Оған құмды ауылдан ат арылтып Шапалақ Мапалақұлы да келіп үлгерді. Екеуі де дөй еді. Дөй болғанда да екеуі де кезінде аудан басқарған, Жоғарғы кеңеске депутат болып, үлкен астаудан дәм татып келген мықтылар. Бұларға Көкжиек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Күлгінбай Төлепбергенов келіп қосылды. Ол да аудан басқарған ірі еді.
– Шырағым, бұл кентке кімдер әкім болмады десеңші! Өзіміздің қитық руынан да бірнеше баламыз әкім болды. Шындығында, оларды сүйрелеп, шыңға шығарған өзіміз едік. Бірақ солардың біразы болбыр болды. Сенімімізді ақтамады. Бірі Ташкент асып, қыз-қырқынмен ойнап-күліп жатқанда жоғары жаққа сыры мәлім болып, қызметімен қоштасты. Екіншісі, құлқынын тия алмады. Ендігі үмітіміз өзіңде, айналайын, – деп Жұбаныш ата сөз бастады.
– Мына дулыға руының кісілері біз десе қасқыр көрген ешкікөзденіп шыға келеді. Оларды маңайыңа жолатпа. Қолыңда билік бар ғой, есебін тап та тентіретіп жібер. Олар бізге бәрібір ағайын бола алмайды, – деп Шапалақ өз білгенін айтты.
Күлгінбай ақсақал да қарап отыра алмады. Дулыға руының дұшпандығын сан мың дерекпен түйіндеп, Ғалымның басын айналдырып жіберді. «Осынша аталар дулыға руының дұшпандығын айтып отыр. Өзім де бұрыннан ішім сезуші еді. Бұларға бір амал қылайын» деп жас әкім ішінен жоспар құрып тұрды.
Қитық руының көшбасшылары түннің әлдебір уақытына дейін отырды. Ғалымның басына ғылыми тұжырымдалған кеңестерін құйып бақты.
Ал ертесіне жас әкім басқа адам болып оянды. Оның дулыға руының адамдарын көрсе іші бүрісіп, беті тырысып қалатын болды. Сол күні астыртын сұрау салып, әкімшілікте қаншама дулыға руының адамдары қызмет жасайтынын сұрастырып білді. Олар да қитық руының қитығына тию үшін біраз жиналып-ақ қалыпты. «Шеттеріннен құртамын» деп іштей жоспар жасап қойды.
Кентте кемшіліктер ырғын еді. Сол толып жатқан олқылықтардың басым көпшілігіне дулыға руының адамдары кінәлі болып шыға келді. Тіпті, бұл қызметке түк те қатысы болмаса да кінәні бастарына үйіп-төкті. Мұнымен де шектелмей, бір жиналыс үстінде Құрылыс басқармасы басшысының қолына кісен салдырды. О заман да бұ заман өз қызметкерін дәлел-дәйексіз Қаржы полициясына ұстап берген әкім әлемде жоқ-ты. Бірақ аталарынан бата алған жас әкім райынан қайтқан жоқ. Қайта өршелене түсті.
Құрылыс басқармасының басшысы да қаражаяу емес-ті. Оның мемлекет мүлкін таран-таражға салғаны дәлелденбей, Қаржы полициясындағыларды біраз әуреледі. Егер күдікті деп ұстаған адамы кінәдан пәк болып құтылып кетсе. ұстағандар жаза-сыз қалмайды. Сондықтан олар қалайда ұсталғанды кінәлі етіп шығаруға барын салды.
«Үштік» ұйым Ғалымның үйіне тағы да қас қарая келді. Әкім аталарын қол қусырып қарсы алды. Келіншегіне қазан көтертіп, аталарын төрге оздырды.
– Енді қитық атаның балалары атқа қонған екен, бабаларымыздың аруағы үшін жұмыс істеуіміз керек. Бұл үшін ғалым Төкебай Көкебайұлының еңселі ескерткішін қаланың қақ ортасына қойсақ, басқа рулардың адамдарының мысы басылады. Қалаға батыстан кіреберіске Алпауыт батырдың үлкен ескерткішін орнатуымыз керек. Алпауыт батыр біздің қитық руынан екенін сен білетін шығарсың. Білмесең, батырлар жырын оқы. «Жыңғылды деген елінде, Қитық деген жерінде» деп басталатын батырлар жыры бар емес пе? Соның өзі Алпауыт батырдың қитық руынан шыққанын дәлелдеп тұр емес пе? Ендеше осы бабаңа неге ескерткіш қоймасқа? Оны мен айтқан жерге орналастырсақ, осындағы барлық рудың құты қашады. Яғни, қаланы ұстап тұрған біз екеніміз айқын көрінеді, – деп Жұбаныш жеке сөз бастап еді, қалғандары түгел қоштады.
Ертесіне Ғалым қитық руының кәсіпкерлерін жинап, кентке кіреберіс жерге Алпауыт батырдың ескерткішін орнату туралы тапсырма берді. Әкім тапсырма берген соң өзгелер қарап тұра ала ма, ғалым Төкебай Көкебайұлының алып ескерткіші кенттің қақ ортасынан бой көтеріп, соңы ғылыми конференцияға ұласты. Мұнан соң қаланың кілті болып ежелден менмұндалап тұратын кент гербінің қасындағы полиция бекетінің ғимаратын сүргізіп тастап, биіктігі төрт метр тұғыр орнатты. Қазір қитық туының қас батыры Алпауыт батырдың ескерткішінің ашылуына үлкен дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Бүгін «үштік» одақтың бас идеологтары қала мэрі үйінде және жасырын жүздесті. Бұл жолы не туралы ақылдасқандары, кімді құртып, кімді соттату керек екені туралы жасырын мәміле жасалғаны сыртқа шықпай қалды. Сірә, «үштік» осындағы өз еңбектерімен кәсібін дөңгелетіп жүрген біраз кәсіпкердің дүние-мүлікін берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алу жолдарын үйреткен тәрізді.
Осындай ақылмандар бар жерде қазақ тұтастығы сақтала ма? Қалай көсегеміз көгереді? Ал Көкжиек кентінің тұрғындары кешегі отыз жетінші жылдың қырғыны келіп қалды ма деп ішкені ірің, жегені желім болып отыр.
Дәурен ДОСБЕРГЕНҰЛЫ