Дәл қазір облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі ең басты міндеттердің бірі. Соған сай аталған міндетті жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігі қалалар мен ауылдардағы сумен жабдықтау жүйесін жақсарту бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруда.
Өңірдегі облыстық деңгейдегі (Алатау, Қонаев) және 3 аудандық маңызы бар (Қаскелең, Есік және Талғар) қалаларындағы тұрғындарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 99,8%-ға жеткен. Сондықтан мұндай ірі елді мекендерде таза суға қатысты мәселе жоқ деуге болады. Дегенмен көктемгі және күзгі жауын-шашынды кездері судың лайланып кетуіне қатысты жағдайлардың кездесіп қалатынын жасыруға болмайды. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерді мүлде болдырмаудың жолдары қарастырылуда.
Ал облыстағы үлкенді-кішілі 368 ауылдық елді мекеннің 343 ауылы (93,2%) орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Тағы 23 ауыл тұрғындары (6,3%) дербес ұңғымалар арқылы су алады. Ал 2 ауылдың халқы (0,5%) тасымалданатын сумен қамтамасыз етіледі.
Өңірдегі сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 5 128 шақырым болса, бүгінде оның 53,5%-ы (2 743 шақырым) тозған және тез арада қайта жаңғыртуды талап етеді. Қазір осы тозығы жеткен және кез келген уақытта істен шығуы мүмкін желілерді жаңғырту және қайта төсеу жұмыстары атқарылуда. 2023 жылы 54 шақырым топтық су құбырын қоса алғанда 260,6 шақырым су құбыры жаңғыртылып, жаңадан салынды. Соның нәтижесінде 45 213 адам сапалы ауызсуға қол жеткізді. Биыл да бұл бағытта қыруар шаруа атқарылуда. Жыл соңына дейін 13 нысанның құрылысы аяқталуы керек. Тағы 42 жобаны іске асыру 2025 жылы жалғасатын болады.
Судың сапасы және бақылау жүйесіне келер болсақ, орталықтандырылған су құбыры бар елді мекендердегі ауызсудың сапасы санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүйелі түрде бақылау жүргізіп отырады.
Бүгінде Алматы облысында «Әрбір елді мекенде таза ауызсу» ұлттық жобасы қолға алынған. Аталған жоба ауқымында 2 қала және 79 ауылдық елді мекенде ауызсу желілерді қайта жаңарту жүзеге асырылып, 6 ауылда жаңа сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылысы жүргізілуге тиісті. Соның нәтижесінде 498 шақырым су құбыры жаңғыртылады және салынып, су желілерінің тозу деңгейі 47%-ға дейін төмендейді. Ойға алғандар толық орындалса, биыл ауылдық елді мекендердің 95%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіліп, келер жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 99,6%-ға жеткізіледі.
Былтыр Алматы облысында басты мақсаты тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және «Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасын іске асыру болып саналатын Alatau Public Utilities ЖШС құрылды. Атлған компания қызметінің негізгі бағыттары: сумен жабдықтау және су бұру бойынша бірыңғай оператор құру; сумен жабдықтау жүйесін цифрландыру; қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудың өңірлік жүйесін ұйымдастыру; зираттардың орналасуы және оларды есепке алу; жылумен жабдықтау бойынша бірыңғай оператор құру.
Жалпы, соңғы жылдары облыста халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету жүйесін дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мұндағы негізгі мақсат – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік тұрақтылықты нығайту. Жоспарланған жобаларды іске асыру облыс тұрғындарының көпшілігін таза және үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы