Назарбаев университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтында елімізде алғаш рет сөз моделіне сүйене отырып жасалған Soyle App көпфункциялы қолданбасының тұсаукесері өтті.
Soyle App – көпфункциялы отандық қолданба
165
оқылды

Бұл көпфункциялы қолданба сөзді тану, дауыс синтезі және ауызша сөз бен мәтінді төрт тілге (қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше) аудару мүмкіндіктерін ұсынады. Қазақстанның іргелі сөз моделіне сүйене отырып жасалған Soyle App қолданбасы — Қазақстан мен одан тыс жерлерде көптілді қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған жасанды интеллектінің озық өнімі, ISSAI зерттеушілері мен әзірлеушілері командасының бесжылдық жұмысының маңызды белесі. Бұл қолданба Қазақстанның дамып келе жатқан цифрлық кеңістігінде жан-жақ­ты қатынас құралы ретінде қызмет етпек.

Шара барысында Soyle App қолданбасының жоба менеджері Ұлжан Бисаринова қолданба адамдардың қарым-қатынасын оңтайландыратынын, тиімді аудармалар жасайтынын айта кетті.

– Бұл қолданбаны жасау үшін 5 жыл көлемінде жұмыс істедік. Қолданбаны әзірлеуде қолданушылардың нақты қажеттіліктерін басты назарға алдық. Сөз тану, дауыс синтезі және лездік аударма мүмкіндіктері арқылы бұл қолданба төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде қарым-қатынасты жеңілдетуге мүмкіндік береді. Біз үшін басты жетістік – қазақ тілін жаһандық деңгейде танымал ету және оны жасанды интеллект жүйелерінде сапалы түрде қолдану. Soyle App BLEU көрсеткіштері бойынша Google Translate және басқа танымал платформалардан асып түсетін жоғары аударма сапасын ұсынады.

Қолданбаның интерфейсі қарапайым әрі қолдануға жеңіл. Сонымен қатар біз Soyle App-ты жеке пайдаланушылар мен бизнестің интеграциясына бейімдеп, икемді және тиімді шешім ретінде ұсындық. Алдағы уақытта біз қолданбаны одан әрі жетілдіріп, жаңа мүмкіндіктер қосуға дайынбыз. Soyle App – бұл тек аударма құралы ғана емес, тілдерді біріктіретін көпір, – дейді ол.

Жоғарыда айтқандай, қолданбаның функциялары әртүрлі қызметті атқара алады. Мысалға айтатын болсақ, қолданба адамның аузынан шыққан сөзді лезде қағып алады. Сіздің төрт тілдегі жазған мәтіндеріңізді сол заматта-ақ аударып береді. Одан бөлек, қолданбаның интерфейсі де өте түсінікті. Бұл қолданбаның қолжетімділік жағын да тілге тиек етпеске болмас. Оны жеке адамдар да, бизнес өкілдері де өз қажеттіліктеріне оңай бейімдеп, күнделікті тапсырмаларын тиімді орындата алады.

Барлығымыз күнделікті өмірде ау­дар­маға келгенде Google-дың немесе Yandex-тің аудармасына дәндеп алдық. Тіпті, кейінгі уақытта ChatGPT-дің аудар­масы да өзіне шаң жуытпай келе жа­тыр. Ал кеше ғана пайда болған отан­дық қолданба Soyle Аpp-тің аудар­масы олардан да асып түседі. Яғни, әлемге белгілі аударма сапасының FLoRes деректер жиынындағы BLEU көрсеткіштері арқылы өлшенген.

Естеріңізге сала кетсек, Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект инс­титуты (ISSAI) жасанды интеллект зерттеулеріне баса назар аудара отырып, Қазақстанның цифрлық саласындағы зерттеулер мен инновациялардың драйвері ретінде 2019 жылдың қыркүйегінде құрылған. Назарбаев университетінің Block 1 ғимаратында орналасқан ISSAI өнеркәсіп пен қоғамның нақты мәселелерін шешу үшін машиналық интеллект бойынша пәнаралық зерттеулер жүргізеді.

– ISSAI институты әрдайым жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеу мен елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Soyle App – осы бағыттағы алғашқы жобамыз. Бұл қолданба тек  аударма құралы емес, сонымен бірге жасанды интеллекттің кең мүмкіндіктерін Қазақстанның цифрлық дамуында қолдану жолындағы маңызды қадам. Біз бұл жобаны жүзеге асыра отырып, еліміздің жасанды интеллект саласындағы әлеуетін әлемдік деңгейге шығару мақсатында жұмыс істеп келеміз, – дейді ISSAI инс­титутының директоры Хусейн Атакан.

Әсет ҚАЛИ