемлекетті тақырға отырғызады. 

Тек кейінгі тексерістер нәтижесінде «Болашақ» стипендиатының міндеттемесін орындамағанына қарамастан, оның жылжымайтын мүлкінен ауыртпалықты заңсыз алып тастаудың 4 фактісі анықталды. Оның екеуі бойынша жалпы сомасы 72,5 миллион теңге қарызды мәжбүрлеп өндіртіп алу туралы сот шешімі шықты. Қалған екеуі бойынша дауды сотқа дейінгі реттеу рәсімі жүргізілуде екен. Осы екі стипендиат өздерін оқытуға бюджет шы­ғындаған жалпы құны 68,9 миллион теңге қаражатты өз еркімен қайтаруға тиіс.

Сондай-ақ «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының бұрынғы басшысының (аты-жөні жарияланбады) үс­тінен қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды. 

Тұтастай алғанда, комиссия шешімі­мен президенттік стипендиядан айырылған 344 және одан өз еркімен бас тартқан 60 «болашақтықтың» мемлекет алдындағы қарызы 6,6 миллиард теңгеден асты. Оның ішінде 2023 жылы бюджетке 1,7 миллиарды ғана өндірілді. 2024 жыл қорытындысында тағы 1,4 миллиард теңгесі қайтарылады деп күтіледі. 

Сенатор Андрей Лукиннің айтуынша, «Болашақ» шығын әкелетін бағдарламаға айналды. ХБО-ның қызметі де шығынды. 

– ХБО бос қаражатты банктердің депозиттеріне салып, тәуекелді мәмілелер жасасқан. Мысалы, 2018 жылы Астана банкі мен Qazaq Bank дефолт болғанда, бағдарламаға бюджеттен бөлінген 1 мил­лиард теңгеден астам қаржы жоғалып кетті. Орталықтың шетелдегі өкілдіктерінің жұмысы да тиімсіз. Оларға кететін бюджет шығыстары орынсыз, өзін-өзі ақтамайды. Бұған бюджеттен 400 миллионға жуық теңге жұмсалды. Мұның бәрі «Болашақтың» оқу бағыттарының өз мақсатына жетпейтінін куәландырады. Түлектері ал­ған мамандығымен жұмыс істемейді, бағдарлама кей жағдайда шетелге эмиг­рациялану құралына, білім туризміне айналды, – дейді сенатор Андрей Лукин. 

Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің түсіндіруінше, Qazaq Bank АҚ-ының ХБО алдындағы қарызы толық өтелді. «Астана банкі» АҚ-ға салынған қаржысы қайтпаған. Бұл банктен қаржысын қайтарғысы келетін санаттардың (жеке, заңды тұлғалар, салықшылар, мемлекеттік органдар, өнім берушілер және басқасы) арасында ХБО тек 6-шы қатардағы кезекке енгізіліпті. Демек, оған ештеңе тимеуі мүмкін. 

Орталықтың пайдасы шамалы, тек делдал, кеңес беруші қызметін атқарған шетелдегі өкілдіктеріне оңтайландыру жүргізілді. Нәтижесінде, шетелде тек 1 өкілдігі қалды, ол  АҚШ-та. Себебі сонда қазіргі стипендиаттардың 50%-дан астамы оқып жатыр.

Қайтпай қалған түлектер оралмайды

Шетелден оралмаған «болашақтық­тардың» көбеюі халықтың да, халық қа­­­лау­лы­ларының да қанын қайнатып, ыза­­сын келтірді. Парламент депутаттары Үкі­мет­ке «Болашақ» бағдарламасын тоқ­та­туды талап етіп, сауал жолдады. Оқы­ғы­сы келген адам өз есебінен оқысын дейді олар.

Кезінде өзі де Халықаралық бағдарламалар орталығын (2010-2013) басқарған, қазіргі Ғылым және жоғары білім минис­трі Саясат Нұрбек басқа жолды ұсынды. Оның ведомствосы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» Үкіметтің 2008 жылғы 11 маусымдағы №573 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» жаңа қаулы жобасын әзірледі. 

Бұл құжат елге қайтқысы келмейтін «болашақтықтарға» шетелде қала беруге рұқсат етпек. Тек бір шарт бар: ол еңбекпен өтеу мерзімін Қазақстан мүше шетелдік ұйымның бірінде қызмет етіп өткізуі керек.  

Қазіргі қағидалар бойынша түлектер міндетті түрде Қазақстанға оралып, Астанада, республикалық маңыздағы қалада – кемінде 5 жыл, басқа өңірлерде, соның ішінде облыс орталықтарында – 3 жыл еңбек етуге міндетті. Министрлік бұл талапты өзгертуге кірісті. Үкімет қаулысы жобасына сәйкес, «болашақтықтарға» білім алуына қаржы шығындаған Отанына келіп, еңбек сіңірмей-ақ шетелде қалып, жұмыс істеуіне мүмкіндік ұсынылады.

– Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі артқан сайын ел түрлі көпжақты бастамалар мен ұйымдарға белсенді қатысып келеді. Қазақстанның осы құрылымдарға кіруі Президенттің жүргізіп отырған саясатына негізделген. Ол халықаралық байланыстарды нығайтуға және мемлекетіміздің жаһандық мәртебесін арттыруға бағытталған. Бұл ретте «Болашақ» бағдарламасының көптеген талантты түлегі БҰҰ, БҰҰДБ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, басқа халықаралық және аймақтық ұйымдарда білімі мен дағдысын тиімді пайдаланып жатыр. Осы мамандардың халықаралық аренада Қазақстан мүдделерін ілгерілетуге қосқан үлесін ескеріп, оның сол ұйымдардағы еңбек қызметін «міндетті еңбекпен өтеу» талаптарына сәйкес деп тану орынды! – деді Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Түзетулер енгізілген соң «Болашақ» түлектеріне сондай-ақ акциялары, қатысу үлесі Қазақстанға және ұлттық компания­ларға тиесілі шетелдік ұйымдардың шетелдегі филиалдарында жоғары жалақы ала жүріп, стипендиясын еңбекпен өтей салуына болады.

PhD доктор, ғалым Райхан Жанболатованың дерегінше, Қазақстан жаһандық, өңірлік және субөңірлік деңгейдегі 60-тан астам халықаралық ұйымның толыққанды мүшесі және белсенді қызмет етеді. Бір ғана БҰҰ-ның Қазақстан қатысатын командасы 28 агенттіктен, қор мен бағдарламадан тұрады. Олай болса, атажұртынан жеріп, Қазақстанға қайтқысы келмейтін «болашақтықтарға» іздесе, орын табылады. 

Өкінішке қарай, «Болашақ» айнала­сында дау-жанжал жиі қаулайтын болды. Мысалы, биылғы мамырда «болашақ­тық­тың» гаранттары Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева Президент Қ.Тоқаевқа шағыммен жүгінді. Олар бұрынғы стипендиаттың миллиондаған қарызын төлеуге өздерін мәжбүрлегеніне наразы. Олардың айтуынша, бұрынғы студент Валерия Гавриленко 2019 жылы өзінің жылжымайтын мүлкін кепілден босатып алып, Ұлыбританияға тайып тұрған.

Екі жыл өткенде, 2021 жылы Халықаралық бағдарламалар орталығы өз құжатын өзі заңсыз деп танып, Гавриленконың гаранттарынан оның оқу ақысын өтеуді талап етеді. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, Ғылым министрлігі Гавриленконы елге экстрадициялау туралы тиісті құжатты еліміздің көші-қон қызметіне табыстады. Алайда Ұлыбритания өз тұрғындарын ешкімге бермейтінімен мәшһүр. Мұндай жанжалдар жетерлік. Күш құрылымдары жатжұртта жасырынған, мекенжайын ХБО-ға хабарламай қойған түлектерге іздеу жариялауды жоспарлапты.   

Қалай болғанда, Үкімет «Болашақты» жауып тастауға бармады, оның орнына қаптаған қателігін түзетіп, эволюциялық дамытуға ниетті. Бұдан не нәтиже шығары белгісіз.

Елдос СЕНБАЙ