Қазақ-мажар бауырластығының тарихы терең

Мажарстанға мемлекеттік сапармен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Будапешт қаласындағы Король сарайының Арыстандар алаңында ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Нәтижелі экономикалық серіктестік жолға қойылған

Мемлекет басшысын әскери ор­кестр­­дің сүйемелдеуімен Мажарстан Пре­мьер-министрі Виктор Орбан қар­сы алды. Құрмет қарауылының бас­­­тығы рапорт бергеннен соң екі ел­дің мемлекеттік әнұрандары шыр­қал­ды. Содан кейін Құрмет қарауылы мен салт атты гвардия салтанатпен сап түзеп өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вик­­тор Орбан бір-біріне ресми де­­ле­га­ция мүшелерін таныстырды.

Шандор сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Венгрия Президенті Тамаш Шуйок қарсы алды. Бірге суретке түсу рә­сімінен кейін Қазақстан Президенті Құр­метті қонақтар кітабына естелік жаз­ба қалдырды.

Түскі ас форматында өткен кездесу ба­рысында президенттер екіжақты ын­тымақтастықтың кеңауқымды ба­ғыт­тарын талқылады. Мемлекет бас­шы­сы дипломатиялық қарым-қаты­нас орнаған отыз жылдан астам уа­қыт­­та бауырлас қос халық арасында тығыз саяси диалог, нәтижелі эконо­ми­калық серіктестік және берік мә­де­ни-гуманитарлық байланыстар жолға қойылғанын атап өтті.

– Қазақстан мен Мажарстан ортақ та­рих пен мәдениетке арқа сүйей оты­рып, екіжақты берік байланыс ор­нат­ты. Еуропадағы алғашқы елшілігіміз осы­дан 30 жыл бұрын Будапешт қала­сын­да ашылған болатын. Екі елдің нә­тижелі ынтымақтастықты дамытуда зор әлеуеті бар. Мажарстан Қазақ­стан­ның тәуелсіздігін алғашқылардың бі­рі болып мойындады. Мұны ерекше атап өту керек. Менің осы сапарым көп­қырлы ықпалдастықты одан әрі те­реңдетуге Қазақстан мен Ма­жар­стан­ның ниетті екенін көрсетеді, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сауда-экономикалық жә­­­не инвестициялық ынтымақтастық ая­сын кеңейтудің маңызына айрықша тоқ­талды. Оның айтуынша, энер­ге­ти­ка, көлік-логистика, металлургия, жаңар­ты­латын энергия көздері, ауыл шаруа­шы­лығы, фармацевтика, тамақ өнер­кәсібі және басқа да салаларды дамыту мә­селесінде екі елдің мүдделері сай ке­леді.

Өз кезегінде Тамаш Шуйок Қазақ­стан мен Мажарстан географиялық тұр­ғыдан алшақ жатқанымен, қос ха­лықтың тарихы мен мүддесі ортақ еке­нін айтты.

– Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан – бүгінде Орталық Азияда экономикалық даму тұрғысынан жетекші ел. Сіздің еліңіз үшін халықтар ара­сындағы достық пен ынтымақтастық­ты сақтау – маңызды басымдық. Қазақ­стан бейбітшілік пен тұрақтылыққа зор үлес қосып келеді. Бүгінде елдеріміз көп­­қырлы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты байланыстарды ілгерілетуге күш са­лып отыр. Біздің мәдени қа­рым-қатынасымыз ғасырлардан тамыр тартады. Мажарлар қазақтардың тұр­мыс-салтымен жақсы таныс. Алматы қаласының атауы біздің ана тілімізде әуезді естіледі. Өйткені халқымыз алманы «алма» деп айтады, – деді Мажарстан Президенті.

Әңгімелесу барысында тараптар екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыс­тарын күшейтуге айрықша мән берді. Әсі­ресе, Қазақстан мен Мажарстанның жетек­ші жоғары оқу орындары арасын­дағы академиялық және ғылыми байланысты жан­дан­дыру қажет екеніне назар аударды.

Сонымен қатар президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібі, со­ның ішінде көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты.

Инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-мажар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп,  Будапештке алғашқы мемлекеттік сапары қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді.

– Биыл Қазақстан мен Мажарстанның Стратегиялық серіктестік туралы дек­ларацияға қол қойғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында біз өзара сенім мен ортақ мақсаттарға негізделген тығыз ынтымақтастықтың іргесін қаладық. Мажарстанның Қазақстанға құйған инвестициясы 370 миллион долларға жетті. Елімізде мажарлардың 70-тен астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында MOL Group және Gedeon Richter секілді компаниялар бар. Қазіргі таңда машина жасау, ауыл шаруа­шылығы және логистика салаларында жалпы инвестиция көлемі 540 миллион доллардан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі пысықталып жатыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан жаңа саяси және экономикалық парадигмаға бет бұрғанын айтты. Білім мен инновацияны ту еткен өзгерістер бұл үдерістің басты қағидатына айналады.

Президент Мажарстан бизнесмендеріне энергетика, сирек кездесетін материалдарды өндіру, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, ци­фр­ландыру, қаржы нарығы секілді маңыз­ды салаларда инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мажар компанияларының басшыларын келесі жылы мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Жиын қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымын цифрландыру, білім салаларына және бірлескен  инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты 7 коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдету өзекті

Президент Мажарстанның Мемлекеттік жиналыс Төрағасы Ласло Kёвермен кездесті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ласло Kёвермен әңгімелесу барысында өзінің Мажарстанға сапары екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретінін айтты.

Бұл орайда Президент екі елдің парламентаралық ықпалдастығы маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.

– Қазақстан мен Мажарстанның заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты жандандыруды құптаймын. Бұл қос халықтың өзара түсіністігін нығайтуға ықпал етеді деп санаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы бірлескен іс-қимыл сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтіп, мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге тың серпін беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы жоғары білім сала­сындағы қатынастарды арттыруға баса мән берді.

– Жаңа ғана Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жат­қан қазақстандық студенттермен кез­­дестім. Сіздің еліңізде оқитын және білім алуға ниетті жастарды әрдайым қол­даймыз. Бұл байланыстар елдеріміз арасындағы «алтын көпірге» айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Мажарстанның Мемлекеттік жиналысының Төрағасы парламент­аралық ықпалдастықты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, заң шығарушы органдардың ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Сонымен қатар екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша стратегиялық серіктестікті тереңдету қажет екеніне назар аударды. Кездесуде халықаралық аренадағы жағдай да талқыланды.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ласло Кёвер Мажарстан Парламентінің ғимаратын аралап көрді.

Аймақтық мәселелер жөнінде пікір алмасты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға мемлекеттік сапары аясында Премьер-министр Виктор Орбанмен келіссөз жүргізді. Кездесу достық рәуіште өтті. Бұл екі ел арасындағы өзара сенімнің жоғары екенін көрсетеді.

Келіссөздер барысында ынтымақтас­тықтың басым бағыттары мен екіжақ­ты қарым-қатынасты одан әрі тереңдету перспективалары талқыланды. Қазақ­стан Президенті Мажарстанды еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ достас әрі бауыр­лас мемлекет ретінде атап өтті.

Президенттің айтуынша, Мажарстанға мемлекеттік сапары екіжақты ын­ты­мақтастықты дамыту, соның ішінде энергетика, көлік-логистика сияқты ба­­ғыт­­тарға тың серпін беруді көздейді. Бұл ретте мұнай-газ секторы мен ауыл шаруа­шылығы, логистика, атом өнер­­кәсібі және қаржы салаларындағы бірлескен жо­баларды жүзеге асыру мәселелеріне баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан жоспарланған бастамаларды табысты орындау үшін екі ел үкіметтері қолайлы жағдай жасауға дайын екенін растады.

Мажарстан Премьер-министрі сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар өзара ықпалдастықты одан әрі кеңейте түсетініне сенім білдірді.

Бұдан бөлек, тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мә­се­лелер, соның ішінде көпжақты құры­лымдар ая­сындағы байланыстар жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанның Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық аренадағы рө­лін арттыруға қосқан үлесін жоғары ба­ғалады.

Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мажар тарапына арнайы шақыруы және көрсеткен сый-құрметі үшін ризашылығын білдіріп, қос халықтың тарихи және мәдени жақындығын атап өтті.

– Достас әрі бауырлас Мажарстанның астанасына келгеніме қуаныштымын. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтас­тыққа тың серпін беру, – деді Мемлекет басшысы.

Тараптар екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан – Мажарстан инвестициялық қорын құруға келісті. Келіссөз барысында сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ, көлік, білім салаларындағы байланыстардың негізгі бағыттары талқыланды.

Тиімді саяси диалог жүргізу – маңызды міндет

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлес­кен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы қазақ пен мажар тереңнен тамыр тартатын туыс халықтар екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, әйгілі Дунай мен көне Алтайдың арасы алшақ болса да, тағдырлас екі мемлекеттің тілегі – ортақ, арманы – бір.                                 

– Отыз жыл бұрын Қазақстан өз елшілігін Мажарстанға жіберді. Бұл еліміздің Орталық Еуропадағы тұңғыш елшілігі болды. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас ойдағыдай дамып келеді, арамызда тек достық, жақсы ниет қана бар. Елдеріміздің экономикалық әлеуеті мол, оны толыққанды игеру өте маңызды. Сондықтан бұл сапарымның басты мақсаты – ынтымақтастығымызға жаңа серпін беру. Мажар елі – Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптесі. Бүгінгі берік саяси ынтымақтастық пен тығыз экономикалық байланыс – соның айқын дәлелі. Жаңа ғана Жоғары Мәртебелі Виктор Орбан мырзамен мазмұнды келіссөздер өткіздік. Премьер-министр мырзаның былтыр Астанаға жасаған ресми сапарында көптеген уағ­даластыққа қол жеткізген едік. Бүгін соны қайта пысықтап, ықпалдастықтың жаңа бағыттары туралы әңгімелестік. Биыл екі елдің стратегиялық әріптестік ор­нат­қанына 10 жыл толды. Келіссөздер ба­рысында серіктестігіміздің болашағын талқыладық. Тиімді саяси диалог жүргізу және ортақ экономикалық жобаларды іске асыру – өте маңызды міндет. Сондай-ақ көпжақты ықпалдастықты нығайта түсу қажет. Осы орайда бүгін Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы санқырлы байланысты күшейту қос халықтың мүддесіне сай келеді, – деді Президент.

Келіссөздер барысында екіжақты сауда-саттық көлемін арттыруға, инвестиция­лық ынтымақтастықты тереңдетуге баса мән берілді.

– Қазір әлемде экономикалық және энергетикалық дағдарыс белең алып тұр. Соған қарамастан, екі елдің өзара тауар айналымы жылдан жылға ұлғайып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға артты. Алдағы меже – өзара алыс-берісті 1 миллиард долларға дейін арттыру. Біз Мажарстанға жалпы құны 700 миллион доллар болатын 95 тауар түрін жеткізуге дайынбыз. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласының өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар. Мажар компаниялары Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қызығушылық танытып отыр. Елімізге 2005 жылдан бері 370 миллион доллар мажар инвестициясы тартылды. Мен бүгін Мажарстандағы ірі компания басшыларымен кездестім (MOL, OTP Group, Gedeon Richter). UBM холдингімен жем шығаратын үш зауыт салу туралы жобаға қол қойдық. Оның құны – 62 миллион доллар. Экономикалық байланысты жандандыру – уақыт талабы. Сирек металдар, су және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Тауар түрін көбейту, инновациялық технология тарту, энергетика, цифрландыру, көлік саласындағы әріптестікті ны­ғайту – өте өзекті мәселе. Сол арқылы серіктестіктің жаңа бағыттарын дамытамыз. Қазақстан-Мажарстан Үкіметаралық комиссиясы мен Стратегиялық кеңесі сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа зор үлес қосып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Екі ел делегациялары келіссөздер ке­зінде маңызды стратегиялық сауда жолының бірі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін талқылады.

– Бүгін KTZh Express, L.A.C. Holding және Xi'an Free Trade Port Construction and Operation компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – аймақтағы экономикалық қарым-қатынастың жарқын көрінісі. Құжат елдеріміздің арасындағы сауда және көлік байланысын нығайтуға жол ашады. Инфрақұрылым, логистика және халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік туады. Азиядан Еуропаға құрлықпен тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Алдағы уақытта бұл бағытпен 10 миллион тонна жүк жеткізілетін болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тараптардың мәдени-гуманитарлық байланысты нақты іс-шаралар арқылы күшейту жөнінде уағдаласқанын жеткізді.

– Биыл Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Мажар құрама командасы белсене қатысты. Қолдауларыңызға рақмет айтамын. Мұндай іс-шаралар өркениетіміздің, тарихымыздың тамыры ортақ екенін көрсетеді. Бауырлас халықтарды жақындата түседі. Мажар үкіметінің қолдауымен соңғы 10 жылда Қазақстан студенттеріне оқу гранттары бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде бірнеше мың жастарымыз Мажарстанның жоғары оқу орындарында білім алды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, екі елдің көпжақты ынтымақтастығы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар аясында табысты дамып келе жатқанына назар аударды. Әсіресе, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына белсене атсалысып, түркі интеграциясының өрісін кеңейтуге елеулі үлес қосып жүргенін ерекше бағалайтынын жеткізді.

Виктор Орбан Қазақстан Президентінің Мажарстанға сапары соңғы рет 17 жыл бұрын болғанын еске салып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапармен келуі екі елдің стратегиялық серіктестігін кеңейту тұрғысынан маңызды екеніне на­зар аударды. 

– Келісөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселесін ғана талқылаған жоқпыз. Сондай-ақ екі халықтың достығы мен тарихи тамырластығы туралы сөз қозғадық. Жалпы, сауда-саттықты дамыту, энергетикалық ресурстардың жаңа көзін іздеу және халықаралық энергия тасымалдау бағыттарын құру екі елдің өзара мүддесіне сай келеді. Біз бүгін Президент мырзамен мажар-қазақ экономикалық ынтымақтастығының әлеуетін толық пайдалану үшін барынша күш-жігер жұмсауға уағдаластық, – деді Виктор Орбан.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Будапешт қаласындағы Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) штаб-пәтеріне барып, федерация президенті Мариус Визермен кездесті. IJF басшысымен әңгімелесу барысында осы танымал спорт түрін елімізде дамыту перспективасы талқыланды. Мариус Визер Қазақстан дзюдоны қолдауға арналған дәйекті шараларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар спортшыларымыздың халықаралық жарыстардағы нәтижелеріне және Қазақстан дзюдо федерациясының жұмысына жоғары баға берді.

Сапар соңында Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Будапешт әуежайынан құрмет көрсетіп, шығарып салды.