Алматыда халықаралық кітап және полиграфия көрмесі өтті. Көрменің алғашқы күнінде Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Меня зовут Кожа» және «Балалық шаққа саяхат» атты кітабының тұсауы кесілді.
Соқпақпаев мұрасы – оқырманға олжа
735
оқылды

Балалар әдебиетінің бәйтерегі атанған жазушының 100 жылдық мерейтойына орай «Атамұра» баспасы аталған үш кітапты арнайы сериямен жарыққа шығарды. Кітаптың тұсаукесеріне «Атамұра» корпора­циясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед,  жазушының қызы, аудармашы Самал Соқпақбаева, Әлібек Асқаров, Әділ Қойтанов, Қайнар Олжай, Серік Қалиев, Нұржан Жанпейісов және басқа да қалам­герлер қатысып, жазушының шығарма­шылығы жөнінде естеліктерімен бөлісті.  

– Белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың өмірге келгеніне 100 жыл толуына орай мерейтойы кең көлемде аталып отыр. Біз де осы іс-шараға қолғабысымызды тигізу мақсатында қаламгердің үш кітабын шығардық. «Менің атым Қожа» бұрын «Атамұра» баспасынан шыққан кітап. Өкінішке қарай, оқырманға таралып кетті, қазір еш жерде жоқ. Сондықтан авторлық құқықты сақтай отырып, Самал апаймен келісімшартқа отырып, төрт кітабын шығардық «Менің атым Қожа» қазақша, орысша және «Балалық шаққа саяхат» кітабы шықты. Төртінші кітап, «Балалық шаққа саяхат» орыс тіліне аударылды, Құдай қаласа, ол да «Атамұра» баспасынан жақын арада шығады. Екі кітапты да орыс тіліне Самал Бердібекқызы аударды.

Кейде қанша уақыт, қанша заман өтсе де құндылығын жоғалтпайтын, оқырманы іздеп жүріп оқитын кітаптар болады. Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары – осы еңбектердің қатарында. Google-ден қарасаңыз, автордың кітабы 68 тілге аударылған деген жазба бар. Ал Самал апайдың айтуынша, бүгінде 68 емес, қаламгер туындылары 80-ге жуық тілге аударылған.

– Екі кітаптың мұқабасы да тамаша шықты. Мұқабаны жасар алдында қазақтың үлкен суретшісі Досбол Қасымовқа арнайы тапсырыс беріп, «Менің атым Қожадағы» фильмнен салғыздық. «Балалық шаққа саяхат» кітабының мұқабасына қазақтың белгілі суретшісі Мейіржан Нұрғожиннің еңбегін пайдаландық. Кітапты шығарар алдында арнайы кездесіп, сөйлестім. Самал апай әр кітаптың қай жерде, қалай жазылғанын бәрін айтып, түсіндірді. Бұл кісі тек асылдың сынығы, алтынның тұяғы ғана емес, сол кітаптың қалай жазылғанын көрген, әкесінің жанында болған, – деді Рақымғали Құл-Мұхаммед.

Рақымғали Абрарұлының айтуынша, әдебиетте қанша заман өтсе де, өзінің өзектілігі мен маңызын жоймайтын шығармалар болады. Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» атты кітаптары балалар әдебиеті үшін үлкен мұра. Бұл кітаптар Франция, Түркия, Әзербайжан секілді басқа да мемлекеттерде жарық көрді. Мәселен, «Менің атым Қожа» шығармасы әлемнің 70-ке жуық тілінде «сөйледі». Осы шығарма желісімен түсірілген «Менің атым Қожа» көркем фильмі 1967 жылы Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған халықаралық кинофестивалінде дип­ломант атанып, үлкен марапатқа ие болды. Адамның жан дүниесін асқан шеберлікпен аша отырып, қазақтың жазба әдебиетінде соны соқпақ салған суреткердің мерей­тойын биыл ЮНЕСКО тойлап жатыр. Өзінің туған жерінде Нарынқолда еңселі ескерткіш тұрғызылды. Өзіне ғана емес, Б.Соқпақбаевтың қаламынан туған кейіп­керіне де ескерткіш орнатылды. Бүгінде кітапсүйер қауымның көзайымына ай­налып, Астана төрінде қасқайып тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығарма­шылығының ұлт руханиятында шоқтығы биік екенін көрсетеді.

Шынайы шығармалары арқылы туған халқының шоқ жұлдызына айналған қарымды қаламгер, классик жазушының қызы Самал Соқпақбаева әкесінің 100 жылдық мерейтойы отбасы үшін ғана емес, бүкіл қазақ үшін ерекше, салтанатты мереке екенін атап өтті. 

– Қай шығармасын алсақ та, әкем өзін жазып кетті. «Мен көзім көрген, басымнан өткен өмірдің жағдайын ғана жазамын. Тапсырыспен немесе ойдан шығарып, қияли дүние жаза алмаймын. Өзім білетін өмірді жазып, көрсетемін» деп айтып отыратын. 

«Менің атым Қожадағы» Қожа – әкем­нің балалық шағы. Кинода мұғалімнің сөмкесіне бақа салса, өмірінде әкемнің өзі шегіртке салған. Сөмкесінен шегіртке ыршып түскенде мұғалімнің есі шығып, шошып кетіп, әкемді директорға апарған екен. «Балалық шаққа саяхат» – сол кездегі ауыл өмірі. Жақын туыстарының ешқайсы­сын қалдырмай, жаман-жақсысын ешқан­дай өзгеріссіз күйде түгел жазған. Оған бірі қуанып, бірі ашуланыпты. Кітапты оқып отырып, сол кездегі ауыл адамдарын, әдет-ғұрпын көруге болады», – деді ол.

Сонымен қатар Самал Бердібекқызы балалық шағында есінде қалған сәулелі сәттерімен бөлісіп, кітапсүйер қауымның сұрақтарына жауап берді. 

– 4-5 жасымда ата-анам жұмысқа кетіп, мені сыртымнан құлыптап кететін. Әбден зәрезап болған болуым керек, құлыпты пештің ішіне күлге көміп, тығып тастаппын. Ол жаз мезгілі еді. Бір күні анам күлдің ішіндегі құлыпты тауып алған көрінеді. Бердібектің бір шығармасы осы оқиғаға байланысты жазылған, – деп еске алды.

Көзіқарақты оқырман қайта-қайта оқу­дан жалықпайтын мәңгілік мұра қалдырған сөз зергерінің қай шығармасын алсақ та шы­найы, жанымызға жақын. Балғын бала­лық шақтың бал қызықтарымен баурап, өз иіріміне тарта түсетіні шындық.  

Нарынқолда тойланған 100 жылдық мерейтойда Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев Райымбектей айбынды батыр мен Мұқағалидай арқалы ақын шыққан өлкенің төл перзенті Бердібек Соқпақбаевтың да есімі қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріппен жазылғанын атап өткен болатын.  Сондай-ақ ол соңына қалдырған мұрасы ұлттың рухани қазынасына айналған көр­нек­ті тұлғалардың есімін ұлықтау және олар­дың өнегелі өмірін кеңінен зерделеп, дәріптеу аса маңызды екенін айтқан-ды.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың бойында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін «Балалар кітапханасы» бағдарламасын жасақтап, жоба аясында қазақ әдебиетінің түрлі кезеңі мен жанрын қамтитын кітап­тар­дың арнайы тізімін құрып, олардың ба­лаларға қолжетімді болуы керектігі туралы тапсырма берген еді. Президент идея­сына орай биыл «Ұлттық кітап күні» бе­кі­тіліп, қазақтың қабырғалы қалам­герлерінің шығармаларын насихаттауға, оқырман тартуға бағытталған шаралар кешені қолға алынды. Сондықтан жылдар жылжып, заман өзгерсе де оқырманның із­деп жүріп оқитын кітаптарды «Атамұра» баспасы сияқты қайта-қайта жарыққа шы­ғарып, үнемі түгендеп отырудың жөні бө­лек. Әсіресе, жоқтаушысы жоқ, туған ұл ұқ­паса да түгел қазаққа қажет туындылардың қатталып, халықпен қауышқаны керек-ақ. 

Ал заманауи кітаптарды кеңінен тарату, отандық кітап ісін нығайту, баспагерлер мен полиграфистер арасында тәжірибе алмасу және ұлттық кітап нарығында отандық өндірушілерді қолдау мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Атакент-Экспо» халықаралық көрме компаниясы ұйымдастыратын «Ұлы Жібек Жолымен» халықаралық көрме еліміздің руханияты мен мәдениетінің дамуы үшін жасалған игі қадамдардың бірегейі екені даусыз.  

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ