Мәжілісте «AMANAT» партиясы фракциясының жиыны бар­ы­сында депутаттар есірткі, психотроптық заттар мен пре­курсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мә­селесін қарады.
Есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға жаза қатаңдайды
340
оқылды

Негізгі талқылау тақырыбы – осы салаға қа­тысты заңнаманы қайта қарау, яғни есірткі бизнесін ұйым­дастырушыларға тағайындалатын жазаны қатаңдату.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам дертіне айналған осы қатерлі індетке, яғни есірткіге қарсы күрес жүргізу қажет екенін бірнеше рет айтқан болатын. Атап айтқанда, Атырауда өткен Ұлттық құр­ылтай отырысында Президент есірткі өн­діретін адамдардың жазасын барынша қатайту міндетін қойып, олардың әрекетін аса ауыр қылмыстарға теңестірді.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партия­сы­ның Төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, осы мақсатта есірткі айнал­ым­ына қарсы іс-қимыл бойынша түзетулер әзір­леніп, ол бір­інші оқылымда қабылдан­ды. Атап айтқанда, есірткі қылмысының, әсі­ресе есірткі өндіру­шілер мен «наркобар­он­дардың» жазасын қа­таңдату ұсынылады. Бұл ретте Мемлекет бас­шысы әділ атап өткен­дей, ірі есірткі қыл­мыс­керлері мен ұсақ закладчиктерге бірдей көзқарас тан­ытуға жол берілмейді. Бүгінде есірткі қыл­мысы үшін сотталған 4 мыңнан ас­там адам­­ның 1 300-ге жуығы закладчиктер сана­лады. Сондықтан Мәжіліс Спикері алғаш рет қылмыс жасаған есірткі курьер­лерінің жаза­сын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Олардың арасында жасөспірім бала­лар, қаржы қыспағына іліккен жастар көп. Атал­ғандардың алды 10 жылдан астам бас бостан­дығынан айырылып отыр. Шынту­айтында, оларды осы заңсыз іске тартқан есірткі өндіру­шілер мен закладчик-жеткіз­у­шілердің жазасы пара-пар емес. Сондық­тан Мемлекет басшысы айтқандай, олар­дың әрқайсысын бөлек қарап, жаза­ларының деңгейін заң жобасының екінші оқылымына дейін қара­стыру қажет. Бұл ретте есірткінің заңсыз ай­на­лымына қа­тыс­ы бар құқық қорғаушы­ларды нарко­барондарға теңестіруді және оларға өмір бойы бас бостан­дығынан айыруға дейін ең ауыр жаза қолдануды ұсы­намыз», – деді ол.

Мәжіліс Спикері бүгінде Қазақстан есірт­кі­ні заңсыз тұтыну деңгейі жоғары елдердің қатарына кіретінін айтты. Жыл басынан бері 1 тоннадан астам «синтетика» тәркіленді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 56%-ға артық.

«AMANAT» партиясының Төрағасы есірт­кі қылмыскерлері жаңа ақпараттық техноло­гия­ларды белсенді қолданатынына, кибер­бақылау жүйесін күшейту мәсе­лесі аса маң­ызды екеніне на­зар аударды. Сонымен қатар халық арасын­да, әсіресе жас­тар арасында түсін­діру жұ­мысы айтарлықтай «ақсап» тұр.

«Жас азаматтар жеңіл жолмен ақша табуды ойлап, тағдырына балта шабады. Олар есірткі таратқаны, «закладка» жас­ырғаны үшін 10 жыл мерзімге бас бостан­дығынан айырылу қаупі бар екенін білмей, бас бостандығынан айыру орындарына түседі. Өткен апта басында «Закладка» де­ректі фильмі жарыққа шықты. Оны осы уақыт аралығында миллиондаған адам тама­шалады. Мұндай фильмдер мек­тептер­де, колледждерде және университеттерде көрсетіліп, есірткінің қаупін ескерту керек. Мектептен үнемдегендер түрме тұрғызады деп бекер айтылмаған. Бүтіндей бір ұрпақ­тың шыңырауға құлауына жол беруге бол­майды», – деді Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Сне­жанна Имашева есірткі, психотроптық зат­тар мен прекурсорлардың заңсыз ай­налымына қарсы іс-қимыл мәселелері бой­ынша заң жобасында атқарылған жұмыстар­ға тоқталды. Халық қа­лаулылары 50-ге жу­ық түзетулер енгізді, құжат сарап­шы­лармен, ҮЕҰ өкілдерімен және Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүше­лерімен кеңінен талқыланды.

«Біз Қылмыстық кодекске есірткі құрал­дарын, психотроптық заттарды, олар­дың ана­логтарын заңсыз өндіру, прекурсорлар­дың заң­сыз айналымы және өзге де әрекет­тер үшін жауап­кершілікті күшейтуді көз­дейтін бірқатар өзгерісті тұжырымдамалық түрде мақұлдадық. Бұл ретте қоғамдық емес орындарда есірткі құралдарын медициналық тұрғыдан тыс пай­далануға тыйым салу белгіленді. Заң жобасын қабылдау нашақор­лыққа, жалпы есірткі биз­несіне мемлекеттік және қоғам­дық қарсы іс-­қимыл жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді ол.

Фракция жиынында Ішкі істер минис­трі Ержан Сәденов жыл басынан бері 3,5 мың есірткі қылмысы тіркелгенін айтты. Мин­ис­тр­­дің сөзінше, синтетикалық есірткілер­дің таралу көрсеткіші артып бара­ды. Егер 5 жыл бұрын заңсыз айна­лымнан 10 келі син­­тетика тәркіленсе, биыл бұл көрсеткіш 1,3 тоннаға жетті. Мұн­дай есірткілер көбіне интернет арқы­лы сатылады. Сондықтан тәртіп сақшы­лары сайттар мен Telegram-арналардағы жар­на­маларды бұғаттау үшін «Киберба­қылау» жүйесін қолдануда.

Ұлттық құрылтай мүшесі, адвокат Ай­ман Омарова ірі есірткі өндірушілер мен дел­дал­дарға тағайындалатын жазаның тең­дей болуы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір заңнаманы әлеу­мет­тік әділ­еттілік қағи­дат­тарына сәйкес­тендіру қажет.

Үкімет және құқық қорғау органдары­ның өкілдері депутаттармен бірге есірткіге қарсы күрес саласындағы өзекті мәселе­лерді шешуге арналған заң жобасында қарас­тырылған тәсілдер мен нақты норма­ларды талқылады. Олардың ішінде тақыр­ып­­тық әлеуметтік зерттеулер жүргізу, ки­бер­бақылау жүргізу үшін жасанды интеллектті пайдалану, есірткіге тәуелділерді оңалтуға көмек көрсету және басқа да мәселелер бар.

Жиынды қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов барлық ұсыныс ескерілген заң жобасы Мәжілістің алдағы плен­арлық отырысында талқыланатынын атап өтті.