Таразда Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті филиалының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, «Казфосфат» ЖШС бас директоры Евгений Пак және Д.И.Менделеев атындағы РХТУ ректорының міндетін атқарушы Евгений Румянцев лентаны қиды.
Ашылу салтанатына РФ Президенті жанындағы ғылым және білім саласындағы жастар ісі жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі Александра Тутова, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов, «Қазфосфат» ЖШС, «Уралхим БХК» АҚ, «Қазақмыс Холдинг» ЖШС, «ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясы» АҚ, «НДФЗ» ЖШС өкілдері, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен Д.И.Менделеев атындағы РХТУ басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, БАҚ өкілдері және студенттер қатысты.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзбен ашып, Тараз қаласында РХТУ филиалының ашылуы химия саласын өркендетуге бастайтын басты қадамның бірі екеніне тоқталды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін елімізде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасын орындауға бағытталған нақты жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Министр Саясат Нұрбектің арнайы құттықтау хатын оқып, оқу ордасы жас ұрпақтың бойындағы тұлғалық қасиеттерді ұштап, білім мен тәжірибелерді игеруге, достық қарым-қатынастың қалыптасуына мүмкіндік беретін бірегей білім алаңы екенін жеткізді.
Өз кезегінде, Д.И.Менделеев атындағы РХТУ ректорының м.а. Евгений Румянцев химия саласында ғылыми-технологиялық және өндірістік міндеттерді шешуге қабілетті халықаралық білім беру стандарттары деңгейінде мамандар мен ғылыми кадрларды даярлау міндеті тұрғанын атап өтті.
Дулати университетінің басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов білім берудегі халықаралық ынтымақтастықты дамытудың, химия саласында жоғары білікті кадрлар даярлау мақсатында Қазақстанда РХТУ филиалының ашылуы халыққа пайдалы бастаманың бірі екенін жеткізді.
Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің Тараз қаласындағы құрылған филиалы Қазақстанның фосфор минералды тыңайтқыштарын өндіру бойынша индустриялық әріптес-көшбасшысы «Қазфосфат» ЖШС қолдауымен химиялық инженерия және өнеркәсіп саласында жоғары білікті мамандарды даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.