Көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекет және қоғам қайраткері, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай ақынның туған жерінде «Фариза және ақын сіңлілері» атты республикалық жыр кеші өтті.
Ақын қыздар – Атырауда
324
оқылды

Поэтикалық кешті Атырау обл­ыс­тық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының тапсыр­ысы­мен, Азаматтық бастама­ларды қорғау орталығының қолдауымен Қазақстан Жазу­шылар одағы ұйымдастырды.

Поэзия падишасының мәңгі өлмес даңқын ұлықтауға арнал­ған бұл жобаның авторы Фариза ақын­­ның өзі болатын. Ақынды білетіндер оның ақиқатшыл ас­қақ поэзиясымен ғана емес, жас дарындарды қамқорлап, қанат бітірген бірегей болмы­сымен де жақсы таныс. 2009 жылы Фариза Оңғарсынова елорда төрінде «Фа­ри­за­ның ақын сіңлілері» де­ген үлкен кеш ұйым­дастырып, оған еліміздің әр түк­пірінен ақын қыздарды шақырған еді. Биыл Қазақстан Жазушылар одағы ақынның бастамасын жалғас­ты­рып, Атырау қаласында Ал­маты, Астана, Шымкент, Тараз қала­ларынан ақын қыз­дарды Жай­ық бойындағы өлең­сүйер жұрт­шылықпен таныс­тырды. Поэ­ти­калық кеште бел­гілі ақын­дар Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскер­бекқызы, Танагөз Ілиясова, Бақытгүл Бабаш, Гүл­манат Әуел­хан, Ғайни Әлімбек­қызы, Жан­ай­ым Ауғанбай, Эльмира Есқо­жае­валар өлең оқыды. 

М.Асаубаева атындағы креа­тивті орталыққа алты жүзден ас­там жырсүйер оқырман жинал­ды. Жыр кешін Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов ашып, Фариза ақын туған өлкенің атынан ұйым­дас­тырушыларға алғыс білдірді. Қа­зақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құл­кенов ақындарды құттықтап, ал­­ғыс­хаттар табыс етті. Кеште ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театр­ының артистері өнер көрсетті.

«Фариза және ақын сіңлілері» поэтикалық кешінің аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде және С.Өтебаев атындағы мұнай-газ университе­тінде ақын қыздармен кездесулер және шеберлік сын­­ып­­тары өтті. Сондай-ақ өңірдің киелі орын­дары Алтын Орданың көне аста­насы Сарайшыққа, қазақ рухы­ның алдаспаны Ма­хам­бет­тің сүйегі жерленген Қа­рой даласына экскурсиялар ұйым­­дас­тырылды.

Ақын қыздардың жыр кеші «Фариза – рух жанартауы» атты республикалық әдеби-танымдық конференция мен салтанатты жиынға ұласты.

Ә.МҰХАМБЕТ