Оттан ыстық Отанымның құшағы
Оттан ыстық Отанымның құшағы
man in yellow flower field under beautiful sky
348
оқылды
«...Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында – сары бел. Сары белдің бауыры – сағым ба, әлде шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күнсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сарыатан. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекені. Бота күнгі мекенін боздап іздеп келеді, жүректегі бар шерін қозғап, іздеп келеді». Бұл – жазушы Дидахмет ­Әшім­ханұлының «Жер аңсаған Сарыа­тан» атты әңгімесінен үзінді. «Мұны неге мысалға келтіріп отыр», деген ой келетін болар оқыр­манға. Ал туған жерден жы­раққа кетіп, туған топырақты аң­саған қазақ­стан­дық­тар қаншама?! Олардың да са­рыа­тан секілді елге, туған топыраққа аңсары ауып тұрмасына кім кепіл?!.  

Туған жерге сағыныш

КСРО ыдыраған алғашқы кез­дері көптеген отандасымыз «жерұ­йық» іздеп, көрші елдерге көптеп кө­ше бастады. Эмигранттардың ағы­мы тоқтаған жоқ. Өз ерікте­рімен көш түзеген қазақстандықтар кейі­нірек Отанына қайта орала бастады. Олар неге өзге елді «жерсінбей», тамырын кеңге жая алмады? Олар­дың қайта оралуына түрткі болған не нәрсе? Алматылық Иван Свет­личный да әйелімен бірге Харь­ков­қа, тарихи Отанына қоныс ауда­рамын деп шешкен еді. Ол жақтың ауа райы жайлы әрі қо­лайлы көрінген. Мұндағы мүлкін сатып, Украинадан тіпті үш бөл­мелі пәтер де сатып алған еді. Ба­сында өмір «жұмақ» секілді кө­рінді. Кейінірек... Сөйтсе, алда олар ой­ла­ғандай «жұмақ» күтіп тұрмап­ты. Ол жақ­тағы қиындық Алма­ты­дағыдай болған жоқ. Тіпті көрші­лердің қарым-қатынасы «жасан­ды» кө­рінген-ді. Көп ұза­май, бар жиған-тергенін буып-тү­йіп, бір сөмкемен елге, Қазақстанға қайта оралды. Жер сатып алып, зәулім үй тұр­ғыз­ды. «Бір адамға жы­мия қарасаңыз, ол да сізге іл­типатпен жауап қатады. Жаңа үйге қоныс аударсаңыз, көр­ші-қолаң шын ықылас-пейілімен бәйек болып, қарсы алады. Қо­лын­дағы барын беруге бейіл», – дейді Иван Иванович. Қарағандылық қыз Анастасия да осыдан бірнеше жыл бұрын отбасымен көршілес Ресейге үдере көшкен. Бірнеше жыл Ресейде тұрып, туған жерге қайта оралып­ты. «Қайта оралуға не себеп бол­ды?» деген сауалға Анастасия: «Әуел­де барлығы ғажап секілді көрінеді. Қиындықтар да уақытша сияқты сезіледі. Алайда біраз уа­қыт өткеннен кейін барлық кем­шілікке басқаша баға бере бас­тай­сыз. Тіпті өткен өміріңізбен са­лыстырып қарауға тура келеді. Сол кезде ғана нені жоғалтқаныңды, қандай өмірді аңсайтыныңды тү­сінесің», – дейді. «Қазақстан мен Ресейдің ұқ­сас­тығы көп. Мұнда бар пробле­малар ол жақта да бар. Бірақ бір нәрсе ақиқат: Қазақстанда адамдар әлдеқайда мейірімді, қамқор және қонақжай. Ресейдегі өмір маған туыс-туғанның қасыңда болғаны қаншалықты маңызды екенін ұқтырды. Өзге елде жүріп, өзіңді іздей бастайтыныңды сезінесің. Өйткені жаның, жүрегің басқа бір жерді аңсап тұрады», – дейді қарағандылық қыз. Германияға көшкен Володя мен Галина есімді қариялар зей­неткер болғандықтан, толықтай мемлекет қарауына алынған. «Ал жәрдема­қы­мен, зейнетақымен күн көретін­дер және мемлекеттік бюд­жет есе­бінен жалақы алатындар қатаң бақылауда. Бұл орайда еркіндікке жол жоқ. Қазақстаннан көшіп барғандар осы тәртіпке көне алмай қиналады екен. Біз барған үйдің иелері де Қазақстандағы «еркін­дікті» қатты аңсайды», деп жазады журналист Гүлмәрия Бар­ман­бе­кова. Ол өзінің Германияға барған сапарында Қазақстаннан көшкен бірнеше отбасының үйінде болып­ты. «Қазақстанда тұрғанда өзімнің үй-жайым, жерім, маши­нам, мүл­кім болды. Мұнда еште­ңем жоқ. Бәрін мемлекет қамтып отыр. Қар­ным тоқ, қайғым жоқ болса да, төрт құбылам түгел деп айта алмаймын. Бәрібір бір нәрсе жетіспей тұра­ды», – дейді Володя есімді неміс қария. Ал бәйбішесі Галина әлі күнге Қазақстан азамат­тығынан шықпапты. Онда ықтияр­хатпен тұрады екен. Оның «өлсем сүйегімді Қазақстанға апарып жерлегенін қалаймын» деген сөзін естігенде, өз құлағыма өзім сенер-сенбесімді білмедім. Қанша «қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ» болып отырса да, есеп-өмірге құрылған тірлік қажы­тып жіберді ме екен, кім білсін?! Әлде, туған топырақтың көзге кө­рінбейтін бір құдіреті бар ма екен? Қазақстанды аңсап, сағыныштан сарғаятындары көрініп-ақ тұр. Беймәлім сезім жүрегіме жүк арқа­латқандай, көп­ке дейін әсерден арыла алмай жүрдім» деп жазады журналист.  

Жер аңсаған жерлестер

Осындайда мына бір жайт еске түседі. Біздің елдің бір топ азаматы Германияға сапарлап барыпты. Мюнхен қаласындағы қонақүйдің алдында өзара сөйлесіп тұрған олардың дауысын естіген немістің бір ақсақалы таза қазақша: «Ай­налайындар-ау, қазақсыңдар ма?» деп бас салып құшақтай бастайды. Аздаған таныс-біліс әңгімеден соң әлгі қария «бауырларым-ау, елдің дәмі бар ма, қазы-қартаны сағын­дым» деп елжірей тіл қатады. Қа­зақтың қазысынан бір кертіп аузы­на салғаннан кейін өз тарихын баян етеді. «Жамбылдың қазағы едік. Балалар «көшеміз де көше­міз­ге» басқаннан кейін осында қо­ныс аудардық. Бұл неміс деген халық, өзім де неміспін ғой, бір­түрлі екен: бір адам мен бір адам жөндеп әңгімелеспейді екен. Кең-қолтық қазағымның мінезін, аң­қылдаған ақ пейілін, бай дастар­қанын са­ғындым. Шіркін, мүмкін­дік болса, елге тартып-ақ кетер едім, кемпірім жолға жарамай қал­ды», – дейді. Қазақстанға деген сағынышын айтып жеткізе алар емес. Қазақстаннан басқа елге қоныс аударып, бірақ қайтып оралып жатқан жерлестеріміз баршылық. Солардың бірі – Қостанай ауда­ны­ның Глазунов ауылында тұратын Галина Большакова деген отанда­сы­мыз. Ол қазір Қазақстанға қай­тып оралғанына өте бір риза көрінеді. «1983 жылы Қостанай ауда­нының Глазунов ауылынан Ресейге кетіп, 1991 жылы сол жерге қайтып оралдым. Мен сияқты көшіп кетіп, қайтып оралғандар менің таныс­тарымның арасында да жеткілікті. Олар Тәжікстаннан, Белорус­сия­дан, Ресейден қайта көшіп келді. Бірақ олардың көпшілігі оны өз арамызда, дастарқан басында айтқанмен, жалпақ жұртқа жария етуден ұялады. Біріншіден, мен ол кезде мектепті енді бітірген жас қыз едім. Красноярск политех­ни­калық институтына оқуға түстім, оны бітірген соң Кемерово облы­сындағы Киселевск қаласында жолдамамен барып үш жыл жұмыс істедім. Ол кезде Кеңес Одағының қай шал­ғайында болса да, жас маманға жақ­сы қарайтын. Екін­шіден, жасы­ра­тын несі бар, тұрмыс ауырлаған 90 жылдары кетіп, жағдай оңалған соң қайтып көшіп келгенім жоқ. Мен оралған 1991 жылы Қазақстан егемендігін алып жатқанымен, экономикалық бай­ланыстардың үзілген, әлеу­меттік тұрмыстың тө­мендеген кезі бола­тын», – дейді Галина. Ол жылдары Глазунов ауы­лында да көші-қонның қызған, әсіресе көштің басын басқа жаққа бұрғандардың көбейген кезі екен. Қазақстанның басқа шалғайынан ол ауылға көшіп келгендер де аз болған жоқ. Ал Кемеровода жүр­генде өзімен бір ауылда өскен, бір мектепте оқыған Николайға тұр­мысқа шығады. Ксения деген қызы сол жақта өмірге келеді. «Бірақ әрі қарай ме­нің шыдамым таусылды, қайтып оралдық. Негізі, өзімнің қо­ныс аударған жағымды жаман­даудан аулақпын. Жағдайымыз болмай қалған жоқ, орналасып, орнығып кететін де едік. Ол жақтың табиға­тының өзі көзді арбайды. Толқып аққан Енисейдің өзі, қалың ор­маны неге тұрады? Бірақ ...Бұл ту­ралы жеңіл-желпі айта алмай­мын. Пойыз бен ұшақ қай жерді жақын етпейді? Алайда Ресейдің біз барған солтүстік аймағы мен үшін жердің түбі, тым алыс сияқты көрінді. Екі көзім төрт болып, Қостанайды, ту­ған ауылым Глазу­новты аңсап, қайтып келгенше асықтым. Қос­танайдың селеулі даласын аңсап, сағыныштан жү­регім сазды», – дейді қостанай­лық ару. «Даланың ерекше қасиеті бар», – дейді екен анасы үнемі. Әкесі Виктор Яков­левичтің ұлты – неміс, ал анасы Ядвига Мечис­лавовна – поляк қызы. Тың игеруге келген жастар осы ауылда табыс­қан екен. Анасы үшін Қазақстаннан артық мекен жоқ. Жұбайы екеуінің достары мен ата-анасының сыйлас кісілерінің басым көпшілігі – қа­зақтар. «Мен де даланың қызымын деймін өзімді. Нақ шыным, біздің отбасымыз Қа­зақстанның мемле­кеттік мере­ке­лерінің барлығын да тойлаймыз. Айналамыздағыларды құттық­тай­мыз. Тәуелсіздік күні ауылда өтетін шаралардан үйдегі қарт ата-анам да қалмайды. Нан мен ән болсын деп тілеп отырады. Айтпақшы, біз Ре­сейде жүргенде достасқан құрбым қонаққа келіп тұрады. «Қазақ­стан­дағы адамдар қандай әдемі, сұлу» деген сөзді жиі қайталайды құрбым. Ал дініне, тіліне, түсіне қарамай, біз­дің ара­мыздағы достық пен сый­ластық осы сұлулықты еселеп тұрған жоқ па?!» деп ағынан жарылады.  

P.S.

Бұл – елге оралған қазақ­стандықтардың ақтарыла айтқан жан сыры. Оларды елге оралтқан туған жерге деген сағыныш, қазақ­тың ақ пейілі мен қамқорлығы. Дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, туған топыраққа қайтпай қоймайды. Ол барша қазақстандықтың қанын­да бар қасиет дер едік.

  Г.ТҰРҒАНБАЙ