Бұл іс-шара – климаттық өзгерістермен күресуге бағытталған ұжымдық шешімдер қабылдаудың және компромистерді іздеудің маңызды құралы. Қазақстан COP-тың келесі жиынына дейін жаңа Ұлттық деңгейде айқындалатын үлесті әзірлеуі керек.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Климаттық саясат департаменті Климаттың өзгеруіне бейімделу басқармасының жетекшісі Шаттық Тастемірова айтты.
«БҰҰ негізгі климаттық саммиті - COP29-да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жаһандық климаттық мәселелерді шешуді қолдайтынын және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын айтты. Бұл – біздің еліміз үшін өте жоғары межелі мақсат. Біз жауапты орган ретінде жаһандық климаттық келіссөздерге қатысып отырамыз. Осындай маңызды келіссөздердің бірі «климаттық қаржыландыру бойынша жаңа коллективті мақсатты анықтау» болды. Париж келісімі елдері 2035 жылға қарай дамушы елдерге климаттық міндеттемелерін орындауы үшін жылына 300 млрд АҚШ долларын бөлу туралы келісімге келді», – деді ол.
Бұған дейін COP29 төрағалығы барлық тарапты 2035 жылға қарай климаттың өзгеруімен күресу үшін дамушы елдерді қаржыландыру көлемін 1,3 триллион долларға дейін ұлғайтуға шақырады.
Панельдік сессиялар аясында Қазақстан өкілдері проблемалық мәселелерді белгілеп қана қоймай, елімізде белсенді дамып келе жатқан бірқатар бастаманы таныстырды. Атап айтқанда, аграрлық сектор үшін тиімді шешім – топырақтың құнарлылығын қалпына келтіретін Ecosystemic Regenerative Agriculture (ERA) әдіснамасы ұсынылды. Сондай-ақ халықаралық жұртшылыққа Қазақстанның жаңартылған ұлттық белгіленген үлесі шеңберінде іске асырылатын Қазақстандағы көміртекті жою саласындағы алғашқылардың бірі болып табылатын жоба таныстырылды (NDC 3.0).
Ә.МҰХАНБЕТ