Келесі жылды бейресми түрде «Жол сапасы жылы» деп атауға болатындай.
Сапалы жол – елдің құты
545
оқылды

Ел Үкіметі жол құрылысының сапасын күрт арттыруға уәде етті. Қоғамдық мониторингті күшейту мақсатында 2025 жылы e-joldar платформасы іске қосылады. Отандық ғалымдар әзірлеген инновациялар енгізіледі. Басқа жаңалықтар қарастырылған. Бұл салада әзірге шешімін таппаған, «кезегін күтіп қажыған» мәселе жетерлік.

Өңірлеріміздің алыс-берісі жақсарады

Жол салу дегенде ырың-жырыңы көп, жыры мен жұмысы ұзақ жылға созылатын «сақалды құрылыстар» елестейді. Сондықтан Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауапты шенеуніктерге бұдан былай жобаларды жүзеге асыру мерзімін нақты әрі қатаң сақтау міндетін қойды. Бұл проблема әсіресе солтүстік және шығыс өңірлерде көкейкесті, себебі оларда құрылыс жүргізуге қолайлы маусым тым қысқа. Бұл дертінен сала келесі жылы арыла ма, Үкімет сөзінде тұра ма, уақыт көрсетеді.

Мұның сыртында жол құрылысының сапасына қатысты түйткілді мәселе де күн тәртібінде күйіп тұр. Премьер өңірлерге са­парында бұған өзі көз жеткізіпті. Олжас Бектенов жолдардың жағдайына көңілтол­мастық білдірілген арыздар азаю орнына көбейгенін, шағымның басым бөлігіне жер­гілікті жолдар негіз болғанын қадап айтты.

Яғни, халық өзі жүретін жолдардың сапа­сын қоғамдық бақылауға дайын. Сол үшін e-joldar платформасы іске қосылады. Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары коми­теті төрағасының орынбасары Анар Ғабдул­линаның айтуынша, тұғырнама 2025 жылы пилоттық режимде сынақтан өтеді. 2026 жылы толығымен ел игілігіне тапсырылады.

– Автожол жобаларының жүзеге асуына қоғамдық мониторингті күшейту үшін е-joldar бірыңғай цифрлық платформасы қолданысқа енгізіледі. Онда қандай жол­дар­да: республикалық трассалардан бастап, тіпті қала көшелерінің қайсысында салу немесе жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны ту­ралы барлық ақпарат көрсетіледі. Платформа жұмыстарды жоспарлау, сапаны бақылау, қаражатты мақсатты пайдалану сияқты бағыттарды қамтиды. Жолдардың ұзындығы мен құны, олардың жай-күйі туралы деректер жарияланады. Барлық дерек ашық әрі қол­жетімді болады, – деді Анар Момынғазықызы.

Қоғамдық бақылауды арттыру өте ма­ңызды. Себебі алда Қазақстан шетелден мол қарыз қаражат тартатын ірі жобалар бас­талады. 

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 15 наурызда өткен Ұлттық құрыл­тайдың үшінші отырысында тек ірі магис­тралдармен шектеле бермей, ауыл-аймақтағы жолдарға да мән беруді тапсырды. Соның нәтижесінде, Президенттің пайымдауынша, елді мекендерге көлікпен қатынау едәуір жеңілдейді. Ауыл-қала тұрғындарының өзара барыс-келісі жанданып, бизнестің белсен­ділігі артады.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, шынында да бұған дейін қаражат негізінен халықаралық дәліздер мен ірі күрежолдарға бағытталып келді. Салдарынан облысаралық республикалық жолдар көп жылдан тіпті жөндеу жұмыстарымен қамтыл­маған. Күрмеулі мәселені түбегейлі шешу үшін облыстардың арасымен шектелетін республикалық деңгейдегі 7 мың шақырым жолды қайта салу және реконструкциялау бойынша ауқымды жобалар қолға алынды.

Оның басым бөлігі келесі жылдың ен­шісіне түсіп тұр. Министрдің дерегінше, биыл «Қазақстан даму банкінің» кредит қа­ра­жаты есебінен аталған жолдардың 2,5 мың ша­қы­рымын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Басым бөлігіндегі, 4,5 мың шақы­рымындағы жұмыстар 2025 жылы қолға алынады. 

Ел бірлігін күшейтетін үш ірі жоба

Бұл жобалардың қатарына 20 жылдан бері жөндеу кезегін күтіп отырған, жолы ойдым-ойдым, шоқалаққа толы «Жезқаз­ған – Петропавл», «Шалқар – Қандыағаш», «Қарағанды – Қарқаралы», «Семей – Қайнар» және «Семей – Барнаул» сияқты ірі жобалар кіріпті. Жоба жөнін тауып, ісі өрге басса, алдағы уақытта еліміздің облыс­­­­та­­­рының бір-бірімен қа­тынасы жақсаруға тиіс. Жасыратыны жоқ, әйтпесе, халық­ара­лық дәліздердің басым­дықты дамытылуы нәти­­­жесінде мысалы, еліміздің солтүстік өңір­­ле­рінің тұрғындарына оңтүстік немесе Батыс Қа­зақстанға емес, көрші Ресейдің аймақта­рына сапарлау әлдеқайда жеңіл болып тұр. 

Алайда бұл енді халықаралық дәліздерге көңіл бөлінбейді деген сөз емес. Биыл, әрине оларға қатысты бұрынғы жылдары басталған ірі жобалардың басым көпшілігі аяқталып жатыр. Сонымен бірге Үкімет елдің транзит­тік әлеуетін одан ары жақсартатын жаңа жо­баларды дайындады. Бағдарламалық құ­жат­тарға сәйкес, 2025 жылдан бастап 2029 жыл­ға дейін жалпы ұзындығы 4,5 мың шақы­рым болатын 12 ірі жобаны іске асыру көзделген.

Көлік министрлігінің дерегінше, қазір жобалық құжаттары жазылып, қаржы көзде­рі мен оларды тарту тетіктері пысықталып жатыр. Бұл жобалардың үшеуінің әзірлігі жоғары.

Біріншісі – жалпы ұзындығы 572 шақы­рымды құрайтын «Қарағанды –Жезқазған». Бұл жоба тек екі облыс орталығын қосып қоймай, сондай-ақ елдің солтүстігінен және шығысынан келетін жүк тасымалын Транс­каспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) қосуға септеседі. Жобаны қаржыландыру көзі айқындалды: Халықаралық қайта құру және даму банкінен несие алынады. Мер­дігерлерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. 

Екінші жаңа жоба – соңғы кезде жүргі­зушілер тарапынан жиі сынға ұшыраған, ұзындығы 262 шақырымдық «Ақтөбе – Ұлғайсын» жобасы. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің құрамдас бөлігі. Дәліздегі қозғалыс қарқындылығының күрт өсуіне байланысты жобада 4 жолақты жаңа автомобиль жолы салынады. Биыл 28 шақы­рымында құрылыс басталды. Негізгі жұ­мыстар келесі жылға тиесілі. Қаржыландыру көзі ретінде Еуропа қайта құру және даму банкі таңдалды. 

Үшінші ірі жоба – ұзындығы 102 ша­қырымдық Сарыағаш қаласының айналма жолы. Жаңа жол Түркістан облысының 2 ауданын қамтып, транзиттік көліктердің Сарыағаш, Абай, Қызыләскер және Аман­гелді елді мекендеріне кірмей, шаңға бөкпей, оларды алыстан орағыта өтуін қамтамасыз етеді. Жобаның құжаттары дайын. Оған қарыз Азия даму банкіне алынбақ. Негізгі құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталады. 

Ресми мәлі­­­мет­­­­ке жүгінсек, Қазақ­­станда бүкіл автожолының жалпы ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы ғана республикалық. Қалған 70 мыңдайы жергілікті жолдарға жатады. Қазір нормативке сәйкес келетін республикалық жолдардың үлесі – 92%, ал жергілікті желінің осы көрсеткіші – 87%. Бұлар биылғы жыл соңына дейін тиісінше 93% және 89%-ға жеткізілуге тиіс. Келесі жылы да көрсеткіш­тері ұлғаятын болады.

Сапа өрісі инновациямен кеңейеді

Елімізде жол инфрақұрылымын жақ­сартып, дамыған ел стандартына жеткізу үшін жол құрылысына міндетті түрде инно­вациялық технологиялар енгізілуі қажет. Онсыз жаңа төселген асфальт келесі көк­темде қармен-мұзбен бірге еріп, ел қаржысы заяға кетеді. Осы орайда Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында стабилизаторларды тестілеу және топыраққа талдау жасау зерттеулері бастау алды. Соның нәтижесінде республикадағы түрлі климаттық аймақтарда қандай материал пайдалануға болатыны нақты анықталуға тиіс.

Сонымен қатар ел Үкіметі техногендік қалдықтардың жол желісін дамытуға пайда­ланылатынын жариялады. Ғалымдардың түсіндіруінше, глинозем өндірісінің боксит шла­мының қалдығы, бокситтік үйінді тұн­ба­лары жолдар салуда және құрылыс жұмыс­тарының басқа түрлерін іске асыруда, құры­лыс материалдарын, конструкцияларын өндіруде қолдануға болады. Мысалы, боксит шламы жолдардың беріктігін арттырады, қымбат материалдарды аз жұмсап, үнемдеуге, сөйтіп, шығынын азайтуға мүмкіндік береді екен. 

Бұл саладағы елдің мұрат-мақсаты өршіл көрінеді. ҚазжолҒЗИ ғалымдары мен сала мамандарының тұжырымдауынша, жол саласы Қазақстанды, бүкіл Ұлы даланы қатты техногендік қалдықтардың өткен ғасырдан бері қордаланған барлық дерлік көлемінен арылтуға қауқарлы!

– Қазақстан жерінде сонау кеңес зама­нынан бері республикалық тау-кен өндіруші, руда өңдеуші және металлургиялық кәсіп­орын­дар шығарған шамамен 55 миллиард тонна қалдығы жинақталған. Елестетіп көрі­ңіз, оларды тиеп, тасу үшін 1 миллиардқа жуық (916 миллион) жартылай вагон қажет болар еді! Бұл тізбекпен Жер ғаламшарын экваторда 300 рет орап шығуға болады. Жыл сайын өндірілетін қалдықтың өзі плане­та­мыз­ды 7 рет орап тастауға жетеді. Бұл жер­де жылу-электр энергетикалық кә­сіп­орын­дар шығаратын күл, басқа да қап­та­ған қалдықтарын есепке алмай отыр­мыз, – деп пробле­ма­ның ауқымын түсін­­­дірді Экология министрлігі жа­нындағы Қор­ша­­­ған ортаны қорғау ақпараттық-сарап­та­малық орталығының бас директоры Жанат Самат.

Міне, осы қалдықтың бәрі болмаға­нымен, үлкен бөлігі өңдеп, жол құрылысында пайдалануға жарайды. Мәселен, ғалымдар бірқатар қалдықты сапалы әрі арзан жол құрылысы материалдарына айналдыратын технологияны әзірлеп шықты. Оларды пай­да­лану біріншіден, қазақ еліндегі нашарлаған экологиялық ахуалды жақсартады. Екін­шіден, жол жабынғысының сапасын арт­тырады. Үшіншіден, удай қымбат жол құры­лысы жобаларының бағасын арзандата ала­ды. Төртіншіден, мердігерлердің логис­тика мен құрылыс материалдарына кететін шығынын қысқартады.

– Осыған байланысты ҚазжолҒЗИ өнер­кәсіптік қалдықтарды зерттеу және сынау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз қалдықтар негізінде модификацияланған минералды ұнтақ жасап шықтық. Онда Алматы жылу-электр орталығының күлін, Теміртаудан әкелінген шлам мен шлакты пайдаланамыз. Техногендік шикізатты қолдану саласын кеңейту жайы пысықталып жатыр. Оны жол ұстындарының жоғары қабатына және асфальтбетон жабынғыларының төменгі қабаттарына арналған материал ретінде қолдануға болады. Осы мақсатта ERG, Qar­met, KazPhosphate ұйымдарымен мемо­рандум бекітілді, – деді ҚазжолҒЗИ ғылым бас­қар­масының басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев.

Техногендік қалдықтарды жол құрылы­сында кәдеге жарату үшін жуықта Қазжол­ҒЗИ және «Қазжолинновация» ЖШС ғалымдары «Павлодар – Семей – Қалбатау» және «Омск – Майқапшағай» жолында эксперимент жүргізіп, жол салуда алюминий өндірісінің қалдығы саналатын боксит шла­мын қолданды. Зертханалық зерттеулер көр­сеткендей, бұл материал қолданылған жол телімдері дәстүрлі материалдармен салын­ғанына қарағанда 2-3 есе берік болып шықты.

Бизнес әр басқан қадамынан, тіпті қалдығынан пайда табуға ұмтылады. Сон­дық­тан олар қазақ жерін улап жатқан қал­дықтарын бұлдамай, тегін беруі үшін Үкі­меттің пәрмені керек. Көлік министрлігінің бастамасымен арнайы жұмыс тобы құрылды, Жол картасы бекітілді. Алайда Қазақстанның жол ғылыми-зерттеу институты өкілінің ай­туынша, Энергетика, Өнеркәсіп министр­ліктері де сырт қала бермей, осы іске жұмы­луы қажет. Өйткені елдегі қалдықтардың үлкен бөлігі солардың балансында тұр, күлтөкпелерінде жатыр.

Институттың дерегінше, республикада 47 миллиард тоннадан астам қалдықты 100 мың шақырымдай автокөлік жолын салуға пайдалануға болады. Бұл – ұлан-ғайыр ресурс. Жоғарыда айтылғандай, бүгінде еліміздегі бүкіл жолдың ұзындығы 95 мың шақырымдай ғана. Демек, оны екі есе ұзар­туға болады. Онсыз ел Үкіметі 2030 жылға дейін 8 мың шақырымдай ғана жаңа жол салуды жоспарлап отыр. Ендеше жол саласы елді өркендету, жеріміздің тұтастығын ны­ғайту, транзитті дамыту, экспортты арттыру, тау-тау қалдықтан арылу, экологияны жақ­сарту сияқты көптеген мәселенің шешімін тауып беруге қабілетті. 

Өз кезегінде Үкімет саладағы инновация­лық технологиялардың өнімдері, отандық ғалымдардың өнертабыстары негізінде Жол құрылысы материалдары мен технология­ларының бірыңғай базасын түзіп жатыр. Бұл да бүкіл елдегі жол сапасын жоғарылату бағытындағы маңызды қадам. Мұнда «сары» және «жасыл» мәртебе алған, тексерістен өткен, сапа мен қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін растаған отандық әзірлемелерге басты назар аударылады. 

Айхан ШӘРІП