Бір кездері көне шаһар жасөспірімдер арасындағы қылмыстық статистикамен санаға салмақ салған еді.
«Қауіпсіз қала» жобасы жастарға қалқан бола ма?
коллаж: Елдар ҚАБА
110
оқылды

Десе де, кейінгі жылдары облыс орталығында «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы жанданып, бұзақылық деректерін болдырмау бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Аталған жобаның бүгінде жемісі қандай? Бастама өз өміршеңдігін дәлелдей алып жатыр ма?

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің сөзіне сүйенсек, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде шаһардағы қылмыс деңгейі 13,2 пайызға төмен­деген екен. Сондай-ақ жастардың жү­ріс-тұрысы мен күнделікті тынысы жіті бақылауға алыныпты. 

 – Жасөспірімдер қылмысының ал­дын алу, жастар арасындағы құқық­бұзушылық, есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыс жүргізу, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс бағыттары бойынша атқарылған жұ­мыстардың нәтижесінде жыл басынан бері қылмыстардың өсуіне жол бе­рілмеді. 

Қазір Тараз қалалық полиция бас­қар­масының профилактикалық есе­бінде 172 кәмелетке толмаған жас­өспірім тұр. Осы есепте тұрған ба­ла­лармен прокуратура және әкімдік қызметкерлерінен құралған мобильдік топ профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ жыл басынан бері жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу мақсатында 29 512 оқушыдан сауалнама алынып, 34 841 оқушының қатысуымен 149 кездесу ұйымдас­тырылды. Бұған қоса, 41 жайсыз от­басының үй-тұрмыстық жағдайлары зерделеніп, онда тәрбиеленіп жатқан балалардың жазғы демалысы мен қауіпсіздіктеріне бақылау жасалды.

Қалалық білім бөлімі тарапынан жыныстық сипаттағы қылмыстардың жасалу қауіпі бар 57 нысанның тізімі құрылды. Жергілікті полиция қызметі мамандары тарапынан бұл аймақтар тұрақты патрульденуде. Осындай ілкімді істердің нәтижесінде биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша қыл­мыс­тардың жалпы саны 13,2 пайызға төмендеді. Оның ішінде ұрлық – 20,2, ұялы телефондарды қолды қылу – 39,6, қоғамдық жерлерде жасалған заңбұзу­шылықтар – 8,7, есірткімен байла­нысты қылмыстар 15,4 пайызға азайды, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.

Иә, «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы жемісін бере бастағандай. Енді әкімдік жобаны әрі қарай жетілдіру мақсатында қала тұрғындарының жергілікті атқару­шы және құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру мақсатында кездесулер өткізіп, қылмыс деңгейін 5 пайызға төмендетуді көздеуде. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға шағымдану­шылар санын 10 пайызға азайтуды мақ­сат тұтуда. 

Бұл әрине, жанға жылу беретін дү­ние. Оған қоса, «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы түрлі құйтырқы қылмыс­тардың да бетін ашуда. Мәселен, жуырда Жамбыл облысы прокуратурасының қызметкерлері Өзбекстан мен Түрік­менстан елдерінен келген 25 шетелдікті анықтап, олар оқу орындарына студент ретінде заңсыз тіркелгенін әшкере қылды. Атап айтсақ, Өзбекстаннан келген 19 мигрантқа М.Х.Дулати атын­дағы Тараз өңірлік университетінің сту­денті ретінде жалған құжаттар беріл­ген. Алайда олар бұл оқу орнында бір­де-бір күн оқымаған. Аталған факті бойынша прокурорлармен ҚР ҚК-нің 385-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тер­геу амалдары басталып, кінәлі тұлғалар анықталуда.

Тағы бір жайт, 6 шетелдік азамат қаладағы университет пен колледж­дерге формальды түрде оқуға қабыл­данып, кейіннен ұзақ сабақтан қалғаны үшін оқудан шығарылған. Осылайша, еңбек мигранттарына елге кедергісіз кіріп, заңсыз уақытша тіркелуге жағдай жалсалған. 

Міне, байқап тұрсаңыздар, білім беру орындарының өзінде заңды бел­ден басқан жасырын қылмыстық әре­кет­тер жүргізілуде. Бұның арты жақсы­лыққа апармайтынын әркімнің іші біліп отыр. Енді тек «айран ішкен құты­лып, шелек жалаған тұтылып» кет­песе болғаны. 

Жалпы, «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы баянды бағдарын тапқандай. Оған біз жоғарыда аталған қылмыстық істердің әшкере болып жатқанынан көз жеткізе аламыз. Алайда әлі де болса осымен қылмысқа қылбұрау салынды дей алмаймыз. Әсіресе, жасөспірім­дердің қауіпсіздігіне қатысты мәселе күні бүгінге дейін алаңдатып отыр. Олай дейтініміз, күні кеше ғана Мо­йын­құм ауданы Биназар ауылындағы мектеп оқушысының зорлануы тұр­ғындардың төбе шашын тік тұрғызды. Жаға ұстататындығы жасөспірімге өзінің екі бауыр ағасы 6 жыл бойы зор­лық көрсетіп келген. 13 жасар жас­өскіннің азғындардың апанына түскені оның аяғы ауыр болып қалған кезде анықталған. Жасөспірім алты жылдың ішінде өзінің зорлық көріп жүргенін бірнеше мәрте сездіргісі келген екен. Алайда оның сөзін ешкім елемепті. Қазіргі екі күдікті де қамауда отыр. Тергеу амалдарының құпиялығына байланысты әзірге оқиғаның мән-жайы толық айтылмауда. Бірақ бұл да біздің әлі де болса балалар қауіпсіздігіне келгенде ақсап тұрған тұсымызды көрсетуде. Міне, осындай қылмыс­тардың алдын алып, жасөспірім­дерімізге «Тараз – қауіпсіз қала» жо­басы қалқан болса деген үмітіміз зор. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы