Бұл орайда Мәдениет және ақпарат министрлігінен арнайы департамент ашылып креативті индустрияны дамыту бойынша арнайы тұжырымдама қабылданған болатын. Құжатта креативті индустрияның Қазақстан экономикасына қосар үлесін 2025 жылға қарай 5%-ға, креативті индустрияларда жұмыспен қамтуды 4%-ға дейін ұлғайту көзделген болатын. Сенат депутаты Айгүл Қапбарова Мәдениет және ақпарат министрлігіне креативті индустрияның маңызды саласының бірі – шетелдік блокбастерлерді қазақ тіліне дубляждау мәселесі аясында сауал жолдаған болатын.
Жыл сайын шетелдік 15 фильмді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қолдау арқылы бюджеттен шамамен 443 млн теңге бөлінген. Алдағы 2025-2027 жылдарға осы мақсатты жүзеге асыруға жоғарыда аталған сома көлемінде қаражат тағы көзделіп отыр.
Алайда 2023 және 2024 жылдары аталған қаражат игерілмей, толығымен бюджетке қайтарылған, яғни мемлекет қолдауымен соңғы екі жылда бірде-бір шетелдік фильм қазақ тіліне аударылмады, көрерменнің әлемдік танымал кинотуындыларды ана тілінде көру құқығы ескерілмей отыр. Осы орайда сенатор Айгүл Жарылқасынқызы жауапты министрліктен қаражаттың қатарынан екі рет бюджетке қайтарылу себебін және алдағы жылдарға қарастырылған бюджетті игеру бойынша жоспарларын сұраған еді.
Бұл сұраққа Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов жауап берді. Ол қаражаттың игерілмей жатқанын растады. Оның айтуынша, расында да, былтыр министрлік Голливудтың 15 блокбастері мен анимациялық фильмдеріне қаражат бөлген.
Алайда тиісті аудару жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан бұл қаражат бюджетке қайтарылған.
– Басты себеп – ең алдымен, голливудтық немесе анимациялық фильмдерді қазақ тілінде аудару үшін бірнеше қатаң шарт бар. Бірақ бізде екі үлкен қиын шарт бар. Ірі дистрибьюторлық компаниялар бұл шартты іске асыруға мүмкіндігі жоқ. Бірінші шарт – әрбір туынды қазақ тілінде аудару алдында онлайн сауалнама өтуі керек. Ол бірнеше айға созылады. Екінші шарт – тек үлкен рейтинг ала алатын немесе Голливуд туындылары ғана аударылатын кино немесе анимациялық туынды болуы керек. Осы екі шартты орындау үшін 3-4 ай өтеді. Әрине, ол кезде туындының тұсаукесері де өтіп кетеді. Сондықтан министрлік Мәжіліске тиісті заң жобасын енгізіп, екі норма бойынша оңтайландыру немесе жеңілдету жұмыстарын жүргізуде. Бұл мәселені біз бақылауға аламыз. Тиісті заңнамалық өзгерістер енгізіп, бөлінген қаражатты тиянақты, орынды, нәтижелі жұмсауды мақсат етеміз, – деді Қанат Ысқақов.
Вице-министр, қазақ тіліне сұраныс көбейген соң, дистрибьюторлік компаниялар фильмдерді өз қаражатына аударуды қолға алып жатқанын айтты.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева анимациялық фильмдер мен киноларды қазақ тіліне дубляждау процесінде өзгерістер енгізілгенін хабарлаған еді. Жаңашылдықтар компанияларды отандық нарық үшін сапалы контент өндіруге көбірек тартуға көмектесетінін негізге алды. Бұл мемлекеттік тілдегі контентке сұраныстың бүгінде 80% екенін ескере отырып жасалғанын атап өтті.
Министрдің сөзінше, елімізде шығармашылық индустрия қарқынды дамып келеді. Алайда осы бағыттарды дұрыс жүйелеу керек. Индустрияда анимациялық фильмдер жасайтын коммерциялық компаниялар, Ұлттық кино орталығының қолдауымен әзірленген материалдар бар. 2024 жылға дейін Мәдениет министрлігі дайын жобаларды қабылдағандықтан, олардың сапасы мен идеялық мазмұнына көп көңіл бөлінбеген. Көптеген туынды, соның ішінде анимациялық фильмдер халықаралық конкурстарға қатысу мақсатында жасалды. Арасында кең прокатқа бағытталмаған авторлық фильмдер де болды.
– Қазіргі таңда 10 тақырыптық бағытта сценарий байқауларын ұйымдастырып жатырмыз. Мазмұнды жіті бағалап, өндіріс кезеңінде сапасын бақылаймыз. Егер өнім талаптарымызға сәйкес келмесе, ол қаржыландырылмайды, – деді министр.
Аида Балаеваның айтуынша, қазақша контент сұранысқа ие болып отыр, аудиторияның 80%-ы шығармашылық өнімді мемлекеттік тілде тұтынады.
– Кино, өнер – бұл, ең алдымен, қазақ тілі және нарық та соған бағдарланған. Біз барлық өнімдеріміздің қазақ тілінде де, орыс тілінде де болуына мүдделіміз, – деді министр.
Бұған дейін Қазақстанда көрермендер қазақ дубляжы бар фильмдерді елемейтіні айтылып келген еді. Кино сарапшыларының айтуынша, қазақ дубляжының тағдыры тікелей халықтың белсенділігі мен талғамына байланысты да болып отыр. Егер көрермен қазақ тіліндегі өнімдерді қолдап, сұраныс туындатса, дубляж саласы да қарқынды дамып, мемлекеттік тілдің мәртебесі арта түседі. Сондықтан бұл мәселе шығармашылық топтардың ғана емес, жалпы халықтың да назарында болуға тиіс. Халықтың қазақ тіліндегі контентке сұранысы ел мәдениетінің дамуына жаңа серпін берері сөзсіз.
Дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев қазақ дубляж өнерінің дамуындағы негізгі мәселелер мен болашаққа бағытталған ұсыныстарды атап өтті. Оның айтуынша, дубляж – үлкен шығармашылық ұжымның еңбегі және бұл салада аянбай жұмыс істеп жүрген білікті мамандар жетерлік. Дегенмен бұл еңбекті тиісті деңгейде қолдау жетіспейді, ал дубляж заң жүзінде қорғалмаған.
− Дубляждың дамуына еңбек етіп жүрген актерлар мен аудармашылардың ізденісіне көңілім толады. Әйтсе де, отандық дубляж өнеріне мемлекеттік деңгейде қолдау аз, тіпті ол заң жүзінде қорғалмаған. Мәселен, кинотеатрлардағы шетелдік фильмдерді әрбір көрермен тұтынушы ретінде қазақша немесе орысша көруге құқылы. Осы тұста, көбінесе қазақ көрермендерінің құқы бұзылады. Яғни, осы мәселені заң жүзінде реттей алмай отырмыз. Сондай-ақ көбінесе кино компаниялар өз туындыларын қазақша түсіруге ынталы емес. Фильмді орысша ұсынсақ, көрерменнің қарасы басым, пайда мол болады деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Қазір уақыт өзгерді, жыл санап мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктеп келеді. Мәдениет саласына жауапты мамандар шетелдік фильмдерді ана тілімізде дубляждау мен отандық туындыларды қазақша түсіруге маңыз беріп, оны жан-жақты зерттеп, шешкені жөн деп ойлаймын, – дейді режиссер.
Дегенмен қазақ тіліне дубляж жасаймыз деп бөлінген қаржының игерілмей қалғаны көңілге қонымсыз. Сенатор Айгүл Қапбарова орынды мәселе көтеріп отыр. Дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев айтқандай, әрбір көрермен тұтынушы ретінде қазақша да көруге құқылы. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ тіліне дубляждау мәселесін орынды шешкен дұрыс.
Әсет ҚАЛИ