Арғынмын, атым Әсет арындаған,
Арындап ән сала ма дарымаған?
Аспанның аясында ән шалқытқан,
Бұлбұлмын даусым көкте дамылдаған.
Әсет Найманбайұлының «Қисмет» әні жайлы қызықты дерек
Фото: автордыкі
1,651
оқылды

Қазақтың ән өнері тарихында орынын ойып тұрып алған әншілер аз емес. Әрқайсысы бір төбе. Біреуі екіншісінен артық не кем деп айтуға болмас. Тек тыңдарманның көңілі мен талғамына сай ғана жіктеуге болатындай. Дәл осы принциппен біз де Әсет Найманбайұлы шығармашылығын жоғары қоямыз. «Інжу маржан» сынды әнінің өзі неге тұрарлық?! 

Әсеттің «Қисмет» атты әні бар. Үлкен сахналарда жиі айтылады. Әннің атын білмесеңіз де, әуенін жақсы білесіз. Сол «Қисметті» біз де білеміз, «әуелетіп айтпасақ» та ыңылдап жүретініміз бар. Десе де әннің атауына көп мән бермеген екенбіз. Күндердің бір күнінде ойланып, жауап іздеп көрдік. Таптық. Осы тапқан деректерді оқырмандар да білсе дедік.

Әуелі Әсетке арналған зерттеулерге зер салдық. Алғашқы қолға түскені 1988 жылы жарық көрген Әсет Найманбаев шығармалары кітабы. Ол жерде Бексұлтан Нұржекеұлының алғы сөзінде келесідей үзіндісі бар.

«Әсеттің әдемі әндерінің бірі – «Қисмет». «Қисмет» – түрік сөзі, мағынасы дінге байланысты жеке адам тағдырындағы, дүниежүзіндегі барлық оқиғалар толық Алланың алдында беріп қойған әмірімен болады деген ұғымды білдіреді (Атеистический словарь, Москва, 1963). Қазақша «Алланың жазуы», «жазмыш», «пешене» деген сөздермен мәндес».

Осы пікірін «Егемен Қазақстанға» жазған мақаласында да айтыпты. «Дәнеш ағаның мұрасы» атты естелігінде Бексұлтан Нұржекеұлы ойын былай өрбітеді: «Дәкеңмен бірге Әсет те еліне оралды. Дәкеңнің арқасында қазақ өнері мен мәдениетінің қайталанбас тұлғасы Әсет Найманбаевтың да мұрасы ұлт байлығына мол үлес болып біржола қосылды.

Әсеттің Дәкең әкелген «Қисмет» әнін ес­тігеннен кейін бізде Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев айтып жүрген «Смет» әні соның бір нұсқасы екеніне көзіміз жетті. «Қисмет» деген жазмыш деген мағына беретін діни сөз. Кеңес заманында оны «Қисмет» демей, адам түсінбейтін мағынада «Смет» деу заңды да еді. 

Сірә, өзінің ежелгі өлеңі ол кездің саясатына сай келмеген болуы керек, «Алтайдың кен шығады саласынан» деп басталатын ән мәтінін Иса Байзақов жаңадан жазады. Қазір әртістеріміз айтып жүрген «Қалқа», «Бір бала», «Заулатшы-ай», «Назқоңыр» әндерінің де мәтіні Иса ақындікі».  

Бұл әннің әуені ұқсас, атауында өзгешелік барын ғылыми басылымдардан да оқи аламыз. 2006 жылы жарық көрген М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған «Қазақ музыкасы» антологиясының 4 томында ақпаратты қысқаша берген: «Әсет әндерінің ішінде шырқата созылып айтылатын кең тынысты әндерінің бірі – «Қисмет». Бұл ел арасында «Қисмет» немесе «Смет» деп таралған дейді». 

«Қисмет» сөзі жазмыш, тағдыр дегенге үйлесетінін ақын Ұларбек Нұрғалым да жазады. Ол Қытай баспасөзінен оқыған дерегін айта келіп, «Қисмет» көне түрік сөзі дейді. «Мағынасы: «тағдыр, жазмыш» дегенді білдіреді. Арғы тегі арабтың «қысы мат» тұлғасында келетін «пешенеге біткені, кешірме, бастан кешкені, бөлістенген нәрсе, Алланың жазғаны, тағдыр» деген мағына беретін сөз. Парсыдағы мағынасы: «тағдыр, бөліс, болым» болып, шағатайға көшкен тұста «бөліс, үлес» мағынасын алған. Мысалы, «Алланың бөлгені, Құдайдың бұйырғаны» деген оларда «қысымет Раззак» делінеді» дей келе, қалам ұстап жүрген кейбір әріптестерінің бұл сөзді «қысымшылық, қыспақ» деп түсіндіргеніне реніш білдіреді» деп ойын қорытындылайды Ұларбек Нұрғалым «Егемен Қазақстанда» жарияланған ән атаулары жайлы мақаласында.

Біз де осы пікірге тоқтағандай болғанда тағы бір дерек оқып қалдық. Бұл дерекке баса назар аударғанымыз – оның салмағында. Кітаптың аты «Әсетті танып білдік пе?» авторы – Әсет ауылында ақынның мұражайын басқарып отырған Әбен Разуев. 2017 жылы Әсеттің 150 жылдық мерейтойына орай шыққан кітаптың 55 бетінде келесідей дерек оқимыз.

«1970 жылы Мақаншы ауданының Жарбұлақ ауылында болған Әсеттің әнші шәкірттерінің бірі – әнші Қыдырмолла Әділбеков бұл әнді «дауысқа түскен қысымнан шыққан ән, Әсет солай деуші еді» деп айтып отыратынын естіген едік. Расында да, Әсеттің ақын шәкірттері Кәдірихан әншінің, Әріпжан ақынның және Іле өңірінде, Құлжа маңында болған Әсеттің үзеңгілес шәкірті Мешпетұлы Рақымжан сияқты өнерпаздардың айтуына қарағанда, әннің аты «Қисмет» емес, «Қысым ет». Олай аталатын себебі ән а дегеннен шырқап өрлеп жоғарғы дыбыстан бысталады да барған сайын үдеп, серпіле желпініс, жітірмеленген толқындармен шалқып, ұйытқып өршеленіп отырады».

Бұл Әсет мұрасын түгендеуге ғұмырын арнаған адамның пікірі. Өзінің дәлелі бар. Елемей, құр өтіп кететіндей емес.

Біз бар өнер атаулыға қызыққанмен, соңынан түсіп азды-көпті зерттегеніміз күй саласы. Ал ән саласын тек оқылған, тыңдаған деректерге ғана сүйеніп айтуға шамамыз келеді. Оған қосарымыз да, аларымыз да жоқ. Ал бүгінгі «Қысмет» (мүмкін «Қысым ет») әні жайлы тапқанымыз осы.  

Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі