Мұнай-газ химиясы (МГХ) – ұлан-ғайыр табыс әкелетін сала. Халық­аралық энергетика агенттігінің дерегінше, МГХ өнімдерінің әлемдік өндірісі жылына орташа 3-4%-ға өседі.
Перспективалы өндірістен тыс қалмасақ игі
596
оқылды

2023 жылы оның жаһандық нарығының ауқымы 590 млрд доллардан асып түсті. Ал 2030 жылға қарай осы көрсеткіш бір триллион долларға жуықтайды деп болжанады. Бұл саланы өркендетуге қажетті инфрақұрылым елімізде бар, бірақ шикізат тапшы. Энергетика министрлігі мұнай-газ химиясын дамытуға келесі жылы серпін бермек.

Шикізат мол, бірақ жеткіліксіз

Еуразиялық даму банкінің статистикасына жүгінсек, әлемдегі мұнай-газ өндіруші ірі елдердің бола отырып, Қазақстан мысалы, одан алынатын полимерлер өндірісі­нің жаһандық көлемінің бар-жоғы 0,1% үлесін иеленді. Бұл, әрине оның ресурстық әлеуетіне мүлдем сай кел­мейді. 

2022 жылғы қарашада Атырау облы­сын­да Kazakhstan Petrochemical Industries Inc (KPI) ЖШС пайдалануға берілді. Рес­пуб­ликадағы тұңғыш интеграцияланған газ­ды-химиялық кешен жоспар бойынша бірте-бірте полипропиленнің әртүрлі 64 мар­касына дейін өндіретін болады. Сөйтіп, елде мұнай-газ химиясы кластерін құрудың бірінші кезеңі бастау алды. 

Қол жеткізілген уағдаластықтар арқа­сын­­да компания әлемдік супергигант ке­­­­н орын Теңізді басыбайлы игеріп жатқан «Теңізшевройлдан» шарттық арзандау ба­ға бойынша шикізаттың – пропанның бел­гілі бір көлемін тікелей сатып алады. Мі­не, осы кәсіпорын іске қосылғалы МГХ өнімдерінің бірі полипропиленді шы­ғару бойынша Қазақстанның өндіріс­тік қуаты ұлғайды. Еуразиялық өңірде по­липропилен шығарудың жалпы көле­мін­дегі ел еншісі 18%-ға жетті.

Демек, Қазақстанда мұнай-газ хи­мия­сы өнеркәсібінің өсуі байқалады. Алайда бұл да жеткіліксіз. Оны дамыту үшін Энер­гетика министрлігі ел тарихында ал­ғаш рет «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі ту­ралы» жеке салалық заң жобасын және оған ілеспе «Кейбір заңнамалық актілерге мұ­най-газ химиясы өнеркәсібін дамыту мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындады.

«Заңды әзірлеудегі мақсат – саланы ши­кізатпен қамтуға қатысты қордаланған проб­лемаларды шешу, сондай-ақ инвес­ти­­­циялар тартуды ынталандыру және мұ­най-газ химиясы (МГХ) саласына мем­лекеттік қолдау көрсету. Заңның қабыл­дануы мұнай-газ химиясы өнеркәсібін өркен­дету, тұрақты экономикалық өсуді қам­тамасыз ету жолындағы маңызды қа­дам болмақ», – деп түсіндірді Энергетика министрлігі. 

Бұл заң қабылданғанымен, басты мә­­селе шешімін таппаса мемлекет көздеген мақсатына жете алмауы мүмкін. Себебі қолданыстағы мұнай-газ химиясы кәсіпорындары да шикізаттың қажетті кө­­леміне жарымай тұр. Қазақстанда кө­мір­сутек өндіру бойынша 317 келісімшарт бар. Онда неге МГХ-ға қажетті шикізаттың тапшылығы туындады?

– Қолданыстағы жер қойнауын пай­да­лану келісімдерінің көпшілігінде жер қой­науын пайдалану шарттарының тұ­рақ­тылығы туралы ереже қарастырылған. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ секілді ең ірі кен орындары, бірқатар басқасы бойын­ша келісімдер заңнаманың тұрақ­ты­лығын кепілдендіреді. Тиісінше, кейін заң­намаға өзгерістер енгізілгенімен, егер олар жер қойнауын пайдаланушының жағ­дайын нашарлатса, онда қолданыстағы ке­лісімдерге жаңа ережелер қолда­ныл­май­ды. Бұл проблеманың көрнекті бір кө­рінісі – «Өнім бөлісу келісімдерімен» (ӨБК) реттелетін жер қойнауын пай­да­лану жобалары, – деді Энергетика ми­нистр­лігінің сарапшылары.

Елімізде кейінгі төрт жыл бойы газдың 75%-дан астамын Теңіз, Қашаған, Қара­шы­ғанақ кен орны өндірді. Алайда ве­домс­твоның түсіндіруінше, бұлардағы ши­кізатқа қол жеткізу ӨБК-де бекітілген та­лаптар кесірінен қатты шектелген.

Халық газды аз тұтынуға көшіріле ме?

Сонымен Қазақстан мұнай-газ хи­мия­сын дамытуға қажетті шикі­зат­ты өзі мол өндіреді, әйткенмен, оның ба­сым бөлігінің шетелге экспортталуы ке­­­­сірінен өзіне шикізат жетіспейді. 

Елде тағы бір парадоксты жағдай қа­лып­тасты: Қазақстан газды терең өңдеп, одан бағасы қымбат жүздеген түрлі дайын өнім алып, орасан зор табысқа кенеле ала­ды. Ол соның орнына газды көршісіне ар­­­­занға тасып жатыр. Bloomberg ха­бар­лауынша, Қазақстан Қытайға екінші газ құбырын салуды жоспарлады. Шың еліне жет­кізілетін көгілдір отын көлемін күрт арт­тыру үшін екі ел арасында келіссөздері бас­талған көрінеді.  

– ҚХР-да экономикалық өсімінің баяу­­­­­лағаны туралы хабарларға қара­мас­тан, онда газға деген сұраныс еселеп өсіп ба­рады. Сондықтан біз Қытайға шикі газ экс­порттау көлемдерін арттыру бойынша ымыра-консенсусқа қол жеткіземіз деген үміт­теміз, – деді QazaqGaz басқарма төра­ғасы Санжар Жаркешов.

Оның дерегінше, шың еліне екінші газ құ­­быры 2-3 жыл ішінде салынып бітуі мүм­кін. Бұл құбыр құрылысын бастау ту­ра­лы шешім жыл соңына дейін қабыл­да­нады. Жоба құны 3-6 миллиард долларға ба­ғаланды. Мұнша қаржы тақұл-тұқыл қал­ған бюджетте жоқ. Сондықтан Қы­тайға көгілдір отынды жеткізетін құбыр құ­рылысын қаржыландыру үшін Қа­зақ­стан үйіп-төгіп қарыз алады. Осы мақсатта QazaqGaz келесі жылы алдымен 1 мил­лиард долларға еурооблигация шығарады. 

«Оған дейін осы қысқы маусымда Қы­тай алдындағы міндеттемелерімізді толық орындауға күш-жігерімізді шоғырлан­ды­ра­мыз», –  деген QazaqGaz ұлттық ком­па­­­ниясының басшысы бүгінде Қазақстан ҚХР-ға жыл сайын шамамен 4 миллиард тек­ше метр газ экспорттайтынын айтты. 

Қазақстанның өзі шамамен 21 мил­лиард текше метр газ тұтынады және мұқ­­­­таждығы жыл сайын өсіп келеді. Ішкі сұранысты күштеп төмендету үшін Үкімет мысалы, газ бағасын көтерді, халық пен биз­нестің көліктерін автогазға көшіруіне түрлі тосқауыл қойды. Үкімет жүргізу­ші­лерге автогазбен жүретін көліктерін не бен­зинге қайта жабдықтауды немесе ав­то­бустар сияқты компримирленген газ­ға кө­шуді ұсынды.

Энергетика вице-министрі Әлібек Жа­мауов сұйытылған мұнай га­зы­на деген сұранысты азайту үшін газ бен бен­зин бағасын теңестіруге күш салаты­нын мәлімдеді. 

– Бұлардың бағасын теңестіруге ты­ры­самыз. Өйткені бізде бензин мен ди-зе­ль ғана дәстүрлі отын болып есептеледі. Сұйытылған мұнай газы (автогаз) мотор отыны ретінде емес, мұнай-газ хи­мия­сы­ның шикізаты ретінде пайдаланылуға тиіс. Адамдар енді сұйытылған мұнай га­зы­нан бас тартып, тауарлы газға ауысып жатыр. Газдан толық бас тартуы үшін оның ба­ға­сын қазірден қымбаттатып жатырмыз, – деді вице-министр. 

ҚХР-ды емес, МГХ-ны жарылқасақ?

Өкінішке қарай, шенеуніктер «Кө­гіл­дір отынды көп шығындайды» деп қазақстандықтарды айыптауға бейім тұр. Энергетика министрлігі реттеушілік сая­саттың консультативтік құжатында: «Қазір елдегі мұнай мен газды қайта өңдеу тізбегі негізінен халықтың мұнай өнімдері мен газға деген әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған» деп екпін түсірді. 

Қытайға шикі газ жеткізуді азайту ор­нына жаңа құбыр төсеп, экспорт ауқымын арт­тыруға кіріскен, сондай-ақ ірі кен орын­дарын ен жайлаған шетелдік инвес­тор­ларға тісі батпаған Үкіметке мұнай-газ хи­миясын ілгерілету үшін халық тұтына­тын газды азайту ғана қалып тұрғандай.

коллаж: Елдар ҚАБА

«Газ және газбен жабдықтау туралы» заңы­на сәйкес, «QazaqGaz» ҰК» АҚ жер қой­науын пайдаланушылар шығаратын ши­кі газды, сондай-ақ олардың өңдеу про­­­цесінде өндірген тауарлық газын са­тып алуда артықшылық құқыққа ие. Оны ар­занға сатып алады: жер қойнауын пай­даланушылардан алынатын газдың ба­ға­сына тек шикізатты өндіруге, тасы­мал­дау­ға, қайта өңдеуге кеткен шығыстары, сон­дай-ақ 10%-дан аспайтын рента­бель­ді­лік үстемеақысы ғана қосылады. Енді қа­раңыз: QazaqGaz газды Қытайға да са­тып отыр.

– QazaqGaz ұлттық компаниясы са­тып алатын тауарлық газ бен шикі газды пай­даланудың артықшылық құқығына тұр­мыстық және коммуналдық-тұр­мыс­тық тұтынушылар ие. Халықты газбен жаб­дықтау үшін мемлекет ішкі нарықта тауар­лық газды өткізудің шекті бағаларын, сондай-ақ жеткізу жоспары аясында сұйы­тылған мұнай газын көтерме және бөл­шек саудада өткізудің шекті бағаларын бекітті. Салдарынан, мұнай-газ өн­діру­ші­лер өткізетін газ әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыруға шығындалады. Соның кесерінен мемлекетке қосымша қомақты пайда әкеле алатын, күрделі және қымбат өнімдер шығаратын МГХ өнеркәсібін да­мыту шектелді, – деп нықтады ми­нистр­­лік. 

«Шикі газды Қытайға арзанға сат­қан­ша, оны өзімізде өңдеп, дайын өнім экс­пор­тынан ұшан-теңіз табыс табайық!» деп нық­тамады. Шынында, шенділердің ха­лық­ты айыптай беруі жөнсіз. Энергетика министрлігінің 2024 жылғы шілдедегі төл дерегінше, республикада өндірілген 29,8 миллиард текше метр тауарлық газдың тек жар­тысынан көбін, 65%-ын халық тұтын­ған. Соған қарамастан, ведомство көгілдір отынды көршіге емес, өз халқымызға ар­­занға сатып отырғандарына өкініш біл­дірді.

«Қазақстанда халыққа арналған газ құ­ны әлемдегі ең төмен бағалардың бірі. Газ­ды сатудың орташа құны 1 мың текше метрі үшін 23 646 теңгені құрайды. Ал газ­дың орташа өзіндік құны – 1 мың тек­ше метрі үшін 33 169 теңге. Халықты газ­бен қамту үшін QazaqGaz ұлттық оператор ре­тінде халыққа газды төмен бағамен сата­ды. Ұлттық компания өз қызметінің та­быстылық-рентабельділігін газ экс­пор­ты есебінен сақтайды», – делінген оның консультативтік құжатында.

Салаға серпін бермек

Энергетика министрлігіндегілердің та­ғы бір өкініші бар. Этан, пропан, бутан сияқ­ты бағалы газ фракцияларын шикі газ­дан бөліп алуды ынталандыру ісі рет­телмеген екен. Ведомство қазір халық тұ­ты­натын тауарлық газдың құрамында МГХ үшін шикізат бола алатын бағалы газ фрак­циялары барын қаперге салды.

«Алайда заңнамада тауарлық газдан ба­ғалы фракцияларды міндетті түрде бө­ліп алу туралы талаптың болмауы сал­да­ры­нан іс жүзінде бағалы газ фракцияларын тұ­тынушылар тауарлық газбен бірге жа­ғып жібереді. Басқа бір ірі проблема сол, қол­даныстағы газ өңдеу кәсіпо­рын­дары­ның өзі газдан оның фракцияларын бөліп алуға бағдарланбаған! Олар тек газды қоспалар мен күкірттен қарапайым ғана та­зартуды жүзеге асырады. Қазақстанда қа­зір фракцияларды «С1»-ге (метанға) жә­не «С2+» фракцияларына (этан, про­пан және басқаларына) тиімді бөлуге ар­налған ешқандай инфрақұрылым жоқ! Бұл елде газды терең өңдеу мүмкіндігін шек­тейді», – деп түсіндірді Энергетика ми­­­­нистрлігінің сарапшылары.

Газ фракцияларын толыққанды бөлу жол­ға қойылса, бұл елімізде кең ауқымды әрі әртараптандырылған мұнай-газ хи­мия­сын құруға кең өріс ашар еді. Себебі МГХ саласы одан әрі дамуы үшін ол газға (ши­кізатқа), газ фракцияларына қол жет­кізуі қажет. 

Осы мақсатта Премьер Олжас Бек­те­нов мұнай-газ химиясының мәселелері жөнінде жеке кеңес өткізген болатын. Оның қорытындысында Үкімет басшысы жауап­ты мемлекеттік органдарға «сала­дағы жобаларды жеңілдікпен қаржы­лан­дыру және МГХ өндірісі инфрақұрылымын салу шығындарын бюджеттен субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шараларын әзір­леуді» тапсырды.

Ал жоғарыда көтерілген және басқа да қор­даланған мәселелерді шешу үшін ел Пар­ламентінен жаңа заң жобалары топ­тамасын қабылдау талап етіледі. Энер­ге­тика министрлігі елде сауатты заңнамалық тұғыр түзілсе, мемлекеттік қолдау үдесе, онда мұнай-газ химиясы өнімдерінің жыл сайынғы өндіріс көлемі 2024 жылғы 628,3 мың тоннадан 2029 жылы 1 миллион 800 мың тоннаға дейін үш еседей өседі деп жос­парлап отыр. 

Бір жақсысы, Үкімет жауырды жаба то­­­­қымай, саладағы проблемаларды ашық айтты. Тек соның нәтижесінде ха­лық­ты кө­гілдір отыннан қыспаса болғаны. Бұған қо­са, биыл алғаш рет «Мұнай-газ хи­мия­сы өнеркәсібін дамытудың 2024-2030 жыл­дарға арналған Жол картасы» бе­кітіл­ді. Онда МГХ жобаларын қажетті ши­кізат­пен қамтамасыз ету міндеті қойыл­ды. Зауыттар 1,6 миллион тонна этан­мен, 272 мың тонна пропанмен, 400 мың тонна параксилолмен, 100 мың тон­на бензолмен қамтылуға тиіс. 

Осының арқасында Қазақстан жаңа ба­ғытты – көмірсутекті барынша терең өң­деу саласын игеріп, табысы мол, эко­номикалық тиімділігі зор мұнай-газ хи­мия­сына серпін бермек. МГХ-ға салынған әр­бір доллар инвестиция 2-3 доллар табыс әкеледі, жапсарлас салаларда жаңа жұмыс орындарының ашылуына түрткі болады. Сала сарапшысы, бұрын KPI кәсіпор­нын­да басшылық қызмет атқарған Денис Ко­­­зыревтің айтуынша, халық күн сайын өмірде қолданатын бес заттың төртеуі кө­мірсутекті терең өңдеу жолымен алы­нады. Автомобиль құрастыру, машина жа­сау, медицина, электрлі техника, ком­пью­терлік техника, құрылыс, телеком­му­ни­­­кация, жиһаз жасау және басқа да қап­таған сала осы базалық материалға иек ар­тады. Бірінсіз бірінің күні жоқ.

Ендеше, бұл перспективалы өндірістен Қа­зақстанның тыс қалмай, оны дамытуға бел­сенді түрде қатысуы – өмірлік маңыз­ды іс әрі тарихи әділдік. Бізде қажетті ре­сурс молынан екен, оны іске жарату, ке­лер ұрпаққа шикізаты таусылып, шаңы бұр­қыраған бос кен орындарын емес, оның қазынасын ұқыпты, ұтымды қол­да­нып, терең өңдейтін озық дамыған ин­­­дустрияны қалдыру – бізге парыз.

Айхан ШӘРІП